Кенже ұлдың бойжеткен болуы
Жиырма бірінші ғасырда қазақ қоғамына ең әсер еткен көркем шығарма қайсы десек, алдымен Мұхтар Мағауиннің "Жармақ" романы ойға түсетін. Жармақ – тың ұғым. Бір адамның екі денеге бөлініп кетуі арқылы қаламгер бір жағынан – жағымпаздықты, мансапқорлықты, жеке өз мүддесін ғана ойлауды әшкерелеп, оны екінші жағынан – ұлтқа қызмет етуге ұмтылу, халық қамын ойлау, адамның жеке басының адал және әділ жүруі сынды қасиеттермен шендестіреді. Екі дененің бірі өтірік пен өлермендіктің арқасында өрлеп, өсіп барады, екіншісі оған керісінше елеусіз, ескерусіз өмір сүреді. Сол арқылы жазушы қазіргі қазақ қоғамын дәл сипаттайды.
Қанша дегенмен "Жармақ" – көркем шығарма. Бір дене ешқашан екі дене болып кете алмайды. Клондаудың жөні бөлек. Бірақ әлем әлі ақыл-естен айрыла қоймаса керек, сондықтан қой мен шошқа сынды жануарлар болмаса, адамды клондау ісін үзілді-кесілді шектеген.
Ал бір денеде екі адамның өмір сүруі ше? Анығында екі жынысты адамның өмір сүруі мүмкін бе? Миллионнан бір ме, тіпті мыңнан бір рет пе екен, жаратылыс та шатасып кетеді. Біздікі қазақы есеп қой, дәл санақ бойынша әлемде әрбір 2000-шы бала осылай болып туады.
Оны ғылыми тілде "жыныстық бағдардың бұзылуы" деп атайды. Ондай нәресте туғанда жыныс мүшесі жартылай ұлға, жарым-жартылай қызға ұқсайды. Медицина ғылымы оларды өз ішінде екіге айырады. Біріншілері жалған интерсексуалды. Яғни, оның денесінде ұлға тән жыныс мүшесі байқалғанмен, бірақ жатыры мен әйелдің ұрық безі болады. Немесе керісінше.
Жалған интерсексуалды адамдарды гармондық дәрілермен емдейді. Жыныс мүшесіндегі кем-кетігін хирургтер ретке келтіре алады.
Ал нағыз интерсексуалды жандарда ер адамның хромосомасы да, әйел адамның хромосомасы да болады. Мұндай үшінші жыныс – "интерсексуал" дегенді алғаш Австралия заңдастырды. Құжатта "жынысы" деген орын болса, оған "Х", яғни "икс" таңбасын қоюға болады.
Табиғат еркектің денесін беріп оған әйелдің жанын жарататын жағдайды бірнеше рет көзімізбен көрдік. Бір мысалымен шектелейік. Онда Қарағанды қаласында тұрамыз. Атын бадырайтып жазбай-ақ қоялық, бес қабатты үйде бір ағамен көрші едік. Ол кісі жоғары оқу орындарында сабақ беретін. Жоғары математикадан. Өзі бізден бір қабат жоғары тұрды. Сұрастыра келгенде жерлес болып шыққанбыз. Аталары Аягөз жақтан екен.
Біз кешкілік шахмат ойнауға пәтеріне барамыз. Ол кісі тақтаға қарамай, теріс бұрылып отырады. Тақта біздің алдымызда ғана тұрады. Алдымен өзіміздің жүрісімізді, содан ол кісінің ауызша айтқан "ферзі F 6-дан C 3-ке" дегендей жүрісін жасаймыз. Бәрібір тақтаға қарамаған қалпы бізді ұтып шығатын.
Ағамыздың үйінде үш ұл бар. Үлкені студент, кешкілік үйде бола қоймайды, оны көп көре бермейміз. Екіншісі мектепке барады. Ағамыздан аумайтын, ер тұлғалы, ерні салпиған шой қараның өзі. Үшіншісі ұл болса да үнемі үйінде ұзын етекті киіммен жүреді. Кейде шешесінің көйлектерін киіп, көлбеңдеп жүргенін көреміз. Екінші ұл күндіз аулада балалармен доп тебеді. Үшінші ұл біз шахматта сайысып жатқанда бір бұрышта қуыршақ ойнап отыратын.
Оған көзіміз түсіп кеткенде, ағамыз "жаратылыстың қатесі ғой" деп бір күрсініп қоятын. Ал жеңгеміз болса "жаратылыстың қатесін" қолдайтынын байқаймыз. Ерекше жақсы көреді. Қуыршақтар әперіп, өзінің көйлегін киюге, моншағын тағуға рұқсат беріп қоятыны содан.
