Прямой эфир Новости спорта

"Діңкелеген" драматургия

Фото qazaqadebieti.kz сайтынан алынды
Фото qazaqadebieti.kz сайтынан алынды
Бүгінгі драматургияның деңгейін тілге тиек етпес бұрын, "драматург" мен "драматургияға" деген көзқарастың парқын білген артық болмас.

Драматургияға бетбұрыс

Жоқтың қасы десем, артық айтпаған болар едім. Иә, драматургия жайлы әңгіме қозғалып, ұсыныстар жасалынып, биік мінберлерде сөз айтылып жатыр. Бірақ, нәтижесіз. "Не себепті?!" деген орынды сұрақ туындайды. Иә, шынымен "тұщымды пьеса жоқ?!" деп, театрлардың қоярға пьеса таппай "жылауы" орынды.Лайықты пьеса неге жоқ?!

Көрерменді ығыр ете бастаған осы сұрақтардың "қазанында қайнап"жүрген соң, өз тарапымнан әлім жеткенше аздап сараптама жасап кеткім келді.

Мемлекетіміздегі театрлардың барлығын қосқанда саны – бір ғана Мәскеу қаласындағы театр санына жетпейді екен. Бір қызығы, сонша театры бар Мәскеуде кешкі сеанстарға билет таппайсың. Көрермені көп. Көрермен табу үшін біздегідей жанығып жатқан ешқайсы жоқ. Тіптен, біздің театр сүйетін қауымның өз театрымыздағы қойылымдардан қанықпаған ләззатын сонау Мәскеуге арнайы ұшып барып, спектакль көріп қайтып жатқанын оқып, естіп жүрміз.

Кілтипанның кілті неде?..

Әлбетте, барлық театр репертуарына міндетті түрде "мүйізі қарағайдай" драматургтердің құрығанда біреуін қалқан ете енгізіп қояды, Онсыз болмайды. Әлдеқалай жағдайда; "О не дегеніңіз?! Мінеки, мына драматургіміз тұр ғой?!",- деуге құтқарушы күш. Тек, арасынан жас драматургті көрмейтініңіз болмаса.

Жас драматургтерді репертуарына тартып жатқан театрлар бар. Аз. Өте аз!..

Жеке басым көз жасымды төгердей жайым жоқ. Құдайға шүкір, еліміздің түпкір-түпкірінде пьесаларым сахналанып жатыр. Мені толғандыратын мәселе – жас толқын драматургтердің халі. Бүгінде өзіндік қаламын өзгеге ұқсатпай драматургияда тартып жүрген Мұрат Қолғанат, Айдана Аламан, Мерей Қосан, Әлібек Байбол секілді таланты ашылып келе жатқан жастарымыз бар. Мен білмейтіні қаншама. Егер, жас драматургтердің қажеттілігін өтемеуді жалғастыра берсек, осылардан айрылып қаламыз ба деген қаупім, күннен-күнге күшейуде.

Режиссер мен драматург

Бір қарағанда екеуі бір-бірінсіз арба жегуі мүмкін емес. Қай режиссерден сұрай қалсаңыз еститінің; "Бізде қаламы қарымды драматург жоқ. Тұщымды пьеса қойғымыз келеді. Таппаймыз. Әсіресе, заманауи тақырып жоқтың қасы. Авторлар неге жазбайды?! Сосын, шетелдік авторларға жармасуға мәжбүрміз..."

Драматургты тыңдасаңыз: "Жазудай – жазамыз. Театрларға ұсынамыз. Бірақ, қаламақы төлемейді. Бәрі тегін алғысы келеді. Театрдың кассасына миллиондап ақша түсіретін қойылымның ар жағындағы менің идеям, көзмайымның ақысына келгенде қаламақы төлеуге неге қиналады?! Драматургтің де бала-шағасы, тіршілікте сан-қилы қажеттілігі бар. Шаш қырқуға барсаң, шаштараз тегін кімге шаш қияды?! Ал, көрерменге ләззат сыйлайтын пьесамыздың қырқылатын шаш құрлы құны жоқ?!." дегенді естисің.

