Прямой эфир Новости спорта

Жұдырықтай жұмыла білген халық

Суретті Алмаз Төлеке түсірген
Суретті Алмаз Төлеке түсірген
"Оқ тиіп көз алдымда құлаған балама бұрылуға мұршам болмай, тірі қалған екі баламды құтқардым".

Апат

Құдайға шүкір, халықтың соғыс бетін көрмегеніне, қасіретін аналардың кешпегеніне алдағы жылы 75 жыл болмақ. Біздер – бейбіт өмірде өмірге келген ұрпақпыз. Соғыстың жойқын тозағын кино арқылы көріп, білдік. Жарылған снарядттан босқан халықты тек кинолардан көріп, қасіретіне жүрегіміз езіліп жылайтынбыз. "Бұндай күнді басымызға құдай түсірмесін?.." деп іштей тілейтінбіз.

Қазақтың "вальс королі" Шәмшінің айтулы "Арыс жағасында" әнін шырқамаған қазақ жоқ болар, сірә?! Ғашықтық сезімге толы сыр әнді шырқаған біздер Арыс жағасы жарылған снарядқа қопарылады деп ойладық па? "Апат айтып келмейдіні" естіп өстік. Өкінішке қарай, көруге тура келді.

Иә, айтусыз келген апаттың зардабын көрген жанның жүрегі езілмек тұрмақ, есінен танатындай күйге түстік. Солтүстік аймақта қар енді еріп жатқанда, қырында қызғалдақ жайқалатын оңтүстік төсінде қасиетті дермене шөбімен әлемге аты әйгілі болған Арыс қаласы тосын нәубәтқа тап болды.

Мәуелі бағы жемістен үзіліп, бау-бақшасы таңдай үйіретін жеміс-жидекке тұнып тұрған өлке көзді ашып-жұмғанша жарылған снарядтың қара түтініне оралады, шүйгін шөбі қызыл отқа шарпылады деп кім ойлаған.

Жаз айы оңтүстік өңірінде егін даласындағы өте қызу еңбек пен балаларға арналған жазғы лагерлердегі демалыс орындарындағы сауық-сайранымен ерекшеленеді. Бақшадағы қауын-қарбызы пісіп, ауызы аққа жарыған ел, той-думанға тоймай сайран салады. Өйткені, оңтүстікте әрқашанда тоқшылық деп жүргенде, айдың күні аманда Арыс қаласындағы қару-жарақ сақталған қойма жарылды. Қойманың бұған дейін де бірнеше рет жарылғаны белгілі. Ол жайында жазылып та, айтылып та жатты. Төрт бірдей жарылыстан соң қатердің алдын алмауы санаға симайды. Сол баяғы санаулы адамның салғырттығ қанша халықтың сансырауына әкеп тіреді.

Бір қала мен екінші қаланың арасын апталап жүріп әрең жететін кең-байтақ жеріміз бар. Бірақ... Халқы тығыз елді мекенде не себепті қару-жарақ қоймасы әлі күнге сақталып келеді? Кешегі жарылыстың басты жауаптысы табылар, ел алдында жауап берер. Құзырлы орынның қарап жатпасы анық. Қару қоймасы мен жергілікті халық тұратын жердің ара қашықтығы ондаған шақырым болу керек деген талап пен қарапайым заңдылықтың сақталмағаны жанға батады.

Қорғаныс министрлігінің қару қоймасы о баста қаладан тыс жерге салынған. Құдайға шүкір, бүгінде халық саны күрт өскен. Әңгіме қару қоймасы маңынан халыққа жердің бөлініп берілуінде, айнала тұрғын үй аумағына айналып кетуінде. Осыдан келіп: "Жерді бермес бұрын әскери бөліммен неге келісіп алмаған? Тиым салынған аумаққа үй салынып жатқанда әскери бөлім қайда қарап отырған?.." сынды сансыз сұрақ санаңды шаншиды.

