Прямой эфир Новости спорта

Балшыққа батқанды кім аямақ?

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Төрінен қонағы арылмайтын қазақ, қуыс пәтерден гөрі жер үйді қалайды. Есесіне белден батқан батпақтан арыла алмайды.

Қазаққа қонақ сұрап келмейді

Соңғы жылдары: "Телефон шалыспай үйге қонақ келмейді" дегенімізбен, келген қонақты қондырып жіберетін әдеттен кеткен жоқпыз. Құдайға шүкір, шақырусыз келген қонақты қабақ шытпай күтіп алатынымыз жеткілікті. "Сұраса келе қарын бөле" болатын қазақ қонақ күткенге ықылым заманнан мәрт. Өз ағайыны түгілі, сырттан келгенді құдайы қонаққа байлаулы жалғыз ешкісін сойған халықтың ұрпағы әлі де қонақжайлылықтан арылған жоқ.

Өлсең көрің кең болсын

Атам қазақ әр сөзін таңдайына татығандықтан айтса керек. Біз – кең тұрғанды қалайтын халықпыз. Баланы топырлата туғанға қиналмайтын халықпыз. Балалы үйдің ырысы молдығына сенеміз. "Бір қозы артық туылса – бір түп жусан артық шығатыны"– ғасыр таразысында дәлелденген ақиқат. Әр нәресте өз несібесін ала келеді. Бала-шаға асыр сала ойнайтындай үйдің кең болғанын қалайтын халықпыз. Сондықтан да, салуына қиналсақ та жер үйге қарай ұмтыламыз. Қонақ келсе, тым құрыса ойнай тұратын есік алдында әулі бар дегендей...

Жанға жайлы, көгілдір оты жанып тұрған үкімет салған пәтерді: "Жиын-той, құда күткенде кең болсын" деп, түгі жоқ жер теліміне ойланбастан айырбастай салатын қазақ қана болар? Қатарында өзім де бармын. Жиын-тойда барымызды шашатын қазақпыз. Бір той жасау үшін тиындап ақша жинайтын да біз. Табалдырықтан аттаған қонақты төбеге қоя сыйлы төрге жайғастыратын да біздің ұлт. Көңіл шалқытарлық той жасап, қара шаңырақтан қонақ үзілмеу үшін үйдің кең болғаны абзал. Әрине, мүмкіндігің жетсе?..

Өз қотырын өзің қасу жеңіл

Жайлы өмірден өз еркімен кім безінер дейсің? Көгілдір оты лаулап, ыстық суы сарқырай аққан пәтерде жан сақтау артықтық етпес. Әлбетте, кезегің жетсе не сатып алуға тиындап жинаған ақшаң жетсе. Статистикаға сүйенсек, соңғы жылдары шаңырақтың көптеп шайқалуына осы баспана жетімсіздігі жойқын әсер етіп жатқаны баршаға мәлім.

"Ауруын жасырған – өледі" демекші, кісі босағасында көшіп-қонғаннан шаршаған жастар арасында ажырасудың күрт өсіп кеткені – ащы да болса, шындық! Нәтижесінде бар ауыртпалық айналып келіп әйел мен балаға түспек.

Қазаққа ең бастысы үй салатын жер тапса жеткілікті. Өліп-талып үй салудан қашпайды. Әрине, үй салардай жері болса. Кезекке тұрып, кең жазира жерімізден ұлтарақтай үлес берілуін сарыла күтіп жүргеніміз қанша?! Кредиттің өнімін жүргізіп, баспана салып алғанға қуанады. Басқа ұлт өкілдерімен салыстырғанда кемі үш баладан қайыратын қазаққа ипотекаға алған көлемі тар екі бөлме не болсын?!

"Озып жатырмыз" деп дабылдатушы қоғамда әлеуметтік деңгейі ортадан төмен басым көпшіліктің тұрмысының оңып тұрмағанын ескерсек, олардың төлемақысы 27-30 жылға созылатын қуықтай бөлмеден гөрі, жатар жері молырақ жер үй салғанға "өлдім, Алламен" тәуекел етері түсінікті болса керек. Тек, жер берілсе болғаны.

