Аталғанның қайсысы да маңызды да сезімтал. Алайда осылардың қатарында ең шешуші тұсы – сенім дағдарысы болар. Сөз болып отырғаны адамдардың бірі-біріне сенімі, бизнестің – банктерге, банктердің – мемлекетке, халықтың – баспасөзге. Ерекше орынға қоғамның билікке, оның адалдығына деген көзқарасы ие. Ал елдің ірге тасы ретіндегі сенім әлсіз не ғайып болса, ондай елдің өміршеңдігі де бұлыңғыр.
Тәуелсіздік жылдары халықтың сол билікке деген қатынасы мынадай кезеңдерден өтті: абдырау – үміт арту – қолдау – күдіктену – көңілдің қалғаны. Әсіресе, 2010 жылдан бері саяси басшылыққа деген сыни көзқарас күшейіп, керісінше оның жағымды имиджін сақтап қалудың мүмкіндіктері әлсірей түсті.
Сонымен қатар елдегі ахулды сенімнен айрылуға шақ құрылымдар арқылы реттеу әдеті билікті қысылтаяң жағдайға итермелеп келеді. Себебі төтенше жағдай туындай қалса, алдыңғы шепке шығып қорғайтын тек күштік құрылымдар емес, ашынғандарды тоқтата алатын, ол үшін қоғамда саламағы бар тұлғалар болу керек.
Алайда соңғы жылдарда елімізде болып жатқан дағдарысты оқиғалар барысында аталмыш шептен билікшіл партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар, Қазақстан халқы ассамблеясы, мәслихат пен парламент көрінбеді. Жер митингілерін, Қарағанды мен Жаңаөзенде жұмысшылар ереуілін еске түсірсек, Астанадағы Әбу-Даби кешенінің құрылысшылары наразылық білдіргенде, басқа да оқиғаларда көргеніміз сол дағды.
Мәселенің одан бетер ушығуына билік басындағылардың халықтан тек мәртебе мен байлығы жағынан емес, ой-өрісі тұрғысынан да алшақтауы түрткі болады. Бұл қоғамның іштей жікке бөлінуін асқындыруы өз алдына, тұтастай биліктің абыройына да дақ түсіріп отыр.
Осындай қарама-қайшылықтардың көбеюі әркімді алаңдатауы қажет, өйткені оларға деген қарапайым азаматтардың реакциясы бұрынғыдай күліп қоюмен шектелмей, күннен күнге өршеленіп барады. Былтырғы Мәжіліс депутаты Владимир Божконың ауыл жастарының қалаларға ағылуын шектеу жайлы мәлімдемесінің әлеуметтік желілерде қандай ашу-ыза тудырғаны айтылғанға дәлел.
Осыған ұқсас жағдай ІІМ Әкімшілік полициясының ЭКСПО кезінде тұрғындарды Астанадан әрірек кетуге үндеген сұхбатының зор дау–дамайға ұласқаны да ұмытылмаған болар. Тиісті тізімде "патамаушта-патамушта" мырзаны, жуындыны ысырап қылмай, онымен ересектердің өзі, одан барып еденді жууға шақырған әкімді немесе жанармайды үнемдеу үшін азаматтар бір көлікпен жүру керек деп жаңалық ашқан министрді, кезекте тұрып қайтыс болған қарияның өз үйінде де сондай табыспен өле алатындығын айтқан ақылсынған депутатты, т.б. атауға тұраралық.
Мұның бәрі артық қыламын деп тыртық қылудың салдары болар. Сондай-ақ лауазым иелерінің халық алдындағы жеке абыройына осылайша немқұрайлы қарауы сол халыққа еш бағынбауының көрсеткіші болып табылады. Бастық біреу, тек соның алдында жауап беруге міндеттімін деген жоғарыдан төменге деңгейге дейін тараған құбыжық басқару жүйесінің көрінісі осы.
Қисық шешім мен түзу ой
Сонымен, әлеуметте депутататтарға, полицияға, кеденге, сот өкілдеріне сыни көзқарастардың көбейіп, тіпті күшейіп бара жатқаны жасырын емес. Және бұлай болудың себебі олардың орынсыз сөздерінің иә болмаса жемқорлыққа бой ұсынып байлығын паш етуінде ғана жатқан жоқ.
Шикі заңдардың, солақай шешімдердің, сот қабылдаған әділетсіз үкімдердің оң пікірге әкелмейтіні белгілі. Айталық, Қазақстанды тәуелсіздіктен айырып, Ресейге қосуға үндеген Ермек Тайчибековке рахымшылық жасалып, ал енді Қазақ жерін шетелдіктерге беруге қарсы шыққан Макс Боқаевты қапаста ұстау туралы қисынға кіріп-шықпайтын ұйғарымдар қоғамның ашуына тиді. Тіпті оларды қабылдап отырғандар Қазақ мемлекетінің мүддесіне берілгеніне күмән білдіргендер табылды.
