Тікелей эфир

Әкелер қалай декретке шығады? Ерлерге арналған жәрдемақы мен жеңілдіктер

Әкесі мен балалары. Иллюстрация: depositphotos.com
Әкесі мен балалары. Иллюстрация: depositphotos.com
Қазақстанда әйелдермен қатар ерлер де бала-шағасына күтім жасау үшін демалысқа шығып, әлеуметтік төлемдерді өз атына рәсімдей алады.

Еңбек Кодексінің 99-бабына сәйкес, жаңа туған немесе асырап алған баласына күтім жасау үшін ер азаматтарға да үш жылға дейін жалақы төленбейтін демалыс беріледі. Мұнымен қатар олар бала бір жарым жасқа толғанша берілетін жәрдемақыны өз атына рәсімдеуге құқылы. Informburo осы демалыс пен жәрдемақыны алу шарттарын түсіндіреді. 

№1. Ер адам бала күтіміне байланысты демалыс ала ала ма?

Иә, алуына болады. 

ҚР Еңбек кодексі 100-бабының 1-тармағына сәйкес жұмыс беруші балалы болған қызметкеріне бала үш жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша жалақы төленбейтін демалыс беруге міндетті. Ал бұл демалысты кім алатынын ерлі-зайыптылар өзі шешеді. 

Бала күтіміне байланысты демалыс алу үшін:

  • жұмыс берушінің атына осы демалыстың ұзақтығын көрсете отырып, бала үш жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша жалақысы сақталмайтын демалыс беру туралы өтініш жазу;
  • туу туралы куәлікті немесе баланың туу фактісін растайтын өзге де құжатты (Еңбек кодексінің 100-бабының 2-тармағы) ұсыну;
  • жұмыс берушіден бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақысы сақталмайтын демалыс беру туралы бұйрықтың көшірмесін алу қажет. 

Заң қызметкерден бала күтімі бойынша демалыс алып жатқанын растайтын жұмыс орнынан анықтама алып келуді талап етпейді. Дегенмен күмәнді жағдай туындаса, жұмыс орнынан анықтама сұралуы мүмкін. 

№2. Бала 1,5 жасқа толғанға дейін берілетін әлеуметтік жәрдемақы (жұмыс істемейтіндер үшін)

Бұл әлеуметтік төлем бала күтімін жүзеге асыратын және міндеті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы емес жұмыс істемейтін әйелдер мен ер адамдарға тағайындалады.

Бала күтіміне берілетін әлеуметтік жәрдемақы мөлшерін қалай есептеуге болады? 

Жұмыс істемейтін әйелдер мен ер адамдарға төленетін баланың бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы мөлшері бекітілген:

  • бірінші балаға – 5,76 АЕК* (әр ай сайын);
  • екінші балаға – 6,81 АЕК (әр ай сайын);
  • үшінші балаға – 7,85 АЕК (әр ай сайын);
  • төрінші және одан көп балаға – 8,90 АЕК (әр ай сайын).

* 2024 жылы АЕК 3 692 теңгені құрайды.


Оқи отырыңыз: 138 мың теңге сыйлықақы кімдер алады? Маңызды 8 сұраққа жауап


№3. Бала 1 жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетiн әлеуметтiк төлем (жұмыс істейтіндер үшін)

Осы төлем балаға күтімді жүзеге асыратын және қордан төленетін әлеуметтiк төлемдерді алуға құқығы бар мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушыға тағайындалады. Яғни олар үшін жұмыс беруші әлеуметік аударымдарды жүргізетін адамдарға.

Бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетiн әлеуметтiк төлем мөлшерін қалай есептеуге болады?

Төлем мөлшерін есептеу үшін соңғы 2 жыл ішіндегі жалпы табысты 24 айға бөлу қажет, содан кейін 0,4-ке көбейтіп, 10% міндетті зейнетақы жарнасын алу қажет.   

Бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетiн әлеуметтiк төлемді есептеу үлгісі:

Бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетiн әлеуметтiк төлем: мысалы, бала босанғанға дейін әйел/ер адам 2 жыл жұмыс істейді, бір жыл ішінде оның еңбекақысы бір рет көтерілді. Бірінші жылы әйел/ер адам 150 мың теңге алса, екінші жылы 200 мың теңге алған.

Бұл жерде қолайлылық үшін аталған сома барлық қажетті аударымды шегерумен алынған ретінде санайық (зейнетақы жарналары, табыс салығы және т.б.).

Жалпы табысты санаймыз:

12*150 000+12*200 000=1 800 000 + 2 400 000= 4 200 000 теңге

Алынған соманы 24 айға бөлеміз: 4 200 000/24= 175 000 теңге

175 000 теңге – табыстың орташа айлық мөлшері.

Баланың бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтімі бойынша жәрдемақы мөлшерін есептеу үшін осы көрсеткішті 0,4 коэффициентіне көбейтіп, 10% зейнетақы жарналарын шегеру керек, яғни:

175 000*0,4 = 70 000 теңге, 10% шегергенде  босанған әйел ай сайын 63 000 теңгені алады.

*Ай сайынғы бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетiн әлеуметтiк төлем 168 000 теңгеден аспауы тиіс. Бұл ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 40% х7 және жұмыс жасамайтын әйелдер алатын жәрдемақыдан төмен болмауы тиіс.

№4. Бала күтімі бойынша демалыс алғанда жұмыс орны сақтала ма?

Бала күтімі бойынша демалыс уақытында жұмыстан айырылып қаламын деп уайымдамауға болады.

