Біздің ел де жаһандық экономикалық және саяси үдерістерге біржолата тартылып болды. Сондықтан да бұл үдерістердің біздің ішкі істерімізге ықпалы алдағы кезде тек өсе түсетін болады.
Экономикалық жаһандану кезінде кез келген мемлекеттің халықаралық аренадағы жағдайы, оның ұлттық қуаттылығының өрлеуі мен құлдырауы аса өзекті мәселеге айналды. Сондай-ақ, сол мемлекеттердің стратегиялық ресурстарының өсуі мен азаюы да аса маңызды рөл атқарады.
Осы орайда Қазақстан Республикасының күнделікті заңнамасында аталған ұғым болмағандықтан әлемдік тәжірибеге назар аударған жөн. Жалпы мемлекеттің қуаты, оны анықтайтын стратегиялық ресурстарды кешенді түрде зерделеген абзал.
Мәселен, ХХ-ХХI ғасырларда аса қажетті стратегиялық ресурстар мен олардың сипаты елеулі түрде өзгеру үстінде болды. Басқа мемлекеттермен салыстырғанда Қазақстанның ұлттық қуаттылығын, оның деңгейін анықтау тәрізді өзекті мәселелер әлі де болса шешілмей келеді. Әрине ұлттық және экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету деңгейінде қажетті іс-шаралардың қабылданып жатқандығын жоққа шығаруға болмайды. Біздің ойымызша ұлттық және экономикалық қауіпсіздіктер ұлттық қуаттылықтың қандайда бір компоненттері болып табылады.
Дегенмен де іс-шаралар ағымдағы, қордаланып қалған мәселелерді шешуге бағытталып отыр. Мұның сыртында тәжірибе көрсетіп отырғандай өркениетті елдерде ұлттық және экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету теорияларының ескіргені байқалады.
Қазақстанның ұлттық қуаттылық деңгейін қалай көтеру керек, қалайша өзіміздің стратегиялық ресурстарымыздың артықшылықтарын пайдаланамыз және жетпейтін стратегиялық ресурстардың орнын қалай толтырамыз деген сауалдар бар.
Ұлттық қуаттылық мәселесін халықаралық деңгейде қарастырғанда ұлттық күш тәрізді ұғымдарға назар аударған жөн. Өйткені, қуатты елдер өз күштеріне сеніп, әлсіздерге қарсы әскери немесе экономикалық соғыс та ашып жатады.
Батыстың тұғырнамасы
АҚШ ғалымы Роберт Дахи (Robert A. Dahi) әлемдік билікті державалық мемлекеттің басқа елдердің қолдарынан келмейтін іс-қимылдарды жасау, басқа мемлекетті басқаруы мен аса қажетті ресурстарын иеленуі деген.
Аса қажетті ресурстарға негізінен халық, территория, табиғи ресурстар, экономика, Қарулы Күштер, саяси тұрақтылық және басқалары жатады.
Ғалым Кеннет Уальстің (Kenneth Waltz, Theory of International Politics) пікірі бойынша, ұлттық қуатты халықаралық деңгейде бағалағанда дәстүрлі болып келген география, жергілікті халық және шикізат сияқты факторлардың маңызы төмендеп, керісінше технологияның, білім және экономикалық өсудің маңызы артады.
1940-1970 жылдары арасында кейбір ғалымдар (мыс. АҚШ ғалымы А.Теллис (Tellis Ashley)) ұлттық қуаттылық пен ұлттық қауіпсіздік жағдайын тікелей халық санымен байланыстырған болатын.
АҚШ ғалымы Ханс Моргентау (Hans Morgenthau) 1948 жылы өзінің "Ұлттар арасындағы саясат" атты кітабында ұлттық қуаттылық элементтеріне: география, табиғи ресурстар, өндіріс әлеуеті, әскери дайындық, жергілікті халық, ұлттың мінез-құлқы, ұлттың моральдық рухы және басқару сапасын жатқызды.
Ұлттық қуаттылық теориясының іргетасын қалаған және оны дамытқан ғалымдар Клаус Kнорр (Klaus Knorr, The War Potential of Nations) және Клиффорд Герман (Clifford German, A Tentative Evaluation of World Power) сандық яғни есептеу индикаторларына ерекше назар аударған.
Түптеп келгенде, ұлттық қуаттылық пен ұлттық күш – елдің негізгі байлықтары мен ресурстарын өлшеудің неғұрлым маңызды көрсеткіші, сондай-ақ елдің экономикалық, саяси, әскери және техникалық қуатының жан жақты индикаторы.
