«Алматы-2050»: алғашқы бес жылдықта қанша қаражат жұмсалады?
Бұл қаланы дамытуға арналған көп жылдық құжат. Жоба аясында, әсіресе, шаһардың шеткі бөліктерінде тұратын халықтың тұрмыс-тіршілігін түзеп, дамыту көзделіп отыр. Жоба, тіпті, қала әкімі ауысса да, жалғасын таба бермек. Алматының Стратегия және бюджет басқармасының басшысы Нұртас Қаировтың айтуынша, тек жаңа проблемалар ескеріліп, аздаған өзгертулер мен түзетулер енгізілуі мүмкін. Стратегиялық жобаны жүзеге асыру үшін әр 5 жылға орта мерзімді жоспар жасалып, қаражат бөлінеді. Бес жылдық аяқталғаннан кейін бақылаушы органдар атқарылған жұмыстарды талдайтын болады. Жобаның алғашқы бес жылдығында 834 млрд теңге игерілмек.
- 311 млрд теңге – жергілікті бюджет;
- 375 млрд теңге – республикалық бюджет;
- 147 млрд теңге – жеке инвестициялар.
Бастапқы 5 жылда бөлінетін қаржы құжаттағы "Шетсіз қала" қағидаты бойынша жұмсалмақ. Оның аясында 51 мың орындық 19 мектеп, қолданыстағы мектептер жанынан 11 мың орындық 15 қосымша нысан, 12 балабақша, 400 мектепке дейінгі мекемелерін салу жоспарланып отыр.
"Қазір қаланың 23 ықшам ауданда ауыз су жоқ. Көшелердің 30 пайызы жарықтандырылмаған. Бұл ең бірінші кезекте шешетін мәселелер. Әсіресе, қалаға кейін қосылған аудандардың жағдайы қиын. Мектеп жетіспейді, балабақшаларда орын тапшы. Сондықтан осы бағдарламаны жүзеге асыру барысында алдағы 5 жылда ауыз су, кәріз, жарық мәселесін түбегейлі шешеміз. Стратегия бекітілген соң, барлық мәселе бірден шешіледі деп ойлау қате. Кешенді жоспар аясында кезең-кезеңімен жүзеге асады", – деді Алматының Стратегия және бюджет басқармасының басшысы Нұртас Қаиров.
"Алматы-2050" даму стратегиясы негізгі жеті баптан тұрады:
Оқи отырыңыз: Алматының құрылысын жоспарлау кезінде қателіктер кеткен. Тоқаев кімдерге сөгіс жариялады, қандай тыйым салды?
"Алматы-2050" даму стратегиясын әзірлеуге қалалық басқарма өкілдері, Алматы қаласын дамыту орталығының мамандары, сарапшылар мен халықаралық Hatch компаниясының өкілдері қатысқан. Құжат 1 желтоқсанға дейін көпшіліктің талқысына түседі. Қала тұрғындарының ұсыныс-ескертулері жиналғасын, желтоқсан айында "Urban Forum Kazakhstan" урбанистік форумында жобаның түпкілікті нұсқасы бекітіледі. Жобаны қолға алғандар осы арқылы Алматыны әлемнің 100 дамыған қалаларының қатарына енгізуді жоспарлап отыр екен.