"7-20-25" ипотекалық бағдарламасы. Үйсіздердің үміті ақтала ма?
Осы уақытқа дейін қатардағы қарапайым қазақты қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған біраз бағдарламаның басы қайырылды. Дегенмен, еліміздің ірі қалаларындағы басты проблемаға айналған мәселе шешілер емес.
Елбасы тағы тапсырма берді
"7-20-25" бағдарламасын жүзеге асыру үшін Ұлттық банк пен Үкімет бірлесе жұмыс істеуі қажет. "Ұлттық банктің, екінші деңгейлі банктер мен қор нарығының мүмкіндіктерін іске қосу керек. Ұлттық банк кемінде 1 триллион теңге қаржыны тартатын арнайы компания құрып, оны банктердің жоғарыда айтылған шарттарына жауап беретін жаңа ипотекалық несиелерін сатып алуға жұмсауы қажет. Бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде миллион қазақстандық баспана алу мүмкіндігіне ие болады", – деген Елбасы.
Оқи отырыңыз: Тұрғын үй бағдарламалары көбейді. Биыл баспаналы болудың 11 мүмкіндігі
Бұйрық қатты...
Тапсырманы алысымен іске кіріскен Ұлттық банк бүгінде бағдарламаның алғашқы сұлбасын әзірлегендей. Дегенмен, атқарылатын жұмыс әлі шаш етектен.
– Бұл бағдарлама ресми кірісі бар әрбір жұмыс істейтін азаматқа 20 пайыздан аспайтын мөлшерде бастапқы жарнамен 25 жылға дейінгі мерзімге, жеті пайыз үстемемен ипотеканы рәсімдеуге мүмкіндік беріледі. Қазақстанның бүкіл аумағында қолданылады, – дейді Ұлттық Банктің баспасөз қызметі.
Яғни, республиканың түкпір-түкпіріндегі баспаналы болғысы келетін, тұрақты табысы бар адамдар осы бастама негізінде несиеге үй алады деген сөз.
Бұл ретте ипотекалық қарыздың ең көп сомасы өңірге байланысты болады. Себебі, еліміздің ірі қалаларында және өңірлерінде тұрғын үйдің нарықтағы бағасы әр түрлі.
Оқи отырыңыз: Биыл ипотекаға пәтер алу жеңілдей түсті. 2019 жылы жылжымайтын мүлік нарығы қалай өзгереді?
Бағдарлама төрт кезеңде іске асырылады
Бірінші кезеңде банктер мен қор нарығының мүмкіндіктерін барынша іске қоса отырып, ипотекалық кредиттердің секьюритилендіру тетігін қалпына келтіреді.
Секьюритилендіру – құнды қағаздар шығару арқылы қаржы тартудың формасы.
Ұлттық Банк Басқармасы 100% еншілес арнайы компанияны – Бағдарламаның операторын құру мәселесін қарап жатыр. Оның капиталы Ұлттық Банктің қаражаты есебінен қалыптасады. Капитал компанияға "7-20-25" формуласы бойынша ипотекалық кредиттерді сатып алу рәсімін іске қосу үшін нарықтық талаптармен қаржы нарығынан қаражат тарту үшін қажет. Бұл – секьюритилендіру тетігі.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар, тұрғын үй кезегі және әлеуметтік көмектер туралы
Екінші кезең. Бағдарламаны тиімді іске асыру үшін осы компанияны қаржы агенттігі тануы керек. Яғни, бұл –компанияның облигациялары үшін мемлекеттік бағалы қағаздарға салық салғандай салық салу дегенді білдіреді.
Үшінші кезең тұрғын үй бастамасының жаңа мүмкіндіктері әркімге жеңілдік талаптарын беретін мемлекеттің теңдесіз қадамы болып сипатталады.
Төртінші кезең жеңілдік берілген ипотекалық кредиттер толығымен қамтамасыз етілген және түгел қайтарымды болуға тиіс екендігін білдіреді.
Астана, Алматы, Атырау мен Ақтау үшін 25 миллион
ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Олег Смоляковтың айтуынша, жаңа бағдарлама бойынша Астана, Алматы, Атырау мен Ақтау қалалары үшін арзан ипотеканың шекті мөлшері 25 млн теңге болады.
– Басқа қалалардың тұрғындарына 10 млн теңгеге дейін, ал аймақтарда 7 млн теңгеге дейін несие беріледі. Мысалы, ірі қалаларды алсақ, 25 млн теңгеге екі бөлмелі пәтерді алуға болады. Баспананың ауданы 70 шаршы метрдей. Сонда несие алған адам ай сайын шамамен 170 мың теңге төлеп отырады, – дейді Олег Смоляков.
