Прямой эфир Новости спорта

Атырау алыста, Қарағанды қиыста

thoughtco.com сайтынан алынды
thoughtco.com сайтынан алынды
Адамзат тарихындағы бірнеше әуе апаттары дирижабльге қатысты. Мұнда жағдай қазақ аспанында болуы да ықтимал еді.

Сыр сақтаған сызба

Ежелден картаға әуестігіміз бар. Жағырапиялық, әкімшілік, экономикалық тұрмақ, топографиялық карта көрсек, үңілеміз. Мектеп кезінен солай. Азия мен Еуропаның, Америка мен Африканың елдері қалай орналасқан, өзендер қайдан басталып, қайда құяды, қай елдің нендей қаласы үлкен, қайда тау, қайда көл бар, тіпті мұхиттың шалғайындағы аралдарға дейін қанша шақырым болады, оларда осындай түпсіз сырлар тұнып тұр.

Тарихи шайқастардың ізін жиі қараймыз. Кезінде Екінші дүниежүзілік соғыстың басты майдандары өткен карталарға ден қойып, енді әлемнің әр аймағындағы ұрыс қимылдарының карталарымен таныспыз.

Орындалғаны бар, орындалмағаны бар түрлі жоспарлар сызылған карталар өз алдына бір төбе. Байкал-Амур магистралының картасын қарасаңыз, Кеңес Одағы оны әупіріммен жүзеге асырған. Ал мемлекеттің қиыр солтүстігіне дейін жетуі керек темір жол жоба түрінде қалыпты. Рас, жүз мыңдаған сотталушылар ит тұмсығы өтпейтін тайганың, тереңдігіне құрық бойламайтын батпақтың, темір қазық та қағылмайтын мәңгілік тоңның үстімен маса-шіркейге таланып, аю-қасқырмен таласып, аш-жалаңаш жүріп біраз бөлігін салған көрінеді. Кейін керексіз болып қалғаны картада сайрап тұр.

Осындай кейін керексіз болып қалған жолдың бірінің картасы алдымызда жатыр. Онда да жер бетіндегі емес, аспан жолының сызбасы. Аспанмен не ұшады өзі? Анықтап алайық. Зымыранға картаның керегі шамалы. Тіпті, оның бағытын айқындайтын карта жасалса да, "әскери құпия" деген таңбасы болады. Азаматтық ұшақ бағытының картасын кез-келген әуе компаниясының борттық журналынан табасыз. Қазір смартфонда қай ұшақтың қандай бағытта келе жатқанын көрсететін қосымша бар. Тікұшақтарда тұрақты бағдар деген жоқ. Әр сапардың жеке бағыты белгіленеді. Бұлардан басқа тағы не ұшады? Дирижабль.


1936 жылы Кеңес Одағында белгіленген тұрақты дирижабль бағыттарының картасы

1936 жылы Кеңес Одағында белгіленген тұрақты дирижабль бағыттарының картасы / Фото интернеттегі ашық көздерден алынды


Біздің қолымыздағы карта осы дирижабльдің тұрақты ұшу бағытына арналып, өткен ғасырдың отызыншы жылдары жасалған. Қызықтырып тұрғаны – онда Қазақстанның екі қаласы белгіленген. Қарағанды мен ол кезде Гурьев атанған қазіргі Атырау.

Бұл қалаларға дирижабль қонуы жоспарланған. Ал, қайдан қалай келуі керек? Оны айту үшін жалпы осы аспан кемесінің не екендігіне тоқталған жөн.

Жаһандық соғыстың жарағы

Дирижабль жасау тарихында француздардың аты жиі кездеседі. Соның бірі Анри Жиффар бүйен тәрізді жасалған әуе шарына бу қозғағышын орнатып, 1852 жылы 24 қыркүйекте көкке көтерілді. Қуаты 2,2 киловатт бу қозғағышы жылдамдығы секундына 3 метр болатын желге қарсы ұша алмады. Бәрібір қайсар Анри алып қауақты әрі-бері бұрылуға көндірді және желге бүйірін төсеп көлденеңдеп ұшты. Содан аппаратқа дирижабль, яғни французша "басқарылатын" деген ат берілді. Бір французды екіншісі қолдапты. 1901 жылы 19 қазанда Альберто Сантос-Дюмон іштен жану қозғағышын дирижабльге орнатып, сағатына 20 шақырымдық жылдамдықпен Эйфель мұнарасын айналып ұшады.

