Алматылықтар Горький саябағына салынатын студенттер жатақханасына неге қарсы?
Ескерту: 24.02.2021 күні Алматы әкімдігі Орталық демалыс паркінің аумағында салынуы тиіс студенттер жатақханасының құрылысын тоқтату туралы шешім қабылдады. Ғимарат құрылысына басқа аумақтан жер беріледі. Тиісінше, жатақхана құрылысы бойынша 1 наурызға жоспарланған қоғамдық тыңдау тоқтатылды.
Апта басында Алматыдағы Горький саябағына Абай атындағы ҚазҰПУ студенттер жатақханасы салынатыны белгілі болды. Алайда бұл жаңалық қоғам белсенділері мен саябаққа жақын маңда тұратын тұрғындардың ашуын келтірді. Олар қаланың тарихи аумағына жататын демалыс орнына студенттер үйін салуға түбегейлі қарсы. Наразы топ құрылысшылар жасыл желекті отап, қоршаған ортаға зиянын тигізеді деп алаңдап отыр. Ал оқу орнының басшылығы болса, жатақханаға мұқтаж 3 мыңнан астам студентке жатын орын табуып бере алмай отырғанын алға тартты. Іnformburo.kz даулы тараптардың пікірін ұсынады.
Оқи отырыңыз: Алматы орталығындағы үш үй ҰҚКД ғимаратын кеңейту үшін бұзылмақ. Тұрғындар неге наразы?
15 ақпанда Орталық демалыс паркінің аумағында студенттер жатақханасы салынатыны туралы белгілі болды. Жоспар бойынша онда 327 студентке арналған 6 қабатты нысан тұрғызылмақ. Мұны естіген алматылықтар бірден наразылық білдірді. Қарсылық танытқандар бүгін студенттер үйі тұрғызылады деп белгіленген жер теліміне жиналып, журналистерге шағымданды.
Тұрғындар серуендейтін жерлерін жатақханаға көшіп келген студенттер күл-қоқысқа айналдырып, саябақтың сәнін құртады деп қауіптеніп отыр. Оның үстіне, бірнеше түп ағаш кесіліп, экологияға орасан қауіп төнддіруі мүмкін. Сондықтан олар парктің бүлінбеуі үшін араша сұрап, барлық тиісті орындарға шағымданған. Тіпті мәселені ел Президентіне де хат түрінде жолдапты.
"Бұл тарихы тереңде жатқан саябақ. Егер құрылысқа рұқсат берсе, біз осы паркті жоғалтамыз. Халық таза ауамен демалатын, мәдени іс-шараларға келетін, спортпен айналысатын, балалармен қыдыратын осындай маңызды жасыл алқапқа көп қабатты ғимарат салуға бола ма? Орталық демалыс саябағы Алматының мақтанышы болып табылады. Бұл парк әр тұрғын үшін қымбат. Біздің әкелеріміз осында ағаш еккен. Өзіміз де осында өстік. Кезінде қаланың ең көрікті жері осы саябақ еді. Қазір жан-жағының барлығын қоршаумен қоршап, құрылыс жүргізіп жатыр. Бұрын спорттық секциялар болатын, барлығын жауып, жерлерін құрылысқа беріп жатыр. Халыққа ештеме қалдырмады. Біздің газдалған қалада жасыл аймақтар жоқ", – деді қала тұрғыны Татьяна Гайнулина.
Оқи отырыңыз: Тар бөлме, сыз, қандала, туберкулез. Алматы жатақханаларындағы студенттердің өмірі
"Қаланың тарихи аумағын бүлдіруге болмайды" деген тұрғындар саябаққа студенттер үйін салу еш қисынға келмейтінін айтады. Олардың болжауынша, жаңа салынған жатақхана тұрғындары күндіз-түні шу шғарып, жақын маңдағы жұрттың мазасын қашырады. Одан қалды қолындағы қоқыстарын парктің кез-келген тұсына лақтырып, демалушылардың тынысын тарылтады. Ең бастысы, орталықтың көркін кетіреді.
"Мұнда өзіміздің, ата-анамыздың балалық шағы өтті. Сондықтан бұл жердің тағдырына алаңдаймыз. Құрылыс экологияға, осындағы құстар мен кеміргіштерге зиянын тигізеді деп есептейміз. Жатақхана салғасын онда әртүрлі студенттер тұрады. Жастар төбелесіп, маңайдағы жұрттың тыныштығын бұзуы мүмкін. Темекінің тұқылы мен күл-қоқысты саябаққа лақтырып, бақтың сәнін кетірмесіне кім кепіл?" – деді Айдана Жылқайдарова.
Тұрғындар студенттердің жатақханамен қамтылғанына қарсы емес. Тек оларға орын қаланың басқа аумағынан қарастырылса игі. Өйткені, наразы топ университет басшылығы болашақта ғимараттың пайдалану мақсатын өзгертіп, жатақхана орнына коммерциялық нысан тұрғыза ма деп қорқады.
