Бүйірге байланған қару
Венгрияда жүргенде көшпелілер әлеміне қатысты көрмеде бір суреттің алдында байланып қалдық. Қай суретші салғанын білмейміз. Тек салу стилі мен сурет үстіндегі латын харпі оның еуропалықтың қаламынан туғанын аңғартады. Салынған уақыты 1732 жыл деп көрсетіліпті.
Онда иір мойынды түйеге мінген адам бейнеленген. Сыртқы сипаты біздің ұлтқа келеді. Оны басындағы бөркі аңғартады. Иә, дөңгелек пұшпақ бөрік түйеге мінетін, әрі Орта Азияны мекендеген басқа халықтарға тән емес. Қаны бөлік ауған, парсы, қытайды айтпағанда, түрік текті түркімен, өзбек, қырғыз, ұйғырда мұндай дәстүрлі бас киім болған емес. Көрмедегі суреттің түсініктемесінде "түйе үстіндегі түрік" деген жазба болған.
Суреттегі кісіні қазаққа жақындататын және бір жәйт – түйенің жабуындағы өрнектің байырғы бабаларымызға тән қошқармүйіз екендігі. Бұйдалы түйенің бүйірінде байланған зеңбірек бар. Суретші түйедегі адамды бір қырынан салған екен, көрінбей қалған келесі бүйіріне тура сондай зеңбірек теңделгені даусыз.
Үш ғасыр бұрынғы бұл бедер санамызды сілкіп өткен. Өйткені, мынау – жай зеңбірек емес, "дық". Атын көп бұрын естігенмен, затын, жоқ анығында суретін алғаш көріп тұрмыз.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдардың соңында Тәжікстанның Ғиссар аңғарында жер тітіреп, содан алапат көшкін болды. Үш қышлақ көшкін астында қалды. Ол кезде газеттің "мен атайын, сен тұра тұр" дейтін тілшісіміз, дереу жеттік. Шарора, Окули-поен және Окули-боло қышлақтары шамамен 20 метрлік қалың лай, тас, қар аралас көшкінге көмілген. Биік шынарлардың ұшы ғана топырақтан шығып тұр. Қорқынышты көрініс еді. Дереу редакцияға суыт репортаждар жолдадық.
Сапар соңында "болса бір рет келдік" деп көміліп қалған ауылдардан әрідегі ежелгі Ғиссар қамалына бардық. Тау бөктеріндегі бекініс екен. Ортасында кірер қақпа бар. Оның екі жағы биік мұнаралар. Оқ атуға өте қолайлы. Қос қанаты созылған қабырғалар. Осы қамалдың маңдай тұсында кірпіш атаулы ойық-ойық. Шұрқ-шұрқ тесіктер. Сол тесіктерді көрсетіп қызыл ала шапанды, қара ала тақиялы жергілікті ақсақал "дық" деген.
Жалпы Ғиссар аңғары Тәжікстанға жатқанмен, өзбектер көп тұрады. Кезінде Бұқар әмірлерінің ордасы болған. Халқының көбі түрік, азы парсы тілінде сөйлейтін. Беріде демографиялық ахуал қалай өзгерді, одан хабарымыз жоқ. Сол сапардан "зілзала" сөзін естіп едік. Олар "жер сілкінді" демей, "зілзала болды" дейді.
Сонда барып біздің "жер сілкіндіміздің" орысшаның калька аудармасы екенін аңғардық. Ежелгі қазақтар "тітіреді" деген. Одан әрі түрікке ортақ "зілзала". Біз өз мақаламызда "зілзала" сөзін қолдандық. Тілге қайта кірігіп кетті. Хош, сол сапардан екінші сөзді олжалап қайттық. Ол – "дық".
Дық – Орта Азияның зеңбірегі екен. Түйенің екі жағына екеуін теңдеп алады. Осындай қамалдарды қирату үшін атады. Ғиссар қабырғасындағы ойдым-ойдым тұстар – сол дықтың ізі.
Даладағы дық
Біздің даламызға да дықтан із түскен. Хижраның 982 жылы рәбиға айында, бұл – кейінгі жыл санау бойынша 1574 жылдың жаз кезінде, Мауереннахр ханы Абдолла Сырдария бойындағы Сауранға шабуыл жасайды. Өз уақытында бұл аса маңызды мекен еді. Онда Сауран қамалының биіктігі етегінен басына дейін 50 кез дейді.
Шежіреші Хафиз Таныш ибн Мір Мұхаммед Бұхаридің атақты "Шарафнама-и-шахи" қолжазбасында: "Сауран қорғанының биіктігі соншалық, күннің көзі одан асып көрген емес. Беріктігі соншалық, оның мұнаралары мен дуалын қирату ешкімнің ойына кіріп шықпайды" деп жазылған. Сауранның еңселі қорғанын дықпен атқыласа да Абдолла хан қирата алмаған. Сондықтан, басқа әдіске салыпты. Оны қоршап, жан-жақтан келетін жолдарды жауып тастаған. Әлгі шежіреде: "Азық-түлік жетпегендіктен, Сауран қамалының тұрғындары титықтап, арып-ашыққанда көн-тулақ жеп, әл-қуаттарын сақтады" деген жолдар бар. "Көн-тулақ" деп қазақ кепкен теріні айтатыны түсінікті. Абдолла хан 50 күн бойы Сауранды дықпен атқылап, сырттан ешкімді кіргізбеген. Ал іштен ешкім "берілдім" деп қол көтеріп шықпаған.
