Прямой эфир Новости спорта

Азған жер, тозған топырақ

Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды
Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды
Адамзат бұған қалай тап болды мен бұдан қалай арылады деген сұрақтар талайды толғандырады.

"Өлген тау"

Онда газет қызметкеріміз. Бірде редакцияға ғалым, жазушы, қайраткер ағамыз болған Рымғали Нұрғалиев келді. Бізді көрген сайын "осы сенің атың жақсы" дейтін. Туған жері Қайнар болғанынан шығар. Рымғали аға эсселер әкеліпті. Газетке шығаруға дайындадық. Қаламгерлердің жазғанын өзгерту әдетімізде жоқ. Бұл кісі атақ жағынан ғана емес, білім мен білік жағынан көш ілгері алдымызда тұрған. Сондықтан мақаланың түгіне де тиіспедік, тек таң қалып оқып шықтық. Осылай жазсақ арманымыз жоқ деп білдік. Таң қалдырған эссенің бірі "Өлген тау" деп аталатын.

Рымғали ағамыз кеңес кезінде Сапарғали Бегалинді мерейтойында туған жеріне апарғанын еске алады. Белгілі балалар жазушы, қазақ әдебиетінің ақсақалы Сапекеңнің кіндік қаны тамған өлке онда Семей ядролық сынақ полигонына айналған. Сондықтан барар жол жабық. Тек таяп келіп, дүрбімен қарайды. Сонда дүрбі шынысына үңілген қарт жазушының көзінен жас тамыпты.

– Өлген екен, – дейді кемсеңдеп. – Менің тауымды өлтірген екен.

Бұл – Дегелең тауы еді. Сапарғали Бегалин осы тауда ойнап өскен. Бозбала болып бүркіт салған, тазы жүгірткен. Кейін аңшылық туралы әңгімелерінің бәріне осы таудағы оқиғалар өзек болған. Енді туған жеріне алыстан дүрбімен қарап, қалай талқаны шыққанына жылап тұрды.


Семей ядролық сынақ полигонындағы ойылып қалған алқап

Семей ядролық сынақ полигонындағы ойылып қалған алқап / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


Осы эссе сұмдық әсер етті. Дегелең тауын көруге ниетті едік. Беріде полигон жабылды. Отыз жыл өткенде бұл өлке сауыға бастады. Ауған арқар оралыпты. Сынақтар кезінде пайда болған жаңа көлдерге құстар қонатын болыпты.

Мұның ішінде жарылыс шұңқырындағы "Атом көлі" аталатыны бар. Оны көрудің қиындығы жоқ. Турист ретінде кіріп, айналасы 400, тереңдігі 100 метрлік көлді айналуға болады. Қалтаңызда 100 мың теңге болса, жетеді. Курчатов қаласынан "Атом көліне" турист апарудың бағасы осындай. Қырық жыл қасірет шеккен жердің сауыға бастағанын осылай көзбен көруге болады.

Бірақ, өлген тауды әлі ешкім көре алмайды. Қойнауында бүкіл жер асты сынақтары жасалған Дегелең тауына баруға рұқсат жоқ. Ол –қатаң күзетілетін стратегиялық нысан. Арнайы рұқсат алмаса, Ұлттық ядролық орталық мамандары да кіргізілмейді.

Демек, "Өлген тау" қайта сауықпайды. Адамзат қолымен азып кеткен жердің ішінде Дегелеңнің жөні бөлек. Дүрбімен қарасаң, жаның ашиды. Туған топырағына аунай алмай өксіген қарт жазушы еске түскенде жүрегің езіледі.

Жалпы, Семей ядролық полигоны 18 300 шаршы шақырымды алып жатты. Мұның 10 мың шаршы шақырымын Радиациялық қауіпсіздік пен экология ғылыми-зерттеу институты зерттеді. Мал жаюға болатын аймақтары анықталды. Біразын біртіндеп шаруашылық мақсатқа беруге болады.

Бірақ, 2 мың шаршы шақырымы, яғни шамамен оннан бірі енді мәңгі айналымнан шықты. Бұл – нақ ядролық сынақ жасалған жер. Оның ішінде Бегалиннің аузымен, Нұрғалиевтің жазуымен "Өлген тау" аталған Дегелең де бар.

