Оның себебі адамның ішкі әскерінде. Ішкі әскер – иммун жүйесі, ал жау – коронавирус.
Иммун жүйесі – адамның қорғаныс күші, яғни әскері. Ол триллиондаған жасушадан, яғни сарбаздан тұрады. Жасушалар бірнеше топқа бөлінеді. Мәселен, B-жасуша барлау қызметіне және қару-жарақпен (антитән) қамтамасыз етуге жауап береді. T-жасуша әскердің қызметін үйлестіріп, жаумен күреседі.
Оқи отырыңыз: Карантин бізге неге керек?
Ал жау – адам ағзасына сырттан енетін бактериялар мен вирустар, айталық коронавирус. Ағзамыз жаудың көп түрімен күресіп үйреніп алған. Күнде қанша адаммен амандасамыз, түрлі заттарды ұстаймыз, жабық бөлмеде бірнеше адам сөйлесіп отырамыз. Олар жұтып, сыртқа шығарған ауамен демаламыз. Олардың ішінен қанша жау шығады. Бірақ, олардың көбі біздің әскерімізге таныс жау. "Ескі жау атыспаққа жақсы" демекші, оларды әскеріміз оңай залалсыздандырады. Ал кейде коронавирус сияқты қуатты әрі беймәлім жау баса көктеп кіріп келеді.
Адамның ағзасы – ғажап құбылыс. Ағзаға жау кіргенде B-жасуша хабар береді. T-жасуша қорғанудың жоспарын жасайды. Бұрын мұндай жаумен күрестік пе, жоқ па? Жаудың мақсаты – ағзаны жаулап алу, мекен қылар жер табу. Әскеріміз болса, отан үшін, жер үшін айқасып бағады. Әскеріміз жаудың көшірмесін жасайды, яғни солардың киімін киіп алады да, олардың құрамына еніп, быт-шытын шығарады. Ғажап емес пе! Ал кейде әскеріміз түрлі жағдайға байланысты бір-бірімен қырылысып қалады. Өз сарбаздарын танымай, оқ жаудырады. Оның соңы қант, обыр сияқты көптеген жаман ауруларға ұрындырады. Ол енді бөлек әңгіме.
Оқи отырыңыз: Коммуникациядағы шалағайлық
Ал енді әскеріміз күшті болу үшін не істеуіміз керек? Алдымен әскерді жаттықтырғанымыз жөн. Тамақты да рет-ретімен, шектен шықпай жеген абзал. Ал егер сарбаздар диванға жатып алса, тамақты үсті-үстіне ішіп семірсе, оған қоса темекі шегіп, ішіп кетсе, ол қандай жаудан қорғамақ?! Сіздің сарбаздар тас дәуірінің әскері секілді қолына тас пен таяқ ұстап жауға шабады. Ал жау бронжилет киіп алған, қолдарында автоматтары бар дегендей... Жайратып салмай ма?
Сондықтан ішкі әскеріміз сырттан келген жауға төтеп беруі үшін үнемі спортпен айналысып (мәселен, күніне 10 шақырым жүріңіз), тағамды да талғаммен және мөлшермен ішіп (мәселен, көкөніс пен жеміс-жидекке көбірек көңіл бөліп, кешкі алтыдан кейін тамақ ішпеуге тырысыңыз) жүрсеңіз, ішкі әскеріңіз сырттан келетін жауға төтеп беруге жарайды.
P.S. Мәселені былай түсіндіру тәсілін коммуникация ілімінде "аналогия" дейді. Көпшілік білетін түсініктерді (әскер, жау) көп ұғына бермейтін түсініктермен (жасуша, вирус) алмастырасыз.