Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мемлекеттік қызметкерлер арасындағы салық төлеуден жалтарып жүрген борышкерлердің рейтингін жариялады. Жеке меншікке салынатын салықтар бойынша 635 мемлекеттік орган қызметкерлерінің қарызы бар. Олардың қатарында әскери және ішкі істер органдары қызметкерлерінің берешегі көп.

  • Ішкі істер органдарының қызметкерлері – 5,9 млн теңге салық төлемеген (289 жеке тұлға);
  • Әскери бөлімдердің қызметшілері – 3 млн теңге қарыз (218 жеке тұлға);
  • Қаржы саласы қызметкерлері, банк өкілдерінің – 1,6 млн теңге берешегі бар (67 жеке тұлға);
  • Әкімдік қызметкерлері – 630 389 теңге қарыз (35 жеке тұлға).

Сондай-ақ, борышкерлер тізімінде басқа мемлекеттік органдардың қызметкерлері де бар. Олар бюджетке 295 458 теңге берешек.

Оқи отырыңыз: "Бейбіт жиындар туралы заң жобасы Конституцияға қайшы". Қоғам белсенділері жаңа құжатқа неге қарсы?

Қарыздың барлығы былтырғы кезең үшін. Тізім жеке табыс салығы бойынша ұсынылған декларация және орталықтандырылған біріздендірілген жеке шоттардағы ақпараттық жүйе арқылы жасалды. Биылғы 17 қазанда қалыптасқан берешек сомасына сәйкес.

Қарызын төлеуден қашып жүрген мемлекеттік қызметкерлерге (тұрғылықты мекенжайына және жұмыс орнына) пайда болған берешекті өтеу қажеттілігі туралы хабарлама жіберді. Егер борышкерлер 15 қарашаға дейін салықтарын төлемесе, аты-жөндері мен қарызының көлемі көпке жария етілмек.

Ескерту: Меншік салығын төлеу мерзімі 1 қазан күні аяқталды. Жеке тұлғалар көлік салығын 31 желтоқсанға дейін төлеуі тиіс. Салық уақтылы төленбеген жағдайда қайта қаржыландырудың ресми ставкасының 1,25 еселенген мөлшерінде өсімпұл есептеледі.

Айта кету керек, елімізде биылғы 16 шілдеден бастап жеке тұлғаларға салық жөнінен рақымшылық жүргізуді көздейтін заң күшіне енді. Соның аясында жеке тұлғалар 2019 жылдың 1 қаңтарына дейінгі салықтың негізгі сомасын төлеген жағдайда өсімпұл кешіріледі. Жыл соңына дейін әрбір азамат салық өсімпұлдарын сыздыра алады. Салықтық рақымшылық аясында Қазақстанда салығын уақытылы төлей алмаған 408 мың адамның 1 млрд 890 млн теңге көлеміндегі өсімпұлы кешірілді. Дегенмен, тағы 1 млнға жуық жеке тұлға әлі де салығын төлемей келе жатыр. Олар қазынаға негізгі қарызы – 4 млрд 400 млн теңге құйса, 4 млрд теңге өсімпұл кешіріледі.

Жеке тұлғаларға 31 желтоқсанға дейін негізгі қарызды төлеп, салықтық рахымшылыққа ілігуіне болады.

Мүлік, жер және көлік құралына салығы бойынша берешектің бар жоғын азаматтар Мемлекеттік кірістер комитетінің (www.kgd.gov.kz) сайтында "Электронды қызмет" – "Салықтық берешектің жоқ (бар) екені туралы мәлімет" бөлімінде ЖСН енгізу арқылы, сондай-ақ "Электронды үкімет" порталында немесе жергілікті жері бойынша МКБ барып тексере алады.