Ойылған ойпат

Экологиялық апаты асқынып тұрған елдердің алғашқы сапында Қытай бар. Кейінгі ондаған жылдардағы экономикалық табыстарға бұл ел жер мен ауаны, су мен орманды құрту арқылы жетті.

Қытайда құнарлы жердің шөлге айналуы үйреншікті көрініске айналды.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан қалалар мен өндіріс орындарының маңайы тақырлана бастады. Сөйтіп ел аумағының үштен бірі тіршілікке жарамсыз аймаққа айналды. Жыл сайын 2500 шаршы шақырымды құм басады. Бұдан 500 миллионға жуық тұрғын зардап шегіп жатыр. 5 миллион гектар жайылым істен шықты. 4 миллион гектар егістік жерді сор басты. Қытай бір жағынан теміржол салудан әлемде алғашқы орында тұрса, екінші жағынан жылына 2 мың шақырым теміржолды құмды дауылдан аршиды.

Мемлекеттің эрозиядан зардап шегуінің бірнеше себептері бар. Соның бірі – жер асты суын қисапсыз сорып алу. Өйткені, қисапсыз салынған ірі өнеркәсіп орындары мол суды талап етеді.

Қытайдың тек оңтүстік-шығыс өңірлерде суы мол екі өзен мен оның салалары бар. Елдің солтүстік-батыс аймағында табиғи су көздері аз немесе мүлде кездеспейді. Бірақ, бұл аймақтар мал өсіруге қолайлы. Жергілікті халық мыңдаған жылдар сонымен айналысты. Ол үшін шағын бұлақ, кішкене өзен мен көл сулары жеткілікті еді.

Бұл аймақта пайда болған үлкен өндіріс қажетті суды қуатты сорғылар арқылы жер астынан алды. Жер астындағы су сорылған соң оның үстінгі қабаты шөге бастады. Осылайша таздың басындай ойылып кеткен аймақтар пайда болды. Жалпы ғалымдар Қытай аумағының 19 пайызы эрозияға ұшыраған дейді.


Жер асты суы сорылғанша Қытайдың мына өңірі теп-тегіс жасыл алқап болыпты

Жер асты суы сорылғанша Қытайдың мына өңірі теп-тегіс жасыл алқап болыпты / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


Жер асты суын шектен тыс пайдаланудан қатты зардап шеккен аудан ретінде Тұрпан ойпаты мысалға келтіріледі. Бұл – кезінде жүзім мен жеміс ағашы жайқалған, суармалы егіншілік жолға қойылған өңір. Халқы – тегіс диқан еді. Осы ойпатқа үлкен зауыттар салып, оларды сумен қамту үшін жерді бұрғылап, тынымсыз сорғылар орнатты. Соның салдарынан 730 миллион гектар оазистің жартысынан астамы қу тақырға айналды.

Жалпы ел бойынша 176 мың шаршы шақырым жасыл желектен айрылды. Жер асты суына келген зобалаң бұдан аз емес. Оның қоры жылына 100 шаршы шақырымға азайып келеді.

Төмендегі судың сорылғанынан жер үстінің шөге бастауы Тұрпаннан басқа аймақтарда да байқалып тұр. Бейжің, Шаңқай, Тяньцзинь сынды үлкен қалаларды сумен жабдықтау күрделі мәселеге айналды. Себебі, жер асты суы сарқыла бастады. Үлкен сорғы қойылып, ұңғы қазылған соң, алып қалалардың айналасында ойық-ойық тұстар пайда болды.

Қытайдың Жер мен табиғи ресурстар министрлігі жанындағы Геологиялық ізденістер бюросының мәліметінше, жыл сайын бұрынғыға қарағанда 250 миллион текшеметр жер асты суы артық сорылады. Әрі бұл қарқын отыз жыл бойы бәсеңсімеген.

Судың сарқыла бастағаны ғалымдар мен зиялы қауымды алаңдатады. Соның бірі жазушы Чжен И бала кезінде суды жер бетіне шымырлап жатқан қайнарлар мен бұлақтардан іше беретінін еске алады. "Халық біртіндеп жер бетіндегі суды сарқып, құдық қазуға көшті. Қазір мұндай су алатын құдықтардың тереңдігі тіпті 700-800 метрге жетті" депті Қытай қаламгері.

