Бұл – Отанымыз үшін ғарыштағы зерттеулерді алғаш рет тәуелсіз жүргізуге мұрсат алады деген сөз. Бір жағынан, әлемдегі тұңғыш та ең ірі Байқоңыр ғарыш айлағының иесі үшін айтылғанның өзі күлкілі. Екінші жағынан, кеш те болса биліктің осы шешімінен айналып кетуге болады. Неліктен? Жауабын бірге іздеп көрелік.
Сонау 1955 жылы негізі қаланған бұл ғарыш айлағы мен жанындағы қалашық (Ленинск) – ұзақ жылдар бойында аса құпия әскери нысан ретінде қалып келген. Оның жұмысына мамандар негізінен Ресей мен Украинадан тартылып, жергілікті қазақтар үшін жабық саналған. Байқоңырды Кеңес Үкіметі Мәскеуден тікелей бақылаған және отарлық жүйеде оған Қазақстан билігі мүлде жіберілмеген. Тиісінше жерін иеленуі өз алдына айлақтың келтірер залалы тұрғысынан жергілікті халықтың мүддесін ешкім ойға алған емес. Отандық ғарыштық зерттеулер мен онымен іргелес салаларды дамыту да ешкімді мазаламады. Тіпті Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров тек 1991 жылы КСРО күйреуі алдында ғана ұшырылғаны тағы бар.
Қазақстан Егемендігін алғаннан соң аумағында орналасқандықтан Байқоңыр оның меншігіне өтті. Алайда тек сөз жүзінде. Шындығында 1992, 1994, 2004 жылдарда жасалған екіжақты Жалға алу туралы келісімдер негізінде Ресей ғарыш айлағы мен оның маңайындағы елдімекендер мен кешенге (6717 шаршы шақырым) иелігін сақтап қалды (2050 жылға дейін). Оның жай-жапсары жайлы әңгіме алда. Әзірше Байқоңырдың Қазақтың ғылыми-техникалық қажеттіліктерін өтеуі тұрғысында бірер сөз айтып өтсек. Рас, 1991 жылы Қазақстан Ұлттық аэроғарыш агенттігін құрды. Ресей айлақ қожайынының тиісті мүдделерін ескеретіні жайлы уәделерін үйіп-төкті.
Ғарышты жарған ысқырық немесе етіксіз етікші
Шынымен-ақ мыңдаған шетелдік аппарат қазақ жерінен көтеріліп, ғаламның төріне озып жатса, сол ұлы даланың иесі – Қазақстан неге өзінің жеке жерсерігін ұшырмауы керек? Сол арқылы еліміз заманауи ғарыштық технологияларды игеріп, өз кәдесіне неге жаратпасқа?
Осы мақсатпен Қазақстан Ресеймен бірлесе KazSat-1 атты тұңғыш телекоммуникациялық жерсерігін ұшыруға кірісіп кетті. Алайда жобаның әу бастан жолы болмады. Мерзімдері сан мәрте кейін шегеріліп отырды, сонымен бірге бірнеше мәрте бағасы артты. Осылайша 2006 жылы әйтеуір ұшырылған жерсерік орбитада бір ай да жұмыс істемей ғарыштың тұңғиығында із-түссіз жоғалды. Сондықтан дәл сол Ресеймен екінші жерсерігін ұшыруға мәжбүрлік туды.
Құрдымға кеткен KazSat-1-дің құны 65 млн доллар болса, KazSat-2-ге мемлекет қазынасынан 115 млн доллар қайта бөлінді. Дегенмен кешігіп қайта ұшырылған бұл нысан да сәтті болмады. Қызметіндегі ақаулардан 13 ұялы байланыс пен телетаратушы компаниялар KazSat-2-ден бас тартты. Ақыр аяғында көптеген дау-дамайдан соң 2014 жылы KazSat-3 жерсерігіне Қазақ бюджеті тағы 176 млн доллар жұмсауға тура келді. Бұл жолы аузы күйген ресми өкілдеріміз жобаға Ресеймен қоса француздың технологияларын тартты. Қалай болғанда да тұтынушылардың пайымынша ұзақ мерзімде бұл жерсерігіне сенім аз көрінеді. Әсіресе, моральдық, технологиялық тұрғыдан ескірген ресейлік зымырандардың жиі апатқа ұшырап отырғанын ескерсе.
