Ендеше ашынған аналардың жанайқайы, наразылық митингілері неліктен дәл қазір болды? Бұл үрдіс нені білдіреді? Және ең бастысы – аталған түйткілдің тарқатылуына негіз бар ма әлде бәрі баяғыша қала ма?
Әу баста көпбалалы аналар Астана орталығына жиналған болатын. Артынан стихиялық жиындар Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Ақтау тағы басқа еліміздің басқа да қаларында жалғасын тапты. Үкіметке жолдаған үндеуде олар тұрғын үймен қамтамасыз ету, отбасындағы әр балаға төленетін жәрдемақыны мардымды деңгейге жеткізу, ипотекалық несиені жеңілдету, жер учаскелерін беру, балалары үшін балабақшада орындар бөлу, қоғамдық көліктерде жүруді ақысыз ету, сондай-ақ, жоғары білім алу мүмкіндіктерін жеңілдету сияқты талаптарын төтесінен қойды.
Кей жерлерде наразылық танытқандарды жылы шыраймен қабылдаған лауазым иелері табылды. Негізі солай болу керек те. Әйткенмен, бірқатар әкімдер өз орнына көмекшілерін жіберіп шағымданушылармен кездесуден мүлде бас тартты. Сол арқылы өздерін өмірге келтірген Анаға деген көзқарасын білдірді. Енді біреулер өз елінің азаматтарымен өз елінің тілінде сөйлеспеді, келген журналистерді кездесулерге кіргізбей, жолатпаумен әлек болды. Екі ортада ең белсенді деген ата-аналардың үйіне дейін барып құқық қорғау орындары қысым көрсетті.
Қалай болғанда да осы ретте заңдық мүддерлерін қорғаған аналардың дауысы бұрынғыдан зор шықты. Бұл ұзақ уақыт шыдап келген аналардың төзімі таусылғанын білдіреді. Оған себептер жеткілікті. Біріншіден, президенттің өзі Қазақ елінде демографиялық өсімді қамтамасыз ету, көп балалы отбасыларды қамқорлыққа алу қажеттігін үнемі алға тартқанымен шенділердің немқұрайлық танытуы етек жайғаны. Екіншіден, қажеті шамалы той мен форумдар өткізуге қаржы табылғанда халықтың ең бірінші кезектегі қажеттіліктерін өтеуге келгенде ақшаның таусылып қалатыны. Үшіншіден, қоғамда орын алған әділетсіздіктерді уақтылы шешуге тиісті парламент үнсіз отырғанда, оппозция басып-жаншылғанда, сот тәуелсіздіктен айрылғанда, ал еркін сөз бұғатталғанда ашық наразылық танытудан басқа лаж қалмағаны. Аналардың әбден көңілі қалғанын “Алтын алқа” белгісін әкімдерге қайтарып беріп жатқаны көрсетіп тұр.
Қалыптасқан ахуал билікті қатты алаңдатқаны анық. Оның үстіне ереуілге шыққан мұнайшыларды, жерін қорғап шыққан патриоттарды заңды бұзды деп айыптау секілді онсыз да сын көтермейтін үйреншікті әдістер нәзік жандыларға келгенде мүлде ойнамайды. Сондықтан болар 6 ақпанда халық тұрмысын жақсарту үшін үкіметте арнайы жұмыс тобы құрылды. Сенат пен Мәжіліс көпбалалы отбасылардың мәселелеріне арналған төтенше кеңестер өткізді. Түрлі дәрежедегі бастықтар қордаланған проблемаларды шешіміз деп ағынан жарылды.