Француздардан кейін дирижабльмен айналысу кезегі немістерге келді. Бүкіл неміс жабылып кетпеген. Жалғыз Фердинанд фон Цеппелин деген адам бар қаржысын салып, неше мәрте тақырға отырып, ақыры осы істе зор табысқа жетті. Осы жанкешті өнертапқыштың атымен бұл елде алып бүйендер "цеппелин" аталды. Жаһандық алғашқы соғыста Германия 88 дирижабль құрастырған. Оның жартысын қарсыластар құртып, 25-і техникалық апатқа ұшырайды. 6 әуе кемесі хабарсыз кеткен. Германия жеңілгенде 7 цеппелинді жауға тастамас үшін бұзып тастайды.

Дирижабль жеңіске жеткізе алмаса да қарсыластарды қиратуға үлкен үлес қосыпты. 1915 жылы 19 қаңтарда британ аралдарындағы бірқатар нысандарға бомба тастайды. Әскери зауыттар бүлінбесе де, бірнеше тұрғын үй қирап, 4 адам қаза тауып, 16 адам жарақат алады. Екі күннен кейін "Кельнише цайтунг" газетіндегі бас мақалада: "неміс инженерлерінің данышпандығымен жасалған ең жаңа қару – дирижабль жауымыздың жүрегін жарақаттауға жарап тұр" деп жазылды. Анығында, бұл – неміс инженерлерінің данышпандығынан гөрі жалғыз граф Цеппелиннің табандылығымен жасалған ұшу құралы еді.

Сол соғыста патшалық Ресей дирижабль державасының бірі ретінде танылды. Майдан үстінде оның 20 шақты "алып бүйені" қалықтап жүрген.

Аспан "Титанигінің" тағдыры

Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін дирижабль жолаушылар тасуға кірісіп, Германиядағы екі қаланың арасына сапарға шыққан. Соғыстан кейін қайтадан бейбіт қызметке кірісті. "Граф Цеппелин" аталған дирижабль он жылда 13 мың жолаушы тасыды.

Енді континентаралық қатынас құралына деген қажеттік туып, осы мақсатқа 1927 жылы Германияда LZ-127 дирижаблі құрастырылды. Оған сол тұста қайтыс болған президент Гинденбургтің аты берілді. Дирижабль Германия мен Америка Құрама Штаттары арасына аптасына екі рет әрі-бері қатынаған. Ара-тұра Рио-де-Жанейроға тұмсық тіреген.

Ол өте сенімді және дамыған әуе көлігі деп танылды. Ұзындығы – 236, ені – 30, биіктігі – 33,5 метр. Ішіне 75 мың текше метр жеңіл газ толтырылып, ол алып бөшкені аспанға көтереді. Басқа 30 мың текшеметрлік қуысына құйылған сұйық отын әрбірінің қуаты 530 ат күшіне тең бес "Майбах" қозғағышының толассыз жұмысын қамтамасыз етеді. Сағатына 140 шақырымға дейін жылдамдықпен төрт тәулік жерге қонбай ұша алады.


"Гинденбург" Нью-Йорк қаласының үстінде

"Гинденбург" Нью-Йорк қаласының үстінде / Фото интернеттегі ашық көздерден алынды


"Гинденбург" – адам қолымен жасалып, әуеге ұшқан аппараттардың ішіндегі ең үлкені. 72 жолаушыға арналған екі қабатты залдары мен рестораны бар. Шонжарлардың оңаша отыратын бөлек салондары болған. Тіпті, классикалық музыка ойнау үшін сырты алюминимен қапталған рояль қойылған. Би залы мен кітапханасы болды. Басқа да пайдалы қызметтері жолаушылардың шаршамай-шалдықпай мұхит үстінен ұшып өтуін қамтамасыз етті. Осының бәрі әуедегі "Гинденбургті" судағы "Титаникпен" салыстыруға негіз береді. Түптеп келгенде тағдырлары да ұқсас болып шығыпты.