Еңбек кодексінің 104-бабына сәйкес, бала күтіміне байланысты демалыста болған уақыт еңбек өтілі ретінде есептеледі және кезекті төленетін демалыс ретінде есептеуге мүмкіндік береді.

№5. Әке бала күтімі бойынша жәрдемақы алуға өтініш беріп, басқа жерде жұмыс істесе бола ма?

Егер ер адам бала күтімі бойынша үш жылға дейін демалыс алып, ол 1,5 жасқа толғанға дейінгі әлеуметтік рәсімдерді өз атына рәсімдеген болса:

Біріншіден, ҚР ЕК 1-бабының 1-тармағына сәйкес жұмыс беруші әке-шешенің біріне демалыс беруге міндетті. Мұнымен қатар осы бапта бала үш жасқа толғанға дейін берілетін, жалақы төленбейтін демалысты қызметкердің толықтай немесе ішінара пайдалана алатыны көрсетілген. Баланың әкесі демалысқа шыққан соң үш жылға дейін жұмыс орны сақталады. 

100-баптың 4-тармағына сәйкес ер адам жұмысқа үш жылдан ерте шыққысы келсе, бұл туралы басшысына бір ай бұрын ескертуге міндетті. ҚР Әлеуметтік кодекстің 84-бабының 1-тармағына сәйкес, бала бір жарым жасқа толғанға дейін берілетін әлеуметтік төлем уақытша жұмысынан айырылған әкеге немесе анаға беріледі. Яғни қызметкер жұмысқа шыққандықтан, төлем тоқтатылады. 

Әлеуметтік төлем алып жүрген азамат мемлекеттік корпорацияға барып, жұмысқа шыққанын және енді әлеуметтік төлем берудің қажеті жоқ екенін ескертуі тиіс. 


Оқи отырыңыз: "9-20-25", "7-20-25", "Жас отбасы": 2024 жылы ипотекамен қалай пәтер алуға болады?


№6. Қызметкер бала күтімі бойынша демалыстың аяқталуын күтпестен жұмыстан шыға ала ма?

ҚР ЕК 56-бабына сәйкес, кез келген қызметкер өз бастамасымен еңбек шартын тоқтатуға құқылы. Алайда ҚР ЕК 100-бабының 4-тармағына сәйкес, бұл туралы басшылыққа кемінде бір ай бұрын ескертуі тиіс. 

Яғни қызметкер бала күтімі бойынша демалыс аяқталмай жатып жұмысқа кірісе алады және керісінше жұмыстан шыға алады. 

Жұмыс беруші өз кезегінде екі бұйрық шығарады:

  • қызметкерге бала күтімі бойынша жалақысы сақталмай демалыстан мерзімінен бұрын шығу мүмкіндігін беру туралы;
  • жұмыс берушінің жазбаша келісімімен ҚР ЕК 56-бабының 2-тармағында көзделген хабарлама мерзімі аяқталғанға дейін қызметкердің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу туралы.

№7. Жұмыс беруші жалақы төленбейтін демалыстан шыққан қызметкерді белгілі бір себептермен басқа қызметке ауыстыра ала ма?

ҚР ЕК 38-бабына сәйкес, жаңа қызметке тағайындау басқа жұмысқа ауыстырумен тең саналады. 

Жұмыс беруші үш жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған адамның еңбегіне ақы төлеу шарттарын қайта ұйымдастыруға немесе экономикалық, технологиялық жағдайлардың, еңбекті ұйымдастыру жағдайларының өзгеруіне және (немесе) жалғастыру кезінде жұмыс берушінің жұмыс көлемінің қысқаруына байланысты өндірісті ұйымдастырудағы өзгерістерге байланысты ҚР ЕК-нің 46-бабында белгіленген тәртіп негізінде өзгертуге құқылы. Еңбек шарты талаптарының бұлай өзгеруі, егер лауазымы өзгермесе, басқа жұмысқа ауысу деп саналмайды. Мұндай өзгерістер болған кезде жұмыс беруші қызметкерге бұрын істеп көрмеген басқа жұмыстарды тапсырмағаны абзал. 

ҚР ЕК 54-бабы бойынша жұмыс беруші штат қысқарып, өндіріс көлемі азайса немесе экономикалық жағдайы нашарласа, еңбек шартын жоюға құқығы жоқ. Бірақ ол ЕК нормаларын сақтай отырып, еңбек шартын өзгерте алады. Ал егер қызметкер бұл шарттармен келіспесе, бұл жұмыс беруші еңбек шартын жойған болып есептелмейді. 

№8. Жалғызбасты әкелерге баланы тамақтандыруға арналған үзіліс

Демалу және тамақтану, ауысым iшiндегi және арнайы үзiлiстермен қатар, бiр жарым жасқа дейiнгi баласын анасыз тәрбиелеп отырған әкелерге (асырап алушыларға) баланы тамақтандыру үшiн әр үш сағаттан кем емес уақытта келесіздегідей үзілістер беріледі:

  • бір баласы барларға берілетін әр үзіліс 30 минуттан кем емес;
  • ҚР ЕК 82-бабының 3-тармағына сәйкес екі немесе одан көп баласы барларға 1 сағаттан кем емес үзіліс беріледі. 

Қызметкердің өтінішіне сәйкес бұл үзілістер жұмыс күнінің басында немесе соңында жалпы демалыс пен тамаққа берілетін үзіліске қосылып берілуі мүмкін. 

ҚР ЕК 82-бабының 5-тармағына сәйкес, үзілістердің жұмыс уақытында берілгеніне қарамастан, қызметкердің орташа жалақысы сақталады. 

Серіктестер жаңалықтары