Шөккен шаһар

Өміріміздің бір бөлігі Қарағанды қаласында өтті. Беріде мұнда жиі келіп тұрамыз. Жұмыс бабымен, туыстардың жайымен.

Бұл жерде сонау Аппақ Байжанұлы ашқан көмірді 150 жыл бойы өндіріп келеді. Шахта тәсілімен, яғни, жер астынан қуыстап қазып алады. Бірнеше рет шахтаға түскенбіз. Не көрдік?

Алдымен темір тіреулерді көрдік. Екі жақтауы тік, төбесі дөңгеленген тіреулер 1-1,5 метр сайын тұр. Арасына түгел көлденең ағаш қойылады. Көп ретте жоғарыдағы сұрапыл салмақтан тіреу майысады екен. Енді оны алу мүмкін емес. Содан жоғарыдағы жер шөгеді.

Жер шөккен соң, оны қыстағы қардың еріген суы толтырады. Қазір әрбір шахтаның маңайында жер асты әрекетінен пайда болған мұндай көлшік көп. Оларды қамыс басып, бақаның мекеніне айналған.

Ғалымдар Қарағанды мен оның маңайындағы жердің шөгу барысын тыңғылықты зерттеу қажет деп санайды. Әзірге бұл жұмыспен Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің маркшейдер ісі мен геодезия факультетінің мамандары айналысып отыр. Олар шөккен жердің өзіндік картасын жасады. Бұл үшін еуропалық "Envisat" жер серігінің ғарыштан түсірген суреттерін пайдаланды. Осы картада қала мен оның маңайындағы шөгіп кеткен жер көк түспен белгіленді.


Қарағандының қазіргі жер бедері осындай

Қарағандының қазіргі жер бедері осындай / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


Астында жоспарсыз жасалған әрекет жер бетіне өз ізін қалдырып жатыр. Шахталардың көмір алу шегі Ескі қала аумағынан шығып кеткені анық болды. Сөйтіп кейін салынған жаңа орталық үшін алаңдайтын кез келді. Мәселен, Терешкова көшесі бойында үлкен алқап шөгіп кетті. Оның тереңдігі екі метрден асып барады. Жердің ойық-ойық болып төмен түсуін ғылымда "мульда" дейді. Қытайда мұндай ойықтар құрғақ жатыр. Себебі, олар суды сорып алудан пайда болды. Ал, Қарағандының ойықтарын дереу су басады. Өйткені, жер астынан су емес, көмір алынды.

Әлгі Терешкова көшесінің бойындағы жекелеген жер үйлер қисайып қалды. Гараждар құлай бастады. Қабырғалардың ана тұс, мына тұсы жарылып жатыр. Электр желілерін ауыстыруға тура келеді. Бағандар қисайып, құлаған кездері болды.

Ғалымдар енді мына жұмбақтың шешуін таппай жатыр. Ғарыштан түсірілген суреттер арқылы жасалған картада қаланың кейін салынған Оңтүстік-Шығыс ауданында жердің отыра бастауы анықталыпты. Бұл аймақтың астында ешқашан шахта болмаған. Тіпті, мүлде жақындамаған. Ендеше мұндағы топырақ ненің әсерінен шөкті?

Нақты жауап жоқ. Шамасы, бірнеше шақырым әрідегі жер қатпарынан көмір ретінде алынуы бұл аймаққа өз әсерін тигізуі мүмкін.

Ғалымдар көмір алынған қуыстарды қайта толтыру керек дейді. Қазір көмір өндіріп отырғандар бұл әрекеттен қашады. Өйткені, артық жұмыс, әрі көмірдің өзіндік құны қымбаттайды. Көптеген шахталар иесіз қалды. Кеңес Одағы кезінде пайда болған жер асты қуыстарын толтыруға енді ешкім құлықсыз. Қала бюджетінде бұған қаржы қарастырылмайды. Шаһар үшін шөге бергеннен басқа амал жоқ.

