Наным мен танымның тапталуы

Бар мен жоқты, кемел мен азғындық параметрін: "Баяғыда әкелеріміз, не, баяғыда аталарымыз..." деп, ескі жолды еске алумен салыстырмалы түрде талдаумен шектелетін болдық. Бәлкім, солай болуы тиіс те болар.

Заман орнында тұрмайды ғой. Бірақ, ойландыратын бір мәселе: аталарымыздың бабалар жолын бұзбай, кеше ғана парағы жабылған ХХ-шы ғасырға аман жеткізген қажылық заңдылығы небәрі 20-30 жыл ішінде қалайша өзгеріп кетті?!

"15 рет қажылыққа бардым"

Құрбым умраға барып, қажы боп қайтқанына құран оқытты. Бір қызығы, келгендердің басым көпшілігі – қажылар екен. Іштей "тәубә" деп қойдым. Иманын тазартып қайтқанға не жетсін, шіркін?! Дастарқан басына көзтаныс біреу кеп жайғасты.

Көптен көрмей кеткен танысымның тақиясына қарап, қажылыққа барғанын жобаладым. Әңгіме барысында, дастарқандастар арасында менің ғана қажылыққа бармағаным анықталды. Танысым бармағаныма мырс етіп, өзінің биыл 15-ші рет қажылыққа барғанын айтты. Тағы бір байқағаным, қажылардың әңгімесі қарапайым майда-шүйденің маңайында болды.

Мекке жайлы әрі-бері сұрағанымда естігенім тек, алған әсері ғана. Былтыр умраға барған сыйлас кісім Мекке жайлы керемет мағлұматтар бергенде, айызым қана тыңдап, бармасам да барғандай әсер алғанмын. Қасымдағылардан ондай сөз ести алмай, біздегі құрма мен ол жақтағы құрманың бағасындағы айырмашылықты білумен шектелгеніме қынжылып қалдым.

Алланың елшісінің кіндік қаны тамған, ислам дінінің қазығын қаққан, имандылықтың дәнін еккен жерге табан тигізудің өзі –үлкен мәртебе. Бірақ, саяхат есебінде емес, өмірдің парқын таразылап қайтса қандай сауап болар еді, шіркін.

Әлгі танысымнан не себепті 15 рет барғанын сұрадым. "Бір барған соң, үйреніп қалады екенсің? Одан қала берді, жан-жағыңнан ағылып кетіп жатқанда, тап бір ақшаң жоқтай қалып қойған біртүрлі. Сосын, әйтеуір сауабын ала берейін деп барамын...", – деген жауабын естідім.

Онысымен қоймай, өзара бір танысының "Жылда барушы еді. Биыл бара алмай қалды, ә? Жалыққан болар?.." деген сөздерін естігенде, еріксіз "Астапыралла?!" дейді екенсің. Құдай алдында арын тазартуға баратын орын мүмкіндігі барлардың баратын жеріне неге айналып кеткен?

"Қайта-қайта бара бергенше, бір кәріпті орныңа жібермейсің бе дейді? Өзің көргендей қайдан болсын?! Менің өз сауабым өзімде! Не үшін өзгені ойлауым керек?!" деп санамда іркілген ойыма ашық жауап берген қажының дауысын естігенде, сұрап үлгермегеніме қуандым. Мынадайын жауапқа не айтар едім?..

Салттан кетіп, сәнге айналған

Естігенімнен ішім удай ашыды. Осы бізде қасиетті қадірлейтініміз азайып кеткен жоқ па?! Ертеде: "Қажылық жолында қайтыс болсам – Алланың алдында шеит болғаным", – деп, аталарымыз алыс сапарға кетерінде ел-жұртпен қоштасып, ат арыта жаяу барғанында мән бар еді. Жол-жөнекей кездесетін қиындықтан сабыр мен төзімін таразылап қайтатын. Оралмай қалғанның соңында қалған отбасы "Әкеміз қажы боп мәңгілік үйіне қайтты" дескен екен.

Тарихқа сүйенсек, Абайдың әкесі Құнанбай қажылыққа барғанда, қазақтар түсетін қонақ үй салып, ішіп-жемін мойнына алған екен. Азып-тозып жеткен мұсылманға ол да – үлкен көмек қой?! Жат елде өз қандастарыңмен бір үзім нанды бөліп жегеннің өзі бойға қуат. Әлбетте, бұл жайт бүгінгі қазақ қажыларына еш қатысы жоқ. Себебі, әр саяхат фирмалары бүкіл жауапкершілікті өз мойындарына алған.

Оның адамға тиімді жайы, әрине көп. Заманауи қажеттілік өзгерген кезеңде қалыптасқан тіршіліктен мейлінше төмен болмауын қалайтынымыз жасырын емес. Әңгіме тек парасат майданына тірелгені болмаса. Қажылыққа барған жан ең алдымен бойындағы тәкаппарлықпен күресіп, менмендік пен бейтараптықты жеңген кезде барса, сауаптырақ болар еді?

Сопылық жолдың негізін қазақ топырағына қалдырып кеткен Қожа Ахмет Ясауи бабамыз топыраққа айналуды армандаған. Нәпсі мен тәкаппарлықты жеңген кезде ғана топыраққа (рухани тазару) айналасың. Біздердің қолымыздан ол келе ме?

Саяхат фирмалардың наны жүріп жатыр

Бүгінде Меккеге апарып келетін саяхат фирмалары жеткілікті. Оған да құдайға шүкір. Қасыңда жетелеп жүретін бір топбасы береді екен. Екі жарым мың доллармен әндете ұшып барып келесің. Заман жақсарды. Бәрі жеткілікті. Айтуларынша, қонақ үйді мүмкіндігіңе қарап таңдау еркің екен.

