"Голланд ауруы" (Dutch Dіsease) туралы баспасөзде анда-санда жазылып та, үлкен кеңестерде айтылып та жүр. Алайда кейбір БАҚ оның мән-жайын нақты, терең түсіндіре алмайтыны да байқалады.

"Голланд ауру" – экономиканың жеке секторынының дүркіреп өсуіне дамуға кері әсер ететін ұлттық валютаның айырбас бағамын нығаюы. Нидерландының солтүстігінде Гронинген газ кен орны 1959 жылы табылып, дамуы нәтижесінде газды қарқынды экспорттау инфляция мен жұмыссыздықтың өсуіне әкелді. Осы елде шикізаттық емес секторлар экспорты азая бастады.

Экспорттық түсімдердің күрт ұлғаюынан елге шетел валютасы қосымша келіп түсті. Өз кезегінде ұлттық валютаның күшеюіне әкеліп, өндірілетін өнімнің бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді, осы өнімдердің өндірісін және экспортын қысқартуға алып келеді және жұмыссыздықтың өсуіне әкелуі мүмкін. Сонымен бірге, импорттың ұлғаюы, таза экспорттың төмендеуі болады.

Бұдан басқа, кірістің күрт артуы "сатылатын" (экспорттауға немесе импорттауға болатын) және саудаға жатпайтын тауарларға (экспортталмағандарға, мысалы, жылжымайтын мүлікке) қосымша сұранысты тудырады. Сауда-саттық тауарлары халықаралық бәсекелестікке тартылғандықтан, қосымша сұраныс олардың бағасына айтарлықтай әсер етпейді. Алайда, сатылмайтын тауарлардың бағасы ішкі нарықтағы тепе-теңдікпен (сұраныс пен ұсыныстың теңдігі) анықталады. Сондықтан олар үшін сұраныстың күрт өсуі жоғары бағаларға (инфляцияға) алып келеді.

Ұзақ мерзімді перспективада "голланд ауруы" өндіріс секторынан шикізат пен қызмет көрсету секторына ресурстардың қозғалысына әкеледі, бұл қосымша құнды азайтады.

Мәселен, елдегі капиталдың ағыны тұтынушылық сұранысты арттырады, бірақ "голландиялық аурудан" қысым астында тұрған сала инфляцияны көтеретін табыстың өсуіне сәйкес емес. Өндіріс факторларын жинақтау емес, техникалық прогресс ұзақ мерзімді өсу көзі болып табылады.

Ұлттық валютаның қымбаттауы экспорттық қабілеті бар шикізаттық емес басқа секторларға кері әсерін тигізуі мүмкін. Мұнай т.б. шикізат секторларындағы ірі жетістіктер өңдеу өнеркәсібін астыртын тұншықтырып, олардың ресурстарын жұтып отырады.

Әлемге назар аударсақ, бұл құбылыс негізінен шикізатты, оның ішінде мұнай мен газды экспорттайтын елдерде жиі байқалған. Олар – мұнайды экспорттайтын елдер ұйымы – ОПЕК-ке мүше және осы ұйымға кірмейтін, бірақ мұнай мен газды экспорттайтын елдер. Әлем бойынша бұл термин өткен ғасырдың 50-60 жылдары ғана пайда болды.

ХХ ғасырда газ бен мұнайға бай кейбір елдердің жіберген басты қатесі болды. Мәселен, өңдеу өнеркәсібінің секторлары мен қызмет көрсетуге ерекше назар аудармай, жер асты байлықтарынан түсетін пайданы алумен, бөлумен жаппай шұғылданды. Бұл қателік – ОПЕК картеліне мүше 13 мемлекетке: Иран, Ирак, Кувейт, Сауд Арабиясы, Венесуэла, Катар, Индонезия, Ливия, Біріккен Араб Әмірлігі, Алжир, Нигерия, Эквадор және Габонға тән. Араб Әмірлігі мен Индонезия даму бағыттарын 1980 жылдары ғана өзгертіп дұрыс жолдарын таба білді.

1965-1999 жж. экономиканың құлдырауы жыл сайын Иран мен Венесуэлада 1%, Ливияда 2%, Ирак пен Кувейтте 3%, Катарда 6%-ға жетті. ХХ ғасырдың соңғы 30 жылында ОПЕК ұйымына мүше елдердің жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) өскен жоқ, керісінше, жыл сайын 1,3% кеміп отырды. Мұндай қателікке ұрынбаған елдердің бірі – Норвегия.

Енді осы аурудың мағынасын ашып көрейік: шикізатты (әсіресе мұнай мен газды) жаппай сыртқа (экспортқа) шығарғанда экономикаға валюта ағыл-тегіл құйылып, рыноктағы баға өсіп, ұлттық валюта нығайып, экономика біртіндеп қымбаттай бастайды

"Голланд ауруының" Ұлы даладағы кейбір белгілері

"Голланд ауруы" мұнай өндірудің қарқынын ұлғайта бастаған Қазақстанға 2002 жылы келіп (мұнайды қамтитын шикізат өнеркәсібінің үлесі өңдеу өнеркәсібінің үлесінен асқан жыл, оның бірнеше белгісі (симптомы) ұлы далаға тарала бастады.

Бірінші белгі. Қазақстанға мұнай экспортынан түсіп жатқан валюта ағыл-тегіл құйылды. Валюта ағыны елдің валюта рыногына ықпал етіп, теңгенің бағамын әлсін-әлсін күшейтіп, нығайтумен болды.

Демек, шикізаттық емес, дайын тауарлар мен қызмет көрсету өнімдерін сыртқа шығаратын отандық экспортшылар валюта бағамы өзгеруінен туындайтын бәсекеге қабілеттілік деңгейін жоғалтты деген сөз.