Оқи отырыңыз: Алматыда жатақхана тапшылығынан студенттердің үштен екі бөлігі пәтер жалдауға мәжбүр
"Басқа жер құрып қалғандай, дәл осы саябақ аумағында 6 қабатты жатақхана салынатынына қарсымыз. Өйткені, болашақта ол ғимараттың нысаналық мақсатын өзгертіп, коммерциялық нысанға айналдырып жіберуі мүмкін. Яғни, тапсырыс берушілер экологиялық және заңдық талаптарды бұзады. Неге қала тұрғындары демалатын жерге көп адам қоныстанатын жатақхана салатынын мүлдем түсінбеймін. Қалада басқа да бос жерлер көп қой. Ол жерлерді көпқабатты тұрғын үй кешендерін тұрғызуға бергенше, неге жатақхана құрылысына бермеске?" – деді Серік Шынтеков
Тұрғындар мен университет арасында дау туғызып, құрылысқа бөлінген жер телімінің аумағы 11 сотық. Ел айтқандай орталық саябақтың қақ ортасында емес, паркпен шекаралас Медеу ауданында орналасқан. Аумаққа Орманов көшесі жағынан бөлек кіреберісі бар. Бұл маңда ешкімнің серуендемейтінін, тіпті бірнеше жыл қатарынан қараусыз қалғанын аңғаруға болады. Айнала қоқыс пен қураған ағашқа толып қалған.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті дәл осы орынға 327 орынға арналған 6 қабатты жатақхана салуға ниеттеніп отыр. Болашақ ғимараттың жобалық-сметалық және техникалық құжаттарын бекітіп, құрылысты жүргізетін инвестормен де келісіп қойған. Университет басшылығы телімнің Горький саябағына еш қатысы жоқ екенін айтады. ҚазҰПУ проректоры Ғабит Дулатовтың мәлімдеуінше, 2000 жылы Спорт және туризм колледжінің балансынан алынған 4 гектар жер Абай атындағы ҚазҰПУ балансына берілген. Мәдениет және демалыс саябағының аумағына кірмейді. Қолдарында мұны растайтын тиісті құжаттары мен мемлекеттік акті бар.
"Жиырма жылдан астам бұл жерде біздің университеттің студенттері әскери кафедрада білім алып, дене шынықтыру сабақтарын өтеді. Қазір мұнда Мұхтар Әуезов атындағы стадион, университеттің оқу корпустары мен әскери кафедрасы орналасқан. 2018 жылы наурыз айында Елбасымыздың халыққа жолдауында студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету туралы мәселе қозғалды. Осыған байланысты біздің университет қала әкімшілігіне "өзіміздің жерімізде жатақхана салуға мүмкіндік беріңіздер" деп ұсыныс тастады. Сол жылы қала әкімі Бауыржан Байбектің қаулысымен 11 сотық жерге жатақхана салуға рұқсат берілді. Содан бері инвесторлар тартылды, көптеген техникалық жұмыстар, жобалық құжаттық жұмыстар жүргізілді. Барлық құжаттар заң аясында рұқсат етілген. Қалалық қызметтермен барлығы келісілген", – деді Ғабит Дулатов.
Оқи отырыңыз: "Болашақ" стипендиясы оқу қажеттіліктерін өтей ме? АҚШ-тағы студенттер пікірі
Оқу орны проректорының хабарлауынша, жатақхана құрылысына 1 млрд 300 млн теңге жұмсалмақ. Ғимарат инвестор есебінен салынады. Мердігер және инвестор ретінде "Әл мансұр" компаниясы таңдалған. Құрылыс кезінде 67 тал оталмақ. Дегенмен, тапсырыс берушілер кеслген ағаштардың орнына 670 тал егеміз деп уәле етіп отыр.
"Бізде қазір магистрант, докторанттарымызды қоспағанда 13 жарым мыңнан астам студент бар. Соның 10 мыңнан астамы басқа облыстардан, ауылдардан келген. Олар қазір қалада пәтер жалдап тұрады. Бес жатақханамыз бар, бірақ, олар өте ескі. 1939-1940 жылдары салынған. Қазір біз студенттерді жатақханамен қамтамасыз ете алмай отырмыз. Бұл үлкен мәселе. Өткен оқу жылында жатақхана жетпегендіктен, басқа жерлерден жалға алуға мәжбүр болдық. Жалпы, 3 мыңнан астам студент жатақханаға мұқтаж", – деді Ғабит Дулатов.
Студенттерді жатын орынмен қамтамасыз ете алмай отырған оқу ордасы енді ушыққан мәселені қалай шешерін білмей дал. Олар жатақхана құрылысын биылдан бастап кетуге тас түйін дайын отыр. Бірақ, университет тарапы қоғам қарсы болса, әкімдіктен басқа жер телімін беруді сұраймыз деп кесіп айтты.
"Халық құрылысқа қарсылық танытып жатыр. Оны білеміз. Қазір университет басшылығы тарапынан басқа да мүмкіндіктерді қарастырып жатырмыз. Егер бізге әкімдік қаладан басқа жер телімін ұсынса, сол инвесторымызбен, сол жобамызбен барып, басқа жерде жатақхана салуға дайынбыз. Ондай жағдайда жоспарланған құрылыстың мерзімін созу керек болады. Осы жердің геологиялық және басқа да жағдайларына байланысты біздің жасаған бүкіл жобалық құжаттамалық жұмыстар, техникалық жұмыстарды қайтадан басынан бастап жасауға тура келеді. Ол уақыт және ақша шығынын қажет етеді", – деді Ғабит Дулатов тұрғындармен кездесу кезінде.
Құрылыс кезінде Орталық мәдениет және демалыс саябағының ағаштары кесілетіні анық. Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов мұны дұрыс емес деп санайды. Осы себептен және алматылықтардың наразылығын ескере отырып, министрлік университетке жатақхананы басқа жерден салуды тапсырды.
"Қазір ЖОО ректоры әкімдікпен және инвестормен локацияны басқа жерге өзгерту туралы мәселені пысықтап жатыр. Жатақхана қандай жағдай болмасын қажет, бірақ ол Алматының экологиялық жағдайына кері әсер етпеуі тиіс", – деді Білім және ғылым вице-министрі.
Дегенмен, даулы мәселенің нақты қалай шешілетіні әзірге белгісіз. 1 наурызда салынғалы жатқан студенттер үйіне қатысты қоғамдық тыңдаулар өтеді. Онда жатақхана құрылысының қоршаған ортаға әсері талқыланады.