Бір жағадан бас шығарған халық

Қашқан халықтың басым көпшілігі Шымкент қаласына жеткізілді. Көбі өздері жетті. Мейірімді жандар жол-жөнекей жеткізіп тастады. Әрине, әкімшілік тарапынан жанталаса құтқару амалдарын жасаулары – олардың басты міндеті екені айтпаса да белгілі. Айтпағым – халықтың біріге білгені.

Шымкент қаласында 15 көмек беру орыны ашылды. Қарапайым халық пен әкімшілік, жергілікті бизнесмендер тізе біріктіре қашқан елді қанатының астына алды. Шыдай алмай жүгіріп келіп жәрдемін ұсынып жатқан халықта шек жоқ. Есеңгіреген халықтан естігенімізден естен тандық десем артық болмас.

Жанары сөнген жас келіншек екі баласын аттап бастырмай, құшақтап алған. "Айырылып қалам" деген үрей толы көздеріне қарау қиын. Жарылыс күшейген сәтте үш баласын жетелей үйден қашып шыққан. Қала сыртына қарай қашқан көпшілікке еріп, балаларын жетелеген бойы есінен тана жүгіре берген.

Мен апарамын!..

Жаяулап адырға қарай екі немересі мен келінін ертіп қашқан әйел Ақмешіт алдында ұйымдастырылған жерге келіп, тіркелді. Күйеуі мен баласы Рабат елді мекеніндегі туыстарына басқа жолмен жетіп үлгеріпті.

"Баратын жақтарыңызды айтыңыздар, тегін жеткізіп саламыз!" деген дауысты естіп, ұйымдастырушы топқа ұмтылдым. Әлгі әйелге қажетті "Рабат ауылына апарып тастай ала ма?" деген сұрақты қойып үлгермедім: "Мен апарамын!" деген дауыс естілді.

Толық денелі жігіт ағасы қасымызға жүгіріп келді. Ақша ұсынғанымда: "Қарындас-ау, мынандай кезде қайдағы ақша, тегін апарамын?!" деген сөзіне риза болғаннан жылай алмай, тамағыма тас тірелді. Қиын-қыстауды өз мүмкіндігінше бөлісіп тұр. Киім киісінен қарапайым тұратыны көрініп тұр. Бірақ, жүрегі алтын!

Машинасының кілтін қолына ұстап: "Көмек кімге керек, машинам дайын!", "Қалаған жаққа тегін апарып тастаймын!" дескен ер-азаматтарды көргенде, көзіңе еріксіз жас келеді. Қуаныш жасы. "Жастар азғындады. Адамдардан иман қашты" деп дабылдатып жатқанымызда бір жеңнен қол шығара білгендігіне, адамгершілік санатының жоғалмағанына, моральдық құндылықтың жоғарылығына көзің жеткен кезде қуаныш жасы үйіріледі екен.

Иә, халық қол көмегін аяған жоқ. Күйеуі мен баласына кездесетіне қуанған әйел, келіні мен немересін жетелей, жақсы адамның соңынан еріп барады. Бір отбасы біріккелі бара жатыр.

Арамызды небәрі 30-40 шақырым жердегі апаттан бөліп тұрған Шымкентте бейтарап қалған жан аз. Үкімет өз тарапынан қарап жатпаған болар. Бірақ, халық қиындықта біріге алатынын дәлелдеді. Иә, халық жұмылуда.

100 адам қабылдаймын

Ағайын-туыс, тамыр-танысын үйіне ертіп кетіп жатқан адамдарда есеп жоқ. Қала әкімдігінің тастүйін ұйымдастырған көмегіне тоқталмай кетсем, адамгершілікке жатпас. Қанша жерден "міндеті" деп қарасақ та, шулаған халықты сабырға шақыра отырып бір кісідей жұмылған қызметкерлеріне риза боласың.

Ел басына ауыртпашылық түсіп тұруы бүгіннен басталған жоқ. Халық әр кезеңде өзіндік ауыртпашылықты басынан кешіп отырды. Аштық. Репрессия. Ұлы отан соғысы. Ауғанстан... Кезеңіне қарай құрбан кеткендер. Бейбіт күнде болған Арыс апаты баршамыздың қабырғамызға батты. Ой салды.

