Прямой эфир Новости спорта

Туған жерден безу – күдер үзудің белгісі

svoboda.org сайтынан алынды
svoboda.org сайтынан алынды
Осыдан бірер апта бұрын Қазақстан азаматтары үшін ҚШ Мемлекеттік департаментінің Green Card кезекті лотореясына тіркелу науқаны болып өтті.

Америка азаматтығына жол ашатын аталмыш құжатты алуға ниеттілер өткен жылдардан еселеп көбейген. Тек бір Алматының өзінде оған күніне ұзын-сонар кезекке тұрып, 100 адамнан жазылады екен.

Жалпы, Қазақстан азаматтарының шетелге көшуі жылдан жылға үдеп келе жатқаны жасырын емес. Тек ағымдағы жылдың алғашқы 5 айында ондайлардың саны 39 891 адамды құраған. Статистика бойынша Комитеттің дерегінше эмиграция қарқыны едәуір артқан. Өңірлік кескінде осы көрсеткіш бойынша алдыңғы қатарда Қостанай, Шығыс-Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстары мен Алматы қаласы келе жатыр. Ал эмигранттарды қабылдаушылар алдыңғы шебінде Ресей, Германия, Польша, АҚШ, Канада және Израиль секілді мемлекеттер жайғасқан.

Алайда бұл статистиканың өзіне күмәнмен қарау керек. Себеп – ресми мекемелер Қазақстаннан біржолата кеткен азаматтардың санын статистиканы "бұзбау" үшін азайтып көрсетуі ықтимал. Мәселен, РФ ресми деректерінде 2016 жылы Қазақстаннан Ресейге 69 356 адам көшіп келді делінсе, біздің есептерде бұл көрсеткіш 34 900 адам ғана деп белгіленген (дерек көзі: regnum.ru).

Мейлі, тек атап өтерлігі, 1990 - 2000-жылдардың басында Қазақстаннан эмиграцияның денін негізінен тарихи Отанына қайтушылар құраса (этникалық орыстар, украиндар, немістер, еврейлер т.б.), соңғы жылдары олардың қатарын қазақтар (оның басым бөлігі жастар) толықтырып отырғаны. Айтылғанға дәлел ретінде таяуда Алматы қаласында өткізілген әлеуметтік зерттеуге назар салайық: Сауалнамаға қатысқан шаһар тұрғындарының 9 пайызы шетелге түпкілікті кетуді ойлайды екен. Бұндай қадамды әдетте қаржылық мүмкіндігі бар адамдар ғана жоспарлайтынын ескерсе, аталған көрсеткіш одан да көп болуы тағы да бар. Сондағысы ұлты жағынан осындай шешімге бел буғандардың 67,1 пайызын қазақтар, 21,1 пайызын орыстар құрапты.

Ал енді мәселені жас тұрғысынан қарастырар болса, болашағын Отанынан гөрі өзге елдермен байланыстырушылардың алдыңғы шебін жастар құрайды. Жалпы, соңғы әлеуметтік зерттеулерге сәйкес қазақ жастарының үштен бірі амалын тауып, әйтеуір шетелге кетсек дейді екен. Бірақ оларға шалғайда сұлтан болу қайда? Негізінен оларды тек үйқараушы, қоқыс шығарушы, көше сыпырушының күнкөрісі күтіп тұр. Өйткені көп жағдайда жергілікті азаматтар келіспейтін, мәртебесі төмен осындай жұмыстар ғана эмигранттарға бұйырады.

Ендігі сорақы тұсы – әсіресе соңғы жылдары шетелге кетіп жатқандар көбіне мықты кәсіп иелері: инженерлер, мұғалімдер, дәрігерлер, ғалымдар, экономистер. Тек ағымдағы 2018 жылы 5000 инженер, 2700 экономист, 1700 мұғалім біржолата қош айтысып, Қазақстаннан кеткен.

Айтылғанға шетелде оқып жатқан 120 мың Қазақстан студенттерін қосыңыз. Негізінен алғанда олар Ресей, Қытай, Чехия, Оңтүстік Корея, Мажарстан, Германия, Польша, Ұлыбритания, Түркия секілді елдерде білім алып жатыр. Ендігі сұрақ: аталған өркениетті қоғамдардың өмір салтын көріп сол жастардың қаншасы Отанына оралар екен? Әсіресе ең үздік көрсеткіштерге жетіп, бәсекеге қабілетті кәсіп иесіне айналғандар қатарынан. Шетелдік компаниялар мен фирмалар оларды іздеп жүріп жұмысқа тартады, барлық қажеттіліктерін қамтамасыз етеді. Ал өз елінде сұраныс болмаса, болашақ Гейтс пен Цукербергтеріміз басқа елдің игілігіне жұмыс істейтіні белгілі ғой.

