Мешіт хикаясы
Мұқыр ауылындағы мешіттің өз хикаясы бар. Онда қызыл әскер мылтығын шошайтып, қылышын сүйретіп келген заман. Оның алдында осы Торғай даласында Ақ патшаның қазақтан әскер алу туралы Июнь жарлығына қарсылық ретінде ұлт-азаттық күресі бұрқ ете қалған. Патшаның, одан большевиктік биліктің зорлық-зомбылығын көрген, Кейкі сияқты есіл ерлердің қазасы жанына батқан Теңгебай деген қажы алдағы жағдайды болжапты. Көзі ашық, көреген кісі ғой.
Енді қолдағы малы өкіметтің талауына түсерін Теңгебай түйсінген. Қайтпек керек? Малды айдап кетуі мүмкін, ал мешітті арқалап кете алмайды деген түйінге тоқтайды. Содан өзінің ата мекен қыстауы Мұқырға мешіт салғызады.
– Неге салғыздың? Жаңа үкімет сені соттап жібереді, – дегендер болыпты.
– Адамның сотынан қорықпаймын. Алланың сотынан қорқамын. Сондықтан да салғыздым, – депті оларға Теңгебай қажы.
Бірақ аласапыран уақытта оған ешкім ештеңе демеген. Жиырмасыншы жылдардың соңына дейін дін өкілдері қудалауға түспегендіктен жұрт осында жиналып намаз оқыған. Теңгебай өз ажалынан 1928 жылы өмірден өткен.
Мешіт салу үшін өте қолайлы жер таңдалған. Бір жақта Торғайдан келетін көлік жеті-сегіз шақырымнан көрінеді. Екінші жақта Қостанайдан келе жатқандарды да алыстан байқай аласыз. Бұған қарағанда Мұқыр ауылындағы Теңгебай мешіті осы маңайдың жұртшылығы үшін кезінде ақпарат алмасатын орын болған сияқты.
Тоқсан жылдан соң Мұқырда қирап тұрған мешітті көрдік. Шикі кірпіштен қаланыпты. Жай иленген саз емес, жылқының құйрық-жалының қылын қосып құйған екен. Шашылып жатқанмен, бір сынығын таппайсыз. Әрқайсысы бүтін.
Мешіттің кезінде еңселі болғаны байқалады. Ағаштан едені болған. Азан шақыратын мұнараға дейін салынған. Жанында дәрет алатын бөлмесі бар. Бір жақ қабырғасына жалғас дүкен салған. Дүкен – бүгінгі ұғымдағы магазин емес, ұстахана.
Мұның да өз сыры бар. Мешітке келіп намаз оқисың. Ата-бабаңа арнап Құран бағыштайсың. Сосын қыр қазағы емессің бе, атыңды тағалатып аласың.
Қабырғаларының біраз тұсы құлаған екен. Соның өзінде үш бұрышы мен тұтас бір қабырғасы қалқайып тұр. Ол да болса көңілге медеу. Төбесі опырылып түскен. Белағаштары ұзын әрі ірі екен. Сол кездегі шеберлердің сапалы ағашты таңдағандары даусыз. Оны қамыспен жауыпты. Бұл жақта қамыс көп. Өзі шірімейді.
– Төбесі қашан құлап түскенше ішке бір тамшы су ақпаған еді, – деп еске алады Теңгебей қажының немересі Мырзабай. – Сондықтан мұны кеңес өкіметі кезінде қойма ретінде пайдаланып, ұн жинап қоятын. Ұнды ешқашан ылғалды, су таматын төбенің астына сақтамайды ғой. Атам салғызған мешіттің мықты болғанын содан да біле беріңдер. Ағаштан едені болды.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдары осы ауылда тұрған бір әйел сәкі істеймін деп мешіттің еденіндегі төрт-бес тақтайды суырып алған. Басқалар "пірадардың мешітіне тиіспе, киесі ұрады" деп ескертіпті. Анау әйел "ащы судан" ұрттап алады екен. Өзіне ескерткен ауылдықтарға "Ешқандай киесі жоқ. Қазір бұл мешіт емес, малдың қорасы емес пе" деп бой бермейді. Ағашты үйіне алып барып, өзінше бірдеңе істеуге кіріседі. Сонда бірден ес-түзсіз құлайды. Қан қысымы қатты көтеріліп, бет-аузы қисайып кетеді.
– Тағы бірде, – деп Мырзабай Теңгебаев әңгімені жалғастырды, – трактормен келіп, мешіттің кіре берісінің кірпішін алған ауылдас болды. Ол қалай мешіттен кірпішті үйіне апарды, солай үлкен ұлы тосын жағдайда қаза тапты. Баласын жерлеп, сосын арнайы мал сойып, мешіттің кірпішін орнына қайтып әкелді.
