Қазақстанда үй алу оңай ма, әлде Түркияда ма?
Түркияға ең алғаш барғанымызда, Ыстамбұл мен Даламан қалаларына табанымыз тиген еді. Даламан посткеңестік туристер үшін қолжетімді курорттық жер емес, еуропалықтар көп демалады.
Негізі, Қазақстанмен көршілес елдердің азаматтары:
- теңіз туризмінен – Анталияға;
- діни туризмнен – Коньяға;
- медициналық туризмнен – Ыстанбұлға жиі барады.
Сол сапарда таң қалғаным, Даламанда теңіз жағасындағы жеке бассейні бар екі қабатты коттедждер небары 50 мың доллар тұратын. "Satilik" деген жазуы бар небір дизайны керемет жекежайларды көрдік. О заманда елімізде үй бағасы ұшып тұр. Естеріңізде ме, 2-3 бөлмелі "хрущевка" үйлердің бағасы – 70-100 мың долларға, панельден құрастырылған пәтерлердің бағасы – 200-300 мың долларға дейін көтерілген еді ғой.
Оқи отырыңыз: Ысыраппен той жасауды қойсақ, әнші де тәубеге келеді
Әрине, кейін бұның бәрі "жарылды". Енді қызықты қараңыз, Ыстанбұлдың өзінде о заманда қазақтар көп шоғырланған Зейтінбұрны ауданында үш бөлмелі пәтерлер 65 мың доллар тұратын. Ыстанбұлда бір апайдан сұхбат алған едім. Ол жалғыз ұлым қазақ тілін үйренсін, қазақ қызына үйленсін деп, Ыстанбұлдағы пәтерін 65 мың долларға сатып, Алматыдан сол бағаға пәтер таба алмай, ипотекаға екі бөлмелі үй алған ғой?!
Наполеонның өзі "Егер бүкіл әлем бір мемлекет болса, оның астанасы Ыстанбұл болар еді" деген қаланың өзінде үй бағасы қолжетімді?! Соңғы уақытта Аланиядан үй алу тренд боп барады. Естуімізше, қазақтар ол жақта өріп жүр. Әрине, долларға шаққанда бізде үй бағасы арзандаған сияқты. Бірақ олай емес, біз жалақыны теңгемен аламыз. Теңгемен әлдеқайда өскен.
Оқи отырыңыз: Алғы шепте жүрген журналистер жайын кім ойлайды?
Сосын екі елдегі жағдайды салыстыруға келмейді: 50 мың долларға сіз түрік елінде теңіз жағасында пәтер не үй алсаңыз, өз елімізде бұл бағаға кең үй алу қиын. Оның үстіне көршіңіз күніге ішіп жүретін, үйінде ит ұстайтын дядя Вася болса, КСК-ңыз (ПИК – ред.) ақша жинауды білетін, бірақ қызмет сапасына мән бермейтін, бірақ клиенттер үшін ұрысқақ Қатираш апайды ұстап отырған жер болуы мүмкін. Адам жанына жайлы жерді іздейді ғой.
Неге елден азаматтар кетіп жатыр дейміз... Әрине, басты көш – этникалық көш қой, Ресейге көп көшеді. Бірақ шетелге жемқорлықтан шаршаған, "Бәке-Сәке жүйесінен" жиренген, үй алудан күдер үзген қазақтар да кетіп жатыр ма дейсің...
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.