Қазақ-Британ техникалық университінің профессоры Владимир Тетельминнің пікірінше, бұрынғы Кеңес Одағы аумағында ең үлгілі саналған Норильск комбинатының өзінде жер асты шахталарын қайта толтыру ескерілмеген екен. "Бұл – қымбат жұмыс, ешкім шығынданғысы келмейді" деп тұжырады ғалым. Пайдасы ересен Норильскіде жер астының қуыстары толтырылмаса, Қарағандының онсыз да Қазақстанға пысқырмайтын шетелдік қожайын қолындағы шахталарынан не күтерсің?!

Айнадай айдын

Көмірді көп өндірген елдің бірі – Германия. Мұндағы Рур алабы бүкіл Еуропаны сапалы тас көмірмен жабдықтады. Қаншама металлургия зауыттары Рур көмірімен жұмыс істеді. Еуропаның қарыштап дамуына осы алап шахтерлерінің үлесі өлшеусіз еді. Енді заман өзгерді, басқаша талап қойыла бастады.

Германия біртіндеп бүкіл шахтаны жауып, көмір өндіруді тоқтатарын мәлімдеді. Бұл – тез шешілетін шаруа емес. Осы өндірісте жұмыс істейтін 30 мың адамды бір күнде жұмыссыз қалдыруға болмайды. Сондықтан шахталар біртіндеп жабылады.

Қазір елде бар болғаны сегіз шахта көмір шығарып тұр. Олардың ең соңғысы 2030 жылы мүлде тоқтайды.

Бірақ, Германияда жер астындағы шахтаның опырылып кеткен ешбірі жоқ. Жер үстінің шөгу құбылысы байқалмады. Неге? Жауабы біреу – мұнда көмір алынған қуыстарды бітеп отырды. Қосымша шығын ғой. Иә, шығын. Сондықтан мұнда өндірілген көмірдің өзіндік құны жоғары. Басқа елдерден екі-үш есе қымбат. Осыны ескерген үкімет шахталарға дотация беріп отырды. Өйткені, жердің беті бүлінбеуі керек.

Германия үкіметі кезіндегі дотацияның бүгінде рахатын көріп отыр. Арзан көмір аламыз деген елдің бәрі ойдым-ойдым жерді қалай тегістеп, қалпына келтіру үшін бас қатырып жатыр. Немістерде ондай уайым жоқ. Бір кездегі қатаң талап енді "қап" дегізбейді.


Германиядағы бір кездегі шахта ойын-сауық орталығы мен мұз алаңына айналған

Германиядағы бір кездегі шахта ойын-сауық орталығы мен мұз алаңына айналған / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


Сөз соңында осы елде сонау 1986 жылы жабылған шахтаның маңындағы қазіргі тірлікті айта кетелік. Ол өзі 150 жыл көмір өндірген. Өтежан Нұрғалиевтің өлеңіндегі "Дәуірледі, дабылдады Ақмолда" дегендей, бұл да дәуірлеген, дабылдаған. Бірақ, ешқашан жер асты қуыстарын бос қалдырмаған.

Содан шахта жабылған соң, не істелді дейсіз ғой. Бұл жер музейге айналды. Бүкіл Рур алабының қалай дамығаны туралы. Көмір өндірісінің тарихы туралы. Германияда жер асты жұмыстарының технологиясы туралы. Не керек, бір емес, бірнеше музей ашылды. Сөйтіп, Цольферайн аталатын бұл шахта ХХІ ғасыр басында ЮНЕСКО-ның бүкіл дүниежүзілік мәдени мұрасының тізіміне қосылды. "Қарағанды шахтасы ЮНЕСКО тізіміне кірді" дегенді ұйықтап жатып түсіңізде көре алмассыз. Германияда бұл – ақиқат.

Ары қарай не болды деңіз? Жазда музейлерімен көпті өзіне тартатын Цольферайнге қыста да үлкен-кіші асыға ағылады. Сырғанақ тебуге! Аяз түскен соң баяғы шахта алып жатқан жерде үлкен мұз айдыны жасалады. Себебі жері теп-тегіс.

Қарағандының, Қытайды көмір мен суы алынғандықтан ойдым-ойдым болған жерлерінде мұз айдынын ашу мүмкін бе?

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Поделиться:

  Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

  Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Новости партнеров