Алматы әкімдігі Баум тоғайын зерттеуге 16 млн теңге бөлді
"Медеу" мемлекеттік саябағы мен Баум тоғайы аумағын зиянкестерден қорғауға тағы 44,8 млн теңге қарастырылған.Алматыдағы Баум тоғайында жасыл желектерге зерттеу жүргізіледі. Бұл жұмыстарға қала әкімдігі 16 млн теңге бөлді. Тапсырыс беруші – Алматы Жасыл экономика басқармасының "Медеу" мемлекеттік өңірлік табиғи паркі. Ол "Қазақ ұлттық аграрлық университеті" КЕАҚ-мен, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Ботаника және фитоинтродукция институтымен және "ЗаРа Гранд" ЖШС-мен шарт жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Мемлекеттік сатып алулар сайтының мәліметінше, 8 млн теңге жасыл желектерді түгендеу бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарына бағытталады. Қайта құру қажет жерлерді анықтап, оларды тәжірибе алаңын құру арқылы кезең-кезеңімен дамыту жоспарлануда.
Жұмысты Қазақ ұлттық аграрлық университетінің мамандары жүргізеді, олар саябақ аймағының жалпы жағдайын анықтап, жасыл желектерді қайлпына келтіру бойынша ұсыныстар береді деп хабарланды.
"Сонымен қатар, келесі жылдан бастап біз факультеттің оқытушылары мен студенттерінің күшімен ғылыми негізде орман шаруашылығын күту шаралары жүргізілетін аумағы 5 га болатын тәжірибелік алаң салуды ұсынамыз", – делінген тапсырыс берушінің техникалық сипаттамасында.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда "Таза табиғат" экологиялық жобасы бастау алды
Ғалымдар жүргізілген инвентаризациялық жұмыстардың негізінде, ағаштар мен бұталардың түрлерін және жасын анықтауы керек. Жас көшеттер мен ескірген ағаштарға күтім жасау бойынша ұсыныстар енгізуі қажет. Көгалдандырудың объектісінің паспортын жасауы тиіс. Ескі ағаштарды кезең-кезеңімен қалпына келтіру бойынша ұсыныстар әзірелеуі керек. Сонымен қатар, тоғайда экотуризмді дамыту жоспарын жасауы шарт.
Тапсырыс беруші Ботаника және фитоинтродукция институтына жасыл желектердің қазіргі жағдайын бағалауға және оларды одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеуге тағы 8 млн теңге бөледі. Ботаниктер жоғары тамырлы өсімдіктердің, балдырлардың түр құрамын анықтаумен, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан, экономикалық тұрғыдан құнды, инвазиялық өсімдік түрлерін анықтаумен және олардың агрессивтілігін бағалаумен айналысады. Олар сонымен қатар экожүйелердегі өсімдіктердің алуан түрлілігін сақтау бойынша ұсыныстар жасайды. Ботаниктердің зерттеу нысандары өсімдіктердің жабайы түрлері, олардың жергілікті популяциясы және олар түзетін өсімдік организмдері болады, деп хабарлайды басылым.
"Зерттеу маршруттық зерттеу және сынақ алаңдарын салу, зерттелетін объектілердің орналасқан жерінің GPS-координаттарын белгілеу әдістерімен жүргізілетін болады. Жұмыста дәстүрлі ботаникалық және дендрологиялық зерттеу әдістері қолданылады. Атап айтқанда, гербарий материалының түрлік тиістілігін жинау және сәйкестендіру жүргізілетін болады. Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген өсімдіктердің мәртебесі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізіледі", – делінген келісімшарттың техникалық сипаттамасында.
Сонымен қатар, "Медеу" мемлекеттік саябағы мен Баум тоғайы аумағындағы жасыл желектерді зиянкестерден қорғауға 44,8 млн теңге қарастырылған. Қызмет көрсетуші - "ЗаРа Гранд"ЖШС.