Шығыстың тұғырнамасы
Шығыс ғалымдары бұл ұғымды мемлекеттің тәуелсіз өмір сүруі мен дамуын, оның материалдық базасының және ұлттың жаңа идеяларды қабылдау қабілеттілігін, сондай-ақ сол елдің халықаралық деңгейде ықпал ету күші сияқты тағы да басқа қуаттылықтардың үйлестірілуімен түсіндіреді.
Қытай ғұламасы Бо Гуили (Bo Guili, On State Strategy, Beijing, China Economic Press) халықаралық бәсекелестік тұрғысынан елдердің стратегиялық ресурстарының қарқынды өзгеруі мен ұлттық қуаттылықтың нығаюы ашық бәсекелестікті көрсетеді деген.
Бұл бәсекелестік екі жақты жанжалға әкеліп соғады да, елдер өзара күрделі тәуекелдікте немесе тепе-теңдікте қала берсе де келіспеушіліктермен байланып қалады. Тұрақты жағдайдан асып кеткен мұндай дамудың процесінде, басқалары сол дәрежесінен айырылып жатқанда елдердің кейбірі өз ұлттық қуатын өсіреді.
Елдің халықаралық аренадағы жағдайы шын мәнінде ұлттық қуаттың өрлеуі мен құлдырауына, оның стратегиялық ресурстарының өсуі мен құлауына тығыз байланысты.
Ұлттық қуаттылық тұжырымдамасы экономикадағы, әскери істегі, ғылым мен технологиядағы, білім беру, ресурстар мен олардың өзара әрекеттесуіндегі қуаттылық жиынтығын білдіреді. Мұндай бағытты Қытайдың қазіргі заманғы Халықаралық қатынастар институты көрсеткен.
Енді Жапония мемлекеті мамандарының пікірінше "ұлттық күш" неғұрлым жоғары, мықты болса, мемлекет алға қойған стратегиялық мақсаттарына соғұрлым оңай жетеді.
Жапондықтардың ойынша, ұлттың күш тек әскермен шектелмейді. Ол әскери емес компоненттерге (экономикалық, дипломатиялық күштер) де тіреледі. Мәселен, халықаралық байланыстарда ғылыми жетістіктер мен әскери емес әлеуетті кеңінен пайдалану – өркениетті мемлекеттердің бірден-бір ерекшелігі. Стратегиялық мақсаттарға жетуі үшін елдің ең алдымен аса қажетті әралуан, әрқилы ресурстармен толыққанды қамтамасыз етілуі керек.
Кез келген президенттің немесе премьер-министрдің конституциялық міндеттеріне ең алдымен өз ұлтының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі жатады. Сондай-ақ, қорғау объектілеріне мемлекеттің аумағы мен тілі, азаматтардың тұрмысы, мүдделері, өмір сапасы мен дәстүрлері т.б. жатады.
Жапондықтардың пікірінше, мемлекеттің "ұлттық күші" басты үш элементтен тұрады:
- Халықаралық байланысқа үлес қосу қабілеті;
- Дағдарысты ахуал мен халықаралық қиын жағдай туғанда мемлекеттің өмір сүру қабілеті;
- Мемлекеттің барлық күш-қуатын пайдаланып, ұлттық мүдделерді басқа елдерде жүргізу қабілеті.
Бірінші элемент мемлекеттің экономика және қаржы саласындағы көрсеткіштерін, саяси тұрақтылықты, сыртқы сауданы, ғылым мен технологияны және т.б. қамтиды.
Ұлттық күштің екінші компоненті мемлекеттің жағрафиялық орнын, қорғаныс потенциалын, ұлттық моральді, алтынвалюта (Ұлттық қор) резервтерін, дипломатиялық белсенділігін және тиімділігін ескереді.
Үшінші элемент әскери күштен, жаңа технологиядан, стратегиялық және резервтік ресурстардан, экономикалық қуаттылық және дипломатиялық мүмкіндіктерден тұрады.
Ресейдің тұғырнамасы
Көрші Ресей ғұламаларының тұжырымы негізінен стратегиялық матрица өлшемдеріне келіп саяды. Стратегиялық матрица жасау идеясы көп факторлы талдауға негізделеді және олардың ойынша кез келген мемлекеттің дамуы әралуан факторлардың ықпалымен жүріп отырады. Бұл факторлар бірнеше топтарға жіктеліп, шамасы статистикалық көрсеткіштермен есептеледі.