Абыр-сабырдың арасынан: "Мен – қонақ үй иесімін. 100 адамға орын босаттым. Қанша күн тұрсаңыздар да тегін!" деген дауыс естілді. Жас жігіт ұйымдастырушы топқа өз көмегін ұсынып тұр. Дабыра, мадақ үшін емес – қиналғанға адами қол созып тұрған жігітке қуанғаннан айтарға сөз таппадым. Бұдан асқан имандылықты қайдан табасыз?

Қала халқымен қоса іргелес елді мекендерден келгендер күллі ауыл адам қабылдауға дайын екендіктерін айтуда. Қызықты думанның ортасында ғана жүретіндей көрінетін Сайрамдық шабандоз жігіттер көмек орталығына ағылған арыстықтарға ыстық тамақ жегізбек мақсатында екі қой сойып, 80 келі күріштен сол жерде палау басып жатыр.

Қолы аузына бірде жетсе, бірде жетпей жатқан қарапайым халықтың берген көмегіне ақы сұрау ойына кіріп те шықпайды. Көмек бере алғанына бақытты. Кешегі "Ақтабан шұбырындыда" шұбырған халғын біріктіріп жауға шапқан Қабанбай, Бөгенбай, хандар мен билердің ұрпағы жойылмапты. Ел басына күн туғанда ойланбастан бас көтере бірікті.

Көмек көрсету орындарында сәбилерге қажетті памперс тау-тау үйіліп, сусындардың түр-түрі қаланып тұр. Қалағаныңша қолдан. Қамқорлық. Есінен танған халыққа үлкен қамқорлық. Бірақ, баспанасынан айырған қасіреттің орнын толтыра алмасы анық. Президентіміздің ұшып келіп, халықпен тілдескені есінен танған халыққа дем берді.

Күнделікті бейбіт тіршілікте болмашыға күйіп-жанып, "жетпей жатқан" дүниеге бола күйзеліп жатамыз. Жауған оқтан қашқан жұртты көргенде, тобаңа түсесің. Отбасы мүшелері мен тума-туыстарынан көз жазып қалғандардың тамақ ішуге мұршасы жоқ. Сусындап алып, етжақындарын іздестіруде.

Кей-кейде орынсыз сөкет жайтты жариялап, жүйкені тоздыратын әлеуметтік желідегілердің қасірет қаумалаған сәтте халықты құлағдар етуде атқарған рөлі өте зор болды. Тіптен, көзге сүйел болған кей блогерлердің жоғалғандарды табыстыру жолында іздеу салуға белсене атсалысқаны сүйсінтті.

Бастысы, интернеттің өшірілмегені адасқандардың тезірек табысуына өзіндік ықпал етеді. Жөңкілген халықтың басым көпшілігі машинасына қашқан жұртты жүк бөліміне дейін лық толтыра ала кеткен адамгершілігіне қалыпты жайт деп қарағанмен, есінен танған сәтте иманын жоғалтпаудың бағасы биіктігіне ешкім дау айтпас.

Жергілікті журналистер мен блогерлердің ақпаратпен қатар психологиялық жәрдем беруде атқарған еңбегі ерен. Еліміздің түпкір-түпкіріндегі алыс-жақынға әлеуметтік желі арқылы дер сәтінде хабар беріп тұруды қолға алып, білек сыбана кірісті. Жөңкілген халықтың іліккен жерден көз жазып қалғандарын фотоға түсіріп, әлеуметтік желіге бөліскеннен көптеген аналар балапандарымен табысты.

"Балапанымды көрем бе, көрмеймін бе?" деп күйзелген аналардың бауыр еті баласымен табысқан сәтін жан шыдап көру мүмкін емес. Көз жазып қалған күллі бала аналарымен табысты. Өлдіге балаған балапаны алдынан күліп щыққанын көру – қай анаға болсын тіл жетпес бақыт. Бірақ, "осы қасіретті болдырмауға, жол бермеуге болатын еді ғой" деген ой көкейде маза бермейді.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Была ли эта статья для вас полезной?
0

  Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

  Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Новости партнеров