"Сарыөзек" деп жазылған сылдырмақ
"Медаль сатылады". Интернеттегі осы хабарландыру көзімізге оттай басылған. Жалпы, жылтырақ, темір-терсек белгіге құмарлығым жоқ. Мектепте Сұлтанмахмұд Торайғыровты жаттап өстік. Сонда ақынның атақты "Бір адамға" деген өлеңі қатты әсер еткен:
Ол рас, аталарың шенге алыпты,
Арзан ғып, қымбат емес, кемге алыпты.
Апыр-ай, қалай бұлдап сатқандарын
Оқа-түйме, сылдырмақ теңге алыпты.
Осы өлең жас кезімізден иықтағы оқа мен төстегі теңгеге құмарлықтан сақтандырды. Сондықтан мына сатуға қойылған медаль сияқтының талайын төсімізге тағылған соң сыртқа шыға сала тастап кеткенбіз. Тастауға ұялсақ жолай кездескен үлкен кісілердің біріне беретінбіз.
Ал қазақ әдебиетінде медаль туралы тамаша өлең барын білеміз. Өтежан Нұрғалиевтың атақты "Соғыстың соңғы жазы" кітабынан оқыдық. Бір шал бүкіл колхозды әбігерге салады. Сөйтсе, атпен шауып келе жатқанда кеудесіндегі медалі түсіп қалған. Ардагер оны Варшаваны азат еткені үшін алыпты. Енді бүкіл ауылды тік көтеріп, сол медальді іздеуге шығарады. Бұл көріністі ақын:
Күн де батты. Іздеу керек еді әлі,
Түйелерді тіздеу керек еді әлі.
Іздесек те ой мен қырды шиырлап,
Таптырмады Варшаваның медалі, – деп суреттейтін.
Өтежанның кейіпкерінің кеудесін оққа төсеп Варшаваны азат еткенде алған медалін сол кеудеден түсіріп алғанда опынғаны да дұрыс. Ол – басынан өткен тарих. Ал тарихи тұлға мен айтулы күнге орай медаль шығарып, оны оқиғаға қатысы жоқтарға оңды-солды тарату – қазіргі заманның келеңсіз көріністерінің бірі. Берген жерден ұзаған соң лақтырып кететініміз сондықтан.
Мына интернетте тұрған медаль да елеулі тарихи оқиғаға арналған. Бетіне үш жоталы тау, тау үстінде ортасынан қақ жарылған зымыран бейнеленген. Зымыран жарылған кезде жан-жаққа шашыраған жарқышақтардың бірнешеуінің ұшы қызыл жұлдызға айналыпты.
Сатылмақ медальдің атын қазақшаласақ, "ҚҚЗ-ны жоюға қатысушы" аталады. Астында "Сарыөзек" деген жазуы және бар. "ҚҚЗ" дегені – қысқа қашықтықтағы зымыран.
Әскерилерге арналған бұл сылдырмаққа қатысты оқиғаның күндіз-түні ортасында жүрмесек те, алғаш басталған күнінің куәгері едік.
Оқи отырыңыз: Тұман тұралатқандар
Ырылдасып тұрғандардың ымырасы
Кеңес Одағының басшысы болып Михаил Горбачев сайланған соң ел ішіндегі жариялықпен бірге халықаралық саясаттың қатқан тоңы жіби бастады. Екі держава, тіпті, екі саяси жүйе арасындағы "қырғи-қабақ соғыстың" беті қайтты. Варшава шарты мен Солтүстік Атлантикалық Қорғаныс Одағы – НАТО аталған әскери блоктар теке-тіресті қойды.
Жанталаса қарулануды тоқтатудың қадамы ретінде 1987 жылы КСРО мен АҚШ арасында Орта және қысқа қашықтықтағы зымырандарды жою туралы шарт жасалды. Ол 1988 жылғы 1 маусымнан күшіне енді.
"Орта қашықтық" деп 1000 шақырымнан 5500 шақырымға дейін ұшатын ракета, "қысқа қашықтық" деп 500 шақырымнан 1000 шақырымға дейін нысананы көздейтіні белгіленді. Шарт бойынша зымыранмен бірге оны ұшыратын қондырғы құртылуы керек.
Екі жақтан шыққан комиссия коммунистер елінде орта қашықтықта 910, ал капиталистер елінде 689 зымыран барын анықтады. Кеңес Одағының қысқа қашықтықтағы зымырандары да көп, ұзын саны 926 еді. Бір қызығы, олардың 387-сі ғана кезеулі, ал ұшыратын қондырғылардың 197-сі ұрысқа дайын. Басқасы жауынгерлік күзетке қойылмастан жойылмақ.