Екі ортада жаңа қазақ азаматтары ғарышқа ұшты. Оған ел қуанды, мерейіміз үстем болғандай көрінді. Ресеймен ықпаладастықтың келеңсіз тұстарын ұмытқандай болып, көкжиекке құлшына көз салдық. Бірақ мәселенің коммерциялық жағын алса, біздің ғарышкерлеріміз шетелдік қалталы ғарыш саяхатшыларынан несімен ерекшеленетінін анықтау қиынға соғады. Айталық, Айдын Айымбетовты ғарышқа аттандыру үшін Ресей Қазақстаннан 20 млн долларды сыпырып алды.
Уланған ықпалдастық
Басқа түрлерін санамағанда тәуелсіздік жылдары тек Протон үлгісіндегі 32 ресейлік зымыран апатқа ұшырады. Онысы цианды кальцийден 3 есе улы гептил деген отынды қолданатыны мәлім. Нәтижесінде Байқоңырдың өзі мен зымыран ұшып өтетін аймақтарда экологиялық жағдай күрт нашарлап отырған, жергілікті халықтың өмір жасы қысқарып, көптеген қауіпті, оның ішінде онкологиялық ауруларға шалдығуы, паталогиялардың асқынуы, жүкті әйелдердің анемиясы, нәрестелердің шетінеуі мен физиологиялық ауытқулары, жануарлардың жыл сайын қырылуы етек жайған. Атап өтерлігі зияндылығынан Ресейдің өзінде Протондар ұшырылмайды. Себебі жергілікті губернаторлар мен қоғам белсенділері бірігіп оған қарсылық танытты. Ал біздегі шенділер "қоршаған ортаға да, азаматтарға да төнген қауіп жоқ" деуден жалықпады. Ол аздай табиғатты қорғап шыққан Антигептил белсенділерін түрмеге жауып, қысым көрсетті.
Шынын айту керек, әр апаттан соң дүрліккен халықты тиыштандыру үшін Қазақстан мен Ресей бірлескен комиссия құрады, апаттың жай-жапсарын анықтауға кіріседі. Сорақысы сол, келтірілген шығын көлемін ресейліктер өздері анықтайды екен. Кінәлі тараптың өз айыбын өзі белгілеуі қисық тұжырым емес пе. Олардың осылайша берген тиын-тебенінің қайда кететіні беймәлім, ал табиғат пен тірі жанды азаптап өлтіруші зымырандар еш кедергісіз ұшырылып жатыр.
Қолда бар деректерге сәйес Ақтоғай ауданы жерінің 37, Шет ауданы жерінің 93, Жаңаарқа ауданы жерінің 37, Ұлытау ауданы жерінің 74 пайызы Протон зымырантасығышының отыны – гептилмен ластанған. Ал "Қазмехонобр" кәсіпорнының есебіне қарағанда, зымыранның бірінші сатысы құлайтын жерлердегі малдың еті мен сүтіндегі гептил мөлшерден ондаған есе асып кеткен.
Ескеретін жәйт: Реселік зымырандар ғарышқа еш апатсыз сәтті жеткеннің өзінде де залалы сақталады. 1991 жылдан бері Байқоңырдан ұшырылған зымырандардың жалпы салмағы 100 мың тоннадан асқан екен. Енді аталған массаның шамамен болғаны 2 пайызы ғана ғарышқа жететін "пайдалы жабдық" та, қалған 98-і жерге құлайтын қосалқы бөлшектер. Әлгі атышулы "Протон" зымырантасығышына 500 тонна гептил отыны толтырылса, оның бөлініп, жерге құлайтын бөлшегінде 10-30 тонна отын жанбай қалатыны тағы бар. Ал сол Гептилдің концентрациясы бір текше метр ауада – 0,001 мг, ал 1 кг топырақта 0,1 мг болғанда ғана зиянсыз.
Мәселенің құны
Ресейдің өзі Байқоңырдан зымыран ұшырғаны үшін жылына орта есеппен 1-1,5 млрд доллар таза пайда көреді. Ал енді кешенді, сөз болып отырғаны сан мыңдаған азаматтарымыз тұрып жатқан 6717 шаршы шақырым жерді жалға алғаны үшін Ресей Қазақстанға жылына 115 млн доллар төлейді екен. Оның өзін ақшалай емес, негізінен ескірген әскери техника есебімен өтейді. Салыстырым үшін: 2014 жылға дейін НАТО альянсы Бішкек маңындағы Манас әуежайын (аумағының 1/3 ғана немесе 1,8 шаршы шақырым) жалға алғанда қырғыз ағайындарға жылына 60 млн доллар төлеген. Неткен жомарттық десейші. Сол болмашы қаражатты жергілікті елдің денсаулығын сақтауға, әлеуметтік ахуалын дұрыстауға жұмсауға болмас па еді сынды сұрақтар жауапсыз.
