Прямой эфир Новости спорта

"Құлақ" – қоңыр қаз, "мүйіз" – қоқиқаз

Бұрынғылардың назарынан тыс қалған бір құстың бүгінде даңқы асып тұр.

Бояуы емес, сояуы

Бұл күнгі бағалау баяғы ұлттық санадағы өлшемнен мүлде алшақтап кеткен. Оның бір дәлелін Қорғалжың аймағынан табасыз .

Жаз айында осында балапан өргізетін фламингоны қазақ ежелден "қоқиқаз" деген. Халықаралық терминдегі аты латынның "фламма" – яғни "от" дегенінен шыққан. Құсты отқа теңеу әлбетте, түсіне қарай шыққан.

Бірақ, қазекем оны түсіне емес, түріне қарап атапты. Түсіне қараса, "қызылқаз" немесе "қызғылтқаз" атанары анық. Айталық, "қоңыр қаз" деген тіркес тілімізде ежелден бар.

Бұл тіркес еске түскенде Дәнеш Рақышев атты ғажайып әнші өмір сүргенін айтқан ләзім. Алматыдан алыс ауданда тұрса да, өз заманында аты бүкіл қазақ даласына тарады. Ағамыз шекараның ар жағында, әрі қапыда қаза болған Әсеттің әндерін қайта бергі жаққа алып келді. Соның бірі "Қоңыр қаз" еді:

Қоңыр қаз көл жағалап қаңқылдаған,
Тізіліп көлге қонып салқындаған.


Сурет pixabay.com сайтынан алынды


Өлең жолы болып жазылғанда онша әсері бола қоймас, ал Дәнештің дауысымен тұла бойды шымырлататын. Көл жағалап ұшқан, жай қана ұшпай айналаны барлап ұшып, қаңқылдаған қоңыр қаз көз алдыңда айналып тұрғандай. Осы ән біздің үйдегі күйтабақта күні бойы ойналып тұратын.

Беріде университетке түсіп, қазақ әдебиетін кеңінен һәм тереңінен оқыған заманда Кенен Әзірбаевта қоңыр қазға арналған дастан барын білгенбіз.

Қоңыр қаз ұзамайды үйді айналып,
Қонады көлге барып, жүр жайланып.
Қаңқылдап неше күндей кетер емес,
Қарады хан мен халық қайран қалып, – деп келетін бұл дастан шамасы, халықтың бір аңызының ізімен жазылған сияқты. Оны Кенен атамыз да домбыраға салып, бастан-аяқ жырлап айтатын деседі. Бірақ дастанның өз дауысымен жазылған таспасы болмаған-ау. Әйтпесе Дәнештің әні сынды оны да күні бойы тыңдауға бейілміз.

Осылайша қоңыр қаз поэзияның жайлауын біраз жайлапты. Тіпті, ауыз әдебиетінің атасы Асан Қайғының назарына іліккен. Оны университеттегі ұстазымыз Сұлтанғали Садырбаев мысалға келтіріп отыратын:

Көлде жүрген қоңыр қаз,
Қыр қадірін не білсің?
Қырда жүрген дуадақ,
Су қадірін не білсін?

Бұған дейін бабаға арналған арнайы мақаламызда жазсақ керек, Бұқар –ханға ақыл айтып, жол көрсеткен дана ғана емес. Ол – поэзияның жілігін шағып, майын ішкен шебер ақын. Мына бір шумағында ғажап салыстыру жатыр. Қазға керегі – су, ал сол суыңыздың дуадаққа еш қажеті жоқ. Былай қарағанда екеуі де құс, бірақ, бірі қырға, бірі суға тартады. Өлеңдегі контрасты, сол қарама-қайшылықтан ой тудыруды әдебиетке Жұмекен мен Қадырдан бірнеше ғасыр бұрын Бұқар әкелген деп тұжырамыз. Бағамдасақ, жабайы қоңыр қазға қазекем қаншама жыр арнапты.

Қаздар тобының тағы бір өкілі – сарыала қаз. Мұның да аты түсіне орай қойылған. Мұқағали жарықтық осы құстың атымен басталатын өлең жазды:

Сазға тағы оралды сарыала қаз
Сарша тамыз, тағы да бола ма жаз, – деп келетін. Беріде Қоразбаев оған ән шығарып, әншілер сахнадан айтып жүрсе керек.

