Делдалдық бұрыннан бар

Негізінде делдалдық қызметі қазақта бұрыннан бар. Мал базарда делдалдық қызметпен айналысатын адамдар болғанын білеміз. Сатушы мен сатып алушы келісімге келе алмаған жағдайда, артықшылығы мен кем тұстарын ескере келе, делдал өз бағасын ұсынатын. Осылайша, екі жақ келісімге келсе, өз еңбегі үшін тиесілі төлемақысын алатын.

Оқи отырыңыз: Риэлтор қызметінің ұлттық стандарты бекітіледі. Құжат маклерлердің алаяқтығы мәселесін қалай шешеді?

Заманына сай осы делдалдық қызметтің аясы кеңейіп, енді олар түрлі ұйым, компаниялар астына бірігіп, "риэлтор" атанып жүр.

Бүгінде қызметтің бұл түрі танымал әрі табысты. Табаннан тозып пәтер іздеп, шаршатпай, өздері қалағаныңызды тауып береді.

Алайда олардың міндеттері мен жауапкершілігін нақтылы ешкім айта алмайды...

Өкінішке қарай, "Қызмет көрсетудің жоғарғы сапасы" деген жарнаманың қаншалықты шындыққа жанасатынын, тек сол жылжымайтын мүлік бойынша агенттіктердің қызметіне жүгінгенде ғана біле аласыз.

Айдана үйінен шықпай жатып алданған

Айдана Тілеубай анасымен, бауырымен үшеуі Астанаға 25 шілде күні келетін болған. Жолға шығардан бірнеше күн бұрын Елорданың сол жағалауынан, Бәйтерек монументі маңынан үш тәулік түнейтін пәтер іздейді. 24 шілде күні интернеттегі бірнеше хабарландыру иелеріне жаза бастайды. Cебебі, кейбір хабарландыру берушілер тек Whatsapp арқылы тілдесуге дайын екендерін ескертіп қойыпты.

Осылайша, тек бір ғана номер оған жауап қайтарады. Өзін Elite House премиум классының жылжымайтын мүлігі бойынша агенттігінің қызметкерімін деп таныстырған Петр есімді белгісіз азамат, Айданаға Elite House агенттігінің сілтемесін және Петр Самодумский есімді азаматқа тиесілі жеке куәліктің суретін жібереді.

Жеке куәліктің Айданаға хабарласқан азаматқа тиесілі ме, жоқ па белгісіз. Бірақ, сайтта Айдана хабарласқан телефон номерлері мен агенттіктің мекен жайына дейін көрсетілген.


Сайтта Айдана хабарласқан телефон номерлері мен агенттіктің мекен жайына дейін көрсетілген / Сурет Айдана Тілеубайдан whatsapp арқылы келіп түсті

Кейін Петр Айданаға тағы хабарласып, тура Бәйтерек маңында бір ғана пәтер қалғанын, егер жалға алғылары келсе, асығу керектігін ескертеді. Себебін жалға алушылар санының көптігімен түсіндіреді. Осылайша, алдын ала белгілі бір шотқа үш тәулікке 18 мың теңге аударатын болса, пәтер сіздердің аттарыңызға броньдалады, Астанаға жеткен бойда біздің жүргізушілеріміз темір жол вокзалынан күтіп алатын болады деп сендіреді.

Бірнеше күн бойы пәтер іздеуден шаршаған Айдана отбасымен ақылдаса келе, Петр ұсынған шарттарға келіседі. Оның үстіне Петр куәліктегінің өзі екенін растау үшін, оны ұстап тұрған суретін де жібереді.


Еlite House премиум классының жылжымайтын мүлік агенттігінің қызметкерімін деп таныстырған азамат / Фото Айдана Тілеубайға whatsapp арқылы келіп түскен

Петр оған қоса агенттіктің сертификатын да жібереді. Мұнда агенттіктің Қазақстан риэлторлары біріккен қауымдастығына мүше екендігі көрсетілген.