Екінші белгі. Теңге бағамының нығаюы барысында импорттық тауарлардың келуін ынталандырып, импорттық қызмет түрлері арзандай бастайды. Демек, импорт мөлшерінің молаюы отандық өнім өндірушілерді ішкі рыноктан біртіндеп ығыстырып, экономиканы есептейтін бухгалтерлік есепшот жүйесі – төлем балансына тән ағымдағы есепшот көрсеткіштерінде теріс сальдоның көрініс беруіне, ұлғаюына себеп болады. Теріс сальдо тек қана қызмет көрсету емес, сонымен қатар табыстар балансы мен ағымдағы есеп-шотта сақталып отыр.

Үшінші белгі – өндіріс секторларында жалақы деңгейінің өсу қарқыны еңбек өнімділігінің қарқынынан асып түсуі. Әрине, осы орайда әр адам жалақының өскенін қалайды. Ол үшін бір шартты қатаң сақтауға міндеттіміз. Жалақының өсу қарқыны еңбек өнімділігінің өсу қарқынынан еш аспауы керек. Бұл заңды Қазақстан қатаң, міндетті түрде орындауы қажет. Әйтпесе, ұзақ мерзімде, әсіресе, экспортқа шығарылмайтын тауар мен қызмет көрсетулердің бәсекеге қабілеті әлсін-әлсін әлсірейтін болады және экономикалық өсу төмендейді. Ал экспортқа өнім шығаратын отандық өндірушілердің жұмыс күші арзан елдердегі (Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан) кәсіпорындармен салыстырғанда бәсекеге қабілеті төмен болады. 2017-2018жж. отандық кәсіпорындар ұнды сату тұрғысынан Орталық Азияда бәсеке қабілеттілігін жоғалтуда.

Осы құбылыстан туындайтын басты қауіп – ішкі өндірісіміз біртіндеп қымбаттай бастайды. Егер қымбаттау басталса (кейбір секторларда басталып та кетті), қазақстандықтар импорттық заттар мен ресурстарды жаппай пайдалануға көшеді.

Осы орайда айта кететін жәйт: жалақының есебінен емес, сонымен қатар банктер беріп жатқан тұтыну несиелерімен жаппай сатып алу жағы өсті.

Түптеп келгенде, Үкіметтің экономикалық саясаты жоғарыда көрсетілген "голланд ауруының" алдын алатын, барыс организмінің иммунитетін күшейтетін қағиданы мұқият ескермей жүргізіліп жатқандығын тағы да аңғартты.

Республикалық бюджетте "голланд ауруы" ескеріле ме?

Таяуда Парламент Мәжілісінде "2019-2021 жылдарға арналған Республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заң жобасы талқыланып, мақұлданды.

Жалпы Бюджет жобасы үш негізгі міндетті шешуге бағытталған. Біріншісі – кез келген экономикалық жағдайда қабылданған барлық әлеуметтік міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету. Екіншісі – "Қазақстан – 2025" Стратегиялық жоспарын іске асыру шеңберінде жеті басым саясат пен реформалардың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету. Үшіншісі – Мемлекет басшысының "Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру: табыс пен өмір сапасының артуы" Жолдауын іске асыруды қамтамасыз ету.

Жоғарыда жазылған міндеттерді орындауға байланысты республикалық бюджет жобасының негізгі параметрлеріне тоқталайық.

Үкіметтің ақпараты бойынша бюджеттің негізі және оның қаржылық мүмкіндіктері салық түсімдерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырылатын ынталандырушы макроэкономикалық саясатты жүргізу негізінде құрылған.

Ұлттық қордан алынатын трансферт 2019 жылы 3,5 трлн теңгені немесе ЖІӨ-нің 5,4% құрайтын болады.

Мұнай кірісінің үлесі бюджетте 2019 жылы 35,5%.

2019 жылға арналған шикізаттық емес кірістердің көлемі 6,3 трлн теңгені құрайды.

Жалпы алғанда, үшжылдық кезеңде республикалық бюджеттің кірістері трансферттерді қоспағанда:

2019 ж. – 6,8 трлн. теңге немесе ЖІӨ-нің 10,6%-ын;

2020 ж. – 7,4 трлн. теңге немесе ЖІӨ-нің 10,7%-ын;

2021 ж. – 8 трлн. теңгені немесе ЖІӨ-нің 10,8%-ын құрайды.

Бюджет тапшылығы 2019 жылы ЖІӨ-нің 1,5% болады.

2019 жылы республикалық бюджеттің шығыстары 10,7 триллион теңгені құрайды.

Сайып келгенде, "голланд ауруын" ұлы далаға таратпау үшін бюджет тапшылығын мүлдем болдыртпау керек. Өкінішке қарай, тек қана 2019 жылы дефициттің мөлшері ЖІӨ-нің 1,5% жететін болады. Демек, бюджет саясатының осы бағыты бойынша "голланд ауруымен" күрес жүргізілмейтін болады.

2019 жылы республикалық бюджеттің шығыстары 10,7 триллион теңгені құрайды. Ең көп өсетін баптар – пайыздық емес шығындар (непроцентные расходы). Ал "голланд ауруын" ұлы далаға таратпау үшін пайыздық емес шығындарды азайту қажет. Өкінішке қарай, бюджет саясатының келесі бағыты бойынша да "голланд ауруымен" күрес жүргізілмейтін болады.

"Голланд ауруын" ұлы далаға таратпау тұрғысынан Ұлттық қордан алынатын трансферт барынша азайтылып, бюджеттің мұнайлы емес экономикаға арқа сүйегені абзал. Өкінішке қарай, Ұлттық қордан алынатын трансферт 2019 жылы 3,5 трлн теңге болады немесе ЖІӨ-нің 5,4% құрайды.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.