Кейбір аймақтарда бұл құсты итала қаз атайтынын естідік. Мұнда да бәрібір бояуға қатысты "ала" деген сөз тұр.

Қазақ ешқашан сарыала қазға тиіспеген. Атпаған, ауламаған. "Құстың ішінде адамнан азғаны – сарыала қаз, аңның ішінде адамнан азғаны – суыр" десетін. Қай жағына болсын жарымаған Кеңес үкіметі кезінде терісі үшін суырды қынадай қыра бастады. Тіпті, Машһүр Жүсіптің атақты ақ суырын атып, масқарасы шыққан біреу болғанын Баянауыл жұрты әлі есте сақтаған.

Хош, "Құс жолына" қайта түселік. Аққуды махаббаттың символы деу беріде қалыптасқан сияқты. Бұрынғы қазақ сарыала қазды солай деп санаған. Өйткені, сарыала қаз серігінен айрылса, құсадан өлетін деседі. Содан әсерленгеніміз шығар, шыбығымызға су, қаламымызға желік біткен жас кезімізде мынадай өлең жазыппыз:

Балғын шыбық бұл күнде шынар болған,
Бұтақтарын қойыпты биікке өріп.
Сарыала қаз көргенде сыңар қонған,
Махаббаттың бағасын біліп пе едік.

Не керек, қоңыр қаз, сарыала қазбен туыстас фламингоға кезінде еш бір жырау, ақын өлең арнамаған. Қазекем оның түсінің қызылдығына қызықпай, сояудай түріне қарап "қоқиқаз" атаған. Онша сүйкімді атау емес. Біздің ағайын ұнатпаған адамына "неге қоқиып тұрсың" демей ме?

Шаян жегені аян

Қоқиқаз неге назардан тыс қалды? Біріншіден, бұл – жыл құсы. Жыл он екі ай бойы көре алмайсыз. Мәселен, жабайы қаз бен үйрек те – жыл құсы, бірақ бұлар жаз бойы кез келген суды: өзен мен көлді мекендей береді. Ал қоқиқаз қазақ даласындағы бірнеше көлге ғана келеді.Ол келгенде қазекем жаз жайлауға шығып кететін. Көшпелі ел малды соныға жаятын уақытта тегіс даладағы тұзды көлді айнала отырмақ емес. Оларға керегі – бұдан әрідегі Көкшенің сексен көлінің, Есілдің айналасы. Ал халық қыстауға түсіп, бұл жаққа көшіп келгенде қоқиқазыңыз алыстағы Африканың батпағына тұмсығын тығып тұратын.

Екіншіден, қоқиқаз – өте сақ құс. Ешқашан ешкімді жанына жақындатпайды. Сондықтан оған көз сүйсіндіру қиын. Әлі күнге қорықта оны дүрбімен бақылайды. Көз сүйсінбегенге жақсы сөз арнау – қазаққа жат.

Қаз бен үйрекке таяп барасыз. Аққу тіпті, аңқау. Қолыңыздан жем жей беруі мүмкін. Ал қоқиқаз ондай емес. Қорғалжың мемлекеттік қорығында бізбен кездескен директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Алексей Кошкиннің айтуынша, қаншама рет қоқиқазды зерттегенде 300 метрден жақын бара алмаған.


ава

Қорғалжың мемлекеттік қорығы директорының орынбасары А.Кошкин / Автордың фотосы


– Өте қызық, – дейді ол. – Баспалап қаншама жақындасам да, ара қашықтық сол қалпы қала береді. Құстар ұшпайды. Жүзіп кетпейді. Бір орында тұра берген сияқты. Біраз ақырын-ақырын адымдаған мен неге жақындай алмаймын? Сөйтсем, бұлар екі аяқтарын ауыстырған сайын ары қарай жылжи береді екен. Бір емес, бүкіл үйірі, жүздеген құстың осылай істейтіні керемет емес пе!

Иә, керемет. Мұндай әрекет басқа ешбір құста кездеспейтін көрінеді. Сондықтан қазақтар жақын жерден тіршілігін бақылай алмайтын құсқа нендей өлең арнасын?

Айталық, әлгі қоңыр қазымыз көл жағалай ұшады. Аққуымыз жағаға жақын айдында мамырлап жүзіп жүреді. Екеуі де – әдемі көрініс. Мұқағали сынды ақындар сосын "қош енді, қош болыңдар аққу-қаздар" деп тебіреніп жыр жазды. Ал мыналар дөңкиген тұмсығын суға тығып алып күні бойы тұра береді. Еш қызық емес.