Кілтипан қайдан?!.

Театрдың үш тағаны бүгінде аздап: Режиссер – Актер – Драматургтің орнына – "Драматург – Театр басшылығы – Режиссер" боп өзгерген.

Қақ ортасындағы театр басшылығының: "Бір жылға бар-жоғы 7 млн қаржы бөлінеді. Кемі 5 қойылым қоюым керек. 7 млн-ды автордың қаламақысына төлеймін бе, қойылымға қажетті шығынға беремін бе?! Оған, шақырылатын режиссердің шығынын қосыңыз?!" – деген өз зарын естігенде, "төбе шашың тік тұрады".

Төртінші зар

Қазақ театрларына ортақ ең ауыр мәселе - кәсіби театр режиссерінің "қасқалдақтың қанына" айналғаны. Көрерменді өзіне тартқысы келетін театр басшылығы, саусақпен санарлық қана кәсіби мойындалған режиссерлардың кезегіне тұруға мәжбүр. Алматымен Астанада режиссер жеткілікті болғанмен, алыс-жақын облыс орталықтарындағы театрларға кәсіби режиссер бармайды.

Басты себеп: Жалақысы аз. Пәтер жоқ. "Үйсіздің күні – күйсіз" екенін ескерсек, күйі келмеген режиссердің жаннан безіп, облыс театрын гүлдендіргісі келуі екіталай. "Жар басында жантақты – жаннан безген нар жейді"-нің заманы өтіп кеткен. Ол үшін режиссерді кінәлай алмайсыз. Режиссер – отбасылық жылулықты қажет ететін Адам.

"Жоқтан жақсы" деп, жігін жіліктей алмайтын режиссерді қанағат етуге мәжбүр театрлардың жұлынына зақым келгендей тұралап жатқаны қаншама?! "Ортаңқол" режиссердің "ортаңқол қойылымының" бақыты ұзаққа созылмай, орта жолдай омақаса сүрінеді. Қойылымға кеткен қаншама қаржы, актердің маңдай тері, сценографтың идеясы күл-талқан боп, театр директоры жұларға шаш таппай жатқан жайттар да жоқ емес.

Шынайы маманның жағдайын жасау– жалғыз театр басшысының қолынан келмейтін жүк. Облыс, қала басшылығының пәрменімен жүзеге асатын рухани мәселеге "жоғарғы басшылықтың" мойын бұруға мұршасы жоқ.

Шым-шытырық шешімін таппай жатқан түйіннен күйзелетін – Театр.

Шешімі қиын үш таған

Режиссерге ұнаған пьесаны театр басшылығы автордан сатып алу керек. Қаламақы төлерлік театрда қаржы жетімсіз. Жақсы пьеса қаламақының жоқтығынан ысырылып, қаламақы сұрамақ түгілі, репертуарға іліккеніне бақыттан басы айналатын авторлардың жолы ашылып шыға келеді.

Бір қызығы, бүгінде "ерінбейтін етікші драматургтер" жауыннан кейінгі саңырауқұлақша қаптап кетті. Арасында жоғары биліктегі шенеуніктерді көргенде... Жо-жоқ, талант таңдамайды. Жазсын. Бірақ, драматургияның заңдылығынан хабарсыз жазбасын (пьеса деуге қолың бармайды) оқығанда, қайран қаласың.

Ол аз дегендей, "қаламақы сұрамайтынын, үлкен қалаларға гастрольдік шығынын өтеп беретінін, шетелге шығаруға жол ашатынын" айтқанда... Ғайыптан тап болған бақыттан еш директор бас тартпасы кәміл. Тым құрыса ашығып жүрген артистеріне шетел сахнасын көрсетіп қалса жаман ба? Дегенмен де, парасаты биік театр басшылары басым екенін ескерсек, "актер мен репертуардың жағдайы толғандырмайды" деу, әбестік болар.