Мешіт беріде ғана құлаған. Онда да мал қамап құлатыпты. Өйткені, шаруашылық жаңа қойма, шатырлы магазин салып, сатушылар соған көшті. Енді қаңырап қалған ғимаратқа бақташылар мал қоралайтын болды. Сиыр сүйкенгіш, сүзгіш. Жылқы тебеген. Бетон емес, саман кірпіш қашанғы шыдасын. Алдымен қабырғалары қақырай бастады. Бір жік түскен соң ары қарай апат жалғаса бермек. Ақыры төбесі опырылды.
– Совет заманы. Партияның қылышынан қан тамады. Ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс емес пе. "Біздің атамыздың мешітіне мал қамама" деп айта алмай шерменде күйде жүрдік, – деп күрсіне еске алған осы тұста Мырзабай қажы. – Аузымызда қақпақ бар. Осындағы мектепте мұғалім болған әкем Ғұбайдолла да бұл көрініске қарсы ештеңе айта алмады.
Мектеп хикаясы
Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында жеке Торғай облысы болды. Сол облыстың Амангелді ауданында "Шөптікөл" деген совхоз болды. Оның құрылуы тікелей Ғұбайдолла Теңгебаевтың еңбегі еді. Бұл – жаңағы мешіт салғызған Теңгебай қажының жалғыз ұлы.
Өзі Мұқырдағы бастауыш мектептегі мұғалімдік жұмыстан зейнеткер болған соң ата мекенді түлету үшін ойға кетеді. Онда Мұқыр – басқа совхоздың елеусіз, қиғаштағы бөлімшесі. Аудан орталығынан 55 шақырым қашықта жатыр. Әрі онымен арада даланың жолы ғана бар. Қыста қар алып қалады, жазда жауын жауғанда батпақтап жатқандары.
"Егер Мұқыр өңірі жеке совхоз болса, өзінің ауруханасы, он жылдық мектебі болады" деп есептейді Ғұбайдолла. Әзірге бастауыштан кейін кім баласын қайда оқытарын білмей қиналып жүргендері. Жастар жан-жаққа ыдырамай, туған жерде қалар еді. Кезінде жұмыс іздеп кетіп қалған ағайынның басы қайта қосылады. Баласы оқуға кеткендер де соңынан сабылмайды. Институт бітіргендер маман болып оралады.
Содан Ғұбайдолла жаңа шаруашылық құру туралы ұсынысын қағазға түсіріп, хаттайды. Мұндай хаттарды Арқалық, Алматы, Москваға дейін жолдаған. Бір хаты КПСС Орталық Комитеті жанындағы Партиялық бақылау комитетінің председателі Арвид Янович Пельшеге жетіпті. Ол екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, "ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс" болып тұрған басшы ғой. Міне, қарапайым ауыл ақсақалы, қиырдағы бөлімшедегі зейнеткер мәселені қай жерге дейін көтергенін осыдан аңғара беріңіз.
Сұранып жүріп Торғай облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Нұржанұлы Әуелбековке кірген. "Жеке басыма ештеңе сұрап келгенім жоқ, қарағым. Асарымды асап, жасарымды жасаған адаммын. Елдің болашағы, жастардың ертеңі ғана қабырғама батады. Соның ішінде мынадай тусырап жатқан жерді игеру үшін, жан-жаққа бытырап жатқан жастарды жинау үшін бір совхоз ашпай болмайды деген оймен келіп отырған адаммын" депті.
Дәлелдерін айтқан. Есебін көрсеткен. Бірінші жолы Әуелбеков "көреміз, ойланайық" деп шығарып салыпты. Қайсар Ғұбайдолла екінші рет қабылдауында болады. Тағы шығарып салма уәде берілсе керек. Үшінші жолы кіргенде "жерді өзім келіп көремін" деп нақты сөзін айтады.
Ақыры облыс басшысы бұл жерде жаңа совхоз құру мүмкін бе, жоқ па, соны анықтау үшін Мұқырға арнайы келген.
Ғұбайдолла де тегін кісі емес. Қырық бір жыл мұғалім болған. Өз оқушыларының арасынан талай экономистер, бухгалтерлер шыққан. Совхоз ашу туралы ойға берілген соң, соларға қолқа салып, бүкіл есеп-қисапты әзірлепті. Қанша мал ұстауға болады? Оған жетерлік қанша шөп шабуға мүмкіндік бар? Қанша адамға арналған село салу керек? Құрылыстың шығыны қандай сомаға түседі? Бәрін қағазға тізіп алған. Асықпай Әуелбековке түсіндіреді.
– Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Әуелбеков суы мен нуын, шабындығы мен ойы-қырын білді. Бәрін аралап көрді. Біздің әкеміздің үйінен дәм татты, – дейді Мырзабай.
Осылайша Торғай облысы Амангелді ауданының құрамында жаңадан "Шөптікөл" совхозы ашылды. Бұл 1981 жылдың қазан айының 1 күні еді. Жаңа совхоз бір бөлімшені "Степняк" совхозынан алды. Ол мына Мұқыр – ата Теңгебайдың, әке Ғұбайдолланың, үшінші ұрпақ Мырзабайдың туған жері. Бір бөлімшені Абай атындағы совхоздан алды. Ал екі бөлімшені жаңадан ашатын болды. Совхоздың орталығы бұрын елдімекен болмаған қырдан салынады деп шешілді.
– Алдымен екі табын қашар алдық. 7 мың бас қой алынды, – деп сондағы есеп-қисапқа кіріскен Мырзабай аға. – Содан он бір жылдың ішінде сиырымыз төрт жарым мыңға жеттік. Сегіз жүздей жылқы, 16 мыңдай қой болды.
Алғашқы жылдың өзінде 40 тұрғын үй салыныпты. Орта мектеп ашылды. Жанында 45 балалық интернат болды. Бірнеше дүкен, почта, аурухана, клуб, монша ғимараттары салынды. Совхоздың өзі үшін кеңсе, МТМ, гараж тұрғызылды.
Осының бәрі бір ақсақалдың ойынан пайда болды дегенге сену қиын. Ол кезде жаңа орта мектепті, Мұқыр ауылында сегізжылдық мектепті, басқа үш бөлімшеде бастауыш мектептерді салғызуға себепкер байырғы ұстаз Ғұбайдолла Теңгебаевтың ең болмаса суреті бес мектептің бірінің қабырғасына ілінбесе керек. Есесіне коммунистік қоғамның негізін салушы "күн көсемге" құрмет ерекше еді. Оның мүсіні орта мектептің алдында асқақтап тұрған. Бірақ кие бар еді.
Мүсін хикаясы
Арада қырық жылға жетпейтін уақыт өткенде үшінші ұрпақ Мырзабай аға жанына әйелі Райхан апаны ертіп "Шөптікөлдің" орнын аралап кейбір іргетастар мен үйінділерден бұл тұста не болғанын еске алып жүр. "Мына жерде қойма болып еді" бірі. "Анау жерді монша тұрды ғой" дейді екіншісі. "Тура осы тұста Балтабайдың үйі бар еді, ал мынау бетоннан салынған Торғай апайдың үйінің орны емес пе" дейді Мырзабай. "Мына жерде не болып еді?" деп сұрайды Райхан апа. "Сен жұмыс істеген балалар башқасының орны емес пе" дейді Мырзабай аға.
Иә, бұл жерде адамдарға қажетті барлық қызметтер болғанына қазір нанбайсың. Бір кезде мұнда бәрі де бар еді. Анау қалың ағаш өсіп тұрған жерде балалар бақшасы жұмыс істеген. Сол жерде шат күлкілі, әсем әнді, тақылдаған тақпақты бүлдіршіндер тәлім-тәрбие алған. Медицина саласының ардагері атанып, зейнет демалысына шығып үлгерген Райхан балалар бақшасына меңгеруші болып тағайындалған.
– Мынау мектептің алдында тұғырда Лениннің мүсіні тұрды, – дейді Мырзабай аға.
Мына қызықты қараңыз, бүкіл ауылдан қалқиған бір қабырға қалмаған, ал Лениннің тұғыры бұзылмай аман тұр екен. Ішін силикат кірпіштен қалап, сыртын бетоннан сылаған, ұзындығы мен ені бір метрлік берік тұғырды ешкім ешқандай кәдеге жарата алмайтын болған соң тиіспесе керек. Бұзып байқаса силикат кірпіштерді сындырмай шығару мүмкін болмаған. Әйтпесе үйлердің тұтас бетон қабырғаларын, шатырын, еденін, есік-терезесі тұрмақ шлак арасындағы қамысына дейін тиеп алып кеткен. Жер-жерде тек шөп басып кеткен бетон іргетастар ғана жатыр.
– Бала бақшада істейтін бізді қой қырқуға апаратын, – дейді Райхан апа осы ауылдағы жылдарын еске алып. – Онда балабақша, мектеп, аурухана және басқа ауылдық мекемелердің қызметкерлері жұмыстан кейін совхозға көмектесетін.