Айтылғанға қоса Қазақстан үкіметі Ресейге Қостанай мен Ақтөбе облыстарынан зымыранның улы қалдықтарын құлатуға 76 мың гектар жерді қосымша жалға берді. Келісімнің құны.... 0,46 млн доллар. Осы жерлер Қазақтың малшы не диқандарына мейлі ең төмен бағасымен жалға берілер болса, үкіметке түсер пайда да, жергілікті халықтың табысы да еселеп өсер еді. Бірақ мәселе тіпті онда да емес. Өйткені бұл жерлер әр ресейлік зымыран ұшырылған сайын табиғатқа, экологиялық жүйеге, су ресурстарына орасан зор залал келтіруші қоқыс полигонына айналғаныда.
Байқоңыр планетасы
Байқоңырды ғарышты игеруге, ондағы белгісіз аспан денелерін зерттеуге жол ашатын кешен деп мақтанамыз. Шетелден саяхатшыларды шақырамыз. Алайда сол Байқоңырдың өзі жайлы, ондағы азаматтардың тіршілігі жайлы не білеміз? Ғарышта емес, Қазақ даласында қараусыз жатқан, қазақ үшін нағыз белгісіз планета – Байқоңырдың өзі.
Олай болса алдымен қаладағы демографиялық ахуалға көз тіксек. Жоғарыда айтылғандай 1955 жылы негізі қаланғаннан бері ұзақ мерзім Ленинскіде (1995 жылдан бері Байқоңыр) жергілікті халықтың қоныстанып еңбек етуіне жол берілмеген. Тиісінше 1980 жылдарға шейін Қызылордалық қазақтар (еліміздегі дәстүрлі ең қазақи аймақ – бүгінде тұрғындарының 98 пайызы қазақ) Байқоңыр тұрғындарының 1 пайызынан аспаған. Жағдай тек Кеңес Одағы үшін дағдарысты 1980 жылдардың аяғында ғана өзгерді. Жұмыс орындары қысқарып, қала күйзеліске ұшырағанда қатаң көші-қон жүйесі жұмсарды. Есесіне Ресей, Украина, Беларуське көшкен славяндардың орнын жергілікті халық басты. Осылайша Қазақстан үшін Тәуелсіздік таңы атқан шақта қаладағы қазақтың саны 40-50 пайызға жетіп үлгерді. Дәл осы кезде Байқоңырды жалға беру жайлы келісім-шарт қарастырыла бастады.
Жергілікті жұртшылықтың бұл келісімге зор үміт артқаны айтпаса да түсінікті. Сол арқылы өз жерінде жүріп кемсітілген халайық енді ұпайымызды қайтаруға жол ашылады, өйткені артымызда қамымызды ойлар Егеменді Қазақ мемлекетінің үкіметі бар деп сенді. Өкінішке қарай, олай болмады. Ресей тарапының толықтай үстемдігімен жасалған құжатта Қазақстан жағы тек пайда мен технологиялардан қағылып қана қоймай, өз азаматтарын аманат ретінде қалдырды. Бұнысы өз пәтеріңді бөгде біреуге жалға бергенде оған туған қатын-балаңды қосып берумен тең.
Жаман үйді қонағы билейді
Қала басшылығынан бастайық. Келісімдегі Байқоңырдың әкімшілігін Қазақ және Ресей Президенттері бірлесе тағайындайды деген бап жолда қалды. Іс жүзінде сол 1991 жылдан бері Байқоңыр басшылығында үзбей Ресей азаматтары келеді (Брынкин (1992-1994), Дмитриенко (1994-2002), Мезенцев (2002-2013), Петренко (2013-2017), Бусыгин (2017 жылдан). Шартты түрде қалада Қазақстан үкіметінің өкілі де бар, бірақ оның лауазымы шектеулі.