Сол сияқты бір миллион доллар парамен ұсталған Қорғас кеден бекетінің бастығы Василий Ни жауапкершіліктен босатылғаны және бұған жемқордың жұмыс орнында жақсы мінездеме берілгені жеткілікті болған. Ал енді Қарағанды облысындағы орта мектеп директоры 414 мың теңгені орынсыз қолданғаны үшін 3 жылға бас бостандығынан айрылып, оның бар мүлкі тәркіленген. Немесе ЭКСПО-2017 Құрылыс департаментінің бастығы Қажымұрат Үсеновтың бір миллиард теңгені жымқырғаны үшін сот оны екі жылға кесіп, екі айдан кейін амнистиямен босатқан, ал таяуда оның ұлы Мақсат Үсеновке адам өліміне алып келген бірнеше жол апатына кінәлі болғанына түкіріп жол жүру куәлігін қайтарған шешімдерді оң бағалау мүмкін емес.
Асылында қабылдайтын үкімдері әділ болу үшін соттар халық алдында жауапты болуы шарт. Бірақ бізде ондай тәуелділік формалды ғана. Құзыретті мекемелер шартты түрдегі заң емес, сот төрағасының қабағына қарауға үйренген. Тиісінше қателігі көзге ұрып тұрса да бұрыс шешім қабылдауға жоғарыдан түскен тапсырыс мұрындық болуы ықтимал. Қоғам оны жүз жерден сынап-мінегенде лауазымы тоқтатылып, жауапқа тартылған соттарды көрер едік. Олай емес. Бұл – жүйенің бөлшегі болып, айтқанымен жүрсең, оның қорғауында боласың деген сөз. Ондай жүйеге білік пен адалдық иесі емес көзін жұмған орындаушы керек екендігі де сондықтан болар.
Үстемдік құрған ойынның жиіркенішті ережелері қоғамды іштей күйзелтіп, шенділердің заңнан жоғары тұрғаны жайлы сезімді нықтайтыны мәлім. Олардың көпшілігі ұсталған күннің өзінде жауапкершіліктен оңай жалтарып кетемін деп үміттенуі де жасырын емес. Ендеше жемқорлыққа қарсы шексіз науқандарға қарамастан, билік орындарындағы келеңсіздіктің жалғасып отырғанына таңғалудың реті шамалы. Аталған келеңсіздіктер ел экономикасына орасан зор нұқсан келтіріп жатыр. Сондай-ақ бүгінгі күннің "серкелері мен дөкейлерінің жетістіктерін" көріп өскен жас ұрпақ қандай құндылықтарға еліктейтінін, ертең кімнің жолын қайталайтыны айтпаса да түсінікті.
Екі ортада сенімнің шайылуы аздай, мемлекеттің атынан әрекеттенуші мекемелерден түңілу мен қорқу етек жаяды. Мәселе бұнымен шектелсе игі ғой. Алайда күндердің бір күні таяқтың екінші ұшы азаматтардың тағдырын таптаған шенділердің өзіне келіп тимесіне кім кепіл?
Себеп – екіленген стандарттар салтанат құрған заманда заңды жолмен өз құқықтарын қорғай алмағандар қаһарына мінуінде. Соның бірі көпбалалы отбасының иесі Өмірбек Жампозовтың лажы қалмағандықтан әуелі екі полиция қызметкерін жаралап, сосын өзіне қол жұмсағаны көпшіліктің жағасын ұстатты. Оның алдында Атырау, Жамбыл, Алматы, басқа қалаларда болған террорлық шабуылдар нақты полицияға қарсы бағытталғанын тергеу анықтады. Бұндай шектен шыққандыққа айдап салған алғышарттар (жемқорлық, әділетсіз үкімдер, әлімжеттік, кемсіту, қинау) әшкереленбей, аталғандай қауіп-қатерді болдырмау неғайбыл.
Қысқасы, сенімсіздік жайлаған қоғамның ұзақ мерзімде іштей тұрақтылығын сақтап өркендеуі мүмкін емес. Сенім дағдарысы қоғам мен биліктің арасын улап, алауыздыққа жол береді. Өз кезегінде өмір шындығынан алшақтаған, жауапкершіліктен безген билеуші орта мәртебесін сақтап қалу мақсатында күштік іс-қимылға, түрлі шектеу мен тыйым салуларға барады. Оның қарамағындағы баспасөз құралдары шынайы ақпаратты таратудан қалып, қайтсе де "қамқоршысын" ақтап шығуға, тоқырауды даму деп, сыншыны жау етіп көрсетуге күш салады. Оған басым көпшілік сене бермесе де, не болса о болсын, қазіргі күйіміз нашарламаса болды деп немқұрайлықпен қарайды. Басқаша айтқанда, біріне-бірі өтірік сенгендей құлық танытады. Нағыз оппозицияның орнын жасанды оппозицияның басқаны да жағымсыз үрідстің сипаты.