Астана қаласы бойынша 17 агенттік ғана сертификатталған. Алайда олардың арасында Еlite House жоқ болып шықты / Фото Айдана Тілеубайдың whatsapp келіп түскен

– Петр хабарласқан телефон номері агенттіктің сайтында көрсетіліп тұр. Ол сайттарындағы клиенттері мен серіктестерінің пікірлері де ашық тұрғанын айтты. Ал келген кезде пәтер ұнамай қалса, ақшаңыз қайтарылады деп уәде берді. Тіпті ол үшін ешқандай пайыз ұсталмайтынын да айтты, – дейді Айдана.

Шарттары тиімді көрінсе керек, Айдана үйдің үлкендерімен ақылдаса келе, 18 мың теңгені агенттіктің шотына салады.

Сәлден соң Петр Айданаға тағы хабарласып, ақшаның түскендігін, алайда тағы бір мәселе туындап тұрғандығын айтады.

– Пәтер ішіндегі мүліктің сақталуына кепілдік ретінде тағы ақша жіберуіңіз керек екен, – дейді.

Өзінің де бұл туралы білмегенін, тіпті өте ыңғайсыз жағдайда қалып отырғанын, бұл администратордың құзыретінде екенін айтады.

Мәселенің анық-қанығына жету үшін Айдана администратормен сөйлеседі. Өзін осы агенттіктің администраторы Евгениймін деп таныстырған адам басқа номерден Айданаға Таранов Евгенийге тиесілі жеке куәліктің суретін жібереді.


Евгенийдің жеке куәлігінің мерзімі екі жыл бұрын өтіп кеткен / Фото Айдана Тілеубайға whatsapp арықылы келіп түскен

Евгений болса, барлық қате өзінен кеткендігін айтып, Айданадан кешірім сұрайды, алайда ақшаңызды кері жіберу мүмкін емес, тек біздің кеңсемізден ғана қолма-қол әкете аласыз дейді. Тіпті өзінен кеткен қателік үшін екі мың теңге жеңілдік жасап берейін деп, жомарттық та танытады. 18 мың теңге төлеп қойған екенсіз, енді 16 мың теңге салсаңыз, пәтер сенімді түрде сіздің атыңызға броньдалады дейді.

Айдана әйтеуір жартысын төлеп қойдым ғой, не болса екінші жартысын жібере қояйын, дайын тұрған пәтерден айырылып қалмайын деп ойлайды. Аталған соманы тағы да агенттіктің шотына жібереді.


Айдана барлығы 34 мың теңге төлеген / Скриншот авторға whatsapp арқылы келіп түсті

" Енді бәрі дұрыс, жол жүру билетіңізді суретке түсіріп жіберсеңіз болды, біздің жүргізуші сізді күтіп алады да, атыңызға бронь жасалған пәтеріңізге әкеле қояды" дейді агенттік қызметкері.

Жолда Айдана Петрмен SMS арқылы сөйлеседі. Ол да бәрі келісілгендей болады деп жауап қатады. Алайда Астанаға жетуге жарты сағат уақыт қалғанда Айдананың хабарламалары агенттіктің қызметкеріне жетпейді, хабарласқан телефондардың ешқайсысына қоңырау бармайды. Осылайша, вокзалда бір сағат бойы күтіп, алданғанын білген Айдана басқа пәтер іздей бастайды.

Тек ертесінде ғана, агенттік номерінен:

Бізге сенім артып, қызметімізді пайдаланғаныңызға рахмет, өз пікірлеріңізді қалдырып тұрыңыз, Elite House деп сілтемесімен хабарлама келеді. Алайда, телефондары өшіп тұр.

– Демалысымыздың шырқы кетті. Астана қаласының Есіл ауданының ішкі істер бөлімшесіне барып тергеушіге жолығып, арыз қалдырып кеттік. Алда іс Атырауда қаралатын болады, дейді Айдана.


Бұл іс бірыңғай тізілімдегі тіркеу жазбасына 17-20368 номерімен тіркелген / Сурет авторға whatsapp арқылы келіп түскен

Elite House агенттігін іздегендер "Азия" бизнес орталығының табалдырығын тоздырып жүр

Айдананы алдаған алаяқтар Астанадағы "Азия" бизнес орталығында жұмыс істейміз деген. Informburo.kz тілшісі кеңселерін іздеп барды.