Екі жылдан кейін біз қызмет бабымен Алматыға көшіп кеттік. Арада жиырма жылдан соң Қарағандыға жол түскенде, бірер сағат уақыт тауып баяғы үйімізге, ағаның пәтеріне бардық. Сәлем бермек едік. Есік тас жабық. Біздің келгенімізді байқаған соң қарсы пәтерден орыс қыз шықты. Баяғыда мына пәтердегі ағаға туысқан іні болғанымызды, осы үйдің астыңғы қабатында көрші тұрғанымызды айтып, қазір олардың бар-жоғын сұрадық.
– Шал бірнеше жыл бұрын қайтыс болған, – деді орыс қыз мән-жайды түсініп, ұры-қарақшы еместігімізге көзі жеткен соң.
– Иманды болсын, – деп бетімізді бір сипадық та: – Балалары бар еді. Үш ұл еді... , – деп бергі бауырлардың жайына көштік.
– Жігіттерді білмеймін, бойжеткен қызы болды, қазір оны да көрмейміз, – деді көрші қыз.
"Бойжеткен қызы..." Миымыз шыңылдап кеткен. Көрші қызға "рахмет" айтып, төмен түсіп кеттік. "Бойжеткен қызы". Иә, кенже ұлдың енді ұл еместігі, қызға айналып кеткені күмәнсіз еді. Есімізге аға жарықтықтың "жаратылыстың қатесі ғой" деп күрсінетіні түсті. Сол қате жөнделді ме, жоқ оны жыныс ауыстыру операциясымен одан әрі асқындырып қойды ма, кім білген?
Еркекшораның әйел болуы
Қазақ ортасында әйел болып туса да еркек бітімді, еркек мінезді адамдар болған. Сол сияқты еркек болып туса да бітім-болмысы, жүріс-түрысы, мінез-қылығы әйелден аумайтындар да кездескен.
Данагөй халқымыз жаратылыстың мұндай жаңылыс пендесін де дәл сипаттаған. Біріншісін "еркекшора" деп атаса, екіншілерін "қызтеке" деген. Қапысыз дәл атау. Қазіргілер енді мұндай нақ сипаттама сөз таба алмасына кепілміз. Алатауды алты айналып, Сарыарқаны сегіз кесіп өтсең де бабаның мірдің оғындай атауларына теңдес атаулар табу қолдан келмейді. Анау Оқжетпес, мынау Бетпақдала, әрідегі Маңғыстау, шекарадағы Қорғас – қазақ халқының жер атауына келгенде әлемдегі ең тапқыр халық екенін қапысыз аңғартпай ма?!
Еркекшора мен қызтеке де – осындай санадан сом құйылып қалған атаулар. Беріде бұл сөздер ұмытыла бастады. Оның орнына дәрігерлер, психологтар мен журналистер халықаралық терминдерді қолдануға көшті.
Жалпы, бұл тақырыпта термин көп. Соның бәрін ең жүйелі етіп Нью-Джерси университетінің профессоры Линн Карр жіктеп беріпті: "Жыныс дегеніміз (әйел мен еркек) – биологиялық ұғым; гендер дегеніміз (әйелдер, еркектер және жармақ жыныстылар) – әлеуметтік ұғым; жыныстық жіктелу (гетросексуал, бисексуал, гомосексуал және жыныстық қатынастан мүлде бас тартатындар – эротикалық ұғым". Тура Менделевтің периодтық кестесі сынды өте қисынды пайымдау екен.
Ал ежелгі еркекшора мен қызтеке сөздері әдебиеттен ұшырасып қалады. Ерінбей іздесе, арғы жырлар мен аңыздардан табуға болады.
Айталық, Шәкерімнің белгілі оқиға ізімен жазылған "Қалқаман – Мамыр" дастанында бас кейіпкердің бірі осылай сипатталады. Бұрын аз, әлсіз саналған ру күшейіп, арасынан дәулетті адамдар шығады. Сол дәулеттінің бірі қызы еркекшора болып өседі:
Мәмбетей өсіп, өнді бара-бара,
Сол таптан бір бай шықты жеке-дара.
Сол байдың он бес жасар қызы Мамыр,
Әрі – сұлу, әрі – есті, еркекшора.
Еркекшора кейіпкер дегенде ойымызға "Ақ шағыл" романындағы Қарашаш та бірден оралады. Жұмекен Нәжімеденовтің осы романы, жалпы "Кішкентай" мен "Даңқ пен дақпырт"кітаптарын оған қоса санағанда трилогиясы лайықты бағасын ала алмады. Бұл енді, әдебиет тарихы мен сынына қатысты ескерте кеткеніміз ғой. "Ақ шағылдағы" Қарашаштың түрі, мінезі, сөзі және қайраты еркектен аумайды. Бірақ, бой жетіп қалған Талжібек атты майысқан қызы бар.