Ендігі ретте берілген уәделердің іс жүзіне асырылуына қаншалықты негіз бар? Өкінішке қарай, алдыңғы тәжірибеге көз тастайтын болсақ, үміттен гөрі күмән басым. Айтылғанға дәйек ретінде кез-келген түйткіл пайда болғанда оны шешудің желісіне назар аударып көрелік:
Кезінде Жаңаөзен қырғыны болғанда билік оған кінәлілерді әшкерелеп жауапқа тартамыз, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз, мұнайшылардың жағдайын түзейміз деп ант-су ішті. Уақыт өте сол уәделердің қайсы орындалды? Жауапты әкім де, министр де, мұнай компаниясының басшылығы жылы орындарын сақтап қалды. Өндірісте адам өліміне әкелетін апатты оқиғалар сол күйі қайталанды. Ал жалақысы күнкөріске жетпеген жұмысшыларды қайта ашу кернеген.
Иә болмаса, кешегі Жер митингілерін еске түсірейік. Атадан қалған мұра шетелдіктерге сатылмасын, жалға берілмесін деп үкімет ұсынған қитұрқы заңға қарсы ел өре түрегелгенде билік абдырап қалды. Жалма жан жер сатылмайды да, жалға берілмейді, митингке шыққандар қудаланбайды, қайта Отанын сүйген жастардың белсенділігін қолдаймыз деген мәлімдемелерді үйіп-төкті. Артынша халық басылып, ойы басқаға ауғанда барлығы керісінше шықты.
Қысқасы біздегі уәделер белгілі бір түйткілді тарқату үшін емес, әдетте оны жылы жауып қоюдың амалына айналған көзбояшылыққа көбірек ұқсайды. Және осындай мысалдар күнделікте өмірімізде басып артылады. Басқаша болса сөз жүзінде жеке меншік банктерге Зейнеткерлік қордан ақша бөлінбейді деп іс жүзінде оны талан-таражға салу, сөз жүзінде коммуналдық тарифтер төмендетілетінін жариялап іс жүзінде оларды шарықтатып жіберу секілді жағдайлар болмас еді. Ең сорақысы сол – аталған үрдіс мемлекеттің негізгі әдісіне айналғандай.
Сондықтан, әу баста жар салып бағдарлама қабылдағанмен артынан тыңғылықты шешілген ең болмаса бір мәселені атаудың өзі қиын. Ол елді мекендерді ауыз су және газбен қамту, жолдарды қалыпқа келтіру, жемқорлықты ауыздықтау, тұрғын үймен қамту мәселесін шешу, ипотека алғандарға жеңілдіктер жасау, су тасқындарының алдын алу, азық-түліктің қымбаттамау, сөз бостандығына шектеу жасалмайтыны сияқты жүздеген басқа мәселе. Алайда өкінішке қарай жыл сайын емес-ау, онжылдықтар бойында қайталанып тұратыны өз алдына аталған түйткілдер барған сайын ушығып жатыр.
Әлбетте кез-келген істің оңға басу-баспауы кадрларға байланысты. Олай болса, біздегі шенділер өздеріне жүктелген міндеттерді орындауға қаншалықты қабілетті деген сұрақ әбден заңды. Бүгінгі Қазақстанда қалыптасқан саяси жүйеде жоғарғы мансап иелері халыққа емес, президентке ғана тәуелді екені жасырын емес. Егер президент пен халықтың ойы әрдайым бір жерден шығып жатса, бір сәрі. Бірақ, өмірде олай бола бермей тұр. Әлбетте кез-келген істің оңға басу-баспауы кадрларға байланысты. Олай болса, біздегі шенділер өздеріне жүктелген міндеттерді орындауға қаншалықты қабілетті деген сұрақ әбден заңды.
Енді қоғамға тәуелділігі кеміген сайын шенділердің одан алыстауы да түсінікті. Рас, уақыт өткен сайын заң мен күнделікті тіршілік, мемлекет пен адам арасындағы ара-салмақты сақтап қалу мақсатында әдемі мәлімдемелер жасалып-ақ тұрады. Алайда, олар жоғарыда келтірілген аты бар да заты жоқ бағдарламалардың ізін қайталап отыр. Айналып келгенде әлемді жайлаған фейк жаңалықтармен қатар біздің қоғам бүгінде фейк шешімдердің құрбанына айналған.