Әуезов көшесі, 8 мекен жайда "Азия" бизнес орталығы орналысқан / Фото informburo.kz

Бизнес орталығының қызметкерлері бізден бұрын да талай адамның осы риэлторлық компанияны іздеп келгенін, алайда бұл бизнес орталықта ешқашан мұндай компания отырмағанын айтты.


"Азия" бизнес орталығының 4-ші қабатында тек төрт кеңсе бар, номерлері: 10, 11, 12, 13 / Фото informburo.kz

– Алаяқтар халыққа бизнес орталықтың 4 қабатындағы 45-ші кеңсені жалдаймыз деп айтқан. Біз "Азия" бизнес орталығының 4 қабатының жекеменшік иесіміз.

Біздің компания ешқашан бұндай компанияға кеңсе жалға берген емес. 4-ші қабатта тіпті 45-ші кеңсе жоқ. Біздің компанияның екі кеңсесі, тағы бір компанияның екі кеңсесі отырады, – дейді informburo.kz тілшісімен әңгімелескен "SST LIGHTING" ЖШС басшысының көмекшісі Элина Стрельцова.

Сертификаты ды, серті де жалған



Бізде риэлторлық қызметті реттейтін арнайы заңнамалық актілер жоқ, – дейді Қазақстан риэлторлары біріккен қауымдастығының президенті Елена Грива.

– Сертификатқа келер болсақ, өкінішке қарай соңғы кезде алаяқтар оны қолдан жасап алады. Сондықтан кез-келген агенттік сізге сертификат көрсетсе, сене кетпеу керек. Компания сертификатталды ма, жоқ па біздің сайттан тексеріп алуға болды. Бүгінгі таңда Астана қаласы бойынша 17 компания ғана сертификатталған. Оның ішінде Elite House жоқ.

Бірақ ол басқа сертификатталмаған агенттіктердің барлығы заңсыз жұмыс жасап жатыр деген сөз емес. Кейбір компаниялар Қазақстан риэлторларының біріккен қауымдастығына мүше болса да, сертификаттау шарттарына сай келе бермейді. Мәселен, компания сертификат алу үшін, қарамағындағы қызметкерлердің тең жартысынан көбі аттестацияланған болу керек. Жалпы біздің қауымдастыққа мүшелік те, сертификаттау да, қызметкерлерінің аттестациялануы да ерікті түрде жүргізіледі, – дейді ол.

Риэлторлық қызмет көрсету – кәсіпкерлікке жатады. Сондықтан онымен айналысу үшін міндетті түрде Жеке кәсіпкер немесе ЖШС ретінде мемлекеттік тіркеуден өту керек. Яғни, қатынастар азаматтық-құқықтық заңнамалық актілерге, Ата заң, Азаматтық, Салық кодексі және Заңды тұлғаларды тіркеу туралы заңға сәйкес реттеледі.

– Дегенмен, біздің ұйымда жылжымайтын мүлік бойынша маманның жұмыс міндеттері жазылған ішкі құжаттар бар. Мысалы, "Тәжірибе стандартында" риэлторлық қызмет міндетті түрде тіркелген болу керек екендігі және сатып алушымен жұмысты келісім шарт негізінде жүзеге асыру міндетті екендігі жазылған, – дейді қауымдастық басшысы.

Өкінішке қарай, арнайы заң болмағаннан кейін алаяқ риэлторлар жайлы ешқандай статистикалық мәлімет жоқ. Ондай істер алаяқтық бойынша қарастырылады, дейді ІІД баспасөз қызметінің басшысы София Қылышбекова.

Алаяқ риэлторларды қалай тануға болады?

Заң жүзінде қызмет аясы елеп-екшеліп, ара-жігі айқындала қоймаған соң, осы саланың саудасын сапырып жүрген сабаздар өзге елдерге еліктеп, өзінше ереже түзіп алған. Ғаламтордағы хабарландыру арқылы сату не жалға беру үшін қойылған пәтерді өз құзырына алып, үй іздеген адамға ұсынады. Ал төлемді екі тараптан да талап етеді.

