Прямой эфир Новости спорта

Желтоқсан: оқиға ма, көтеріліс пе?

Сурет voxpopuli.kz сайтынан алынды
Сурет voxpopuli.kz сайтынан алынды
Драматург Сая Қасымбек әңгімелескен кейіпкер есімін жарияламауды өтінген. Бойында сексен алтының үрейі әлі бар.

Қатардағы мұғалім Желтоқсан мерекесіне арналған іс-шараларға ешқашан бармайды. Бармақ тұрмақ, желтоқсан айы жақындағанда бойын үрей буады. Өйткені, солдаттың шашынан сүйреген 16 желтоқсан күнгі орталық алаңдағы қантөгіс әлі көз алдында.

Ықылым заманнан мемлекет құрылымындағы өзгерістер нақты қақтығыстар арқылы жүзеге асқан. Бірде – диктатордың ұпайына шешілсе, енді бірде – бұқараның ұпайына шешіліп жататыны тарихтан белгілі. Қандай бір мемлекет болмасын, саяси құрылымының ауысуы кезеңіне қарай өзгеріске ұшырап, жаңа формада қайталанып отырады. Ызғары еске алумен есетін 1986 жылғы Желтоқсан қозғалысын көбіне "оқиға" түрінде қолданып келеді.

Соңғы кезде әлеуметтік желіде Желтоқсан оқиғасын сонау "1916 жылы өріс алған Аманкелді Иманов бастаған Ұлт-азаттық көтеріліс іспеттес" деп те айтылып жүр. Ол пікірді "Қалың бұқара қозғалмағанымен, бұқараның бетіне қалқып шыққан қаймағы – жастар көтерілді" деген оймен сабақтастырады.

Көпшілік қолдаған ойда негіз бар. Саралай қарасаңыз, көтерілістің түп-тамырында Кеңес Одағының темір құрсауына көніккен қазақтың мемлекет басына өзге ұлттың өкілі келгеніне қарсылығы жатыр. Бодандық бұғауында ғасырға жуық тұншығып жатқан бұқара бұрқ ете көтерілді. Қанша тұқыртса да, мемлекет басында қазақ азаматы тұрғаны көңілге демеу болатын. Ендігі жерде қалған республикаларға қолданбаған қорлауға жол бергеніне бас көтермеске жол қалмады.

Оқи отырыңыз: Бала асырап алу жөніндегі агенттік қаншалықты қажет?

Кеңес үкіметінің бұйығып жатқан халыққа бергені мол. Феодалдық құрылымдағы қазақ даласын – социалистік құрылымға бірден көтеріп, электрификация, темір жол, мектептер, жоғары оқу орындарын тегін ашқанын айтпай кетуге болмас.

Дей тұра, "әттеген-айы" қабатында мұзқұрсаулап жүргені де ақиқат. Мәселен, ХХ ғасыр тұлғасы Қаныш Сәтпаев сынды ғалымдар әлем алдында биік мінберде тұрып, қазақ ұлты бар екенін паш ете алмады. Себебі, қай мінберге көтерілсе де ана тілін жиыстырып қойып – орыс тілінде сөйлеуге міндетті. Талап солай болатын.

Арманда кеткен Алаш ардақтыларын қоспағанның өзінде, бергі айдындарымыздың "қазақ" екендігіне мақтануға, масаттануына жол жоқ еді. Ең сорақы фарс – ұлан-ғайыр жері бар Қазақ республикасын алыста жатқан Мәскеудегі Орталық Комитет басқарылды.

Естеріңізде болса, Елбасымыздың: "Анам хал үстінде жатқанда перзенттік борышымды өтеп, қоштаса алмадым. Өйткені ол кезде мен, республикалық маңызды құжатқа қол қойдыру үшін Михаил Горбачевтің қабылдау бөлмесінде отырғаныма үшінші күн болған еді..." деген естелігі сол кезеңдегі Қазақстан республикасында өмір сүріп жатқан қазақ ұлтының тағдырына толық сипаттама беріп тұрғандай.

Большевиктік партия үкімет басына келген бойы ең алдымен қазақ ұлтына қырғидай тигені тарихтан аян. Себебі, өзге ұлттарға қарағанда қазақ халқы өр мінезді, бодандыққа көнбейтін, жайын даласын егеулі найзамен қорғап келген намысты халық.

Оқи отырыңыз: Тап тартысы әлі де бар

Желтоқсан көтерілісі төтеннен туған жоқ. Жетпіс жыл бойы көкейге жиылған запыранды өзге ұлт өкілінің Мемлекет басына келуі қозғады. Ұлтжанды зиялы қауым: "Ешкі екеш, ешкі де өлер алдын тұяқ серпидіні" көрсетпесе, шегінерге жол қалмасын түсінді.