Себептер мен саяси баға

Адам болғаннан кейін аман қалу үшін Сирия, Либия, Ауғанстан азаматтарының лек-легімен туған жерінен кеткенін түсінуге болар. Әсіресе ресми орындар беретін мәліметке сәйкес "Қазақстан жыл сайын дамып келе жатса", ай–күн аманда жерлестеріміздің туған жерден безуінің себебі неде?.

Қазақстаннан күдер үзгендер келешегі мен ұрпағы үшін сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде өркениетті демократиялық елдерді таңдайды екен. Демек, қоғамдық-саяси тұрақтылық, заңдылықтың сақталуы, әділ бәсекелестік жағдайында өмір сүріп болашаққа сеніммен қарағылары келетіндіктен деуге болады.

Нақтылап тарқатсақ, оларды: Жемқорлық пен қылмыстың шектен шығуы, Мамандық бойынша жұмыс орындарының тапшылығы; Дағдарыс пен азаматтардың табысының төмендеуі; Жоғарғы білімнің сапасы төмендеп, құны шарықтауы; Жемқорлық пен адам құқықтарының сақталмауы; Зейнетақы жүйесіне сенімсіздік т.б. Қазақстандағы қалыптасқан жағдайлар қатты мазалайды.

Рас, келтірілген қиындықтар басқа да елдерде де табылар дер біреу. Патриоттық сезімі қайда қалды, уақытша қиындықтарға шыдамай кете барғандары несі деп көшкендерді басқа біреулері жекір. Өз кезегінде үкімет те келеңсіз үрдісті түзеткісі келіп, кейбір мемлекеттік жобаларды алға тартады. Десе де тиісті дәрежеде ойластырылмаған соң қаржылық тетіктері әлсіз, айталық "Дипломмен ауылға" бағдарламасы сияқты ол жобаларға сенетіндер некен-саяқ.

Рас, жыл сайын Қазақстанда инженерия, IT, физика секілді мамандықтар бойынша мыңдаған жастар оқу орындарын бітіріп шығады. Бірақ олардың жұмыс істеп, кәсіби баспалдақпен өрлеуіне керек өндірістер, ғылыми орталар, технологияларға негізделген экономика салалары елімізде дамымыған. Ал бірен-сараны болған күннің өзінде олардың штаттары шектеуі, жалақысы шетелмен салыстырымға келмейтіндей төмен, әлеуметтік кепілдіктері сын көтермейді.

Рас, Қазақстанда жыл өткен сайын жалақы өседі. Мәселен, келесі жылдан бастап ең төмен жалақы 28 мыңнан 42 мың теңге болады. Бірақ соның өзі неге жетеді? 600-700 теңге мың айлық табысы бар министр мен депутаттар бұны түсіне ме екен? Салыстыру үшін: сол мақтаулы 42 мың теңгені Нью-Йорктің ең төмен жалақы алушысы (сағатына 12 доллар) бір-ақ күнде таппай ма? Айтпақшы, сол шетелдіктер, тек өз елінде ғана емес, ресми мәліметтерге сүйенсе, Қазақстанда да отандық мамандардан көп жалақы алатынына не дерсіз? Айталық, Атыраудағы "Экспертиз с.р.л." кәсіпорнында қазақстандық инженердің жалақысы айына 170 мың теңге, оның шетелдік әріптесінікі 1 млн 900 мың теңге. Не Алматыдағы "Урим Констракшнда" жергілікті техникалық директор 120 мың теңге алса, сондай шетелдік директор 500 мың теңге қалтаға салады.

Дегенмен, ең негізгі түйткіл тіпті мұнда емес. Кетемін деп бекінгендер бұл шараға жетіскеннен емес, орын алған олқылықтарды түзетуге билікте құлық жоқ,тіпті ізін де көрмеген соң осындай қадамға барды. Демек, туған елінен безу – адамдардың үмітінің үзілуі мен аянышты жағдайға душар еткен әлсіз жүйенің сорлы көрінісі. Ендеше әділ сайлаулар арқылы болмаса да, бұл да – оған берілген саяси баға.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Популярное в нашем Telegram-канале
Новости партнеров