Шалғайдағы тағы 200 ауыл интернетке қосылды

Селолық елді-мекендерді интернетпен қамтамасыз етуге бағытталған жоба "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. Жоба құны – 16,8 млрд теңге. Оның 13,3 млрд-ын 12 жылға қарызға Қазақстан даму банкі ұсынса, қалған 3,5 млрд-ын инвестиция ретінде "SilkNetCom" ЖШС-і құяды.

Қазақстан даму банкінің клиенттермен жұмыс дирекциясының бас банкирі Ә.Шәкенованың айтуынша, жоба аясында 1222 мемлекеттік орган мен бюджеттік мекеме, сонымен қатар миллионға жуық ауыл тұрғыны жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтылады.

Өтемұратовтың қоры Арыстағы 100 отбасына үй салып беруге 2 млн доллар бөлді

Бұл қаражатқа дуплекс типіндегі (бір шатыр астында екі отбасы тұратын) 50 баспана салынады. Мердігерлер таңдалып қойылған, құрылыс жұмыстарын қыркүйек айының ортасында аяқтау жоспары бар.

Дайын баспаналар тұрғындарға қажетті тұрмыстық техникаларымен, ас бөлмесіндегі жиһазымен, жабдықталған жуынатын бөлмелерімен табысталады. Осындай бір үйді салу үшін 10 сотық жер учаскесі бөлінген. Бұған қоса, әрбір отбасының ауласында өзінің бау-бақшасы болады.

Болат Өтемұратов қоры бұған дейін Қызылорда облысында 100 көпбалалы, мұқтаж отбасын тұрғын үймен қамту үшін "Баламекен" жобасын жүзеге асырған еді. Қор құрылтайшысы осы қайырымдылық жобасын апатты аймақта жалғастыру туралы шешім қабылдапты.

Арыста 674 үй қалпына келтірілді

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, апатты аймақта 190 құрылыс компаниясы қарқынды жұмыс істеп жатыр. Жарылыстан қираған тұрғын үйлерді қалпына келтіру аймақтар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне жүктелген.

Бұл жұмыстарды Солтүстік Қазақстан, Атырау, Павлодар, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының әкімдіктері жақсы қарқынмен жүргізіп жатқан көрінеді. Ал, Шығыс Қазақстан, Алматы және Қостанай облыстарының әкімдіктерінің жұмыстарын Министрлік сынға алып, жауапкершілікті арттыру керек деп мәлімдеді. Өйткені барлық бүлінген, бұзылған нысандар 2019 жылдың 1 тамызына дейін тапсырылуы тиіс.

Дәрумендер мен диеталардың түк пайдасы жоқ

АҚШ ғалымдары осындай тоқтамға келді. Батыс Вирджиния университетінің зерттеушілері бірқатар дәрумендер мен диеталарға 24 түрлі зерттеу жүргізіп көріпті. Нәтижесінде ғалымдар олардың басым бөлігінің түк пайдасы жоқтығын анықтаған.

Ондай дәрумендердің арасында A, B, C, D және E, бета-каротин (А дәруменінің бұрынғы атауы), кальций, темір, антиоксиданттар мен полидәрумендері бар. Зерттеушілер тіпті кальций мен D дәруменін бірге қабылдаудың инсультке апару қаупін анықтаған.

"Қазгидрометтің" бұрынғы басшылары пара алғаны үшін 10 жылға сотталды

Елорданың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соты "Қазгидромет" республикалық мекемесі бас директорының бұрынғы бірінші орынбасары Нұркен Сұлтанов пен Қарағанды облыстық филиалының директоры Роман Андриановқа осындай шешім шығарды. Аса ірі көлемде пара алғаны үшін айыпты деп тауып, әрқайсысын 10 жылдан бас бостандығынан айырды.

Сотталғандарға сонымен қатар өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, жарғылық капиталында мемлекеттің 50%-нан көп үлесі бар ұйымдарда лауазымды қызметтер атқаруға тыйым салынды. Сот шешімі әлі күшіне енген жоқ.

"Kazakh Invest" компаниясының бұрынғы басшысы Алматы әкімінің орынбасары болып тағайындалды

Сапарбек Тұяқбаев бұл қызметке Марат Сембековтың орнына келді. Әкімнің бұрынғы орынбасары басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылыпты.

Астана әкімдігі бала-бақшадан орын беруге жыл сайын 7 млн жұмсайды

Елордада бұл жұмыстар 10 маусымнан басталды. Қала әкімінің орынбасары М.Бектұрованың айтуынша, жүйеге бір уақытта 50 млн адам кірген. Байланыс каналын, сервер қуатын арттыру мақсатында "Қазақтелекомнан" қосымша байланыс каналы жалға алынған. Оған бюджеттен 2,5 млн теңге жұмсалыпты. 7 шілдеге дейін бала-бақшаға 8024 жолдама беріліпті.

Билік бала-бақшадпн орын беру жүйесіне жыл сайын 7 млн теңге жұмсайды. Бұл қаражатқа сервистер мен байланыс каналдары жалға алынады. Әкімнің орынбасары бұл жұмыстарды Австралия үлгісімен жүргізген дұрыс деп есептейді. Онда электронды үкімет Amazon-мен келісім-шартқа отырып, оның виртуалды серверіне көшкен. "Виртуалды серверде төлем оны нақты қолданған уақытқа жүреді. Ал, қазір біз серверді айлап, жылдап жалға алып отырмыз" дейді М.Бектұрова.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: 45 градус ыстық: Екі өңірде ескерту жарияланды. 12-14 шілде күндері Қызылорда облысының кей жерлерінде 45 градусқа дейін аптап ыстық болады. 12 шілдеде Ақмола облысының басым бөлігінде, 13-14 шілде күндері кей жерлерде 35-38 градусқа дейін қатты ыстық болуы ықтимал. Ескертудің ықтималдылығы 90-95%.

24.kz: KASE қорытындысы: $1 = 383,10 теңге. Қазақстан қор биржасының қорытындысы бойынша бір доллардың орташа бағамы 383,10 теңге болды.

Тengrinews.kz: Полицейлер ұрыдан қалай сақтану керектігін айтты. "Тұрғындар арасында басты қателіктің бірі – "бізде ұрлайтындай ештеңе жоқ" деп ойлау. Ал ұры түскеннен кейін, біршама құнды заттың қолды болғанын аңғарады. Сол себепті сіздің пәтеріңіз не үйіңіз нағыз қамал болуы керек. Үйге кіретін есікті барынша берік қылған дұрыс, міндетті түрде терезе іштен жабылуы тиіс. Пәтерлерді күзету туралы келісімшарт сіздің мүлкіңіздің қауіпсіз болатынына кепілдік береді. Бүгінде күзет дабыл жүйесі және аула мен кіреберістегі бейнебақылау камералары - пәтер ұрыларына айтарлықтай тосқауыл болды" деді Алматы қалалық полиция департаментінің өкілі, полиция подполковнигі Нұрбол Қамаубаев.