Аңғалдықтың құны
Рас, өтіріктің арты бір тұтам деген нақылды бала шағымыздан жаттап өстік. Авраам Линколнның "Халықтың бір бөлігін ұзақ уақыт, не халықтың бәрін қысқа мерзімде алдауға болар, бірақ бүкіл халықты ұзақ уақыт алдау мүмкін емес" деген сөзі де көпшілікке таныс. Бірақ тарихи тұрғыда тұтастай халықтардың ұзақ жылдар алданып келе жатқаны осыны жоққа шығарады. Бүгінгі Солтүстік Корея мен Түркменстанды алыңыз мысалға. Тіпті кешегі Кеңес Одағының құрамында отырып, компартияның коммунизм жайлы сандырағына, капитализм әне-міне құриды деген ертектеріне талай буын шын ықыласымен сеніп келді ғой. Ендеше өзгенің болмаса да, өз тарихынан сабақ алу адам баласының пешенесіне жазылмағаны қайран қалдырады.
Осындайда тағы бір парадокс назар аудартады. Сөз болып отырғаны әдетте үлкендер балаларын "мына өмірде ешкімге сенбе, тек өз ақылыңа жүгін" деп тәрбиелеуі. Сөйте тұра сол алдау-арбаудың тұзағына өздері түсіп жатады. Күдігі бола тұра, өз ақшасын қаржылық пирамидаға сеніп тапсырғанда, жеңілдікпен пәтер алу мақсатында пәленше әкімнің туысымын деген алаяққа жиған-тергенін бере салғанда, үкімет 99 рет берген уәдесін орындамаса да 100 рет сөзінде тұратынына иланғанда. Пушкиннің сөзімен айтқанда: "Мені алдау қиын емес, алдануға өзім әзір тұрсам". Бәлкім, бұл кей кездері ұсқынсыз шындықты мойындағанша құлаққа жағымды өтірікке сенуді жеңіл санаған адам баласының жаратылысы, іштей аңғалдығының кесірі болар. Тек айналып келгенде басты сұрау кімнен болмақ: алдаушыдан ба, әркез алдануға көнгеннен бе?
Сорақысы сол, сенімін жоғалтқан қоғамда шындықты өтірік, батылдықты жағымпаздық, намысты екіжүзділік, адалдықты алаяқтық, ұлтжандылықты өзімшілдік жеңеді. Бұндай ортада тыныс алған қоғам не кешегі Кеңес Одағы тәрізді іштей іріп-шіріп, ақыры құрып тынады; не төзімі таусылғанда наразылығы асүйлерде қамалып қалмай көше мен алаңдарға шығады. Алайда, оның өзі мұрат еткен әділ де сенімі берік қоғамға әкеле қоюы шарт емес. Керісінше, оның орнын әдетте әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай бұрынғыдан бетер күйзеліс басып отырады. Олай болса, істі насырға шаптырмай сенім мәселесін қолға алу аман қалудың жолы екенін кеш түсінбесек игі.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1🔥Новогодняя ёлка вспыхнула пламенем во время церемонии зажжения в Шымкенте
- 3201
- 11
- 98
-
2💥Взрыв на ТЭЦ в Риддере: шесть человек пострадали
- 2839
- 4
- 32
-
3📈Продолжат ли рост цены на жильё в новом году – мнение экспертов
- 2904
- 1
- 15
-
4❗️О главных задачах Жумангарина на новом посту рассказал глава правительства
- 2748
- 7
- 24
-
5❓"Вправе не объяснять" – Конституционный суд об отказе иностранцам в разрешении на проживание
- 2820
- 6
- 27
-
6❄️12 сантиметров снега выпало в Алматы за день
- 2851
- 2
- 19
-
7⚠️ Доброе утро! Предлагаем обзор главных новостей за 21 декабря
- 2388
- 0
- 6
-
8🔥🚒👨🚒 Баня, ресторан, автомобиль. Что горело ночью в Казахстане
- 2239
- 0
- 6
-
9✈️ Искали три дня. Все находившиеся на борту пропавшего на Камчатке самолёта живы
- 1900
- 3
- 44
-
10💵 Сколько стоят доллар и рубль в обменниках Казахстана 22 декабря
- 1832
- 0
- 2