Материал primeminister.kz сайтында жарияланған сұхбат негізінде әзірленді.

Үйде отырып несие рәсімдеуге болады

"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова банк 2021 жылдан бастап онлайн режимде ипотека рәсімдеуді жоспарлап отырғанын хабарлады. Ал осы айдан бастап банктің сайтында шартты толық бұзу, депозиттерді біріктіру, онлайн сақтандыру сияқты қызметтер іске қосылады. Алдағы уақытта алғашқы депозитті ашу процесі де онлайн форматқа ауыстырылады.

Оқи отырыңыз: Тұрғын үй бағдарламалары көбейді. Биыл баспаналы болудың 11 мүмкіндігі

"Бұл тұтастай жаңа онлайн қызмет болады. Азаматтар депозитті банктің филиалына бармастан, онлайн режимде аша алады. Бір жағынан банк бөлімшелерінде адамдардың көптеп жиналуын шектеу арқылы пандемиямен күресе аламыз", – деді ТҮҚЖБ басшысы.

Қазір банк басшылығы келесі жылдан бастап онлайн ипотека жүйесін енгізуді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі және Ұлттық банкпен бірге талқылау үстінде. Содан соң, заңнамалық бастамалар топтамасын дайындап, Үкіметке кейбір заңдарға өзгерістер енгізуді ұсынғалы отыр. Үкімет ұсынысты қабылдаған жағдайда, қазақстандықтар үйде отырып-ақ тұрғын үй несиесін рәсімдеуге қол жеткізеді.

Оқи отырыңыз: "5-10-20" жаңа тұрғын үй бағдарламасы. Артықшылықтары мен шарттары қандай?

Бұл процесс қалай жүзеге асады?

Салымшы өзінің электрондық цифрлық қолтаңбасының көмегімен өтінішке қол қояды, ал банк оның төлем қабілетін Бірінші кредиттік бюроның, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының деректері бойынша бағалайды. Содан соң, несие ретінде берілуі мүмкін ең жоғары сома көрсетілген сертификат беріледі.

"Бұл онлайн қызметте кепіл шартын, меншік құқығын рәсімдеу қызметтері де болғанын қалаймыз. Жыл соңына дейін заңнамалық бастамалар тағы да талқылануы мүмкін. Келесі жылдың басында біз онлайн қызметті толығымен енгіземіз", – деді басқарма төрайымы.

Еске сала кетейік, биыл қаңтар айында ТҮҚЖБ банкінде видеобанкинг қызметі іске қосылған еді. Осы қызмет карантин кезінде қазақстандықтардың екінші депозит ашу, шарт сомасын өзгерту, басқа банк, басқа шоттарға ақша аудару, депозитті онлайн шегеру секілді қызметтерді үйден шықпай-ақ жүзеге асыруына мүмкіндік берді.

Оқи отырыңыз: 6 пайыздық тұрғын үй несиесі. "Жас отбасы" бағдарламасы несімен тиімді?

"Жас отбасына" қатысушылардың некеде болу мерзімі 5 жылға дейін ұзаруы мүмкін

"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ төрайымы 1 шілдеден бастап іске қосылған "Жас отбасы" бағдарламасымен бір ай ішінде 1 500-ге жуық депозит ашылғанын айтты.

"Бағдарлама шарты бойынша, некеге тұрғанына 3 жыл толмаған жас отбасылар депозит ашуы тиіс болатын. Алайда, көптеген отбасылар "жас отбасы үшін 5 жыл да көп уақыт емес, бізді де қолдаңыздар" деп жазып жатыр. Біз бұл ұсынысты да қарастырамыз. Біз үшін баспананың барлық отбасына (мамандығына, әлеуметтік мәртебесіне қарамастан) тең дәрежеде қолжетімді болғаны маңызды", – деді Ләззат Ибрагимова.