Солардың қатарында, айталық, ұстамдылыққа, елге жақын болуға, қатардағы азаматтардың мұң-мұқтажын түсінуге үндеген өздері көтерген ұрандарды шенділердің өздері өрескел бұзатынын келтіруге болады. Президенттің сан мәрте қарапайым киінуді, отандық киім өнімдерін пайдалануды тапсырғанына қол астындағыларының құлақ аспайтыны мәлім. Айтылғанға көз жеткізу үшін Үкіметтің парламент мүшелеріне, олардың аксессуарларына қараса жеткілікті. Ал Астанада бес баланың өмірін жалмаған қасіреттен кейін Әлеуметтік қорғау министрі аса қымбат брендке оранып, камера алдына шыққаны көпшіліктің ызасына тиді.
Тиісінше осындай қарапайым дүниелердің өзінен түсінігі таяз лауазым иелерінің халықтың мұңын сезіне алатындығы күмән туғызды. Тіпті олар басқа бір планетада тұрып жатқандай. Әйтпесе, өйтіп-бүйтіп жан сақтап жүрген көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етудің орнына, уақытша лашық – времянкада тұруға тыйым салу жайлы сандырақты айтар ма еді. Иә болмаса, бір миллион жалақысы бар, үйі мен жүріп-тұруы мемлекет есебінен тегін өтелген депутат бір баланы өсіруге айына жиырма мың теңге жетеді деп айды аспанға шығарар ма еді.
Үмітсіз шайтан деген. Әрине шенділердің кезекті уәделеріне сенгің-ақ келеді. Алайда саясат – қиял-ғажайыптар әлемі емес, қолда бар мүмкіндіктердің ғана алаңы екендігін ескерсе құр үміттенумен жағдай оңалмайтыны анық. Жоқтан бар пайда бола салмайды. Ендеше елдің өзі табандылық танытпай, нақты іс-әрекетке көшіп талап қоймай, жағдай оңалмайды.
Ps. Ал әзірше күні кеше әкімдер халық алдында кезекті рет есеп берді. Бұл жиындар алдыңғы жылдардың көпшілікке таныс дағдысымен жүрді: алдын-ала мәжіліс залына билікке тәуелді бюджеттік мекемелердің қызметкерлері лық толтырылады. Олар әдетте әкімге ыңғайлы сұрақтар қойып не оның жұмысына ризашылық білдіріп тарқасады. Басқа орын жоқ деген желеумен шынайы өмірдегі уәж бен тілектерін арқалап келгендер, оның ішінде көпбалалы аналар жиынға жіберілмейді. Кім-кімді алдап отыр деген сұрақ қайта туындайды.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1🎉 Группа Orda, ансамбль "Яшлык" и V$XV Prince. Как интересно провести выходные 23 и 24 ноября в Астане и Алматы
- 5659
- 1
- 6
-
2⚠️ Доброе утро! Предлагаем обзор главных новостей за 20 ноября
- 2524
- 0
- 5
-
3🍇 В модном винограде без косточек казахстанские специалисты не нашли вредных бактерий
- 2601
- 3
- 23
-
4🤔 Борьба с покупкой водительских прав: автошколы отказываются передавать частной компании данные о выпускниках
- 2336
- 2
- 26
-
5👀 В Казахстане редко назначают домашний арест, несмотря на большие расходы на содержание в СИЗО
- 2220
- 2
- 9
-
6👨⚖️👨⚖️👨⚖️🟢Суд Алматы отправил руководителя таможенной лаборатории в колонию за взятки
- 2206
- 0
- 25
-
7🎫✈️ Станут ли невозвратные билеты возвратными и зачем субсидировать авиарейсы – глава КГА
- 2274
- 0
- 11
-
8😱 Одного из богатейших людей мира обвинили во взяточничестве. Акции его компаний обвалились
- 2326
- 3
- 14
-
9🟢 Улице в Астане присвоили имя общественного деятеля
- 2253
- 2
- 47
-
10🚛🏗 Торговля и логистика в Центральной Азии: новые коридоры, продукты и D2C-модель
- 2243
- 0
- 6