Әлбетте, "өзін сыйлайтын" кәсіби режиссер, қолына тиген пьесаның ортаңқол екенін көреді. Қарсылық білдіреді. Жақсыны қойғысы келіп жанталасады. Тағы сол айсберг – қаламақыға маңдайы соғылады. Нәтижесінде "ортңақол пьеса", "ортаңқол қойылым" балапан басып шыға келеді.

Осыдан кеп шынайы театр сүйер қауым, көңіл тояттайтын қойылымды мүмкіндігі жетсе шеттен іздеуге мәжбүр болады.

Әлқиссаның түбірі ақшаға тіреледі

Егер, Театр өнерінің "басты тағаны" қазақ драматургиясы өлмесін десек, драматургтердің жағдайын ең алдымен қолға алу қажет. Көзмайын төге жазғанын театрға қомақты қаржыға сата алатынын білсе, жас толқын драматургтердің қызығушылығы оянып, білек сыбана кірісері сөзсіз.

Шетелде, идея қымбат. Іске сырушының еңбегі арзан. Себебі, іске асырушы тарап – идеяның арқасында ақша табады. Бізде, керісінше. Автордың идеясымен театрды асырағысы келеді. Бірақ, идеяға ақша төлегісі келмейді. Осыдан кеп автор мен театрдың арасында мәңгілік майдан үзілместен жалғасып келеді.

Жергілікті әкімшіліктен қаржылатын театрлар авторлармен келісімге отыратындай қаржыны мың жерден жанталасқанымен таба алмайды. Бүгінгі көрерменнің талабы өте биік. Ғаламтордың құлағында ойнап отырған ең жас көрерменді қызықтыру театрға оңайға түспейді. Қызықтыру үшін көргеннен алған әсермен тағы айналып кеп көруі үшін қызығатындай татымды пьеса керек.

Ондай пьесалар шүкір, бар. Тағы сол "әлеуләйлім"!..

Бүгінде бірнеше жеке театрлар ашылып, өз көрерменін тауып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Жеке театр көрерменді қызықтыру арқылы күн көре алатынын о баста білгендіктен, автормен қоян-қолтық табыс табуды жолға қоя бастады. Құптарлық жайт. Бірақ, бәрі бірдей қаламақы төлерлік дәрежеде деп тағы айта алмаймын. Жеке баспана бұйырмаған жеке театрлар, театр өнеріне деген махаббатын жайдақ мініп, жан бағумен жүргені де ащы да болса шындық.

"Мемлекеттік театрларды тарату керек. Сол кезде бәсекелестік туындап, қойылым жақсарады" деген де ұсыныстар айтылып жүр. Олай болған жағдайда, шалғай жатқан облыстардағы театрлар құлайтыны сөзсіз. Театрмен қоса рухани тоқырау басталарын естен шығармауымыз керек.

"Рухани тоқырау боп қойғанда?!." деп сын айтуға да болар. Десе де, азды-көпті "Театр өнерін" құлатпай отырған сол театрлар екенін жадымыздан шығармағанымыз жөн. Әсіресе, талантты режиссердің қолына түсіп, із қалдырардай роль ойнауды армандайтын актерді ойлаудың өзі жүрек сыздатады.

Театр мен көрермен арасын жақындататын – тұщымды дүние! Қазақ театры ілгерілесін, тоқырамасын, шетелге аты шықсын десек, театрдың бір жылға жоспарлаған қойылым авторларына төлейтін қаламақыны қаржыландыруды Мәдениет министрлігі тікелей өз қамқорлығына алып, арнайы ақша бөлуі тиіс.

"Американы ашып отырғаным" жоқ. Театрдың қара қазанында қайнап жүргенде маңдайым соғылған, көз алдымда болып жатқан жайттармен азды-кем бөліскен түрім.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Поделиться:

  Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

  Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Новости партнеров