Ресейдің Экономикалық стратегиялар институтының (ИНЭС) тұжырымына сәйкес, мемлекеттің дамуына әсер ететін көптеген мән-жайлардың, яғни, факторлардың ішінен аса маңызды тоғызы таңдалған:
- Басқару;
- Территория;
- Табиғи ресурстар;
- Халық;
- Экономика;
- Мәдениет пен дін;
- Ғылым мен білім;
- Әскер (Қарулы Күштер);
- Сыртқы саясат (геосаяси орта).
Біздің ойымызша, бұл тоғыз фактордан тұратын стратегиялық матрицаның басты-басты келесі кемшіліктері бар.
Біріншісі – тоғыз фактордың ішінде қазіргі заманның шешуші проблемасы –қаржылық фактор ескерілмеген. Оны экономикамен бірге қарастырған жөнсіз, өйткені экономика аясы ұлан-ғайыр.
Екіншіден, өркениеттің дамушы күшіне айналған технологиялық фактор стратегиялық матрицадан орын алмаған. Шығыстың бірнеше мемлекеттері табиғи ресурстары, территориясы, Қарулы Күштері әлсіз болсада, технологияның арқасында ұлттық қуаттылықтарын нығайтып отыр.
Үшіншіден, адам капиталына ерекше басымдық пен мән берілмеген. Матрица авторлары тек халықпен шектелген. Ең өзекті мәселе – халықтың білімін, денсаулығын арттыру арқылы экономикалық өсуді қамтамасыз ету керек.
Жалпы айтқанда, Ресейдің тоғыз фактордан тұратын стратегиялық матрицасы Қазақстан үшін де толыққанды келмейді.
Дәл қазір Ресейдің Экономикалық стратегиялар институты мемлекеттерді негізгі төрт топқа бөліп, сараптық бағалардың үш бөлігін жасаған. Олар орташа, орташадан төмен және орташадан жоғары (Кестені қараңыз). Әр сараптық көрсеткіштерде 1-ден 10-ға дейінгі диапазонда тиісті бағалар беріледі.
Ахмет Байтұрсыновтың көзқарасы
Ұлттық қуат проблемасына арналған Ахмет Байтұрсыновтың көзқарастары мен тұжырымдамалары "Қазақ" газетінің "Шаруашылықтың өзгеруі" атты айдарымен 1915 жылы шыққан бірнеше мақалаларда жан-жақты көрсетілген.
Ахаң кез келген қоғамның, оның ішінде көшпенділердің экономикалық даму кезеңдерін зерттеп, қоғамның эволюциялық жолмен даму керектігін басып айтқан.
Ұлттық қуаттылық пен экономикалық қауіпсіздік тұрғысынан Ахмет Байтұрсыновтың пікірінше қоғамның экономикалық дамуына келесі қозғаушы күштер әсер етеді:
- Табиғи орта;
- Халық тығыздығы;
- Техникалық прогресс;
- Басқа елдерді жаулап алу;
- Саясат пен құқық;
- Дін мен адамгершілік;
- Білім мен оның таралуы;
- Сыртқы елдердің әсер етуі;
- Мемлекеттің қойған мақсаты.
Қазақ халқының ұлттық ғұламасы Ахмет Байтұрсынұлының жасаған тұжырымдамаларын мұқият ескере отырып, Шығыс пен Батыстың ғалымдарының айтқан пікірлер мен жүргізген талдауларын салыстыра келе: ұлттық қуаттылықты материалдық базисты, сол ұлттың жаңа идеяларды қалыптастыру және қабылдау қабілеттілігін, елдің халықаралық байланыста атқаратын рөлін, сондай-ақ, мемлекеттің қолында бар барлық күштердің жиынтығы деуге болады.
Материалдық базис пен елдің басқару құрылымдары ұлттық қуаттылық тұжырымдамасында аса маңызды "қатаң" факторлар болып саналады.
Дегенмен де қазіргі заманда халықтың жаңа және озық идеяларды қалыптастыру және қабылдау қабілеттілігі сияқты "жұмсақ" факторлар кеңінен таралды. Басқаша айтқанда идеялық факторлар.
Ұлттық қуат пен ұлттық қауіпсіздіктің айырмашылығы
Бізше, ұлттық қуаттылықтың аясы ұлттық қауіпсіздік аясымен салыстырғанда әлдеқайда кең. Ұлттық қауіпсіздіктің негіздері Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік Заңында жақсы көрсетілген. Мәселен, ұлттық қауіпсіздік әскери, сыртқы, экологиялық, ақпараттық, қоғамдық және экономикалық қауіпсіздіктерден тұрса, ұлттық қуаттылық сонымен қатар стратегиялық ресурстарды тиімді қолдану мүмкіндіктерінен құралады.
