Прямой эфир Новости спорта

Өлім аузынан аман қалған атыраулық жігіт ендігі өмірін ерекше балаларға арнап жүр

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Канистерапевт Ерлан Күмісқалиев сал ауруына шалдыққан балаларды тегін емдейді. Өзі 36 жасында ауыр дерттен айыққаннан кейін қайырымдылыққа ден қойыпты.

Өлім алдындағы үш сұрақ

Ерлан Күмісқалиев 2007 жылы бауыр дертіне шалдыққан. Дәрігерлер тез арада емделу қажеттігін айтқан. Бұған дейін денсаулығы ешқашан сыр бермеген, денінің сау екеніне сенімді болатын. Алайда сараптама қортындыларын көргенде 36 жыл ғұмыры бір сәтте көз алдынан жылжып өте беріпті.

– Әпкемді Қытайға емдетуге алып барған болатынмын. Сол жерде дәрігерлер менің де тексеруден өтуімді сұрады. Денсаулығыма байланысты ешқандай шағымым жоқ екенін айтып, бас тартып едім, әпкем көндірді. Ал қорытындысын естігенде басқа біреудікімен шатастырып алған болар деп ойладым.

Сараптама қорытындысын қолыма ұстатып, жарық дүниедегі күндерімнің санаулы екенін айтқанда: "Неге мен?" деген сұрақ бірінші ойыма келді. Одан кейін "Менің өмірімнің осылай аяқталғаны ма?" деп аңырдым. Сосын барып: "Мына өмірде не істедім, не жақсылық жасадым, кімге көмек бердім?" деген үшінші сұрақ жанымды жегідей жеді. Бірақ жауабын таба алмадым.

Айықпас дерттен айықтырған серт пен мақсат

– Сенбедім. Алматыға оралған соң, тағы тексеруден өттім. Біздің дәрігерлер жазылмас бауыр дертіне шалдыққанымды растады. Емделудің жолын қарастыра бастадым. Содан Ресейдің Самара қаласына бардым. Емделу барасында адам төзгісіз азапты күндерді бастан кешірдім. 30 келі салмақ тастадым. Шаштарым түсіп қалды. Дәрігерлер тек өзіңе ғана сен деді.

– Аурухана төсегіне таңылып жатып, "егер осы аурудан жазылсам, тек қоғамға пайдалы іспен айналысамын, зәру адамдардан көмегімді аямаймын" деп өзіме серт бердім. Алдыма үлкен мақсат қойдым. Менің тілегім қабыл болып, сауыға бастадым.

– Мен қазір әрбір атқан таңның шапағын, батқан күннің шуағын көргеніме қуанамын. Өмірде біз байқай бермейтін, адам бойына қуаныш сыйлайтын нәрселер көп екен, айналамыздағы табиғат қандай тамаша, достарымыз бар. Осы уақытқа дейін солардың қадірін білмеппін.

Күйзелістен арылудың жолы – мамандық ауыстыру

Ерлан орта мектепті бітірген соң, медициналық колледжге түседі. Бұл мамандықты таңдауына әкесінің ұзақ жылдар бойы төсек тартып, жатып қалуы себеп болады.

– Әкемнің ауруы жаныма қатты батты. Медицина саласын меңгерсем, көмегім тиер деп үміттендім. Бірақ жан әкем оқуымды аяқтағанымды көре алмады. Мен колледжді бітірген соң, шалғайдағы ауылға акушер болып кеттім. Өйткені әкеме бере алмаған көмегімді басқа мұқтаж жандарға көрсеткім келді. Бірақ бұл – маған психологиялық жағынан өте ауыр соққы болды. Күйзеліске түскен кездерім жиілей бастады. Менің бойымдағы өзгерісті байқаған туыстарым, мамандығымды ауыстыруымды қалады. Сосын өмірімді жаңа парақтан бастадым, мүлде басқа мамандықты таңдадым. Осылайша заңгер мамандығын алып шықтым.

– Тек аталған мамандықтармен шектелмей, шоу бизнес пен журналистикаға бет бұра бастадым. Жақсы табысқа қол жеткіздім. Әр күнім алдын ала жоспарланатын. Әрі уақытты да қызықты өткізетінмін. Концерттер мен мерекелік шараларды ұйымдастырумен айналыстым. Енді ондай өмір мені қызықтырмайды. Барлығы артта қалды. Өйткені менің өмірлік мақсатым басқа.

Итпеу емдеу әдісін алғашқы болып қолданды

Ерлан 2012 жылдан бері сал ауруына (дцп, аутизмге) шалдыққан балаларды тегін емдеумен айналысады. Алғашында иттің сирек кездесетін лабрадор тұқымын бір жылдай күтіп жүріп, қиындықпен қолға түсірген екен.

– Ең алғаш итті алып келіп, алты айдай жас балаша бағып-қақтым. Ерекше балалар итпен ойнап, бірге уақыт өткізген сайын, олардың өмір сүруге құлшынысы артып, сіресіп қатып қалған саусақтары мен аяқтары қимылдай бастайды. Сөйлеуі жақсарады.


Ерлан канистерапия әдісін Қазақстанға енгізген алғашқы адам

Ерлан – Қазақстанда канистерапия емдеу әдісін алғашқы енгізген адамның бірі / Фото informburo.kz


Бастапқы тәжірибесі жақсы нәтиже берген соң, арнайы "Атырау. Маленькая страна" деген қоғамдық қорын ашып, жұмыс істей бастапты. Ол төрт-бес жыл көлемінде 300-дей баланың жартысынан көбінің аяқтан тұрып кетуіне көмектескен.