Ендігі мысал: Қазақстанның ресми құжаттарында Байқоңыр – Қазақстан Республикасы Қызылорда облысының қалалық әкімшілігі деп көрсетіледі. Бірақ жалға беру келісіміне сәйкес Байқоңыр – Ресей Федерациясының федералдық маңызы бар қала ретінде бекітілген. Тиісінше бұндағы салықтар Ресей қазынасына төленеді – аймақ РФ салық қызметінде 99 реттік нөмірмен белгіленген. Қалада негізінен алғанда РФ заңдары жүреді. Қазақстан заңдары жекелеген жағдайларда ғана қолданылады, оның өзі тек Қазақстан төлқұжатының иегерлеріне күші бар. Сондай-ақ бұнда РФ Әскери соты, Ішкі істер, Миграциялық, Салықтық, Білім беру, Денсаулық сақтау, Зейнетақы қоры, Әлеуметтік қорғау министртрліктерінің өкілдіктері орын тепкен. Жергілікті сайлау учаскелері Мәскеу облысы, Одинцово ауданының құрамына қарайды. Ол – ол ма. Тіпті Байқоңырдағы автокөліктедің рұқсат етілген үлгісі де ресейлік. Аймақ коды 94RUS стандартына сәйкес.
Қаланың өзіне Қазақстан азаматтарына емін-еркін кіруге тыйым салынған. Мәселен ол жаққа (өз Отаныңызда) Алматыдан бара қалсаңыз, рұқсат алу үшін кемінде бір жұма бұрын өтініш тапсыруыңыз керек. Сондағысы нақты келу мақсатына қарай екі-үш күнге, тіпті бір айға дейін мерзімдік рұқсат аласыз. Алмауыңыз да мүмкін – ресейлік шенділер солай ұйғарса. Қаланың солтүстігі мен батысы бетон дуалмен қоршалған, ал шығысы мен оңтүстігін Сырдария өзені бөліп тұр. Қалаға кіру үшін Ресейдің тексеріс бекетінің бірінен өтесіз. Кейбір шұғыл жағдайларда бару керек болса, жергілікті жұрт дуалдан секіруге мәжбүр. Алайда Ресей сақшылары байқап қалса, сұраққа тартып, бармақ табын алады, хаттама толтыртып, қаладан қуып жібереді.
Қорғансыздың күні
Бүгінде Байқоңырда шамамен 75 мың адам бар. Оладың 70 пайыздайы –Қазақстан азаматтары да, 30 – ресейліктер. Қалаға іргелес және дағдарыстан көз ашпаған Төретам мен Ақай ауылдарындағы халық саны – 30 мыңдай. Сондықтан күнкөріс қамын ойлып жұмыс іздеген жастардың ғарыш айлағын төңіректейтіні түсінікті. Барлығы таныс-тамыр іздейді не пара береді. Ал енді қаладағы мемлекеттік мекемеге иә ғарыш айлағына жұмысқа кіре алса, баспана алуы ықтимал. Оның үстіне жалақы Ресей рублімен төленетіндіктен, теңгеге шаққанда ол да – әжептәуір пайда.
Істің екінші жағы – Қазақстан азаматтығымен жұмыс істеу не кәсіпкерлікпен айналысу машақаты. Өйткені ол үшін ресейлік тіркеуден өту шарт. Керемет Келісім-шартқа қол қойған Қазақ үкіметіне тағы бір алғыс. Ресей азаматтығын алғысы келетін қазақтардың көптігі де содан.
Ps. Байқоңырдан басқа Қазақстанда Ресейдің тағы төрт әскери полигоны 10 млн гектарлық аумақты улап жатыр. Ол жайында әңгімені бөлек қозғармыз.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1🎉 Группа Orda, ансамбль "Яшлык" и V$XV Prince. Как интересно провести выходные 23 и 24 ноября в Астане и Алматы
- 5598
- 1
- 6
-
2⚠️ Доброе утро! Предлагаем обзор главных новостей за 20 ноября
- 2512
- 0
- 5
-
3🍇 В модном винограде без косточек казахстанские специалисты не нашли вредных бактерий
- 2561
- 3
- 23
-
4🤔 Борьба с покупкой водительских прав: автошколы отказываются передавать частной компании данные о выпускниках
- 2323
- 2
- 26
-
5👀 В Казахстане редко назначают домашний арест, несмотря на большие расходы на содержание в СИЗО
- 2203
- 2
- 9
-
6👨⚖️👨⚖️👨⚖️🟢Суд Алматы отправил руководителя таможенной лаборатории в колонию за взятки
- 2191
- 0
- 25
-
7🎫✈️ Станут ли невозвратные билеты возвратными и зачем субсидировать авиарейсы – глава КГА
- 2255
- 0
- 11
-
8😱 Одного из богатейших людей мира обвинили во взяточничестве. Акции его компаний обвалились
- 2306
- 3
- 14
-
9🟢 Улице в Астане присвоили имя общественного деятеля
- 2233
- 2
- 46
-
10🚛🏗 Торговля и логистика в Центральной Азии: новые коридоры, продукты и D2C-модель
- 2220
- 0
- 6