Прямой эфир Новости спорта

"Мақсарыны" білмей масқара болдық

Ботаничка.ru сайтынан алынды
Ботаничка.ru сайтынан алынды
Біз малға беріп жүрген мақсарының қалдығынан қытай елі таптырмастай дәрумен дәрі-дәрмек жасайтынын білеміз бе?

Құдай сыйлағанға құлқы жоқ халықпыз

Оңтүстіктің табиғаты Жаратқанның ерекше ілтипатына иеленгендей жанға жайлы екені белгілі. Көктемнің алғашқы жаршысындай бел-белесі көкмайсаға бөленіп шыға келетін аймақта сан-алуан жеміс-жидекпен қатар, адам ағзасына пайдасы орасан дақылды өсімдіктер түрі де мол.

Жетісайға жолсапарға шыға қалсаңыз, Қазығұрт ауданын қақ жара өтесіз. Жол бойын жасыл-желек жамылған белдер көңілдің қошын желпіте түседі. Текке жатқан жерді көрмейсің. Сан-алуан дақыл егілген алқап, көз жауын ала арбайды. Жағалай жайқалған мақсарыға назарым ауды.

Мол егілген алқапқа қарап, мақсары майының дүкенде жоғы есіме түсті. Қазығұрттық жолсерігімнен жөн сұрағанда: қазығұрттықтардың көбіне мақсары егетінін, өнімі мол, кірпияздық көрсетпей өсетін мақсарыны қытайдан келіп көтерме бағамен сатып әкететінін естідім.

Алғашында тек сығылған майын әкетіп жүрген қытайлықтар, соңғы жылдары "күнжара"деп малға беретін қалдығын да алып кететін болған. Кәшек қалдырмай әкетуінің түпкі себебін әлеуметтік желіден мақсарының қасиетін зерттегенде түсіндім.

Күнбағыс пен мақта майынан сапасы кем түспейтін, әсіресе, мақта майынан әлдеқайда арзанға түсетін мақсары майының еш қалдықсыз жат ел асып жатқаны шымбайыма батып кетті.

Салғырттықтың салдары

Өзімізге неге сатпайтынын сұрағанымда, күнбағыс майы мен мақта майына үйренген тұтынушы мақсары майын алмайтын көрінеді. Ойланып қалдым. Әр өнімді қолданысқа енгізу үшін өркениеттік дамудың өресін жарнамаға телмірткен заманда жарнама қажет-ақ. Әсіресе, өз топырағыңда өнетін дақылға келгенде неге бейтараппыз?

Әлемде Жерорта аймағынан соң бізде ғана өсетін дақылдың құнына жете алмай жатқанымыз сол – бәз-баяғы өзімізге деген салғырттықтың салдары. Қытайға өшігіп, өкпелеп жатамыз. Алыстан өшігіп, әлеуметтік желіде жерден алып, көрге тығамыз. Іс жүзінде бәрі сол: "Баяғы жартас – бір жартас".

Табиғат-Ана жаратқан дақылына дейін қамқоршы – мақсары дән салған кезде тікенегі қатаяды. Тікені тұмсығына батқан мал мақсарыны айналып өтеді. Сондықтан, көбіне бидай алқабына мал түсіп кетпесін деген мақсатпен мақсарыны айнала егіп тастайды.

Қарапайым мақсары-, адамзаттың негізгі азығы қасиетті бидай дақылын мал тұяғынан қорғаушыға айналған. Көктен тамған тамшымен ғана сусындап, бойына бар қасиетті жинай білген қарапайым мақсары – ізгіліктің символикасы іспетті.

Қазба байлығымыз түгелдей дерлік Қытай асқанына селт етпейміз. Енді міне, жердің астын қойып, үстіндегі байлығын тасып алып жатыр.

Арзан болғаны үшін айыпты

Ойлап қарасаң, мақта мен күнбағыспен салыстырғанда – мақсары – ең арзанға түсетін дақыл. Неге десеңіз, дәнін еккен соң, суаруды қажет етпейді. Құдайдың тегін жаңбырының суымен жетіледі. Шөлге өте төзімді дақылдың тұқымы пісіп-жетілгенде жерге төгілмей, өзін орып алуын күтіп тұратын қасиетін айтсаңшы?!

Шығынсыз деуге болмас. Екі-үш жылда орнын ауыстырып егудің қажет ететіні айтпаса да түсінікті. Өнімді мол алу үшін тыңайтқыш та сөзсіз керек. Қолданған күнде де басқа дақылдарға қарағанда шығынын еселеп қайтарады, өнімді әрі өте тиімді дақыл.

Комбайнмен оратын болғандықтан жинау да арзанға түседі. Әр гектарынан 7 ц-ге дейін өнім алуға болатын мақсарыны өңірде игілікке асырушы кәсіпкер түбегейлі жоқ деуге болмас. Көп ішінен топ жаратын бір дүлділдің шықпай қалмасы анық.