Берілген жерге пейіл бар ма?

Жер берілудей-ақ беріліп те жатыр. Бірақ, қандай деңгейде? Тұрғын үй салғанға жер телімі берілмес бұрын, сол аумаққа ең алдымен жол салынып, жарық қуаты мен су, канализация тартылуы керек. Әттең, соны түйенің үстімен баса-көктеп кететініміз болмаса. Жер комитетінің қызметкері ере келіп, телімді жерге қазығыңды қағып бергенге мәз болумен шектелесің.

Жерді алдың делік... "Оңып атқан Оспан жоқ"-тың көкесі енді басталады. Үй құрылысын жүргізудегі ең басты керегі – су мен жарық. Жергілікті әкімшілік жер бөлуді білгенмен, жоғарыда атап өткен маңызды мәселеге бас қатырып жатпайды. "Жер бердім. Құй сал, құй салма. Қалауың білсін!.." деумен, "Не дейсің, пәленбай отбасыға жер телімі берілді" деп аттандатумен шектеледі. Жоғарыға есеп беруге шеберміз, бас шұлғумен отырамыз. Ең бастысы – жердің берілгені шындық.

Не көрмеген, неге көнбеген қазақ дейсің? Суды дәу бөшкеге құйдыртып алып та кірпішін қалай береді. Соңғы жылдары сейсмобелдемше құйылмаған үйге құжат берілмейтін болған. Онысы жөн. Себебі, жер қозғалысы жиілеп, лезде жанымызды бір тарының қауызына сыйдырып жүргені тағы бар. Талаптың текке еместігіне осы дәлел болса керек.

Жан қинайтын басты мәселе –сейсмобелдемшені күшейту үшін, міндетті түрде әр-түрлі жуандықтағы темірбелдеуіштерді қолдану керек. Ал, темірбелдеуіштерді кесіп-жонатын құралдың жұмыс істеуіне қажетті жарық жүргізілмеген. Бөшкемен таси саларлықтай су емес. Мемлекет тарапынан қуат көзі жүйелі түрде тартылмайынша, тырп ете алмайсың.

Шыдам жағынан рекордсмен

"Бала-шағамды шұбыртпай, қисық та болса өз баспанама тезірек кіріп алайыншы?.." деп жандалбасаға түскен үй салушы әлгі темір белдеуіштерді қаладағы ұсталарға апарып, белгілі көлемде кестіріп тасиды. Қарап тұрсаң, қым-қуыт шапқын. Қып-қызыл шығын. Су жоқ, жарық жоқ жерде тек қазақ қана үй салса керек. Бір етек баламен қашанғы пәтер жалдасын?!

Су тасушы машинаны күткенге, балауыздың жарығымен өмір сүргенге де шыдайды. Шыдам жағына келгенде, біздің халық алдына жан салмайды. Бастысы – бас аман, ел тыныш болсын!.. Лайым, солай болсын!

Аман болса басымыз, тағы шығар шашымыз

Әупіріммен салған үйге қоныстанады. Кем дегенде араға он жыл салып,оған су мен жарық тартылса, жақсы, бөрікті аспанға лақтыра қуанамыз. Қарапайым қажеттілік – көгілдір от пен канализацияның тартылуы, асфальт жолдың салынуына иегі қышымайды. "Бастысы су мен жарық келді. Қалғаны қайда кетер дейсің, әрі кетсе тағы бір он жылда келіп қалар?.." деумен, алдағы онжылдықтарға үміт артады. Бастысы – бас аман, ел тыныш болсын!..

Үкіметке ұрсуға келгенде алдымызға жан салмайтынымыз тағы бар. Бірақ... Жер телімі бөлінген құжатта көгілдір от, су, жарық, канализация, асфальт мәселесі түгелдей қамтылған. Ендеше неге жүзеге аспайды? Жауабы тұйыққа тірелер сұрақ.

Қала іргесіндегі мөлтек аудандардағы көшеге жаз айынан басқа мезгілде бару – қияметтің қияметі. Әдемі де жаңа аяқкиімсіз қайтуыңыз әбден мүмкін. Белуардан келетін балшық аяқкиіміңіздің бір сыңарын "алып" қалуы бек мүмкін.