АҚШ-тың қолында қысқа қашықтыққа арналған "Першинг-1А" зымырандарының саны 170 екен. Мұның есесіне Кеңес Одағы қанатты зымыран жағынан артта қалыпты. АҚШ-тың жер бетінен ұшырылатын 443 қанатты зымыранына мына жақта 80 ғана қарсы тұрған. Енді осының бәрі құртылып, Жер үсті жеңілдеп қалуы керек.
Бір назар аударарлығы, теңіздегі кеме мен әуедегі ұшақтағы зымырандар бұл тізімге кірмейді. Шарт оларды жоюды қарастырмаған. Ол жағынан, әлбетте, АҚШ басым еді.
Бұған дейін адамзат өзі жасаған зымыранды іске алғысыз етіп көрмепті. Енді солай істемек. Бұл бірнеше тәсілмен жүзеге асады.
Кеңес Одағы "Р-10" зымырандарының бір бөлігін ұшырып құртатын болды. 1988 жылы мұндай ракеталарды Чита облысы мен Краснояр өлкесіндегі базадан бекерден-бекер көкке ата бастады.
Басқасы Капустин Яр полигонында жарып тастау әдісімен жойылды. Ол үшін зымырандағы сұйық отын құйылып алынады. Багі ортасынан тілінеді. Содан кейін төрттен не алтыдан жиналып, астына қуатты жарылғыш қойылады. Мұнда 600 зымыран топырақ пен күл араласқан құймаға айналды.
Кейін ресейлік әскери мамандар АҚШ "Першинг" зымыранын жояр алдында басқару жүйелерін бөлек шығарып алып, аман сақтап қалды деп сан соққан. Оның үстінде онда қозғағыш пен сыртқы қорап балқыту пешіне түскендіктен қайта кәдеге жарайтын. Кеңес зымырандары пайдасыз қоспа түрінде айдалаға шашырайтынын өз көзімізбен көрдік.
Келесі "Р-12" зымырандары Беларусь КСР-інде жойылып жатты. Осы ракетаны аттандыратын қондырғылар Украинада жарыла бастады.
Мұндай науқаннан қалатын Қазақстан ба? Қайта алда тұруы керек қой. Шынында, Шарт бойынша зымыранды жою науқаны алдымен қазақ жерінен басталған. Біздің републикаға құрту үшін әкелгені – қысқа қашықтықтағы тактикалық "ОТР-23", америкалық жүйелеу бойынша "SS-23" ракеталары еді.
Оқи отырыңыз: Аралға араша сұрағандар не үшін жазаланды?
Сұралған жердің сыры
1988 жылдың сәуір айында Қазақ КСР Министрлер Кеңесіне Орта Азия әскери округінің қолбасшысы генерал-полковник А. Ковтуновтан хат келді. Онда "Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы 1987 жылғы 8 желтоқсандағы Орта және қысқа қашықтықтағы зымырандарды жою туралы шартты жүзеге асыру ережелеріне сәйкес және 86343-әскери бөлім арнайы жарылыс жұмыстарын істеуі үшін екі жылдық мерзімге жер телімін бөлу сұралады" деп жазылған. Әскерилер сұраған жердің жалпы көлемі 2000 гектар, яғни, ұзындығы 5, ал ені 4 шақырым болуы керек. Әрине, хат – формальді нәрсе. Әскерилер ол тұсқа әлдеқашан көздің сұғын қадап қойған. Өйткені, хатта қажет жердің Талдықорған облысының Кербұлақ және Киров аудандары аумағында екені айтылыпты. Әрі картасы қоса жолданған.
Ресми хатпен бірге "анықтама-баяндама" деп аталатын екінші құжат түсті. Орта Азия әскери округі штаб бастығының бірінші орынбасары генерал-майор Л. Бугров пен Қысқа қашықтықтағы зымырандарды жою басқармасы № 254-орталығының бастығы полковник С. Петренко қол қойған қағазда зымырандарды жаратын жерге қатысты талаптар көрсетілді.
Жою жұмыстары үшін алдымен: әскерилер тұратын және технологияға қажетті ғимараттар салуға, әрі әкелінген зымырандарды түсіретін алаң жасауға шығын аз шығуы керек. Сарыөзек – үлкен станция, ондай мүмкіндіктері болды. Екіншіден: КСРО мен АҚШ арасындағы шартта зымырандарды тұрған базадан кемінде 1000 шақырым алысқа апарып жою көрсетілген. Ракеталардың Шығыс Еуропа елдері мен КСРО-ның батыс бөлігінен тасылғанын ескергенде, Сарыөзекке дейін бір мыңыңыз не, бес мың шақырым емес пе?