Ал қарапайым тұтынушы риэлторлық компаниялар тарапынан сапасыз қызмет түрінен еш сақтандырылмаған.

– Көп жағдайда, азаматтардың құқықтары ескерілмей жатады. Мәселен, бір пәтер бірнеше адамға қатар жалға беріле береді, сатып алушылар алдын-ала төлеп қойған ақшасын қайтарып ала алмай жатады, үйдің иесі болса ескертусіз, шығынын өтеп бермей жатып, бала-шағасымен далаға қуып шыға береді, – дейді Елена.

– Осындай жағдай орын алғанда, келісім шарттың жоқтығы жалға берушілер мен риэлторларды жазасыз қалдырып жатады.

Риэлторлардың басым бөлігі барлығының заңды болуы үшін жауап бермейді. Алдаудың ең көп таралған түрі – жалған ұсыныстар.

Негізі олар – алаяқтар. Олар келісім шартсыз жұмыс жасайды, ешқандай мемлекеттік мекемеде заңды тіркелмеген және риэлторлық қызметпен айналысуға құқығы жоқ, – дейді Елена Грива.

Суреті жоқ хабарландыруға сенбеңіз

Егер риэлторлық агенттік хабарландыруды суретсіз берсе, ол нысанды көрді ме деген сұрақ туындауы тиіс. Себебі, сатуға ынтасы бар кез-келген делдал міндетті түрде бірінші өзі барып көріп, үйдің иесімен келсім шарт жасасып, сататын, жалдайтын пәтерді суретке түсіріп, жариялауы керек. Себебі, дәл осы келісім-шарт үй иесінің осы агенттік арқылы сатуға не жалға беруге дайын екендігін білдіреді. Келісім шарт жасалғаннан кейін ғана, агенттік хабарландыруды жариялайды.

Берушіге бесеу көп, алушыға алтау аз. Риэлторға кім төлейді?

Негізінде, өркениетті елдердің тәжірибесіне сүйенсек, сатып алушы не жалға алушы риэлторлық қызметке пайыздық ақы төлемейді. Онсызда жалға алу үшін не сатып алу үшін қаражат жұмсайды, оның үстіне құжат рәсімдейді деп саналады.

Дамыған елдерде мемлекет азаматтардың құқығын қорғау үшін риэлторлық қызметті реттеуге белсенді араласады. Мәселен, АҚШ-та, Германияда, Канада да риэлторлықты реттеуге қатысты нақты талап қойылған. Ұлыбритания, Бельгия, Испания елдерінде де осындай қызмет нарығын реттеу қызметі ерекше назарда.

Еуропа елдерінде жекеменшiктің иесi сататын үйiн алушыға өзi көрсетпейді, риэлторлардың көмегiне жүгiнедi. Әрбiр сатылатын нысанда риэлторлық компанияның байланыс телефоны көрсетiледі. Бiрiншi кезекте олар ұсынылатын қызметтiң сапасына жауап беруi тиiс.

Батыс риэлторық қызметтік философиясы – клиентке оның мүлкін тезірек сатуға көмектесу. Сол себепті қызметке ақыны кіріс кіретін жақ төлейді. Ал сатушы мен жұмыс жасаған риэлторлар табысын сатып алушының қызығушылығын қорғаған агенттікпен бөліседі. Олар да пайыздық ақымен жұмыс істейді және орта есеппен қызмет құны 5% аспайды.

Бізде бұлай емес...

Мәселе мемлекет тарапынан реттелмегендіктен, бізде біршама қиындықтар бар.

Мәселен, риэлтор – жеке кәсіпкер немесе сату-сатып алу ісінде кәсіби делдалдық қызмет атқаратын маман. Оларға жоғары білім беретін оқу орны жоқ, сондықтан дипломды керек етпейтін, едәуір табыс табатын жұмысқа еті тірі, ебі бар кез келген адам жармаса кетеді.

