Жерді бөлу комиссиясының мүшесі конкурста өзі жеңімпаз атанған. Өңір басшысы істі тексеруді тапсырды
Алматы облысы Кеген ауданының бірнеше шаруасы мемлекеттен ауыл шаруашылығы үшін жалға берілетін жерлер заңсыз үлестірілді деп шағымданды. Олардың бұлай арыздануына аудан әкімдігі ұйымдастырған конкурстың әділетсіз өткізілуі түрткі болған.
Былтыр 7 желтоқсанда Кеген аудандық әкімшілігінің сайты мен аудандық "Қарқара" газетінде ауыл шаруашылығы жерлерін уақытша жалға беру жөніндегі конкурс жарияланған. Мұны оқыған шаруалар "тым болмаса малымызға азық болады" деген ниетпен шабындық жерлерді алуға өтініш білдірген. Кейбірі, тіпті, бизнес жоспарларын ұсынып, қыста құжат жинаумен әлек болған.
Алайда, аудан әкімдігі конкурсты жабық өткізіп, ауыл-ауылдан келген шаруаларды қайтарып жібереді. Ал конкурстың нәтижесін 29 қаңтарда ресми сайтында жария еткен.
Төмендегі құжат – конкурстың қорытынды хаттамасы. 58 лот бойынша жеңімпаздар тізімі берілген.
Loading...
"Заңда солай көрсетілген, конкурс жабық өтеді" деп шаруалардың бәрін қайтарып жіберді. Үнемі ашық өтетін мұндай конкурстардың аяқ астынан "жабық" режимге ауысқанына таң қалдық. Ал конкурстың нәтижесін көріп, оның себебін түсінгендей болдық. Бірінші лоттың жеңімпазы – Суатаев Жұмаш Құрманжанұлы. Ол кісі осы жерлерді бөліп беру бойынша жер комиссиясының мүшесі бола тұра, қалай лотқа қатысты және өз-өзіне қалай дауыс берді?" – деді informburo.kz тілшісіне хабарласқан Кеген ауданының тұрғыны, шаруа Мақпал Садықова.
Бұдан бөлек, шаруалар көптеген жер телімі мемлекеттік қызметкерлердің туыстары мен құда-жекжаттарына берілген деп қынжылды. Құжат өткізіп, ұлтарақтай жер бұйырмаған адам саны 51 екен. Олардың барлығы конкурсты ұйымдастырған жер комиссиясының шешімін қайта тексеруді талап етіп отыр.
Белгілі заңгер Бақытжан Базарбектің айтуынша, Жер Кодексінің 43-бабы бойынша, мұндай конкурстар ашық тәртіппен өткізілуі тиіс және комиссия мүшелерінің өздерінің жер алуға, яғни конкурсқа қатысуға құқығы жоқ. Заңгер Кеген ауданы әкімшілігінің бұл конкурсты өткізуде бірнеше талапты бұзғанын айтты.
Оқи отырыңыз: Болашақта жер телімдері электронды жолмен жалға беріледі. Пилоттық жоба Оралда жүріп жатыр
Оқи отырыңыз: Қазақстанның 70 пайыз жері шөлейттеніп, топырағы тозып кеткен
Заңгер Кеген ауданында өткен конкурстың қорытындысын тексерту үшін хаттаманы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жолдамақ.
Бұл дау Алматы облыс әкімі Амандық Баталовтың да құлағына жеткен. Облыс басшысы мәселеге қатысты бүгін дереу комиссия құрып, істің ақ-қарасын анықтауды тапсырыпты.
"Бүгін арнайы комиссия құрылды. Оның құрамында Прокуратура қызметкерлері бар. Жер комиссиясының мүшесі жер алуға қатыспаған деген мәлімет бар, бірақ оның қалайша жеңімпаздар тізімінде тұрғанын анықтаймыз. Мамандар бір апта уақытта барлық құжаттарды тексереді. Қорытындысын кейінірек жариялаймыз", – деді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.
Informburo.kz мәселені назарда ұстайды.