Қоқиқаз ұшады, әрине. Ұшпаса сонау Африка мен Үндістаннан біздің көлге жетер ме? Бірақ, бұлар түнделетіп қанат қағады. Күндіз қатты үріккенде ғана ұшуы мүмкін. Бірақ, қатерден ақырын-ақырын жылжып тұратын құс анау-мынауды жақындатпайды.

Құрғақта тіршілік ететін тырна мен дуадақты түлкі мен тазы қууы мүмкін. Ал тобық пен тізе арасындағы суда тұратын құсқа даланың жыртқыш аңынан қауіп жоқ. Ұсақ құстардың ажалына себепкер қыран құстар да қоқиқазға тиіспейді.

Мұның себебі неде? Негізінен қырандар ұшып бара жатқан құсты іледі. Не жердегі аңға түседі. Ал су бетіндегі айқасқа бару ешбірінің дағдысында жоқ. Ол – өздеріне қатер.

Жалпы құспен аңшылықты қазақ "саят" деген. Оқушы кезімізде Сапарғали Бегалинның құс салған бала туралы хикаясын жата-жастана оқығанбыз. Студент болғанда қолымызға Сәбит Мұқановтың "Халық мұрасы" (әу-бастағы аты "Қазақ қауымы" көрінеді, кеңестік цензура қатты қырқып, атына дейін өзгертуге мәжбүр болыпты, жарықтық) кітабы тиді. Осында қазақтың құс салу өнері жан-жақты сипатталған. Қазды іліп түскенде басқасы өзін шоқып өлтірмеуі үшін жерге құлатқанының қанатына тығылатын қаршыға туралы оқығанда қатты таң қалғанбыз.

Беріде Сәбеңнің жазғаны жолда қалды. Қазақтың саят құстарын жеріне жеткізе, айызды қандыра жазған кім дейсіздер ме? Әлкей Марғұлан. Бүркітті былай қойғанда, ителгі, тұнжыр, қаршыға, лашын, қырғи, жағалтай, тұрымтай, сұңқар... бәрі-бәрі ғалымның еңбегінде ғажап сипатталған. Осының біразын бүгінгі ұрпақ естімеген, өздерін көрмеген шығар. Тіпті, біз тұнжыр туралы оқып, таң қалдық. Будан, ғылыми тілмен гибрид көрінеді. Қашыр сияқты. Лигр сияқты. Қашырды білерсіздер, "лигр" деп арыстанның абданы мен жолбарыстың қаншығы арасынан жаратылған аңды айтады. Қашыр мен лигрдің пайда болуына адамдар себепкер, ал тұнжыр табиғаттың еркін жағдайында екі түрлі қыран құстың шағылысуынан шығады екен.


чмчм

Әлкей Марғұланның "Саят құстары" кітабы / Автордың фотосы


Енді құспен саят жасаған аңшылардың қоқиқазды айналып өту сырына мән берелік. Әншілер айтатындай "құс салып айдын көлді дабылдатқан" не үшін керек? Оның таңсық та жеңсік етін азық ету үшін. Үйрек пен қазды сол себепті аулаған. Шіл мен кекілікке сол себепті тұзақ құрған. Осылай түрлі тәсілмен ұсталатын құстар тізіміне қоқиқазды қоспаған.

Себебі біреу. Судағы жабайы қаз бен үйрек балауса шөп пен балдыр жеп, таудағы кекілік пен шіл, даладағы дуадақ пен құмдағы қырғауыл шөптің дәнін жеп қоректенеді. Ал қоқиқаз ұсақ шаян мен құртты жейді. Қазақ адал мен арамды аңға ғана емес, құсқа да қатысты білген. Адалға жататындары шөп жейді, арамы етпен, онда да көбінесе өлексемен қоректенеді. Жұқпалы ауру ет жейтін аң мен құстан келеді. Аталарымыз осыны ешбір медициналық кітапсыз білген. Сондықтан қазіргі "құс тұмауы" сынды дерттерге шалдықпаған.

Анық озған данқ

Арада ғасырлар жылжығанда қазақ даласының даңқын "қоңыр қазға" қарағанда "қоқиқаз" шығарарын білсе, оның атын әлпештеп басқаша қояр ма еді? Бәлкім, соны жырға қосар ма еді? Кім білген. Болары болды, мұның атын енді өзгерте алмаймыз: қоқиқаз!