Танысым көбіне вип-бөлмені таңдайтынын айтты. "Қажылыққа барғанда, Пайғамдардың (с.а.с.) еліне қымбат қонақ үйінің биік қабатынан қарап жатқанға не жетсін?! Әдемі киінгенді, жүріп-тұрғанды Пайғамбарымыздың өзі қалаған екен ғой?!" деп, өз қылығын ақтап алып жатыр. Болсын. Сән-салтанатын құрсын. Сонда деймін-ау, қажылығымыздың мән-мағынасы қайда қалғаны?!

Діни ағымы көп елміз

Атадан мирас боп жеткен Ханафи мазғабы ысырылып, сан-алуан мазғабтар қаптаған уақытта, діни көзқарастың сан құбылып кеткені шындық. Нақтылы діни тежеу, зерделеу кемшін түскендіктен, адасып жатқанымыз қаншама. Кейде қайсы дұрыс, қайсы бұрысын ажырата алмай, басың қататын кез де жеткілікті.

Шариғатты бес парызының қасиеттісі санайтын қажылық – екінің біріне бұйырмаған бақыт. Рухани жағынан айтамын. Егерде, жанның жайлылығын қалайтын болса, Мекке асып несі бар? Саяхат жасағың келсе, жайлы қонақ үйде рақатқа кенелгің келсе, Дубай бар. Араб эмиратын арала. Мысыр ас. Еуропаны арала. Бірақ, Меккенің мәні, мағынасы – имандылық емес пе?

Соңғы жылдары Меккелік жергілікті халықтың да иманының әлсірегені жайында көптеген ақпараттар тарап жатыр. Мекке – ислам дінін тұтынған мұсылманның Алламен кездескісі, қауышқысы келіп, арманы жүзеге асады деп сенетін "сенім орыны" деп ойлаймын.

Тіршілікте қасиетіне тозаңның салмағындай һарамдық жоламайтын ең қасиетті жер болуы керек қой?! Мұсылман үшін ол – Мекке. Қағба. Қасиетті Қағбаның қасында мінәжат еткің келген екен, алдымен жүрегіңе үңіл. Аллаға сыйынарлық жүрегің таза болсын.

Меккеге бармай-ақ қажылық жасау

Қажылықтың санын қуалағанша, бәлкім, сол қаржыны жоқ-жітікке қиярсыз? Мүмкін, сіздің Мекке асқаныңыздан сол сауабыңыз қажылыққа баланар? Есіме түскен қажылық жайындағы мына аңызды сіздермен бөліскім келді: Йасы шаһарының етікшісі ұзақ жылдар бойы күнделікті табатын ақшысын үшке бөледі. Бірін – ертеңгі қажетті ине-жібіне, екіншісін – бала-шағасына нәпақаға, үшіншісін – қажылыққа деп бөледі.

Бір күні үйіне оралса, алдынан әйелі жылап қарсы алады. Себебін сұраса әйелі: "Сен ылғи құдайы көршіңнен ештеңе аяма. Қияметте сұралады" дейсің. Көршім болса маған қиянат жасады. Таңмен мұржасынан түтіні будақтап шығып жатқан соң, үйіне жүгіріп бардым. Ошақта іші етке толы қазан асулы екен. Күні бойы еттің түсірілуін күттім. Түсірілмеді. Сен келетін уақыт таяған соң, лажсыз үйге қайттым?!" дейді.

Етікші жөн сұрамаққа көршісіне барады. Сонда көршісі мән-жайды былай деп айтады: "Көрші, әйеліңді ренжіткенімді білемін. Су таситын құмырамды сындырып алып, күнде табатын нәпақамнан айрылып қалдым. Апта күннен бері балаларым аш болған соң, не де болса жүгірген аң болса да тіске басар табайын деп, шаһар сыртына шықсам, жолда бір есек арам өліп жатыр екен. Аштан шулап отырған балаларым көз алдым келіп, Алладан кешірім сұрап жалбарынып, есектің терісін сыпырып, етін үйге арқалап келдім. Балаларым есектің еті екенін білмейді ғой?! Әйеліңнің ет жегісі келгенін білсем де, өзім білетін харам асты жегізгім келмеп еді?"деп жылайды.

Қатты ойланған етікші, ертеңіне қажылыққа деп жинаған ақшасын екіге бөледі. Бір жартысын ине-жібіне алып қалып, екінші жартысын көршісіне апарып: "Құдайы көршім аш отырғанда қажылыққа барғанымды Құдай да қабыл етпес?!" деп берген екен.

Қажылық аяқталғанда Меккелік бас мүфти ортаға шығып:

– Йассыдан келген кім бар? – деп айқайлайды. Йасыдан қажылыққа барған керуен басы:

– Мен бармын,– дейді.

– Сенің шаһарыңда пәленше деген етікші бар екен. Айтып бар. Соның қажылығын Алла қабыл етті де, – депті.

Демек, қажылық сән мен санын қуалап баруда емес, санаң мен жүрегіңдегі адамға деген шексіз махаббатта. Адамгершілікте. Мейірімде. Тылсым күштің иесі бір Алланың барына деген сенімде.

Десе де: "Осы қажылықтың қадірін қашырып алған жоқпыз ба?" деген түйткіл сұрақ миымнан кетпей қалды.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Мнение автора может не совпадать с позицией редакции.

Өзіңізге ыңғайлы жерден informburo.kz оқыңыз:

Facebook | Instagram | Telegram

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter