Прямой эфир Новости спорта

Обыр жастарды обып барады

Сурет naked-science.ru сайтынан алынған
Сурет naked-science.ru сайтынан алынған
Обыр дерті бірер жылдан бері Жер бетіндегі кісі өлімінің екінші себебіне айналды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) дерегінше, 2018 жылдың алғашқы 9 айында-ақ аты жаман аурудан 9,6 млн, ал Қазақстанда былтырдың өзінде 14 406 адам көз жұмған. Қатерлі ісіктің практикалық тұрғыда әрбір алтыншы ажалдың әзірейіліне айналғаны - айқындалған ақпар-факт. Социолог-дәрігерлердің тұжырымы бойынша аталмыш дерттен дәм-тұзы таусылғандардың 70%-ы – табысы кем не ортадан төмен елдердің азаматтары.

Аты жаман аурудың анықтамасы

Жұрттың жанамалап "аты жаман ауру" атап жүрген қатерлі ісік термині ғылымда ағзаның кез келген бөлігін бүлдіретін 100 шақты аурудың жиынтығы мағынасында түсіндіріледі.

Қалыпты жасушалардың қауіпті клеткаға түрленуі нәтижесінде, анығырақ айтқанда ДНҚ-дағы мутациялық өзгерістен қатерлі ісік пайда болады. Көпсатылы ауру өзінің даму барысында зақымданғаннан соң қатерлі ісікке айналады. Мұндай мутация генетикалық және сыртқы факторлардың үш санаты арасындағы өзара әрекеттесу нәтижесінде тууы мүмкін:

  • Ультракүлгін және иондаушы сәуле сияқты физикалық канцерогендер;
  • Асбест, темекі түтінінің компоненттері, афлатоксиндер және күшәла сияқты химиялық канцерогендер);
  • Кейбір вирустар, бактериялар немесе паразит тудыратын инфекциялар секілді биологиялық канцерогендер.

Обыр орына құлатар он себеп

Қатерлі ісіктен көрер жарығы таусылғандардың әрбір үшіншісі дұрыс тамақтанбаған әрі салауатты өмір салтын ұстанбаған. Адам салмағының индексі жоғарылаған сайын жеміс-жидек пен көкөністі жеткілікті мөлшерде қолданбау, белсенді қозғалмаса, шылым немесе өкпеге түтін тартатын заттарды, алкогольді ішімдіктерді тұтыну сияқты көпшілікке белгілі қарапайым кеңесті кісі саулығының басты ұстындары ретінде құнттамайтынымыз жасырын емес.

Обыр жасушаларының тез таралып, қарқынды дамуына алып келетін ең басты факторлардың бірі – табак өнімдерін пайдалану. Зардабы зор, соры қалың бұл әдеттің кесірінен науқастардың 22%-ы қайтыс болады. Сенемісіз? Адамзаттың жаппай темекіге әуестенгеніне әлі бір ғасыр бола қойған жоқ. Демек, алдағы уақытта ғылым қуатымен шылымның шылауынан "диагнозы жұмбақ" аты жоқ талай ауру анықталуы ықтимал.

Ағылшын ғалымдары Лондонда өткен зерттеу нәтижелеріне сәйкес артық салмақтың қатерлі ісіктің асқынуына әсер етіп, оның пайда болу қатерін екі есе арттыратынын айтып отыр. 200-ден астам сараптамалық жұмыс пен зерттеу нәтижелері ағзадағы артық майлар қатерлі ісіктің 11 түріне алып келетінін көрсеткен.

Асқазан, өт жолдары, тоқішек пен тікішек жолдары, бүйрек, кеуде, жыныс мүшелері мен тынысалу жолдарында қатерлі ісіктің пайда болу тәуекелі күшейеді. Ерлерде дене салмағының индексі бес сатыға көтерілген бойда қатерлі ісіктің де қаупі 9%-ға артып отырады екен. Ал әйелдердің бөксесі мен бел тұсына майдың нормадан тыс көлемде жиналуы салдарынан жыныс жолдарындағы дерттің пайда болу қаупі 21%-ға дейін өседі.

ДДСҰ өзінің Обырды зерттеу жөніндегі халықаралық агенттігі (МАИР) арқылы канцерогендік факторларды жіктеуді жүзеге асырады. Қатерлі ісік дамуының тағы бір негізгі факторы – қартаю. Обыр тәуекелі аурушаңдық жасына байланысты күрт өсуі де мүмкін. Адамның қартаюына қарай жасушалардың автономды жаңару механизмдері әлсіретей түсетіні анық жайт.

Табысы төмен елдерде канцерогенді инфекциялар, соның ішінде Helicobacter pylori, адам папилломасы вирусы (АПВ), В және С гепатиті вирусы және Эпштейн-Барра вирусы (2012 жылы анықталған) обыр жағдайларының шамамен 15%-ына себеп болып отыр.

Ең кең таралған кінәраттың бірі – диагностикалау мен ем-шара дәрменсіздік танытатын ең соңғы деңгейге дейін медициналық көмекке жүгінбеу, асқынғанша жүріп алу. Әрине, бұған апаратын жол – әлеуметтік-экономикалық кемдік ахуал, олай дейтініміз - дамыған, ауқатты елдерде әр азамат өз денсаулығына инвестиция құюдан аянбайды, арнайы күтінеді.

Медицина қызметтері тек мемлекет тарапынан үйлестіріліп әрі қаржыландыратын табысы ортадан төмен елдерде халық ауруынан айғуға ынталы болғанымен жолын табуда шарасыз, қалтадан шығарып көктеуге мұршасы келмейді. Осының әсерінен әлем елдері обырдан айығуға өте көлемді қаражат жұмсауға мәжбүр. Мысалы, экономикалық эффект призмасына сәйкес 2010 жылғы аты жаман аурудың алдын алу және емдеу саласына 1,16 триллион АҚШ доллары жұмсалған.

Маман пікірі

Доцент, жоғары санатты дәрігер онколог, медицина ғылымдарының кандидаты Мұрат Жантеев ісікке душар ететін себептердің полиэтиологиялық сипатта екенін айтады.



– Қазіргі таңда күнделікті демалатын ауамыз, ішетін сусын, жеген тамағымыздың барлығы (басым көпшілігі) организм үшін онша қолайлы емес. Әрбір жағымсыз әсер жай кетпейді, тінде із қалдырады, клеткалық деңгейде өзгерістерге ұшыратады.

– Міне осындай мутациялық өзгерістер жинақтала келе денеде ісіктің пайда болуына себепкер болады, – дейді ол.

Ісіктің өсіп, дамуына канцерогенді әсерлі заттар себепші. Күнделікті тұтынып жүрген заттардың құрамнда екі мыңнан астам осындай зиянды заттардың түрі барын ескертеді. Онколог мұны ең басты орынға қоятынын, тіпті толық емделмеген созылмалы дерттің де асқынып, ісікке айналуы мүмкін екендігін айтады. Мәселе табиғи өнімді тұтынуда.

Қазақстандағы ісік ауруының аужайы

КазОжР ҒЗИ 2016 жылғы мәліметі бойынша жыл сайын Қазақстан тұрғындары арасындағы алғаш анықталған онкологиялық аурулар саны орташа есеппен 5-8%-ға артып отыр. Елімізде биылғы санақ бойынша 182 мың адам қатерлі ісікке шалдыққан. Жылына шаққанда 14 мың науқас онкологиялық аурудан көз жұмады.

Алматы қалалық педиатрия және хирургия ғылыми орталығының дерегіне қарағанда Қазақстанда қатерлі ісікке шалдыққан балалар саны 9,3%-ға ұлғайып, жылына 600 бала дертке душар болатын көрінеді. Елімізде обыр өлім-жітім саны жағынан жүрек-қан тамыры жүйесінен кейін екінші орынға шықты. Республика бойынша негізгі көп таралған онкоаурулар тізімі берілген:

  • Сүт безі ісігі – 12,1%;
  • Тері ісігі – 11,2%;
  • Өкпе обыры – 10,8%;
  • Асқазан обыры – 8%;
  • Жатыр мойыны обыры – 5,1%;
  • Тоқішек обыры – 4,7%;
  • Тікішек обыры – 3,9%;
  • Гемобластоздар (қан жүйесі тіндерінің ісігі) – 3,8%;
  • Қуықасты безі (простата) – 3,8%.

Айта кететін жайт, қатерлі ісікке шалдыққандарға медициналық көмек тегін беріледі. Мемлекет бір емделушінің терапия курсына орташа есеппен 10-12 миллион теңгеге жуық қаражат бөледі екен.

Қатерлі ісіктің негізгі 20 түрі бар

Бүгінде елімізде 6 түрлі онкологиялық аурудың алдын алу мақсатында скринингтік тексеру жұмыстары емханаларда тегін жүргізіледі. Олар: сүт бездері, жатыр мойыншығы, тоқішек, өңеш және асқазан, еркектік без және бауыр.

ДДСҰ әлемдік масштабтағы ең жиі кездесетін түрлерін тізімдеген:

  1. Өкпе обыры (2,09 млн өлім-жітім);
  2. Сүт безі обыры (2,09 млн оқиға);
  3. Тоқішек және тікішек обыры (1,80 млн оқиға);
  4. Қуықасты безінің обыры (1,28 млн оқиға);
  5. Тері обыры (меланома емес) (1,04 млн оқиға);
  6. Асқазан обыры (1,03 млн оқиға).
  7. Ажалға алып келетін аты жаман аурудың көп таралған түрі:
  8. Өкпе обыры (1,76 млн өлім-жітім);
  9. Тоқішек және тікішек обыры (862 000 жағдай);
  10. Асқазан обыры (783 000 өлім-жітім);
  11. Бауыр обыры (782 000 өлім-жітім);
  12. Сүт безінің обыры (627 000 жағдай).

В және С гепатитінің вирусы және АПВ кейбір түрлері бауыр және жатыр мойны обырының қаупін тудырса, АИТВ-инфекциясы жатыр мойны обырының даму қаупін едәуір арттырады.

Қатерлі ісік ауыртпалығын қалай азайтуға болады?

Қазіргі таңда ауруға шалдықтыратын қауіпті факторлардан бойды аулақ ұстап және нақты деректерге негізделген профилактика жүргізу арқылы 30-50% обыр ауруларының жолын кесуге мүмкіндік бар. Бұдан өзге, обыр ауыртпалығын ерте анықтау және онкологиялық аурулар дамитын пациенттерді кешенді түрде жұмыс жасаумен азайтуға болады. Ерте диагностикалау мен тиісті емдеу кезінде обырдың көптеген түрін емдеу ықтималдығы жоғарылайды.

Сіздің профилактикаңыз

Қауіпті факторлардың сізге әсерін жою үшін жай ғана ережелерді ұстансаңыз болғаны. Оған айрықша рецепт пен тәуіптің ұшықтағаны қажет емес. Мамандардың айтуынша:

  • Темекі өнімдерінен (түтінді-түтінсіз), қорқордан (кальян), алкогольден түбегейлі бас тарту;
  • Биологиялық нормаңыздан тыс салмақ қоспау, семіздікке ұрынбау;
  • Құрамында жеміс пен көкөніс бар тамақ жеу;
  • Инфекция жұқтыратын кез келген жыныстық қатынастан тыйылу;
  • Гепатиттен немесе канцерогендік инфекцияларға қарсы вакцинация қабылдау;
  • Иондаушы және ультракүлгін сәулелену әсерін азайту;
  • Таза саф ауада жиі сейілдеу;
  • Үйлерде отынның қатты түрлерін қолдану нәтижесінде үй-жайлардың түтінділігін болдырмау қағидаларын мүмкіндігінше берік ұстану обырдан бөлек кез келген аурудың алдын алатынын айтады.

ДДСҰ мәліметінше, АПВ және В гепатитінің вирусы тудыратын инфекцияларға қарсы вакцинациялау арқылы жыл сайын обырмен сырқаттанушылардың санын 1 миллионға дейін кемітуге болады.

Дауа табуға, құлан таза айығуға болады

Өнімді әрі нәтижелі емдеу шараларын үйлестірудің басты алғышарты - диагнозды дұрыс қою. Себебі обырдың әрбір түрі үшін күрделілігіне қарай хирургиялық араласу, сәулелік терапия және/немесе химиотерапия сияқты бір, тіпті одан да көп әдісті қамтитын ерекше емдеу режимі талап етіледі. Алғашқы маңызды қадам емдеу мақсаттарын анықтау және паллиатив көмек (психоәлеуметтік-гуманитарлық қолдау терапиясы) көрсету, сосын медициналық-санитариялық қызметтер кешенді сипатта бағдарлануы тиіс. Негізгі мақсат – қатерлі ісікті емдеу не өмірін ұзарту, науқастың өмір сүру сапасын арттыру. Мамандар ерте кезеңде анықталған сүт безі, жатыр мойны, ауыз қуысы, лейкемия, лимфома және тоқ ішек обырын ерте әрі дәл диагностикалау арқылы және озық практикалық әдістерді қолдана отырып емдеу жағдайында жақсы нәтижеге қол жеткізуге болатынын айтады.

Бізде обырдың жетілу процесі Халықаралық жіктеу TNM циклы негізінде 4 сатылық даму сатысы белгіленген. Мұрат Жантеев ісіктің қауіпті екені сол –1-2-сатыларда клиникалық белгілерінің білінбеуінен кешірек, екінші, үшінші немесе төртінші сатыларында анықталатынын айтады.

ҚР ДСМ мен ҚазОжР ҒЗИ бірлесе әзірлеген "Онкологиялық ауруларды диагностикалау және емдеудің кезеңдік хаттамасын (протокол)" басшылыққа ала отырып, қатерлі ісік жалпы клиникалық, функционалды және арнайы зерттеулер арқылы анықталады. Соңы өлімнен басқа ештеңе емес деген бұрынғы түсініктің әлі жіби қоймағанына өкініш білдіретін доцент Жантеев "Шынтуайтында заманауи диагностикалау және емдеу тактикаларының арқасында онко аурулар арасында өмір сүру ұзақтығы едәуір артқан, сонымен қатар толық айығып кеткен жағдайлар да жетерлік" дейді.

Обыр жер бауырлап жасарып келеді


Дүние жүзінде онкологтар аурудың жасара түскенін айтып дабыл қағуда

Дүние жүзінде онкологтар аурудың жасара түскенін айтып дабыл қағуда / Сурет proreftinskij.ru сайтынан алынды


Соңғы кездері онкологиялық аурулардың жасара түскенін дәрігер Мұрат Жантеев те растайды. Германияда жылына 15 жасқа дейінгі 1800-дей бала мен жасөспірім лейкоза, ми ісігі, лифома, тағы басқа түрлеріне шалдығады екен. Жанға бататыны – елде қатерлі ісікпен тіркеуде тұрған 20 мыңға жуық бала бар. Онколог бұрындары айталық 50 жастан асқандарда кездесетін сүт безі обыры қазір жасы 30 ға толмаған жастарда да кездесіп жүргенін айтады. Сонымен қатар маман жас балалар мен жасөспірімдер көп шалдығатын онкологиялық аурулар қатарында бірнеше түрін атады:

  • Нефробластома (Вильмс ісігі) - бүйрек клеткалары – нефрондардың эмбрионал жетілмей қалуы нәтижесінде туа пайда болатын ауру;
  • Лимфомалар мен гемобластоздар (лейкоздар) ересектермен қатар балаларда да жиі кездесе беретін ісіктер;
  • Юинг саркомасы мидың қатерлі ісігі жасөспірімдерде жиі кездеседі;
  • Тератомалар – әртүрлі әсерлерден (ішкі, сыртқы факторлар) эмбрионал даму кезеңдерінде туындайтын кез келген дене мүшесінде пайда болатын туабітті ауытқулар".

Баса назар аударатын жайт – ол "қатерлі ісік емінің нәтижесі науқастың жасынан гөрі ісіктің даму сатысына көбірек байланысты екенін" нық ескертеді.

Обыр жыныс талғай ма?

– Бүгінгі таңда ерлер арасында ең көп кездесетін және ең жиі өлім себебіне алып келетін өкпе обыры 80% жуығы темекіден болатыны ғылымда дәлелденген. Ыстық қою шай мен кофенің де көп тұтынылған жағдайда зиянды екендігі медицинада бұрыннан мәлім, – дейді онколог сарапшы.

Ер азаматтар арасында өкпе және өңеш қатерлі ісігі кең тараған. Асқазан қатерлі ісігі – 11,4%, қуықалды безінің обыры – 7,6%. Жалпы қатерлі ісік ауруларына шалдығу жиілігінің шыңы 55-60 жас аралығында. Жыныс бойынша:

Ерлер арасында:

Өкпе обыры;

Асқазан обыры;

Тері ісіктері;

Тоқішек обыры;

Тікішек обыры;

Қуықасты безі ісіктері.


Өкпе рагының графикалық үлгісі
Өкпе рагының графикалық үлгісі / Сурет zdoroviezybki.ru сайтынан алынды


Әйелдер арасында кең таралған сүт безі ісігінің визуалды көрінісі
Әйелдер арасында кең таралған сүт безі ісігінің визуалды көрінісі / Сурет wowdeals.pw сайтынан алынды

Әйелдерде:

Сүт безі обыры;

Жатыр мойыны обыры;

Тері ісіктері;

Тоқішек обыры;

Тікішек обыры;

Гемобластоздар.

Денсаулықты күту мәдениеті төмен

Біздегі денсаулыққа қарау мәдениетіне келер болсақ, жаһандану мен техниканың есебінен тұрмыстың жеңілдеуіне қарамастан, әлем жұртшылығы үшін толық мағынадағы саламатты өмір үлгісі – қат мәселе. Мұрат Жантеев бұрындары табиғи үрдіс қысабындағы физикалық күш салу (жаяу жүру, қара жұмыс жасау, жүзу, спортпен айналысу, тағы сол сияқты) қазір гиподинамияға ұласып, мөлшерден тыс калориялы, тез сіңетін тамақтар пайдалану халық арасында жаппай семіруге, артық салмақ қосуға алып келгеніне алаңдайды.

Ол мұны қазіргі таңдағы дамыған елдер арасындағы денсаулық қасірет дейдіі. Жүрек-қан тамырлары, тынысалу, асқорыту, тірек-қимыл аппараттары ауруларымен қатар онкологиялық аурулардың да жиілеуіне себеп болады. Оған экология, сырттан түсетін канцерогендерді қосыңыз. Сонымен бірге халық арасындағы кейінгі кезде асқынып кеткен психоэмоциялық ауыртпалықтарды да естен шығармаған жөн деп санайды.

Поделиться:

  Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

  Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Новости партнеров