Сол қоқиқазды бір көру үшін қазақ елінің астанасының іргесіндегі қорыққа жыл сайын мың-мыңдаған турист келеді. Өйткені, Қорғалжың – қоқиқаздың жер шарының ең солтүстіктегі мекені.

Жер бетіндегі әуесқой халық қоқиқазды көру үшін екі жаққа ағылады.

Біздегі қысқы маусымда жаз өтіп жататын жер шарының кіндік белдеуінің ар жағынан қоқиқаздар қолайлы тұзды көлді тапқан. Миллиондаған жылдар бойы миллиондаған қызғылт құс Кенияның Накуру аталатын көлінен ұсақ шаян тереді. Бұл көлді сонау 1957 жылы мемлекет қорғауға алған, беріде Кенияның ұлттық паркі деп жарияланған.


ывыв

Қорғалжың көліндегі қоқиқаздар / Абзал Қалиевтың фотасы


Қорғалжыңға 1968 жылы Ұлттық қорық мәртебесі берілді. Бұған сол кездегі республика басшысы Қонаев көңіл бөліп, өзі бас болған. Бірнеше рет қорыққа келген. Заңды аңшылық маусымы ашылғанда қатардағы аңшы ретінде рұқсат алып, құс та атқан.

Әлбетте, қоқиқазға рұқсат жоқ, Димекең бәрібір оны атпас та еді. Бұл кісі ағалары мен замандастары Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Елубай Өмірзақов және басқалары сияқты қарауылға семіз қаз мен майлы үйректі іліктіргені анық. Қорғалжың қорығының туристер мекені саналатын қонақжайының басты ғимаратында Қонаевтың осында келгендегі фотолары тұр. Сөз арасында айта кетсек, бұл жерді Кенесары сұлтан да қыстаған. Оған арнап ескерткіш тақта қойылған.

Бізге көзтаныс Кошкиннің айтуынша, мұнда құстың 350 түрі тіркелген. Біразы Ібір-Сібірге бару мен қайту жолында дамылдауға тоқтайды. Басқа 126 түрі жаз бойын осында ұя басып, балапан шығарып, оны қанаттандырып, алыс жақтарда қыстап қайтуға ұшып кетеді. Құстардың кейбір түрі мұнда миллиондап саналады.

– Біздің көлдерде бәріне азық жетеді, – деп мақтанған осы тұста Кошкин мырза. Өзі 18 жасынан қорықта қызмет етеді. Жасы бізбен құрдас көрінеді, алпыстан енді асыпты.

Қоқиқаздың басты азығы – судың ұсақ шаяны дедік. Жоны мен қанаттарындағы қауырсынның қызғылт тартуы да содан. Өйткені, шаянның ағзасында каротин деген минерал бар. Өзен мен көлден көретін кәдімгі шаян жасыл мен қоңыр араласқан қоймалжың түстес қой. Өйткені, су түбінде жасырынып жүру үшін сондай түс керек. Әлгі қоймалжың түстес шаянды ыстық суға салғанда бірден қызарып шыға келеді. Каротин деген – сол. Біз бала кезден сүйсініп жейтін сәбіз де каротині көптіктен қызылыт-сары түсті.

Міне, басты азығы ұсақ шаяннан тұратын қоқиқаздың қанаты қызыл болмағанда көк балаусаға ғана жайылатын қоңыр қаздың қанаты қызыл болуы керек пе?!

Қорғалжыңда ұялайтын 126 түрлі құстың ішінде әлемді құмар қылған, саятшылар соңына түспеген, түлкі тістеп кете алмаған, алаңсыз қорғалатын шіркіндер сонда неге қаптап кетпейді? Бұл жер қорыққа айналған жарты ғасырда бүкіл көлді басып қалмас па? Қоқиқазды қамқорлыққа алғандардан алдымен сұрағанымыз осы. "Қорғауларыңызда қапы жоқ, сонда неге қоқиқаздың басы жарты ғасырда еселеп өспейді, өзі?"

Сөйтсек, бұл құс жыл сайын бір, әрі кеткенде екі жұмыртқа ғана табады екен! Тауығы еріне ме, қоразы қуатсыз ба, Кошкин құрдасымыз оның басын ашып айтпады. Қорғалжыңға екеу болып келіп, бір балапан ғана шығарып қайтса, қайдан өсе қойсын?!