Тек лабрадор тұқымынан тараған итпен балаларға ем жүргізуге болады

Тек лабрадор тұқымды итпен балаларға ем жүргізуге болады / Фото informburo.kz


– Біздің орталық сал ауруына шалдыққан балаларға тегін көмек көрсетеді. Адамдар, әрине, қолынан келгенше қолдау көрсетіп жатады. Бірақ мемлекеттен көмек сұрамаймыз. Өйткені бұл – менің таңдауым. Сондықтан қолымнан келгенін аямаймын.

Иттің де иті бар

– Лабрадор – сырт келбеті кесек, ірі әрі сұсты болғанымен, адамға шабуыл жасамайтын әлемдегі ит тұқымының бірегейі. Алайда бұл тұқымның әрбір күшігі балалармен ем жүргізуге сәйкес келе бермейді. Арнайы тестен өткізген соң ғана, Ресейден қыстың күні қолтығыма қысып алып келдім. Оны жаңа туған баладай күттім. Анасынан бірден айырып алғандықтан, күтімді қажет етеді.

– Қазір Форбс және Федя деген екі итпен ем жүргіземіз. Оларды уақытында жуындырып, тамақтандырып, екпе салдыртып отыру керек. Өйткені балалармен жұмыс жасайтындықтан тазалыққа қатты мән береміз. Жақында күшіктеді. Тест жасап көріп едік, балалармен жұмыс жасауға сай еместігін білдік.

Жалпы лабрадор күшіктеген соң, үш-төрт күннен кейін тестен өткізеді. Ол үшін лабродор күшігін адамның алақанына ішімен жатқызып, сынайды. Егер еш қарсылық танытпай, алақанда тыныш жатса, онда балалармен ем жүргізуге жарайды деп іріктеледі. Сосын оны көзін ашпастан анасынан айырып аламыз. Өйткені көзін ашқан күшік бірінші адамды көргені дұрыс. Сол сәттен бастап өзін адамдардың бірі ретінде қабылдайды, – дейді Ерлан Күмісқалиев.

Канистерапия – балаларды сауықтырудың ерекше әдісі

– Лабрадор тұқымынан тараған иттермен сал ауруына шалдыққан балаларды емдеуге болатынын Самарада ауруханада жатқанда өз көзіммен көрдім.

Мен емделіп жатқан ауруханаға аптасына бір рет иттерді алып келіп, балалармен ойнататын. Ауырып жатқан балалар итті көргенде айығып кеткендей, бәрін ұмытатын. Көңіл-күйлері көтеріліп, сөйлеуге тырысып, аяқ-қолдарының қимылдауы жақсара бастайтын. Әр апта сайын иттерді әкелгенін асыға күтіп жүретін.

Мен сол балалардың итпен ойнағаннан кейінгі бойларындағы өзгерістерді көрген сайын қуанатынмын. Қазақстанға аман-есен жетсем, осы істі қолыма аламын деп ойладым.


Ерланның көмегіне мұқтаж отбасылар саны артып келеді

Мұқтаж отбасылар Ерланға көмегі үшін қатты риза / Фото informburo.kz


– Менің көмегіме,қолдауыма тек балалар ғана емес,олардың ата-аналары да мұқтаж Өйткені шарасыз ата-аналар кімнен көмек сұрарын білмейді. Ал отбасында ерекше балалардың дүниеге келуі көбіне ата-ананың ажырасып кетуіне әкеліп соғады. Мен сал болып қалған балалармен жалғыз қалған аналардың мұң-мұқтажын естіген сайын, дер кезінде қолданысқа енгізген әдістің кішкене болса да көмегі тиетініне қуанамын. Қазір орталықта 300-дей бала ем алып жүр. Солардың жартысынан көбі жазылып кетті деуге болады. Қолдарына қалам алып, мектепке барып жүр.

– Ата-аналар мен балалардың ауыр күйін көру оңай емес. Сондықтан бұл орталықта психологтың да көмегі көрсетіледі. Тіпті өзім де психологтың көмегіне жүгінемін.

Атырауда ерекше балаларға арналған орталық ашылады

Ерлан Күмісқалиев аутизм, сал аурына шалдыққан балаларды емдеудің тағы бір әдісін қолданысқа енгізгелі отыр. Оның ендігі арманы ат баптайтын орталық ашып, сондағы жылқыларды балаларды емдеуге пайдаланғысы келеді. Атқа міну балалардың қимыл, қозғалысын жақсартады. Бұл – әлемдік тәжірибе. Өз нәтижесін көрсетіп те жүр. Ол төрт қабырғаға қамалған балалардың тағдырына осылайша араша түскісі келеді.


Ерлан әкімшілік бөлген жерге келіп, өз жопарларымен бөлісті

Ерлан әкімшілік бөлген жерге келіп, өз жопарларымен бөлісті / Фото informburo.kz


– Бізге қазір әкімшілік Атырау қаласынының маңынан бес гектар жер бөліп берді. Бұл жерде тек ат баптайтын орталық қана емес, сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін егу ойымызда бар. Мен балаларға бау-бақша отырғызуды көрсеткім келеді. Сонда осындай ерекше балаларымыз есейгенде өз нандарын тауып жейтінде машықтарға үйренеді. .

Сонымен қатар Ерлан Күмісқалиев ерекше балаларды ат спорты ойындарынан өткізіліп жүрген халықаралық параолимпиадаға дайындауды қолға аламын дейді.

Поделиться:

  Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

  Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Новости партнеров