Оңтүстікте кішігірім мақсары май зауытын ашып жатқан кәсіпкерлердің бас көтере бастағаны бойға демеу бергендей. Өкініштісі, кәсіпкерлердің жанкештілікпен өндірген өніміне жергілікті тұтынушыдан сұраныс жоқ. Нарық заманында арзан тауардың өзі сұранысы болмаса,бәсекеге төтеп бермесі хақ.

"Өзгенің қаңсығына таңсық болудан" талмайтын жағымсыз қасиеттің еліміздің экономикасына қаншалық залал келтіріп жатқанына мән бермеуге қалыптастық. Дүкен сөресінде отандық өнім мен шет ел өнімі қатар тұрса, өзіміздікіне мұрын шүйіріп, жаттың химикатқа тұнған сапасыз өнімін сатып алатынымыз өтірік емес.

Мұрын шүйіруге шеберміз

Бағасы қымбат түссе де жаттың өніміне құштарлығымыз миға қонымсыз. Алдыңа әкеп ұсынған табиғи таза өнімді "өзіміздікі" деп менсінбей, кейде тіпті алуға ұяламыз. Жаттыкін қолдану – мода. Өз елінде тұтынуға тиым салынған өнімді біздерге арзан бағамен сататын жателдік кәсіпкерлер бізге сыртымыздан күлетін болар?

Біз жақта ет алуға базарға бара қалсаңыз: "мақсары күнжарасына байланған" деген естісек, сол етті таласа-тармаса сатып аламыз. Өйткені, күнжараға байланған малдың еті бойға тез сіңетін, асқазанға салмақ салмай қорытылатын, дәмі жағымды.

Қалдығына бас қатырмайтын қазақ күнжарасын малға жем орнынан бере салады. Мақсарының қасиетін зерттегенімде холестерині өте төмендігімен қоса жүректің ишемиялық ауруларына, қант диабеті, жоғары қан қысымы, атеросклероз сынды дертке шипасы барын білгенде, қарапайым дақылдың бойындағы соншалық қасиетке сүйсіндім.

Құрамындағы көп мөлшердегі Е дәрумені қан айналымын жақсартып, иммундық жүйені нығайтатынын өзім де енді біліп, жайбасарлыққа да жатпайтын, салғырттықтан гөрі бейтараптыққа жақын енжар мінезімізге ішім ашыды.

Қасиетімен қасиетсізге айналды

10 кг күнжарасында 55 малдық азықтық өлшем бар мақсарыға Қытай, Ресей, Бельгия, Голландия, Иран, АҚШ елдерінен сұраныс түсіп, бүгінде біздің тұрақты тұтынушыларымызға айналып үлгерді. Өз елімізде мақсары майына деген сұраныс жоқтың қасы. Парадокс.

Мақсары (сафлор) дәнінен май, гүлінен бояу алынуымен қатар түрлі косметикалық майлар жасалынады. Азия мен Еуразия континетінде тек біздің Оңтүстікте ғана өсетін бір мақсары емес, қаншама құндылықтарымыз жатқа кетіп жатыр десеңізші?! Басқа өсімдік түрімен салыстырғанда мақсарының қалдығының өзі сан-алуан өнімге өте қажетті қалдықсыз өнім боп саналатына дәлел: Иран елінде мақсарынының қалдығынан халуа жасаса, қытайлықтар таптырмастай шипалы дәрі-дәрмек жасайды.

Бізде малға беріп, отын ретінде жағатын күнжараны шипалы дәрі-дәрмекке айналдырып, қымбат бағаға қайыра өзімізге сатады. Күлкілісі – таласа-тармаса сатып аламыз. Қытай пайданың көзін тапты.

Жарнамаға жарымаған мақсары

Отандық ғалымдардың мақсарының адам ағзасына қаншалық пайдалы екенін кең ауқымда халыққа жеткізбей жатқаны өкінішті-ақ.

Ғалымдарды кінәлаудан аулақпын. Жаңалықты ілгері бастыру үшін жан-жақты қолдауға деген қажеттілік туындайды. Кәсіпкер мен ғалым арасында байланыстың болмағаны – отандық өнімді тиімді қолдана алмай жатуымызға себеп деген ойдамын.

Зәйтүн майымен салыстырғанда екі есе арзанға түсетін мақсары майына деген немқұрайлылықтың орасан залалы тиіп жатыр деп ойлаймын. Мәселенки, шет елден келетін зәйтүн майының небәрі 100 грамы мың теңге шамасында. Ол бағаға бірнеше литр мақсары майын алуға болады.

Сонда деймін-ау, тегін жатқан мақсары майын аттап өтіп, зәйтүн майына деген құштарлық қайдан? Оның үстіне, соңғы кездері шеттен келіп жатқан майдың мейлінше тазартылғандығынан (рафинированный), зәйтүннің жағымды қасиетінен із қалмайды, татымсыз емес пе?

Өзгенікін даттау мақсатым емес. Айтқым келгені – мақсарымызды бағаламай жат ел асырып, масқара боп жатқанымыз. Барымызды бағалайтын уақыт тілі жетті. Мақсарымызды қорғайықшы, ағайын.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Поделиться:

  Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

  Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Новости партнеров