Салыстыру үшін айтсақ, еліміздің оңтүстігін шулатып жатқан майна деген сұмырай құс, оны кейде "афганка" деп те атайды, бір маусымда үш рет ұя басып, әр жолы бес-алтыдан балапан өргізеді. Майнаңыз кез-келген жерді ұя етеді. Тіпті, әлімжеттік жасап, өзінен тұрқы кішірек басқа құстың ұясын да тартып алады.

Қоқиқаз болса, бір жұмыртқа салатын ұясын апталап жасайды. Оны су арасындағы аралдарға балшықтан салады. Ұясы мұнара тәріздес биік келеді. Өзі сыриған ұзын болған соң ұясын ұятты болмас үшін бойына лайық жасайды да деп қойдық.

Өзі алыстан зорға көзге ілігетін құстың әрідегі ұяларының сипаты ғалымдарға ғана аян. Біз бұл тұста көргенімізді емес, Кошкиннен естігенімізді жазып отырмыз. Жалпы Қорғалжыңға осы сапарда қоқиқазды тамашалау үшін алыс елдерден келгендерді көрдік. Өзіміздің адамдар да баршылық екен.

– Қорыққа келушілерді топырлатып кіргізе алмаймыз, – деген Кошкин. – Табиғат бойына дарыта алатын шек болады. Содан асырмаймыз. Күн сайын мыңдаған келушіге қақпамызды аша алмаймыз. Азғана топпен әкеліп, құстарды алыстан тамашалауға жағдай жасаймыз.

Әлбетте, топпен келгендердің бәрінің іздегендері – фламинго. Дүрбінің жеті атасымен айналаны тінте қарап жатқандары. Объективі пілдің тұмсығына кем емес фотоаппарат кезегендер сағаттап жағалауға қарап сарылып тұрғанын көрдік.

Түптеп келгенде қоңыр қаз бен аққудан, сарыала қаз бен көк құтаннан гөрі Қорғалжыңға пайда әкеліп, даңқын асырып тұрған қоқиқаз болып шықты. Сапар барысында бұл жаққа құстар әнін айтып, биін билеуге сонау Новосибирь мен Бішкектен өнерпаздар келгенін көрдік.


Қорғалжыңдық оқушылардың "Қоқиқаз" биі

Қорғалжыңдық оқушылардың "Қоқиқаз" биі / Автордың фотосы


Жаңа ғана сахнада қоқиқаз болып билеген әлеуметтік жағдайы төмен жергілікті оқушыларға Тұңғыш Президент қорының мектепке керек-жарақ пен спорттық киім салынған рюкзак таратқанына куә болдық. Олар сол рюкзакты да құс сияқты аспанға атып қуанады екен!


вавав

Қорғалжыңдық оқушылар сыйға алған рюкзактарды құс сияқты ұшырып тұр / Жасұлан Жүсіповтың фотосы


Бұл оқиғалардан, жалпы адамзат өмірінен хабарсыз қоқиқаз болса шаянын теріп, шалшығын жалдап тұр. Кезінде ақындардың жырына ілікпей қалғаны ештеңе емес, ендігі ән мен би де, көрмедегі мүсін мен сөредегі киім де тек өздеріне арналыпты. Міне, сонау Семейден екі оқушы қоқиқазды бейнелеген мүсіндерін әкеліпті. Тараздан арнайы келген әншінің әні осы құсқа арналыпты.


Семейлік оқушыларға қоқиқазды мүсіндеткен ұстаз Арайлым Ахметбаева

Семейлік оқушыларға қоқиқазды мүсіндеткен ұстаз Арайлым Ахметбаева / Автордың фотосы


Иә, Әсет шығарып Дәнеш шырқаған "Қоңыр қаз" баяғы граммпластинкада, әрі кеткенде радионың "Алтын қорында" шаң басып тұр. Ал, қазіргі сахнаңыз, бүгінгі эстрадаңыз фламинго деп өңешін жыртуда. Тіпті, қайтарда қоқиқазы бар жейдені өзіміз де сатып алдық.

Қазекемнің бүкіл сөзі рас. "Бұрын шыққан құлақтан кейін шыққан мүйіз озады" демей ме. Құлақ – қоңыр қаз да, мүйіз – қоқиқаз десек, сірә ешкім дау айтпас!

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Поделиться:

  Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

  Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Новости партнеров