Алып қаладағы алып зауыттар неге керексіз болып қалды? Бірге анықтайық. Фоторепортаж
XX ғасырда Детройттың көлік құрастыру астанасы болғаны белгілі. Америкадағы тұңғыш көліктер осы қалада құрастырылды. Ал екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Детройт "Демократия арсеналы" деп аталды. Себебі АҚШ-тың Еуропадағы серіктестері Детройтта құрастырылған ұшақ, соғыс көліктері мен танктерді қолданып, фашистік Германияға тойтарыс берді.
Өткен ғасырдың басында Детройт әлемдегі ең жылдам дамыған қала еді. 25 жылда халық саны үш есе өседі. Ал 1950 жылдарға қарай Детройт тұрғындарының саны 2 миллионға жуықтайды. Халық санының күрт өсуі қаладағы көлік индустриясының дамуымен тікелей байланысты. Алып көлік концерндері қала төңірегінен зауыттар салып, қол күшіне үнемі тапшылық болған. Ал зауыттардың кейіннен жабылып қалуына түрлі себептер айтылады.
Мысалы, кейбір сарапшылар Детройттағы қара нәсілділерге қатысты сегрегация мен жұмысшылардың жалақыға наразылығы алып концерндердің зауыттарын басқа штаттарға, тіпті, басқа елдерге көшіруіне жеткізген деген де ой түйеді. Бүгін біз Детройттың құлдырау себептерінің тереңіне үңілмей, зауыт жұртында не болып жатқанын әңгімелекпіз.
Fisher Body Plant 21
“Body By Fisher” таңба белгісін қазір көп адам білмеуі де мүмкін. Бірақ XX ғасыр басында олар америкалықтар арасында аса құрметке ие еді. Себебі өткен ғасырда құрастырылған әр екінші көлікте Fisher Body компаниясының таңбасы бар бөлшек болған. Олар Детройттағы барлық көлік концерндерін қамтамасыз етіп отырған.
XX ғасыр басында Детройт қаласының тумасы ағайынды Фишерлер көлік құрастыру саласында жеке бизнесін бастайды. Олар жылдам дамып келе жатқан индустрияның серпінінен қалмауға тырысады. Нәтижесінде, 30 жылда 40 зауыт ашып үлгереді.
1970 жылдары Фишерлер отбасы көлік құрастыру саласынан біржола кетуді ұйғарады. Оған жұмысшылардың бойкоты мен нәсіларалық қақтығыстар себеп болған. Одан бөлек, көлік индустриясынан түсетін табыс та айтарлықтай азайған болатын.
Фишерлердің автобөлшек шығаратын зауыттарын Дженерал Моторс компаниясы сатып алады. Себебі олар көбіне аталмыш компанияның көліктеріне бөлшектер дайындайтын.
Суреттегі Фишерлердің 21-ші зауыты 1984 жылы жабылған. Зауыт Детройттың орталығына жақын орналасқан. Сол себепті де оны бұзып, орнын босатып, жерді басқа мақсатта пайдалану маңызды еді. Бірақ Дженерал Моторс компаниясының жетекшілері зауыт орнын тазартуға қаржы бөлмеген. Мұндағы түрлі химиялық қалдықтар бүгінге дейін қала тұрғындарына залалын тигізіп отыр.
Детройт қаласының Қоршаған ортаны қорғау агенттігі зауыт төңірегіндегі қоқыс қалдықтарын тазалауға $1 миллиондай қаржы жұмсаса да, зауыттан шығатын қоқыс азаяр емес.
Russel Industrial Center
Форд Моторс компаниясына арнап автобөлшек шығаратын Murrey Body корпорациясы 1915 жылы өзінің ең үлкен зауытын құрады. Ол Рассел индустриялық орталығы деп аталды.
Ол XX ғасырдың басында әлемдегі ең үлкен үш зауыт кешендерінің бірі болған.
Murray Body корпорациясын негізін салушы Уильям Муррей көлік бизнесінен 1955 жылы кетуді ұйғарып, зауыт кешендерін саудаға қойған. Содан бері оның бірнеше иесі ауысыпты. 1970 жылдары зауыт әртүрлі цехтерге бөлініп, жалға беріліпті.
XX ғасырдың соңғы екі онжылдығында зауыт бос тұрған. 2003 жылы Деннис Кефаллинос есімді кәсіпкер зауыт кешенін $1 миллионға сатып алып, жөндеу жұмыстарын жасайды.
Қазіргі таңда зауыттың 100 мың шаршы метрі жартылай жөндеуден өткен.
Ford Piquette Plant
Бұл Генри Фордтың ең алғашқы жеке зауыты. 1904 жылға дейін Форд компаниясы зауыт кешенін жалға алған. Зауыт айтарлықтай үлкен емес. Бірақ мұнда Фордтың алғашқы 300 мың көлігі шығарылыпты.
Зауыт небәрі үш қабатты бір ғимараттан тұрған. Дәл осы зауытта Фордтың индустриялық конвейерлері сынақтан өтіп, көлікті жылдам құрастырудың технологиясы қолданысқа енгізіледі.
Зауыт ғимаратына 100 жылдан асса да, пайдаға жарап отыр. Бүгінде бұл кешенде Форд компаниясындағы алғашқы көліктер музейін тамашалай аласыз. Музей қызметкерлері туристер үшін күніне 5 рет мұндағы әрбір көлікке толық анықтама береді.
Форд қарапайым америкалықтарға қолжетімді көлік құрастыруды мақсат еткен және ол ойы жүзеге асқан. Себебі нарықтағы көлік бағасы $2500-3000 болған кезде, Model T көлігі небәрі $850 тұрған екен.
Packard Automotive Plant
Детройттағы бос қалған тағы бір үлкен зауыт – Packard. Ол Детройттың шығыс бөлігіндегі 16 га жерді алып жатыр. Ал зауыт кешенінің ауданы 325 мың шаршы метрді құрайды.
Packard Motor Car компаниясы зауытты 1903 жылы ашады. Сол кезде бұл зауыт ең заманауи жабдықталған екен. Ал 1958 жылға қарай оның жұмысы толығымен тоқтап, Packad Motor Car компаниясы көлік индустриясынан біржола кетеді.
Зауыт кешені 1990 жылдардың соңына дейін түрлі кәсіптік мақсатта қолданылған. Одан кейін тек қойма ретінде пайдаланылыпты. 2000 жылдары мұнда пейнтбол ойнайтын алаңдар ұйымдастырылады, ғимараттар граффити суретшілеріне таптырмайтын мекенге айналады.
2010 жылы зауыт аумағы қоршауға алынып, саудаға қойылды. 2013 жылы аукционда $6 миллионға сатылды. Бірақ, сатып алған техастық кәсіпкер аукционда жариялаған соманы толық бере алмай, зауыт тағы да бос қалады. Сол жылы желтоқсанда Фернандо Палазуело есімді испан инвесторы Packard зауытын жарты миллион АҚШ долларына сатып алады. Ол зауыт аумағын толық жөндеуден өткізіп, тұрғын үй, бизнес кеңселері мен сауда орталықтарын ашуды жоспарлаған.
2017 жылы зауыттың бір бөлігінде жөндеу жұмыстары басталды. Бірақ кейіннен тоқтап қалды. Детройт тұрғындары Packard зауытының толығымен жаңғыруына үмітпен қарайды. Бірақ әзірге еш нәтижелі іс атқарылып жатқан жоқ.
Қазіргі таңда зауыт территориясына бөгде адамдардың кіруіне тыйым салынған. Сыртында кешеннің жалға берілетіні жайлы жарнама ілулі тұр.
Hudson Plant
Детройт көлік құрастырушы кәсіпкерлер мен инженерлер қаласы десек алдамаймыз. Себебі Солтүстік Америкадағы инновациялық жобалардың барлығы дерлік осы қалада басталған.
Хадсон кешені де Hudson Motor Car компаниясының алғашқы әрі негізгі зауыты болған. Компания туралы интернетте дерек аз. Себебі Детройттағы көлік құрастыру индустриясы жайлы әңгіме өрбігенде көптеген оқырмандардың көз алдына 3 негізгі көлік концерндері елестейді. Шындығында, Детройтта Форд, Крайслер және Дженерал Моторстан басқа көлік компаниялары көп болған. Мысалы, Hudson Motor Car компаниясы 50 жыл бойы көлік шығарумен айналысқан.
Hudson зауыты 1908 жылы ашылыпты. Компания жетекшілерінің мақсаты да мың АҚШ долларынан арзан тұратын көлік құрастыру болды. 1947 жылға қарай компания 23 зауыт кешеніне дейін үлкейіп, 3 миллион дана көлік шығарып үлгереді. Бірақ Детройттағы басқа көлік компаниялары сынды соғыстан кейін тоқырауға ұшырап, American Motors корпорациясымен бірігеді.
Зауыт жұмысы 1957 жылы толығымен тоқтайды. Кейінгі жылдары тек қойма ретінде пайдаланылады. Сондай-ақ, зауыттың кейбір бөліктері жалға беріліп, әртүрлі мақсатта пайдаланылады.
Ford Highland Park
Бұл Генри Фордтың екінші зауыты. Ол 1910 жылы ашылып, көп өтпей Model T көліктерін құрастыратын негізгі зауытқа айналады. Көлік құрастыру конвейерлері осы зауытта жаңартылып, көлік шығару жылдамдығы артады. Мысалы, бастапқыда Форд компаниясы бір көлікті шығаруға 728 минут жұмсаған болса, Ford Highland Park зауытында бұл көрсеткіш 93 минутқа дейін қысқарады.
Зауыт кешеніне 8 ғимарат кірген. Мұнда зауыт конвейерлерінен бөлек, әкімшілік басқару кеңселері мен инженерлердің зерттеу орталықтары орналасты.
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары дәл осы зауытта АҚШ армиясы үшін 1690 әскери танк құрастырылған. Одан бөлек, мұнда әскери көліктер мен соғыс ұшақтарының бөлшектері жасалды. Ал соғыстан кейін ауылшаруашылыққа қажет тракторлар шығарылады.
1990 жылдары Форд компаниясы ауылшаруашылығына қажет техника шығармауды шешіп, Highland Park зауытының жабдықтарын сата бастайды. Ал 2011 жылдан бері зауыт кешені тек қойма ретінде пайдаланылып келеді. Оның бір ғимараты ғана жеке кәсіпкерлерге жалға берілген.
Форд компаниясы АҚШ-тағы ең тұрақты көлік құрастырушы концерндердің бірі. Ол 2008 жылғы дағдарыстан да еш қиындықсыз өтіп, көлік өндірісін жалғастырып келеді. Ал Highland Park ғимараттары салынғанына бір ғасырдан асып кеткендіктен, оны индустриялық кешен ретінде пайдалану қауіпті болып саналып отыр.