430 млрд теңгенің қаржылық тәртіп бұзушылық дерегі анықталды. Жаңалықтарға шолу
Қазақстандық спортшы Австрияда қамауға алынды
Шаңғы жарысы бойынша Қазақстан құрамасының көшбасшысы Алексей Полтаранинді австриялық полицейлер антидопингтік ережені бұзды деген айыппен қамауға алды. Қамалғандардың арасында қазақстандықтан басқа, Эстония мен Австриядан төрт спортшы бар. Ұлттық Олимпиада комитеті бұл деректі растап отыр.
Ұлттық комитет А.Полтораниннің шынымен де допинг қолданғаны дәлелденіп, WADA, МОК, FIS-тен ресми түрде айыптау туралы хабарлама келгенше спортшымызды қорғаймыз деп мәлімдеді.
Өзбекстандық шенеуніктердің қанша жалақы алатыны белгілі болды
Өзбекстан Республикасының Қаржы Министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, заң шығарушы палатаның депутаттары мен сенаторлар 1,56 млн сом (186 доллар, шамамен 70 мың теңге), министрлер – 1,727 млн (шамамен 205 доллар немесе 78 мың теңге) айлық алады.
Облыс басшыларының жалақылары 1,9 млн (226 доллар, 85 мың теңге), қала немесе аудан әкімдері – 1,643 млн сом (195 доллар, 74 мың теңге). Бұл – өзбекстандық шенеуніктердің таза табыстары, бұдан бөлек шенділерге еңбекті ынталандыру, материалдық ынталандыру, еңбек сіңірген жылдары және т.б. үшін қосымша үстемеақылар қосылып беріледі.
Әлемде миллиардерлердің саны азайған
Былтыр алпауыттардың тізімінен 430 адам шығып кеткен. Сарапшылардың пікірінше, бай адамдардың азаюына әлемдегі қор нарығы динамикасының әлсіреп, доллардың күш алуы себеп болған.
Бүкіл әлемде 6 мың миллиардер бар. Мәліметтерге сәйкес, олардың бәрі де байлығын жасыруға тырысады.
Солтүстік Қазақстанда балалар өлімі 25%-ға көбейген
Өңірде 2018 жылы бір жасқа дейінгі 77 бала шетінеген. Олардың басым бөлігі – мерзімінен ерте туған сәбилер. Мамандардың айтуынша, сәбилердің өліміне әйелдердің арасында түсік жасатудың көбейгені себеп. Екінші жағынан шақалақтардың кемістіктермен туылуы да бар.
430 млрд теңгенің қаржылық тәртіп бұзушылық фактісі анықталды
Н.Назарбаевпен кездесуінде Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова осылай деп мәлімдеді.
Бухгалтерлік есепсіз нақты қаржылық тәртіп бұзушылықтың мөлшері 16 миллиард теңгені құраған. 2017 жылы 70 миллиард теңге болған. Бұл тұста комитет төрайымы қаржылық тәртіптің жақсара түскенін тілге тиек етті.
Доллар екі теңгеге арзандады
Қазақстан қор биржасының бүгінгі сауда сессиясының қорытындысы бойынша АҚШ валютасының құны 374,96 теңге болды. Еліміздің ақша айырбастау бекеттерінде доллар 376 теңгеге дейін түсті.
Таратылған банктердің лицензиясын қайтарып алған соң депозиттер бойынша төлемдерін төлеу керек
Бұл – "Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының" басшысы Н.Әбдірахмановтың сөзі. Егер осындай норма енгізілсе, азаматтардың банктерден қаражатын қайтарып алу мерзімі азаяды.
"Сот шешімінің күшіне енуін күтпеген жағдайда Астана Банкінің салымшыларына төлемдерін қор жарты жыл бұрын беріп бастайтын еді", – дейді ол.
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Inform.kz: Алғыс айту күнін атап өтуге 1,4 миллион адам қатысады. Қазақстан xалқы Ассамблеясы құрылған 1 наурыз – "Алғыс айту күні" деп белгіленді. Ұйымның мәліметіне сәйкес, аталған мерекені атап өту үшін республика бойынша 1 570-ке жуық мәдени-көпшілік және қайырымдылық шаралары өтеді. Соның бәріне 1 миллион 400 мыңнан астам адам қатысады деген болжам бар.
24.kz: 2025 жылға дейін елдегі жолдардың 95% қалпына келтіріледі. Алдағы жылдары елді мекендердегі жол құрылысына қосымша 350 млрд теңге бөлінуі тиіс. Жалпы, соңғы жылдары елімізде 14 мыңнан аса тасжол салынды.