Ғиссар әлі сақталғанмен заманындағы биік Сауран қамалынан сау-тамтық жоқ. Төрт жағында да ұзындығы жарты шақырымнан асатын қорған жерге айналып, жоталанып жатыр. Кей тұсы ғана желге мүжіліп, суға шайылғанымен құламай тұр. Жиырмасыншы ғасырда ақын Жүсіп Қыдыров бабалардың төрт жүз жыл бұрын көн-тулақ жеп, туған жерді қорғаған ерлік күндерін "Шаңқобыз күйі" атты дастанында былай сипаттаған:
Бебеулейді зарлы күй, бебеулейді,"Қарашығым аштықтан сөнер" дейді.
"Тамшы суды бір жұтпай балғын денем
Қара жердің қойнына енер" дейді.
Болашаққа бар қалғаны – осы дастан. Тағы басқа сорапқа түсіп жатырмыз, бірақ айта кетелік, Жүсіп Қыдыров мықты ақын еді. Мұқағали, Қадыр, Жұмекен, Тұманбай, Сағи тұстас. Осы бестікте ең ұмыт қалып бара жатқаны Жүсіп сияқты. Мұқағалидың ауылында мұражайы, Қадырдың Орал қаласында керемет орталығы бар. Жұмекеннің бүкіл шығармалары арнайы сайтта тұр. Сағи жайындағы мақалаларды анда-санда көзіміз шалып қалады. Ал Жүсіп жайлы ешкім жұмған аузын аша қоймайды. Кезінде "Гүлхайыр" жинағындағы көп өлеңін жатқа айтатын едік, біз де ұмыта бастаппыз.
Сонымен, дық – жеңіл зеңбірек. Содан атылған топ (топ – зеңбіректің оғы, орысшасы снаряд, бұл туралы Мағауинде бар) қамалға тигенде қалған ізді де қазақ "дық" деген.
Қазір Сауран қамалындағы дықтың ізі тұрмақ, оның өзі құлап біткен. Ара-тұра мүжілсе де сақталған тұстары кейуананың аузындағы азғана тіске ұқсап, заманы озып, өзі тозғанын мойындап тұр.
Ал қазақта сол Сауран қамалына топ тигеннен бері "көңілінде дық қалды" деген бейнелі сөз қалыптасты. Ренжігенді, кешірілмес іске тап болғанды аңғартады. Тұрақты тіркестің неден шыққаны енді түсінікті шығар.
Түйе мен піл тірескенде
Ал аталарымыздың сөздік қорындағы "дықты" ауыстырған "зеңбірек" сөзі қайдан пайда болды? Бұл бізге оңтүстік жақтағы халықтардан келді. Негізі араб сөзі. Олар ызылдап шағатын араны осылай дейді. Сөйтіп қарудан атылған топты араның шағып алғанына теңеп, оны "замбурак" атаған. Қазақ өз сөйлеуінің ыңғайымен "зеңбірек" деп кетті. Ал "түйеге тартылған зеңбірек" дегенді білдіретін парсы тіліндегі "шутурнал" сөзі бізге кіріге қоймады.
Иран армиясында ХХ ғасыр басына дейін түйе үстіндегі жеңіл зеңбіректі әскер болды. Оны 1882 жылы Теһранға барған шетел зерттеушісі фотоға түсірген. "Персияда мыс пен қоладан құйылған мыңға жуық зеңбірек бар. Алғашқылары Нәдір шах дәуірінен қалыпты. Бұл елде артиллерия сол заманнан басталған. Бәрі тегіс аузынан оқталады. Бірақ қазір көбі атылмайды" деп жазған.
Біз Нәдір шахтың жорық жолын көргенбіз. Ауғанстан мен Пәкстан арасында Күбер деген шатқал бар. Орталық Азиядан Үндістан түбегіне өтетін табиғи қақпаның бірі. Биік таулардың арасымен бұраңдап өзен ағады. Өзен бойы аңғар. Бір заманда Ескендір Зұлқарнайын, одан барлас руынан шыққан Ұлы моғолдардың көсемі Бабыр, одан мына Нәдір шах Үндістанды жаулауға сансыз әскерін бастап, осы шатқал арқылы өткен. Беріде шатқал аузына үлкен мемориалдық тақта шегеленгенін көрдік. Онда әлгі үш билеушіден басқа ағылшын қолбасшысының аты, ең соңында 1989 жылы орыстардың масқара жеңіліске ұшырап кері қайтқаны жазылған.