Тарихты парақтасақ, ақ патшаны мойындаған бұратана халықты ұлт-азаттық күреске бастап шыққан Амангелді Имановтар қару қолданды. Ал, Желтоқсанның бейбіт шеруінде "қорғаным" деп сенген үкіметтік әскер – халыққа, "Москва – Отанымыздың жүрегі" деп таныған, мақтанған жастарға қарсы оқ атылды.

ХХ ғасыр соңына тақалса да, қазақ халқына "бұратаналық" позицияда болғанын Орталық жүйе дәлелдеді. Ұлттық мүддені бетке тұтқан Желтоқсан жастар қозғалысын Коммунистік орталық комитет дұрыс түсініп, оңды шешім бергенде бәлкім, қаншама қазақ жастарының қаны төгілмес еді.

"...Шашымнан сүйреп, резеңке шоқпармен сабап жатқан солдат басқа ұлт өкілі еді. Қазақ солдатының қасымызға жүгіріп келіп, қаруының дүбімен әлігі солдатты желкесінен ұрып құлатып: "Қарындастар, қашыңдар?!"- деп құтқарғаны әлі күнге көз алдымда" – деп күрсінді кейіпкерім.

Өз қарындасын қорғаған қазақ солдатының тілімденген жүрегін көз алдымызға келтірудің өзі қазабат. Кеңестік режимнің қазақ халқына төрт рет қолдан арнайы жұт жасап, қала берді 1937 жылы айдындарды қынадай қырғаны басқа ұлттарға қолданылмаған тәсіл.

Тарихи кезеңдерге үңіле қарап, "сонша азап көрердей қазақ халқының жазығы не?" деген сұрақ туындайды. Қазақстан республикасы басқа одақтас республикалармен салыстырғанда Коммунистік Одақты: бидай, түсті металлургия, химия шикізаттары, мұнай, газ, көмір, уран, басқа да кен өндірістерімен толық қамтамасыз етті.

"Тың көтеру" дақпыртымен еліміздің солтүстік аумағына сан мыңдаған өзге ұлттардың көшіріліп әкелінуінің астарында қызыл террордың зымиян саясаты бары енді ашылуда. Тарих бүгін үндемегенімен - араға уақыт салып жасырынды жарыққа шығарары ақиқат.

Оқи отырыңыз: Әліпбидің айтылмаған әуресі

Қазақ жерінде миллиардтап жиған астығы КСРО ғана емес – "туысқан социалистік мемлекеттерді" асырауға белшеден жетті. Жерасты байлығы мол алып республиканың Орталық комитетсіз де жеке-дара өмір сүруіне толыққанды мүмкіндігі бар болатын. Әлбетте, сондай алып республиканы уыстан шығару – коммунистік партияға тиімсіз еді.

Мақала кейіпкері Желтоқсан кезеңінде Алматы қыздар пединститутының студенті болатын. Группа старостасы, комсорг. Бойында намысы бар қазақ қызы қақаған аязда орталық алаңда жастар шеруіне қатысты. Қызыл әскердің күрегі қақ маңдайын қақырата таяқ жеді. Оқудан қудаланды. Үш ай уақытша тергеу амалында қамауда жатты. Әкесінің күш салуымен әупіріммен аман қалды. Қызылорда қаласындағы оқу орнына дереу ауыстырылып, Алматыдан кетті. Бірақ, жүрегінде өзімен бірге ешқашан басылмайтын үрей, уанбайтын жүректі әкетті. Ол үрейді еркін өмір өзгерте алмады. Желтоқсан мерекесін айналасы тойлап жатқанда, әрдайым қанды шерудегі достарының жанұшырған дауыстары құлағында жаңғырады. Желтоқсан шеруіне қатысқанын жан адамға айтқан емес. Ешкім білмейді. Күйеуі де. Шеруге қатысқандарға берілетін сый-сияпатқа көзін де салмайды. Әр сыйлықтың ар жағында құрбан болған досы тұрғандай елестейді.

Кейіпкерімнің тағдыры – арада қанша жыл өтсе де, бір ғұмырды өшпестей үрейге салған жалқы мысал. Айтылмай жатқан, айтуды қажетсінбейтін қаншама құпиялар бары тарихқа аян.

Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бүгінде – Егемен елміз. Президентіміз қай елге барса да көгінде көк байрағымыз желбірей қарсы алатын бақытқа қол жеткіздік. Өзгенің бодауында емес – өз билігімізге қол жеткізген Тәуелсіз Мемлекет екендігіміз жастарымыздың көкейіне мақтаныш сыйлайды.

Ішінара болып жататын әлеуметтік келеңсіз жайттардан биік тұратын Тәуелсіздігіміздің біз үшін жанын құрбан еткен жастардың көз жасы мен төгілген қанымен келгенін есімізден шығармайық.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Поделиться:

Новости партнеров