Оқи отырыңыз: Көп балалы отбасыларға үй беріле бастады. Жалдамалы үйлер мен 2% несиені алу үшін қойылатын талаптар
Ал несие беруде қарыз алушының кірісі ай сайынғы төлемнен екі есе көп болуы керектігін ескерек, бұл қалалардан ең шекті мөлшердегі несие рәсімдеушінің айлығы кем дегенде 340 мың теңге болуы тиіс.
Айтуынша, ірі қалаларда арзан ипотеканың шекті мөлшері 25 миллион теңге, оның сыртында тағы 20 проценттік алғашқы жарнасы бар. Сонда Астана, Алматы, Атырау мен Ақтау қалаларының тұрғыны құны 30 миллион теңге тұратын пәтерді 7 пайызбен несиеге сатып алады.
Олардың кірістерін есептей келе, берілетін несиенің шекті сомасы – 25 миллион теңге. Бұл сома сіз таңдаған пәтер құнының 80 пайызын құрауы тиіс. Ал 20 пайыз алғашқы жарна қолыңызда болуы шарт. Яғни, алатын пәтеріңіздің құны 31 млн 250 мың теңгеден аспауы керек.
Оқи отырыңыз: 2020 жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен кім үй ала алады?
25 миллионды алу үшін...
Сонымен, 25 миллион теңге ипотекалық несиені рәсімдеу үшін, сіздің қолыңызда алты миллион 250 мың теңге алғашқы жарна болуы керек екен.
Сосын 25 жыл көлемінде (300 ай) айына 170 мыңнан банкке қайтарып отырасыз. 300 х 170 мың теңге = 51 миллион теңге. Яғни, 26 миллион теңге артық төлейсіз. Әрине, бұл ең шекті сомаға несие рәсімдейтін болсаңыз. Әйтпесе, шамаңызға қарай, арзандау үй таңдауыңызға болады.
– Жалпы, бағдарламаның барлық шарттары әлі пысықталып жатыр. Мамыр айында біз оның бәрін Ұлттық банктің қаулысымен бекітеміз. Сонда бағдарламаның нақты формасы белгілі болады. Жоспарға сәйкес, екінші деңгейлі банктер үміткерлерді іріктеп, ипотеканы береді. Ал жаңа ипотекалық компания ол несиелерді сатып алады. Сөйтіп, ипотеканың жылдық мөлшерлемесі 7 процентке төмендейді, – дейді Олег Смоляков.
Оқи отырыңыз: Көп балалы отбасыларға айына 6,5 мың теңгенің үйлері беріле бастайды. Заңға қол қою ғана қалды
Айтуынша, дәл осындай жүйемен бұрын Қазақстанның ипотекалық компаниясы жұмыс істеген. Дефолт болса, ипотека банкке қайтарылады. Ол өз кезегінде проблемалық несиемен жұмыс істейтін болады.
– Бұрын бізде ипотека шетел валютасымен берілді. Девальвациядан кейін теңге бағамы өзгеріп, үлескерлерге қосымша салмақ түсті. Ал жаңа бағдарлама бойынша барлық несие тек теңгемен ғана берілетін болады, – деп түсіндіреді ол.
"Тәуелсіздік алғаннан бері пайыздық мөлшерлемесі 10 пайыздан төмен несие болған емес"
Экономист Рақым Ошақбаевтың пікірінше, халық саны өсіп, жас отбасылар көбейген сайын баспана мәселесі ушығып бара жатыр. Сондықтан, бұл іске мемлекеттің араласуы дұрыс.
– Негізгі мақсат – басты проблемалардың бірі, баспана қолжетімділігін шешу. Былтыр барлық ипотекалық кредиттің 75 пайызын Құрылысжинақбанкі берген. Барлық ипотекалық портфельдің 45 пайызын осы банк ұстап отыр. Бұл қаржылық саланы реттеп отырған нарықтық механизм мүлдем жұмыс жасап отырған жоқ дегенді білдіреді.
Айтуынша, біздегі қаржылық несиелеу саясатының сапасы өте нашар. Қалыпты нарықтық механизмнің жұмыс жасауына кедергі келтіріп отырған да сол.
– Тәуелсіздік алғаннан бері пайыздық мөлшерлемесі 10 пайыздан төмен несие болған емес. Бұл біздегі қаржылық несиелеу саясатын концептуалды түрде қайта қарау керек дегенді білдіреді. Ең болмағанда инфляцияны тұрақтандырып, базалық мөлшерлемені төмендете алмай отырмыз, – дейді ол.
Шарттары тиімді
Рақым Ошақбаевтың ойынша, "7-20-25" бағдарламасының шарттары өте тиімді. Дегенмен, бізде қолжетімді баспанаға бағдарланған одан басқа екі-үш бағдарлама тағы бар. Олар: "Қол жетімді баспана 2020", "Нұрлы жер" және "Құрылысжинақбанкі" ұсынып отырған "Өз үйім" бағдарламасы.
