Думан Айдар Қытайдың солтүстік-батыс бөлігіндегі Мори Қазақ автономиялық ауданында туған. Шыңжаң медициналық университетін хирург мамандығы бойынша бітірген. Ол Шыңжаң өңірінің орталық емханасында үш жыл хирург-онколог қызметінде еңбек етеді.

Қазақстан арқылы Америкаға

– Ерте кезден АҚШ-қа баруды ойлайтынмын. Қытайдан мұхиттың арғы жағына кету қиындау. Сондықтан Қазақстан арқылы АҚШ-қа жолдама алуды жоспарладым, – дейді Думан.

Кейіпкеріміз Қазақстандағы туыстарына 1997 жылдың соңында қонаққа келіп, бірнеше жыл тұрған.

– Ол кезде, Қазақстанда жұмыссыздық көрсеткіші айтарлықтай жоғары еді. Ел экономикасы да төмен. Одан қалса, мен орыс тілін білмей, біраз қиналдым. Десе де, Қазақстан маған бірден ұнады, – дейді Думан.

Думан Айдар Абылай Хан атындағы Халықаралық қатынастар және шет тілдері университетіне оқуға түсіп, академиялық ауысыммен 2001 жылдың соңында АҚШ-тың Миннесота штатындағы университеттердің біріне бір жылға бару жолдамасын алады. Оқуының соңына таяған кезде ол өз бағын Нью-Йорк қаласында сынап көрмек болып, АҚШ-та қалып қояды.

"Американың топырағы ауыр"

– АҚШ-қа келгенімде, Қытайда танысқан ұйғыр досым болды. Шыңжаңда дәрігер болған сол досыммен дастархан басында өз жоспарларыммен бөлістім. АҚШ-та 2-3 жыл жүріп, тәжірибе арттырған соң, елге оралатынымды айттым. Сонда ол күліп, "Американың топырағы ауыр, мұнда 3 жыл жүрсең, кейін кеткің келмей қалады" деген болатын, – дейді Думан.


Думан бизнесін кеңейтуді жоспарлап жүр. Әзірге, оның агенттігінің екі кеңсесі бар / Фото Думан Айдардың жеке мұрағатынан алынды

Расында, ұйғыр досының айтқанындай, біздің бүгінгі кейіпкеріміздің АҚШ-та тұрып жатқанына 19 жыл толыпты.

– АҚШ-қа келген көп қазақты кезіктірдім. Бәрі де бірнеше жыл оқимын, тұрамын, сосын қайтамын деп жатады. Оларға сол досымның сөзін енді өзім айтып жүрмін, – дейді Думан күліп.

Думан үйленіп, үй болғаннан кейін, осы елге байланғанын айтады. Одан қалса, оның жұмысы да өрге домалап, жүре бастаған.

– Мен келген жылдары АҚШ-та қазақстандықтар жоқ дерлік еді. Содан өзіммен бірге жұмыс істеген бір америкалықпен көңіл қосып, отбасын құрдым. 4 балам дүниеге келді. Олардың есімдерін Самғар, Заңғар, Шалқар және Ералы деп қойдым. Жаңа құрлықта қалуыма отбасылы болуым себепші болды, – дейді қазақ текті америкалық миллионер.

Америкалықтар тек жұмыс не бизнес бойынша ғана сөйлесуге үйренген. Бір-бірімен қоян қолтық араласпайды.

"Америкалық арманым орындалды"

"Америкалық арман" ұғымы АҚШ-қоғамында кеңінен тараған. Ол – өз үйі мен көлігі бар бақытты отбасы құру арманы. Әрбір америкалық өзінің америкалық арманын орындау үшін өмір бойы еңбек етеді. Көп жағдайда, бұл ұғым шағын бизнесті меңзейді. Сондықтан болар, америкалықтар бизнеске бір табан жақын.

Ал Думан АҚШ-та туып өспесе де, америкалық арманы бар екенін айтады. Оның бизнес ашуына да осы ұғым түрткі болыпты. Отандасымыздың жылжымайтын мүлік саудасымен айналысатын агенттігі Grand Corner Realty деп аталады.


Думан Айдар құрған агенттіктің бірінші кеңсесі Нью-Йорк қаласының Куинс округінде орналасқан / Фото Informburo.kz

– Жақсы жұмысың не бизнесің, қаржы тапшылығын көрмейтіндей жақсы кірісің және өзің үшін бос уақытың көбірек болса, америкалық арманның орындалғаны деп білемін. Америкалықтар миллионер атанса да, аптасына 6-7 күн жұмыс істеуін доғармайды. Бизнесін кеңейте беруді ойлайды. Мен америкалық арманымды орындадым дей аламын, – дейді Думан.

$400-дан $5 миллионға дейін

Думан Айдардың қазіргі таңда жылжымайтын мүлік саласында бизнесі бар. Оның Нью-Йорк қаласындағы Куинс және Бруклин округтерінде екі кеңсесі бар. Мұны бірнеше миллиондық бизнес деуге болады.

– Басында медицина саласына баратын шығармын деп жүргенмін. 2003 жылы адвокат көмекшісі қызметінде болдым. Ол компанияның бизнесі жүрмей, қысқартуға тап болдым. Жұмыссыз қалған кезде, ойда-жоқта жылжымайтын мүлік саудасымен айналысатын агенттікке тәжірибе арттыруға қабылдандым. Кейіннен бұл салаға қызығып, 4 жылдан кейін өз бизнесімді ашуды жөн көрдім, – дейді ол.