Үшінші талап: зымыран жойылатын аймақта оған дейін ракеталық құрылым орналасқан болуы керек. Иә, Сарыөзектен Жәркентте, яғни оңтүстікке шыққан автожолдың шетіндегі Майтөбе тауында Кеңес Одағының стратегиялық мақсаттағы зымыран әскерінің ядролық оқбасы бар ракеталары тұрды. Ол АҚШ-тың Оңтүстік-Шығыс Азиядағы әскери базаларын нысанаға алған.
Бұл 68-ракеталық бригада "Р-14 У" зымыранымен қаруланды. 6 шахталық ұшыру қондырғысы, 4 көліктегі ұшыру қондырғысы бар еді. Аталмыш зымыранның ұшу қашықтығы 4500 шақырымға жететін. Басындағы ядролық оқбасының қуаты 2,3 мегатонна еді.
Сарыөзектегі зымыранды екі рет ұшырып, бірінде көліктегі қондырғы арқылы, екіншісінде шахталық тәсілмен сынаған. 1968 жылы және 1969 жылы өткен бұл сынақтарды комиссия "жақсы" және "өте жақсы" деп бағалаған. Енді бұлар да жойылмақ, бірақ Сарыөзектен кемі 1 мың шақырым алысқа әкетілуі керек.
"Р-14 У" бар бригаданы аз десеңіз, Қытай Халық Республикасымен арадағы саяси жағдай ушыққан кезде КСРО басшылары Сарыөзектен 13 шақырым жерге оперативтік-тактикалық зымырандар бригадасын әкелген. Демек, мұнда ракетаның екі түрі тұрды.
Ақыр аяғында тағы бір талап болды: қысқа қашықтықтағы зымыран тау қойнауында жойылуы тиіс. Бұл жарылыстардың жарқышақтары алысқа ұшып кетпеуі үшін керек екен. Негізі, Орта Азия әскери округіне қарасты стратегиялық зымыран полкінің өзінде ұшыру-сынау алаңы болған. Бірақ оған жақын жерден жоғары кернеулі электр желісі өтетін. Талап бойынша зымыранды жоятын алқаптың 3 шақырымдық радиусында ешқандай жұмыс нысаны болмауы керек. Бұрынғы ұшырау-сынау алаңы далалық алқапта еді. Енді таудың баурайы қажет дедік. Айтпақшы, ұмытып барады екенбіз, зымыран жойылатын тұсқа іргелес егістік болмауы тиіс.
Не керек, осыншама талапты қарастыра келгенде, әскерилер Сарыөзектен солтүстік-шығысқа қарай 40 шақырымдағы тау бөктерін таңдапты. "Сарыбұлақ" совхозына қарасты жер көрінеді. Бірақ, үш шақырым шеңбер ішінде ешқандай мал қорасы жоқ.
Ол кезде Одаққа бағынған Қазақстан үкіметі ресми хатқа қарсылық танытпастан, зымыран жоюшылардың сұраған жерін екі жылға заңдастырып берді.
Оқи отырыңыз: Малдың тұяғы, құстың тұмсығымен тараған
Әртүрлі жағдайдағы әскерилер
1988 жылдың 1 тамызы еді. Республикалық басылымдардың бірнеше журналисі мен фототілшісі Алматыдан шығып, Сарыөзек станциясына келдік.
Бұл мекенді бұрыннан білетінбіз. Орта Азия мен Сібірді жалғаған теміржол мен Кеңес Одағынан Қытайға шығатын автожол қиылысқан стратегиялық бекет. Кезінде фашизммен соғысып жатқан КСРО осы автожолмен Қытай арқылы АҚШ-тан ленд-лиз бағдарламасы бойынша техника тасуды ойластырған. Сол кезде АҚШ-тың вице-президенті өзі келіп қарап кеткен. Қырық бес жыл өткен соң америкалықтар екінші рет Сарыөзектің қызғылт топырағын басып тұр.
Станциядан әрі қарай бізді Кербұлақ аудандық атқару комитетінің жауапты адамдары алып жүрді. Талдықорғанды бетке алған трасса бірнеше төбеден өткен соң солға қарай бір бұрма жол шығады. Нөмірі көрсетілген "кіреберіс" деген тақтайша бар. Бұрылыстан ары қарай сайды қуалап біраз жүрдік.
