Қазақстанда қаупі мен қирату ықпалы жөнінен сел тасқыны алдыңғы қатарда болса, екінші орында қар көшкіні тұр. Республика аумағында 800-ден астам қар көшкіні жүру қаупі бар учаске анықталған. Егер ол жерлерде апат бола қалса, кемі 200-ден астам нысанды қиратып, 5000 тұрғынға кесірін тигізуі мүмкін. Ал Алматы аумағындағы қар көшкіні қаупі бар учаске саны – 200-ге жуық. Оған Үлкен және Кіші Алматы көлдерінің маңы, Медеу мен Шымбұлақ шатқалдары кіреді. "Қазселденқорғау" ММ мамандарының айтуынша, биыл қар жамылғысының биіктігі нормадан жоғары. Табиғаттың құбылуына жылдамдығы жоғары жел мен ауа райының тұрақсыздығы әсер еткен. Сол үшін мекеме мамандары қала маңындағы тау бөктерлерін тұрақты түрде әуеден бақылауды қолға алған.


Мамандар тауларды тікұшақпен барлайды / Алмаз Төлекенің фотосы

"Биыл қар жылдағыдан көп жауғанымен, болжамымыз бойынша, жақын күндері қар көшкіні болмайды. Дегенмен, сақтықта қорлық жоқ. Сол үшін біз тұрғындарға ескерту жасап, қауіпті аймақтарды қадағалап отырмыз. Қар қалың жауғанда міндетті түрде жасанды қар көшкінін жасаймыз. Бір қыста мұндай шара он шақты рет іске асырылады", – деді "Қазселденқорғау" ММ Алматы қалалық басқармасының басшысы Самат Дәуленханов.

Оқи отырыңыз: Астанаға қатты аяз келді. Еске сақтар алғашқы қауіпсіздік шаралары қандай?


Қауіпті тау бөктері / Алмаз Төлекенің фотосы

Қазақстанда қар көшкіні жиі болатын қауіпті аумақтарға Шығыс Қазақстан, Алматы және Түркістан облыстарындағы мына жоталар жатады:

  • Қазақстандық Алтай;
  • Іле;
  • Жетісу;
  • Талас Алатауы;
  • Қаратау жотасы.

Алматы облысында да қар көшкіні қаупі бар 44 аумақ анықталған. Олар негізінен, елді мекендерден алыс және автожолдары жоқ биік таулы аймақтар. Ал Шығыс Қазақстан облысында қар жамылғысының ең жоғары биіктігі 80 см-ден асты.

Оқи отырыңыз: Алматыда 500-ге жуық өрт болды: жер үйлерде қауіпсіздік ережелері сақталмайды


Қар құрсауындағы мореналық көлдер / Алмаз Төлекенің фотосы

Қыста таулы аймақтарға шыққанда ескеретін қауіпсіздік ережелері:

  • Қарлы беткейлерге шықпау қажет;
  • Тынығу кезінде қауіпсіз маршрут таңдап, қауіпсіз мекенге тоқтау керек;
  • Байланыс құралы болуы шарт;
  • Таудағы жүру бағыт пен өткізетін уақыт туралы жақын туыстарға алдын ала хабар беру керек;
  • Тау беткейлерінің қарлы бөліктерін қиып өтуге тыйым салынады.