Иә, совхоз үшін бәрі жанын салған жылдар еді. Сонда бұлардың қосымша көмегі үшін ақы да төленбейтін. Райхан апаның еске алуынша, талай рет шөп жинауға да барыпты.
– Бір жылы Баймұрат бөлімшесіне бізді бие саууға апарды, – дейді тағы бір жәйтті еске алған Райхан апамыз. – Мектеп, балабақша, дүкен, аурухана, ауылдық кеңестегі және үй шаруасындағы әйелдерден жиналған оншақты адам боламыз. Бөлімшенің биесін сауып береміз. Түскі тамағымыз сол жерден. Кештетіп үйімізге әкеліп тастайды. Мұндай көмектің ешбіріне совхоз көк тиын төлемеген.
– Біздің совхозымыздың көлдерін жабайы қаз да, үйрек те мекен етті, – дейді Мырзабай аға. – Бірақ директорымыз ешкімді шақырып аңшылық ұйымдастырған емес. Ауылдың көркі ғой, жүре берсін дейтінбіз.
Райхан екі сиыр сауып, май шайқап, айран ұйытқанын еске алады. Бақша да екті.
– Бөшкеден әр қияр-помидордың түбіне суды шелекпен тасып құятын едім, – дейді бейнетті күндерді ұмытпай. – Сондағы еккен қияр, капуста, қауын-қарбызға дейін өте тәтті болатын. Қазір базардағы көкөністер не дәрі, не су татиды ғой. Қолдан өзің өсіргенге не жетсін!
– Ерте көктемде, қар әлі ерімеген қалың кезде фермадан асау тайларды осында әкелетінбіз. Балалар жаппай тай үйрету үшін оған мініп жататын, – дейді Мырзабай.
Сол тірліктің бәрі тып-типыл болған. Бір кездегі "Шөптікөл" совхозының орнынан көз тоқтататын жалғыз бұдыр сол заманда "күн көсем" атанған Лениннің мүсіні тұрған тұғыр ғана. Мүсіннің өзін Мұқырға алып кетіп, орнатыпты. Кім мұнша жанашыр болып жүргенін білмедік.
Мұқырда қабырғасы құлаған мешітке көрші, түрлі ескі техникаға күзетші болып Ленин мүсіні тұр. Иесіз "Шөптікөлде" қалғанша, аз да болса елі бар жерге жетіп алайын дегендей.
Иә, бірде-бір үй қалмай орындарына шөп өсіп кеткен "Шөптікөл" совхозына, жерде аты бар да заты сақталмаған Ұзынкоға, Баймұрат және тағы бір бөлімшеге қарағанда Мұқырдың бағы бар екен.
Мұнда үш шаруа қожалығы мал өсіріп отыр. Әрине, Мырзабай ағаның кезіндегідей мыңғырған мал емес. Сонда да тірлік еткенге жарайды.
Мырзабай мен Райхан атасы Теңгебай қажының, әкесі Ғұбайдолла ұстаздың зираттарының басында Құран оқыған. Ленинді ескеріп фотоға түсірген біз ғана.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1🎉 Группа Orda, ансамбль "Яшлык" и V$XV Prince. Как интересно провести выходные 23 и 24 ноября в Астане и Алматы
- 5620
- 1
- 6
-
2⚠️ Доброе утро! Предлагаем обзор главных новостей за 20 ноября
- 2513
- 0
- 5
-
3🍇 В модном винограде без косточек казахстанские специалисты не нашли вредных бактерий
- 2573
- 3
- 23
-
4🤔 Борьба с покупкой водительских прав: автошколы отказываются передавать частной компании данные о выпускниках
- 2326
- 2
- 26
-
5👀 В Казахстане редко назначают домашний арест, несмотря на большие расходы на содержание в СИЗО
- 2204
- 2
- 9
-
6👨⚖️👨⚖️👨⚖️🟢Суд Алматы отправил руководителя таможенной лаборатории в колонию за взятки
- 2193
- 0
- 25
-
7🎫✈️ Станут ли невозвратные билеты возвратными и зачем субсидировать авиарейсы – глава КГА
- 2258
- 0
- 11
-
8😱 Одного из богатейших людей мира обвинили во взяточничестве. Акции его компаний обвалились
- 2310
- 3
- 14
-
9🟢 Улице в Астане присвоили имя общественного деятеля
- 2237
- 2
- 46
-
10🚛🏗 Торговля и логистика в Центральной Азии: новые коридоры, продукты и D2C-модель
- 2223
- 0
- 6