Қазақстанда риэлторлық қызметке сауда жасалған соманың негізі 1-10% аралығында белгілі бір сомма төленеді, – дейді Елена Грива.

– Әр өңірде әр түрлі. Мысалы Алматы мен Астанада үй иесінен де, сатып алушы ия болмаса жалға алушыдан да пайыздық негізінде ақысын алады.

Кейбір өңірлерде тек сатушыдан ғана алынады. Ондай жағдайда сатушы тарапынан алынатын пайыздық үстеме жоғары болады.

Негізінде сіз риэлторға атқаратын жұмысына сәйкес төлеуіңіз керек. Яғни, сіз саудаға салып отырған жылжымайтын мүліктің құжаты түгел болса, үй иесінен ең аз пайыздық мөлшер алынуы тиіс. Ал егер, құжаты сәйкес келмей немесе құжатпен қосымша жұмыс жсау қажеттілігі туындаса, пайызы көбірек болуы тиіс, – дейді қауымдастық басшысы.

Риэлтормен жұмыс жасағанда нені білу керек?

Сізге өзін риэлтормын деп таныстырған адамнан қай агенттікте жұмыс жасайтынын сұраңыз. Кеңсе телефон номерін алып, компания басшысына қоңырау соғыңыз. Небәрі 10 минут уақытыңызды бөлсеңіз болғаны. Агенттік басшысы ол адамның өзінің қызметкері екенін растап, компанияның тіркеуден өткендігін растайтын ұйымның БИН-ін айтады. Ал, кеңсеге барып компанияның шынымен де бар екендігіне көз жеткізгеніңіз, тіпті жақсы. Тұтынушы ретінде сізге ол ешқандай қиындық тудырмауы тиіс, алданып қалмаудың бірден бірі жолы осы.

Келісім шарт жасасу

Келісім шарт жасау – міндетті талаптардың бірі, екі жақтың міндеттерін тізіп беретін бірден бір құжаттық негіз болып табылады. Егер сіз жүгінген компания келісім шартсыз қызмет көрсететін болса, аулақ болғаныңыз жөн. Тіпті интернет компания екенін айтып сендірген күннің өзінде, риэлторлық қызмет көрсету туралы келісім шарт жасалып, қол қоюыңыз керек. Себебі компанияның міндеттері мен жауапкершілігі келісім шартта көрсетіледі.

Аттестациядан өткендігіне көз жеткізіңіз

Риэлтор не агенттіктің аттестациялануы ерікті болып саналады. Дегенмен, аттестацияның болуы компанияның өз қызметіне жауапты екенін білдіреді.

Міндетті құжат тізімі, агенттіктер үшін:

  • компанияның жұмысының заңды екенін растайтын құжат;
  • сертификат;
  • кәсіби одактың мүшелігі;
  • бухгалтерлік құжаттар (түбіртек, шот-фактура, атқарылған жұмыстар актісі).

Риэлторлар үшін:

  • компанияда жұмыс жасауын растау;
  • аттестация.

Клиент үшін:

  • жылжымайтын мүлік объектісіне құқығын растайтын құжат;
  • жеке басын растайтын куәлік;
  • неке туралы куәлік (егер мүлікті некелі адам сатып алса, сату үшін жұбайының рұқсаты керек);
  • техпаспорт.

Сонымен, алданып қалсаңыз не істеу керек?

Егер сіз алаяқ риэлтордың қармағына түссеңіз, қолыңызда атқарылған іс туралы, ақша бергеніңіз не болмаса басқа заңсыз әрекеті туралы қандай да бір қағазыңыз болса, сотқа жүгіне аласыз. Сот шешімі де сіздің пайдаңызға шешілуі мүмкін. Алайда, қолыңызда алаяқтық екенін көрсететін, соған дәлел болатын бір жапырақ қағазыңыз болмаса, ешкім көмектесе алмайды.

Сондықтан жылжымайтын мүлік бойынша агенттікпен жұмыс жасарда өте сақ болғаныңыз жөн.