Думан АҚШ-қа келгенде, оның қалтасында небәрі $400 болған екен. Ол Миннесота штатында болған кезде біраз қиындықтарды көргенін де айтады. Десе де, ол қажымай, үнемі далға жылжуды ойлапты. Оның бизнестен бүгінге дейін тапқан табысы 5 миллион АҚШ долларынан артып отыр.

Думан – миллионер атанған алғашқы америкалық қазақтың бірі

Думан жылжымайтын мүлік саласына келгеннен кейін табысы арта бастаған. Себебі оның бұл салада икемі о бастан байқалыпты.

– Бұл бизнестің стилі маған бірден ұнаған. Себебі жылжымайтын мүлікті сату үшін үнемі жаңа адамдармен танысып, олармен жақсы байланыс орнатумен жүреміз. Сосын сағатына төлем алмаймыз. Тек үйді сатқан кезде қомақты сыйақы аламыз. Демек табысың тек өзіңе байланысты. Бұл – менің көбірек жұмыс істеуіме түрткі, – дейді ол.


Думан бос уақытында үлкен теннис ойнайды / Фото Думан Айдардың жеке мұрағатынан алынды

Думан жылжымайтын мүлік саудасымен айналысатын компанияда 4 жылдай еңбек етеді. Ал 2007 жылы өзінің жеке фирмасын ашады.

"Үй менеджменті" жүйесі бизнесті жандандырды

Думан жеке бизнесін дөңгелете бастаған кезде АҚШ жылжымайтын мүлік саласында үлкен дағдарыс болады. 2008 жылғы дағдарыстың салқыны тіпті Қазақстанда да байқалған болатын. Думан мұндай қиын жағдайдан да аман өтудің амалын тауыпты.

– Сол жылдары үй сату мүлде мүмкін емес еді. Банктер үй алуға несие бермей қойды, үй бағасы арзандады. Мен үй саудасынан үй менеджменті саласына бейімделдім. Бұл бизнесімнің тоқырап, жабылып қалмауына негіз болды, – дейді Думан.

Думан өзі Нью-Йорк қаласында тұрмайтын, бірақ осында үйі бар америкалықтармен "үй менеджменті" келісімін жасай алған. Оның компаниясында жұмыс істейтіндер үйдің тазалығы мен барлық коммуналды қызметтерін бақылайды. Тіпті оның жалға берілуі мен төлемдерін де тікелей бақылап отырады. Есесіне үй иесі компанияға ай сайын қызмет құнын беріп отырады.

– Аз уақытта компаниямның қызметіне 150 үй алып алдым. Осылай, дағдарыстан шығудың амалын жасадым. Ал 2011-2012 жылдар мен үшін ең табысты болды. Ол кезде компаниямда жылына 1,5-2 миллион АҚШ долларына дейін табыс түсіп отырды, – дейді ол.

Америкада бизнес жасау әлдеқайда оңай

Думан Айдар Америкада бизнес жасау әрі жалпы табыс табу әлдеқайда оңай екенін айтады.

– Мен Қытайда және Қазақстанда өмір сүрдім. Сол елдермен АҚШ-ты салыстырсақ, табыс көлемі де, оны жасаудың жолы да оңай. Мысалы, Қытайда халық көп, ол жерде тұрақты жұмысқа орналасу да бір ғанибет еді. Ал Қазақстанда мен барған жылдары табыс төмен болды. Қазір қаншалықты өскенін білмеймін. Тапқан табысың өзіңнен артылмайтын кездер болатын. Ал АҚШ-та ең төменгі жалақымен жұмыс істесең де, өз күніңе жетеді. Тіпті артылып та жатады, – дейді Думан.

Думанның айтуынша, еңбек еткісі келетін адамға Америкада үнемі жұмыс табылады. Сосын еңбектің құны да бағаланады.


Думан бос уақытында спортпен шұғылданғанды ұнатады. Әсіресе, үлкен теннис оның жиі ойнайтын спорт түрі екен / Фото Думан Айдардың жеке мұрағатынан алынды

– Америкаға келіп, аш қалған, қарызын төлей алмай жүрген адамды көп кезіктірген жоқпын. Еңбеккер болсаң, шетте қалмайсың. Қалағаныңды киіп, таңдаған тамағыңды жейсің. Тіпті саяхатқа да үнемдеп, жинай аласың, – дейді отандасымыз.

Нью-Йорк – қандай қала?

Нью-Йорк – мүмкіндіктер қаласы деп босқа айтылмаса керек. Думан да солай ойлайды.

– Нью-Йорк – жастар қаласы. Зейнетке шыққанда, өзге штатқа көшуді ойлап жүрмін. Бірақ қазір нағыз еңбек ететін кезеңде осы қалада тұруды жөн санаймын. Себебі мұнда қарапайым адам үшін жұмыс көп. Бүгін бір жұмыстан кетіп, ертең екіншісін тауып ала аласың. Сосын Нью-Йоркте еңбекақы да салыстырмалы түрде жоғары және транспорт жүйесі де қарапайым адамдарға қарай ыңғайластырылған. Мысалы, бастапқыда көлік алуға мүмкіндігің жоқ болса,қиналудың қажеті жоқ. Нью-Йоркте метро қызметі демалыссыз, тәулігіне 24 сағат жұмыс істейді, – дейді ол.

Думанның айтуынша, соңғы жылдары Қазақстаннан келген жастардың саны күрт өскен. Отандастарымыз көбіне оқу немесе тіл үйрену мақсатында келеді екен.

– Мұнда оқып жүріп те, қосымша табыс табу мүмкіндігі бар. Қазір менің қол астымда 12 қазақ жұмыс істейді. Олардың біразы – осында оқып жүрген студенттер, – дейді Думан.