Міне, қазақ ұғымы мен дәстүрінде қанша жерден еркекшора болып туып, өссе де түптеп келгенде өз жынысының өкілі болады. Қазақтың "ат айналып қазығын табады" дәл айтылған. Қарашаш бәрібір бала тапты. Мамыр бой жеткенде оған Қалқаман ғашық болды.
Тіпті "Қобыланды батыр" жырында оның әйелі Құртқа сұлу емес, күшті етіп суреттеледі. Дастанның бір тұсында:
Қыз Құртқаны көтеріп,
Бурыл көкке екі ұшты.
Салмағымен қыз Құртқа
Алып жерге бұл түсті.
Жазығы әйел демесең,
Құртқа қыз да тым күшті.
Байқасаңыз, Қобыландыдай батырды бұйым құрлы көрмей, Қарааспан тауын төбе деп санамай шабатын Тайбурыл тұлпарды Құртқа шылбырдан тартып жерге тұқыртып тұр емес пе!
Екінші тұсында:
Бұлаңдаған қыз Құртқа,
Әйел болдың айла жоқ.
Егер еркек болғанда
Болар ең тұтқа бір жұртқа.
"Қозы Көрпеш – Баян Сұлу" жырында Баянның сұлулығы сипатталады, "Қыз Жібек" дастанында оның керімдігі асқан шабытпен жырланады, ал Құртқа ондай емес. Күшті, егер еркек болып туғанда ел билейтіндей қабілетті. Демек, еркекшора. Сөйте тұра Қобыландыдай батырдың сүйген жары. Анығында "сүйген" емес-ау некелескен жары. Иә, неке туралы да осы жырдың үзіндісін жатқа білетін едік.
Міне, ұлттық ұғымдағы еркекшоралар осындай.
Сол сияқты "қызтеке" деп сипатталатындар да ара-тұра кездескен. Бұлар – түрі, дауысы, дене бітімі әйелге ұқсаған еркектер. Ежелде қазақ еркекшораны еш кемсітпеген, керек болса құрметпен қараған, ал қызтекенің жөні басқа. Оған күле қарап, мазақтауы мүмкін. Өйткені, еркекшора әйел қолға бақан алып, жауды аттан қағып түсіре алады, қызтеке еркектің бұл іске білегі де, жүрегі де жетпеуі мүмкін. Сондықтан оны кемсітіп сөйлеуді әбестік санамаған. Өйткені, ол заманда ең бастысы – елді жаудан қорғау.
Содан кейін еркекшора әйел бәрібір байға тиіп, бала тауып беруге табиғи жағынан қабілетті. Қызтеке еркектердің көбі бала таптыра алмайды. Кемсітудің және бір себебі осында жатса керек.
Қазір "қызтеке" ұғымы баспасөзде, әлеуметтік желіде басқаша реңк ала бастапты. Бұл дұрыс емес. Сансыз сайтта "қызтеке" деп жазылып жүрген гейлердің ескі ұғымдағы атауы – "бәтшағар"!
Еркекшораның еркек болуы
Еркекшораның еркекке өзгеруі, қызтекенің мүлде қызға айналуы тек операция жасаумен мүмкін болмақ. Бұл әлемде жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдарына кездесе бастады. Оған дейін медицина жыныс өзгертуге дәрменсіз еді. Әрі көптеген елдерде мұндай ойы бар адамдар қудаланды. Айталық, Ұлыбританияда ХІХ ғасырда еркек болғысы келетін әйел мен әйел болғысы келетін еркекті соттап, қара жұмысқа кесетін.
Еркекшораны еркекке айналдырған алғашқы операцияны 1926 жылы Берлинде жасады. Онда жынысын өзгерткісі келген әйелдің екі емшегін сылып тастаған. Арада төрт жыл өткенде әйел болғысы келетін еркектің жыныс мүшесін кесіп берген.
Ең белгілі, кейін алдымен романға, одан киноға өзек болатын оқиға да сол Берлиндегі Сексуалды ғылымдар клиникасында өтті. Эйнар атты еркек, өзімен кетсінші, Қайнар деген атқа ұқсас екен, танымал суретші болған. Зайыбы Герда Вегенер де суретші еді, бірде ол Эйнардан әйел киімін кие тұруды өтінеді. Себебі әлдебір картинаны салуға үлгі үшін керек әйел келмей қалыпты. Бір рет әйелдің киімін кигені күйеуіне пәле болып жабысқан. Одан кейін әйелше киінгісі келеді де тұрады. Осы жерде қазақтың ешқашан әйелге күйеуінің, күйеуге әйелінің бас киімін кигізбейтін дәстүрін еске түсіріңіз. Бабаларымыз қандай дана болған десеңізші!
