Алматыда құны 68 млн теңге алтынды шетел асырмақ болған қылмыстық топ сотталды
Зергерлік бұйымдарды сату саласындағы екі кәсіпкер "Алматы-Анталия" әуе рейсі арқылы 68 млн теңгеге жалпы салмағы 3,1 келі бірнеше алтын құймасын тасымалдауға тырысқан. Олардың бұл ойын іске асыруға әуе компанияларының бірінің қызметкерлері көмектесіпті. Дегенмен, Алматы Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері және қалалық ҰҚКД бірлесіп алтынды шетел асырмақ болғандарды тоқтатып үлгерген.
Тергеу барысында айыпталушылар экономикалық контрабанданы алдын ала сөз байласу арқылы жасағаны анықталды. Сот шешімімен аса ірі көлемде мұндай қылмыс жасағандар кінәлі деп танылды.
Оқи отырыңыз: Қылмыстық кодекстің 4 бабы бойынша айып тағылған. "Олимп" букмекеріне қатысты сот басталды
Қылмыстық топтың екі ұйымдастырушысына 3,3 млн теңгеден айыппұл салынды. Ал олардың екі сыбайласына – 100 сағатқа мәжбүрлі еңбекке тарта отырып, бостандығын 1 жыл мерзімге шектеу түрінде жаза тағайындалды.
Тәркіленген алтын мемлекет кірісіне айналдырылды.