Ұлттық қауіпсіздік кез келген ұлттың, мемлекеттің қорғалған күйі болып табылады. Былайша айтқанда, қолда бар даму деңгейін қорғау яғни оны қауіпсіз ету,мемлекетті қандайда бір қауіптіліктерден қорғау шаралары.
Қазақстанда барлық мемлекеттік органдар жүйесі қорғану іс-шараларына жұмылдырылады, қолда бар ресурстарды ұтымды пайдаланып, керісінше, өзге мемлекеттерге ықпал ету элементтерімен ерекшеленеді.
Егер ұлттық қауіпсіздік теориясы бойынша басты мәселе Қазақстанға ықпал ететін субъектілер мен мемлекеттерден қорғанудың жай-күйі болса, ұлттық қуаттылық теориясына сәйкес, басқа мемлекеттерге Қазақстанның өзі барынша ықпал етуі керек.
Қазақстанның "ұлттық қуаттылық" стратегиясы қандай болуы керек
Қазіргі уақытта әлем бойынша мемлекеттің ұлттық қуатына қатысты бірыңғай жеке анықтама мен бағалау тәсілі әзірше жоқ.
АҚШ әкімшілігі ұлттық қуаттылықты екі элементтің өзара бір-бірімен тығыз әрекетінің нәтижесі ретінде анықтап отыр. Яғни, бір жағынан нақты бір мерзімде мемлекеттің экономикалық инновациялық циклын басқару қабілеті, ал екінші жағынан – өз кезегінде тұрақты саяси ахуалды жасау, елдің қолда бар экономикалық басымдықтарын пайдалануды жандандыру, оның стратегиялық мүмкіндіктерін қолдау және халықаралық жүйеде ел үшін табыс көздерін іздеуге ықпал ету мақсатында тиімді әскери әлеуетті қалыптастыру үшін басқару билігін тиімді пайдалану.
Ұлттық қуат деп стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін елдің барлық әлеуеттерін жан-жақты дамытып, ұлттық қуат стратегиясының шешуші факторлары ретінде стратегиялық мүмкіндіктер және стратегиялық ресурстарға негізделіп қол жеткізген нақты нәтижелерді айтамыз.
Қорытындыласақ, ұлттық қуаттылық пен ұлттық стратегиялық ресурстар мемлекеттің басты стратегиясына аса қажетті компоненттер, олар бір-біріне ауадай қажет.
Жоғарыда көрсетілген Батыс пен Шығыс елдері, сондай-ақ, Жапония мен көрші Ресейдің зерттеу институттары мен ғалымдарының жасаған ұсыныстарын басшылыққа ала отырып, ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан Қазақстан Республикасы ұлттық қуаттылығының басты элементтері мен стратегиялық ресурстарын қалыптастыруға болады.
Автордың пікірінше, оларға:
- Экономикалық ресурстар;
- Қаржы ресурстары;
- Саяси тұрақтылық;
- Білім, ғылым және технология саласындағы ресурстар;
- Адам капиталы, оның ішінде ұлттық мораль мен ұлттық рух;
- Территория, табиғи ресурстар және Әлемдік мұхитқа шығу жолы;
- Басқару,әскери ресурстары және дағдарысты ахуалдарда мемлекеттің өмір сүру қабілеті;
- Дипломатиялық және басқа да ықтимал ресурстарды ұтымды пайдаланып, ұлттық мүдделерді басқа елдерде жүргізу және халықаралық қауымдастыққа үлес қосу қабілеттіліктері жатады.
"Жұмсақ" және "қатаң" факторлар өлшемдерін назарға алып, жоғарыда анықталған Қазақстан Республикасы ұлттық қуаттылығының стратегиялық ресурстарын негізгі екі топқа бөлеміз.
Ұлттық қуаттылықтың "қатаң" факторлары:
- Экономикалық ресурстар;
- Қаржы ресурстары;
- Территория;
- Табиғи ресурстар;
- Әлемдік мұхитқа шығу жолы;
- Басқару ресурстары;
- Әскери ресурстары;
- Білім, ғылым және технология саласындағы ресурстар;
- Адам капиталы (ресурстары);
- Халықаралық шығындар (ресурстар).