– Осыларды жетілдіріп, шынымен қолжетімді қып және баршаға түсінікті бір ғана бағдарлама жасағандары жөн еді. Бағдарлама іске асырыла бастаған кезде жылжымайтын мүліктің құны қымбаттайды. Ол – қалыпты жағдай. Сондықтан бағаны реттеу үшін қандай да бір шек қойылуы керек.
Көпшілік үшін бағдарламаның тиімді болары анық. Тек, санына ғана емес, сапасына да мән берілуін қадағалау керек. Сапасыз болса, уақыт өте келе шым-шымдап ішіп, жаның шыға ышқынып жинаған миллиондаған қаражатқа алған үйіңді кейін қайта сата алмай қалуың мүмкін.
Ал, жалпы айтқанда, қазіргі кезде үйсіз жүргендер үшін саясат маңызды емес. Олар өздерінің әл-ауқатын көтеріп, тұрмыс жағдайын түзеудің қамында жүр, – дейді экономист.
Әзірге Алматыда үй арзан
krisha.kz сайты сарапшыларының есептеуі бойынша, жаңа бағдарлама тұрғын үй бағасына кері әсерін әлі тигізген жоқ. Керісінше, кей өңірлерде бағаның арзандай түскенін байқауға болады. Мәселен, наурыз айында шаршы метрі 340 мың теңгені құраған, ол ақпан айымен салыстырғанда 1,2 пайызға немесе 3975 теңгеге арзандағаны көрінеді.
Ал квартал бойынша есептесек, баға 1,5 пайызға төмендеген. Осылайша, 2017 жылдың төртінші тоқсанында шаршы метрінің құны – 347.8 мың теңге болса, 2018 жылдың бірінші тоқсанындағы орташа баға – 342.5 теңге.
Осылайша, былтырғы көктемдегі бағамен теңескенін байқауға болады.
Астанада қымбаттап келеді
Астанада тұрғын үй бағасының индексі ақырындап, бірақ тұрақты өсіп жатыр. Осылайша, наурыз айында шаршы метрінің бағасы 0,6 пайызға өсіп, 329.7 мың теңгені құрады.
Ал тоқсан бойынша есептеп қарасақ, үш пайызға немесе 9390 теңгеге өскені көрінеді. Жалпы, былтырғы жылдың көктем айларындағы бағаға қайта оралды деуге болады.
Өңірлерде:
Ақтөбеде 1,7 пайызға немесе 2600 теңгеге арзандаған. Қазір қалада тұрғын үйдің шаршы метрінің орташа бағасы – 153,6 мың теңге.
Ақтау, Орал, Қостанай мен Өскеменде шамамен бір пайызға төмендеген. Мәселен, Ақтауда шаршы метріне 216,6 мың, ақпан айымен салыстырғанда 0,8 пайызға немесе 1650 теңгеге төмен. Оралда, наурыз айындағы орташа баға 174,3 мың теңге, баға динамикасы 0,7 пайызға түскен. Қостанайда 0,6 пайызға арзандап, 184,6 мың теңге болса, Өскеменде 0,5 пайызға төмендеп, 164,5 мың теңгеге жетті.
Шымкент пен Семейде жылжымайтын мүлік бағасы шамамен 0,3 пайызға түсті. Наурыз айында шаршы метрі Шымкенте 192,1 мың теңгеге, Семейде 166,6 теңгеге дейін арзандады.
Көкшетауда баға өзгерген жоқ деуге де болады. Дегенмен, ақпан айымен салыстырғанда 0,1 пайызға төмен, шаршы метрінің бағасы 180,9 мың теңгеге бағаланады.
Қарағанды, Павлодар мен Петропавл қалаларында жылжымайтын мүлік 0,5-0,6 пайызға өскен. Таразда,1,6 пайызға өсіп, 151,2 мың теңге болды.
Құрылысы бітпеген үйлерге 40 миллиард бөлінеді
"Бәйтерек девелопмент" АҚ Астана қаласындағы проблемалы тұрғын нысандарының құрылысын аяқтау үшін "Елорда құрылыс" компаниясына төрт миллиард теңге мөлшерінде бірінші траншты жіберді. Қарыз "Нұрлы жер" тұрғын үй құрылыс бағдарламасына сәйкес төрт жыл мерзімге бөлінеді деген ақпарат тараған.
Алдағы екі жылдың ішінде үлескерлердің мәселесіне 40 миллиард теңге бөлінетін болады. Мемлекеттік қаржы қайтарым негізінде беріледі. Бітпеген құрылысты аяқтауға бөлінетін қаржыны несие негізінде Астана қаласының мекемеаралық комиссиясы қалыптастырады.
"Бәйтерек девелопмент" АҚ – "Бәйтерек" Холдингінің еншілес ұйымы, несиелік тұрғын үй құрылысын қаржыландыру үшін жергілікті атқарушы органдардың облигацияларын сатып алатын "Нұрлы жер" тұрғын үй құрылыс бағдарламасының қаржы операторы.