Хош. Ақыры Эйнар Вегенер 1930 жылы Берлиндегі белгілі клиникада операция жасатып, еркектік жыныс мүшесінен жұрдай болады. Әлгі жыныс мүшесімен бірге суретші ретіндегі әжептәуір аты мен абыройын да тәркі етеді.
Сонымен Данияға қайтып келіп, әйелімен ресми ажырасады. Енді аты Лили, сойы Эльба атанған әлгі байғұс өзі күйеуге тиіп, бала тапқысы келеді. Ол үшін бойында жатыр, жатырда әйелдің жыныс безі болуы керек. Бұл операция келесі жылы Дрездендегі емханада жасалды. Бірақ арада бір жыл өтпей жатып қайтыс болды. Денесі бөгде ағза – жатырды қабылдамай қойған.
Арада қырық жыл өткенде ғана медицина ғұламалары ағзаға тігілген бөгде мүшені өгейсітпейтін емдік дәрі – циклоспоринді ойлап тапты. Оған Эйнар-Лилидің бәрібір ғұмыры жетпейді екен.
Циклоспорин ашылған жаңалықтан соң жынысын өзгерткен жандардың дәуірі басталды деуге болады. Бір жағынан дәрі мүмкіндік берсе, екінші жағынан тура сол кезде Швеция "азаматтар өз жынысын өзгертуге толық хақылы" деген заң қабылдады. Оны Батыс Еуропа мен Солтүстік Америка бірден қолдап әкетті.
Келесі толқында жынысын өзгерткен жандар саясатқа келе бастады. Тізім көп, бәрін келтіру мүмкін емес. Одан спортшылар. Мұнда бір ғана мысалмен шектелген жөн. Берідегі біздің Бекзат Саттарханов чемпион болатын Сидней Олимпиадасына қатысқан, әрі Еуропа біріншіліктерінде бірнеше рет медаль алған немістің сырықпен секірушісі Ивонна Бушбаум бүкіл жанкүйерлерін шулатып еркекке айналып кетті.
Азияның кейбір елдерінде жыныс өзгерту оңай емес. Заңы қатал елдер бар. Айталық, Бангладеште әйелдің емшек пен еркектік енді кестіру тұрмақ бетке операция жасауға тыйым салынған.
Сол елде Адаш Мальтепе деген бозбала "Әлем аруы" конкурсында жеңімпаз атануды қалайды. Ол да бала кезінде әлгі біздің Қарағандыдағы ағамыздың баласы сияқты шешесінің көйлек пен туфлиін киіп, әшекейлерін тағып алады екен. "Менің жаным денемнің құрбаны болғанын сезіндім. Бірақ біздің мемлекетімізде жыныс ауыстырудың мүмкін еместігі мені жынды ете бастады" дейді кейін өзі тілшілермен сұхбатында. Адаш ақыры Канададан саяси баспана алады. Сол елде трансгендер операциясын жасатып, арманының бірінші сатысына шығады. Ал "Әлем аруы" атанып, арманның соңғы сатысына жетуін кім білген?
Аяңдан-аяңдап біздің ел туралы айтудың кезегіне келсек керек. Ұмытпасақ 1994 жылы болар, Алматыда алғаш жыныс ауыстырып, қызға айналып кеткен бұрынғы жігіт туралы естідік. Оны танитын журналиске тапсырма беріп, күнделік іспетті мақалалар жазғыздық. Одан бірнеше сатыдан тұратын операцияны Москвада қалай жасағаны айтылатын.
Жалпы еркекті әйелге айналдыратын операциядан гөрі әйелді еркекке айналдыратын операция күрделі деп саналды. Соған орай бағасы да қымбатырақ.
Қазақстанда қанша трансгендерге операция жасалып, емшек пен ен кесілгені туралы дерек жоқ. Ол енді дәрігерлік құпия саналатын шығар. Есесіне әйел еркекке, еркек әйелге айналған соң құжат ауыстыруға тура келеді. Бұл орайда тіркеу мәліметтері ашық.
Азаматтық хал актілерін тіркеу ақпараттық жүйесінде 2008 жыл мен 2016 жыл аралығында бес еркек өз жынысын әйелге, жеті әйел өз жынысын еркекке өзгерткені, соған орай аты-жөндерін ауыстырғаны көрсетілген.
Қазақстан жаһандануға дендеп ене бастағалы бұл құбылыс та үдей түссе керек. 2017 жылы бір Алматы қаласының өзінде 10 адам жынысын өзгерткен себепті жаңа құжаттар алыпты.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.