Ұлттық қуаттылықтың "жұмсақ" факторлары:
- Икемді саяси жүйе және саяси тұрақтылық;
- Ұлттық мораль мен ұлттық рух;
- Дипломатиялық және басқа да ықтимал ресурстарды пайдаланып, ұлттық мүдделерді басқа елдерде жүргізу қабілеті;
- Халықаралық қауымдастыққа үлес қосу қабілеті;
- Дағдарысты ахуалдарда мемлекеттің өмір сүру қабілеті.
Басқа сөзбен айтқанда, "қатаң" факторлармен қоса материалдық емес стратегиялық ресурстар яғни "жұмсақ" факторлар назарға алынуы тиіс.
Ақша ресурстары болмаса мемлекет жаңа қару-жарақ сатып ала алмайды, әскерлерін дұрыс асырай алмайды, шет елдерде елшіліктер мен консулдық қызметті жүргізу қабілеті төмен болады, қоршаған ортаны қорғауға қажетті іс-шараларды жүзеге асыруы төмендейді, үнемі сырттан қарыз алады т.б.
Кез келген мемлекеттің қаржы ресурстары ЖІӨ абсолюттік көлеміне байланысты. Неғұрлым ЖІӨ көп болса, соғұрлым мемлекеттік бюджеттің ауқымы мол болады. Демек, ұлттық қауіпсіздікке қажетті іс-шараларды қаржыландыру проблемалары оңай шешіліп, сол мемлекеттің сыртқы-ішкі қауіп-қатерлерден қорғалған күйі мығым болады.
ЖІӨ мен қаржы ресурстарын жоғары деңгейде үнемі ұстап тұру үшін Қазақстанға ұзақ мерзімді экономикалық өсу ауадай қажет. Дегенмен де, экономикалық өсу, қаржы ресурстары, бюджет көрсеткіштері экономикалық қауіпсіздік теориясының негізгі категориялары болып табылады.
Экономикалық қауіпсіздіктің негізгі индикаторлары мен өлшемдеріне стратегиялық, экономикалық және материалдық ресурстар жатады. Ұлттық стратегиялық ресурстарды елдің стратегиялық шешімдерін іске асыруға, экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қол жеткізетін нақты және әлеуетті шешуші ресурстар ретінде қарастыру қажет.
Егер кез келген мемлекеттің ұлттық қуаттылығы пен ұлттық күші жеткіліксіз болса, оған мықтыі мемлекеттер сырттан ықпал етіп, ішкі саясатына араласа бастайды. Сонымен қатар, тәуелсіздіктен айырылу ықтималы туындайды.
Ұлттық қуат стратегиялық ресурстардың жай-күйіне тікелей байланысты. Оның ішінде шешуші рөлді экономикалық ресурстар атқарады. Оған бұрынғы ірі держава КСРО елінің кенеттен тарауы мысал болады. КСРО мемлекетінің әскери ресурстары мықты болғанмен, экономикалық ресурстары әлсіз болды.
КСРО-ның экспорттық әлеуетін көмірсутегі ресурстары, оның ішінде мұнай құрады. ХХ ғасырдың 80 жылдары мұнайдың әлемдік бағалары күрт төмен түскесін, КСРО экспорты нашарлады.
Екінші себебі – сол елдің ішінде икемді саяси жүйе мен саяси тұрақтылық болмады. Демек, ұлттық қуатты нығайту үшін қатаң факторлардан басқа, саяси тұрақтылық тәрізді жұмсақ стратегиялық факторлар да ауадай қажет.
Осыны ескеріп, мемлекет деңгейінде келесі тұжырымдамалық және бағдарламалық қадамдардың жасалғаны жөн болар еді:
- Елбасы Қазақстан халқына жасайтын Жолдауында ұлттық қуат мәселесін көтеріп және Үкімет пен Президент Әкімшілігіне тұжырымдамалық құжат жобасын әзірлеу туралы тиісті тапсырма берсе, нұр үстіне нұр болады.
- Ұлттық қуатты қамтамасыз ететін мемлекеттік органдар мен ғылыми мекемелер тізімін айқындау және олардың өкілеттіліктерін пысықтау.
- Президент Әкімшілігінде ұлттық қуатпен шұғылданатын құрылымдық бөлімшені құру немесе Қауіпсіздік Кеңес хатшылығына жүктеу.
- Мемлекет басшысының жыл сайын "Қазақстан Республикасында ұлттық қуаттың жай-күйі туралы" баяндамасын дайындауды көздейтін арнайы тармақтарды енгізу.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.