Алдымен көзге түскені – тау бөктеріндегі ауыл. Жай емес, тойлап жатқан ауыл. Бірнеше ақшаңқан киіз үй шошайып тұр. Оның қатарында кеңестік әскерилердің жасыл түсті бірнеше жалпақ палаткалары құрылыпты. Сол қапталдан уақытша тұрғызылған әдемі ықшам үйлердің қатары басталады. Бұл америкалық бақылаушылардың мекені мен станция-зертханалары екені талас тудырмаған. Өйткені, мұндай сәнді шағын үйлерді оған дейін ешқайдан көрмеп едік. Екінші көзге түскені – Кеңес Одағы мен АҚШ-тың туларының қатарына одақтас Қазақ КСР-інің көк жолағы бар қызыл туын іліпті.
Митингіден кейін музыка ойнап, жаңа ауылда кәдімгі той басталды. Түрлі ұлт өкілдері қол ұстасып би биледі. Ол кезде Сарыөзектің жартысына жуығы Кеңес Одағының түрлі ұлттарынан шыққан әскерилер еді. Солардың әйелдерінің өзі қазіргі ассамблеямыздың құрамынан кем түспейтін.
Қаптаған адамдардың қарасына біз де қосылып, сұхбат ала бастадық. Кешікпей мереке тоқтап, тізгін жергілікті атқару органдарының қолынан әскерилерге өтті. Өйткені, зымырандарды жоятын уақыт таяп қалды.
Оқи отырыңыз: Толағайлардың тосын тағдыры
Біздің әскерилер палатка түстес шинельмен жүрсе, америкалықтардың жарасымды көкшіл формасы есте қалды. Шатыр жағынан да, киім жағынан да олардың мұқияттығы көзге ұрып тұр. Қаруға мықты мән бергенмен, Кеңес Одағы адамның тұрмысы мен тынысына көңіл бөле қоймасы содан-ақ аңғарылған.
Кешікпей Сарыөзек өлкесінде бірінші рет Кеңес Одағының қысқа қашықтықтағы зымырандарын жойған жарылыс болды. Бес шақырымдай алыс, қарсы беттегі таудың бөктеріне қатарлап қойылған бірнеше зымыранның бір жарылыспен-ақ күл-талқаны шықты. Жарылыстың күші сұрапыл екен, табанымыздың асты солқ ете қалған.
Біраз уақыт өтіп, қою түтін ауаға тарап кеткен соң, бақылаушылар мен журналистерді нәтижені көруге апарды. Қатар қойылған алты зымыран жоқ болып, орнында үлкен қазаншұңқыр қалыпты. Топырақтан күйік иіс шығады. Қазақ ауа райын болжау орталығы мен Талдықорған облыстық аграрлық-өнеркәсіптік кешенінің мамандары айналадағы топырақ құрамы өзгерді ме, жоқ па, соны анықтап жатты. "Еш залал жоқ" десті.
Бірақ, кейін Сарыбұлақ ауылының адамдары бұл жарылыстарға наразылық білдірді. Бірнеше белсендісі Алматыға келіп, митинг ұйымдастырған. Аз ғана адамның айқайы не болсын, қашан жойылатын зымырандар біткенше жарылыс жүйелі жасала берді. Алғашқы жарылыстың ертесінде республикалық газетке біздің "Алапатты аластау" атты мақаламыз шыққан.
Сол күндері Сарыөзекте жойылған зымырандардың балқымаларынан жәдігер жасалды. Оны ресми делегацияларға тарту ететін. Жәдігер арнайы сертификатпен расталатын. Онда "Бұл сертификат кеңестік "ОТР-23" (SS-23) зымыранының жәдігер түріндегі жарықшағы екенін растайды. Зымыран КСРО мен АҚШ арасында Орта және қысқа қашықтықтағы зымырандарды жою туралы шартқа сәйкес, жою орны Сарыөзекте құртылды" деген жазу болатын.
Ал мына "Қысқа қашықтықтағы зымыранды жоюға қатысушы" деген медаль шыққанынан еш хабарсыз екенбіз. Тек отыз жылдан соң интернетке сатуға қойылған кезде көріп отырмыз. Мұны ешбір қоғамдық қор емес, Кеңес Одағының Қорғаныс министрлігі жасаған-ау деп топшылаймыз.
Айтпақшы, жуырда Америка Құрама Штаттары Орта және қысқа қашықтықтағы зымырандарды жою туралы шарттан шығатынын мәлімдеді. Өйткені, құжатта көрсетілген мерзім бітті. Америка жағы әрі қарай созуға құлықсыз.
Осы мәлімдемеден кейін Жер бетіндегі саяси шиелініс қайта шиыршық атып, екі ел қайта ерегесе бастады. Демек, тағы да зымырандар жасалады. Ал олар енді жойыла ма, жоқ адамзатты жоюға қолданыла ма, кім білсін!
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.