Бетпе-бет ұрыста Нәдір шахтың "шутурналы" түбектегі Бабыр ұрпақтарының "гаджналынан" басым түсті. "Шутурнал" – түйеге теңделген зеңбірек болса, "гаджнал" – оны пілдің үстіне қойғандағы атауы. "Гаджа" дегені – "піл" де, "нал" сөзі – "ұңғы", "оқпан" мағынасында айтылады. ХҮІІ ғасырдағы британ дипломаты Томас Роу "үстіне зеңбірек орнатылған пілдің зкипажы 4 адамнан тұрады" деп жазған. Ал біздің зеңбіректі түйеге бір адам жететін.
Түйеге артылған зеңбіректер 1722 жылы Құлнабад шайқасында Сефевидтер әулетімен соғысқан, бірақ әскерінің саны аз пуштундардың жеңіске жетуіне сеп болды. Арада алпыс жыл өткенде парсылармен соғысқан орыс генералы Сергей Тучков "шутурналдың" қалай ататынын өз көзімен көріп, сипаттап жазып кеткен. "Зеңбірек артқан керуенде бірнеше ондаған түйе болады. Ол құм мен шөлге қарамай, қажет тұсқа жетеді. Тоқтаған соң оны үстіндегі адам бұйдасынан тартып, шөктіреді. Содан кейін әлгі кісі бұйданы тастап зеңбіректі аузынан оқтап, білте тұтатып атады."
Иә, жеңіл зеңбіректі түйеге артулы қалпы ата береді. Жануардың бүйірі күйіп қалмас үшін зеңбірекпен араға қалың киіз төсеген тәрізді. Ал зеңбіректің ұңғысы кең болса, оны түйеден түсіріп, ағаш тағанға орнатып атқан.
Шеп бұзған швед
Зеңбіректі қазақ-жоңғар соғысында жау жағы қолданған. Оны орыстардың Ямышев қамалында жоңғар қолына түскен швед инженері Иохан Густав Ренат құйып берген. Бұл тұтқын Цеван Раптан қонтайшыға көп пайда әкелген. Ол тоқыма өндірісін жолға қойған, жоңғар хандығына алғаш рет баспахана ашқан. Ең үлкен пайдасы, әлбетте, бірнеше ондаған зеңбірек жасап бергені. Әрі, жоңғар нояндарына еуропалық ұрыс әдістерін үйреткені. Бұл зеңбіректерді бастапқыда Иохан Густав Ренат дөңгелекті етіп жасамақ болған. Бірақ тау-тасты, арба жүрер жолы жоқ Жоңғарияда оны түйеге теңдеген қолайлы болыпты.
1731 жылы Тұрфандағы соғыста қонтайшы жағы қытайдың қара-құрым жаяу әскерін осы зеңбіректермен атып, тас-талқанын шығарды. Төбелер үстіне шөгерілген түйелердің арасында атпен шауып жүрген Густав артиллериялық атысқа тікелей басшылық еткен.
Бұл ұрысқа дейін қытай жағы жоңғарларда мұндай от қару бар деп ойламапты. Жалпы, Ресей мен Қытай империялары арадағы қазақ пен жоңғарға ешқашан зеңбірек бермеуге ымыраласқан деседі. Ғайыптан тайып қолға түскен швед инженері ғана өзара жаулас көшпелі екі халықтың бірінің арасалмағын осылай арттырып берді. Алайда жоңғар бір ұрыста жеңгенмен, бірнеше жылдан кейін саны сол заманның өзінде жүздеген есе артық, зеңбіректі одан бірталай уақыт бұрын әрі мол етіп жасаған Қытайға қарсы тұра алмай, жұтылып кетті.
Бір рет болса да шеп бұзуға себепкер шведтің арғы өмірінде мынандай қызық дерек бар. Оның ісмерлігіне риза болған қонтайшы кешікпей басына бостандық береді. 1734 жылы Иохан Густав Ренат жоңғар арасынан зор құрметпен аттанып, Санкт-Петербург арқылы Швецияға оралғанда қасында әйелі, қызы және жеті қазақ, екі ұйғыр атқосшысы болған деседі. Ал біз қазақтар алғаш Швацияға өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Түркия, Германия арқылы тап болды деп топшылап жүрміз.
Түйеге теңдеген зеңбірек жоңғармен соғысқан қазақта да болған. Қазір оның нұсқасы Ресейдің Омбы қаласындағы тарихи-өлкетану музейінде орыс, қытай, жапон, неміс, италдық, швед және қазақ, ұйғыр, өзбек ұсталары жасаған 800-ден астам жәдігердің қатарында тұр.
Сонымен қазақ тіліне сонау арабтан шыққан "зеңбірек" сөзі мықтап орнықты да, арғы бабаларымыз қолданған "дық" ұмыт болды. Сақталған тұсы әлгінде айтқанымыздай, "көңілде дық қалды" деген тұрақты тіркесте ғана.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.