Басқа түсіп баспақшыл болған жергілікті халық екі аяқкиім арқалауға мәжбүр. Бір аяқкиімді автобусқа мінгенше батпаққа, екінші аяқкиімді қаланың таза көшесіне түскенде кию үшін. Әдемілікті сүйетін әйел қауымы ондай ерлікті ойланбастан жасағанымен, еркектер жағы тәуекелмен балшық кешеді.

Өз-өзіңді жаттай сыйла...

Сырттан кеп билік жасап жатқан ешкім жоқ. Қарап тұрсаң, жергілікті әкімдердің барлығы дерлік ауылдың топырағына аунап өскендер. Сонда деймін-ау, өз басынан талай өткізген қиыншылықты түсінеді, қабағына қарап отырған халықты құтқару қиын ба?

Бермесе екен, мемлекет берген қаржыны халыққа неге қимасқа? Шетелге шыққан халық, жат елдің архитектурасына аузын ашып, көзін жұмып қайтады. Таңдай қаға айтқанда, ертегі әлемнің жер бетінде екеніне сенесің. Әдемі ертегі әлеміне айналдырып тұрған не?!

Әлбетте, түзу, кең асфальттің бойында қаздай тізіле әсем салынған үйлер!.. Түрлі қоқыс салатын бірнеше жәшіктерінің өзі неге тұрады. Бізде жүзеге асыру қиын ба? Көзін батпандаған балшықпен ашқан, мектепке резеңке аяқкиіммен баруға мәжбүр болған баладан қайдағы эстетиканы сұрамақпыз? Сусыз, жарықсыз жерге қайбір жетіскен үй салар дейсіз? "Пешенеме жазылған несібем" деумен, қолға іліккенге қанағат етуден танбайтын салады-дағы.

Болашақтың басын қатырғанша...

Бүгінгі баланың әсемдік әлемінде өсуін қамтамасыз етейікші?.. Сұлулықты көріп өскен бала батпаққа басын сұқпайды. Тек сұлулыққа қараған, әдемі затты қолына ұстап, әсем музыка тыңдап, қызық кітап оқыған аяғы ауыр әйелдердің болашақ нәрестесі сүйкімді, ақылды боп туылатынын медицина ғалымдары дәлелдеді.

Анасы батпақ кешіп жүріп туған бала азабы көп жолдан құтылудың жолын қарастырары хақ. Соңғы кезде әлеуметтік желіде иесіз қалған ауыл жайлы ақпаратты жиі еститін болдық. Етіміздің өліп кеткені сонша, ар жағындағы ұлттық қасіретке назар аудармаймыз. Ауыр тұрмыстан кім қашпайды дейсің? Қаңырап жатқан ауыл тұрмақ, қала іргесіндегі көшесі балшықтан арылмаған мөлтекауданда тұратындардың жазығы не?

Мұнайдың үстінде отырған ел бола тұра пеш жағып, күл шығарудан қолы босамаған ауылдар қаншама? Пеш жаққанға да көнерсің-ау, көмірдің құны жыл санап өскені болмаса. Құны қымбаттағанына көнгенде, көмірдің сапасыздығына соғылып, маңдайы таңдайына түсе өкініп жатқан тағы сол қарапайым көнпіс халық.

Ұшығына жеткізбес қыларқан

Бәрі өзімізден!.. Бөлінгенді бермей жатқан да, бергеннің жартысынан көбін желкесінен қиып тастап жатқан да Өзіміз?! Жергілікті әкімгерлер жанашыр болса, алынбайтын қамал жоқ. Бастысы – заңды бөлінгенді халықтың өзіне беру. Баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік жетпей жатса, баспана салуға жанталасқан халықты қажетпен қамтамасыз ету – ең басты қамқорлық. Құлаған жерінен бір уыс топырақ ала тұратын ұлттың баласы ары қарай өзі-ақ үй дөңгелете үй салып алады. Белуардан батпақ кешкеннен құтылған кезде, жарқын болашағымыз жарқырай түссе керек. Үмітімізді үзбейік!..

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Поделиться:

  Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

  Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Новости партнеров