1937 жылы 3 мамырда "Гинденбург" Майндағы Франкфурт қаласынан шығады. Үш күн ұшып Нью-Йоркке жетті. Оны ең биік ғимарат 102 қабатты Эмпайр Стейт билдингтің шолу алаңына шоғырланған фотографтар мен тілшілер тамашалайды. Одан әрі дирижабль қону үшін Нью-Джерси штатындағы Лейкхерст әскери-теңіз базасына бет алады. Қонатын алаңда мыңдаған қарсы алушы күтіп тұр. Оны байлайтын биіктігі 60 метр баған орнатылыпты. Бағанға жеткен "Гинденбург" жерге бірнеше арқан тастайды. Ендігісін Лейкхерстен бүкіл елге радио арқылы тікелей репортаж жүргізген американ журналисі Герберт Моррисонның дауысымен беруге болар: "Міне арқандар тасталды. Оның ұшын қонатын алаңдағы адамдар саумалдап тарта бастады. Артқы моторлар әлі жұмыс істеп, әуе кемесін... о тоба, мынау жана бастады. Сұмдық. Жалын тілі бес жүз футқа дейін жетті ғой..."

Не керек, тосын апаттан дирижабльдегі 97 адамның 35-і өртеніп және түтінге тұншығып өлген. Жердегі командадан бір адам қаза тапқан. Германдық авиация министрі Геринг оқиғаны тергегенде экипаж мүшесі Эрих Шпель деген тығып жарылғыш әкелгені және іске қосқаны мәлім болды. Оның өзін апатта қатты күйік шалып, келер күні ауруханада қаза тауыпты.

Осы әуе "Титанигінің" талайсыз тағдырынан соң дирижабльмен жолаушы тасу доғарылған. Жолаушы тасу не, оны жасау тоқтады. Германия қолданыстағы дирижабльдерді бұзып, алюминийін ұшақ жасау үшін қайта балқытты.

Аспандағы "алып бүйенді" АҚШ қана сақтап қалды. Себебі, бұл елде қауіпсіз гелий өндірісі жақсы дамыған. Екінші жаһандық соғыс барысында американдық 170 дирижабль 89 мың рет сапарға шығып, кемелер керуенін қорғайды. Сүңгуір кемелерді анықтап, оларға терең бататын бомба тастады.

Жүзеге аспаған жоба

Біздің маңайға оралсақ, кеңестік бірінші дирижабль 1921 жылы 3 қаңтарда Петроград түбінен ұшты. Келесі жасалғаны 1923 жылы 900 метрге көтеріліп, қаптамасы әлсіз болғандықтан, пайдалануға жарамады. Үшінші ретте "Мәскеу химия-резина жасаушылары" деген атпен іске қосылғанының да ғұмыры ұзақ болмады.

Сосын бұл іске жастар газеті араласып, 1930 жылы "Комсомольская правда" атты дирижабль жасалды. Келесі жылы елдің Еңбек және Қорғаныс бюросы дирижабль жасау ғылыми-зерттеу комбинатын құру туралы қаулы қабылдаған. Алып мемлекетте "бес тиыныңды үнемде де, дирижабль жасауға үлес қос" деген ұран аясында халықтан 25 миллион рубль жиналды. Жаңа мекеме жасаған "алып бүйен" 1932 жылғы 7 қарашадағы парадта Мәскеудің үстінен ұшып өтті. Сосын бұл іске атақты италиялық маман Умберто Нобиле шақырылып, енді сырты бұрынғы резинадан қатты дирижабль жасау басталған.


"Клим Ворошилов" дирижаблін жасауға үлес қосуға шақырған кеңестік плакат

"Клим Ворошилов" дирижаблін жасауға үлес қосуға шақырған кеңестік плакат / Фото интернеттегі ашық көздерден алынды


Комбинатта 1935 жылы "В-6" атты дирижабль құрастырылды. Бастапқыда оны маршалдың атымен "Клим Ворошилов" атамақ болған. Ол Мурманскіден ұшып шығып, Мәскеу арқылы Ташкентке дейін әуе байланысын орнатуы керек. Осы жоспар бойынша жолшыбай Гурьевке қонуы тиіс. Бұл үшін бастапқы және жол жөнекей қалаларда ангарлар мен гелий құятын стансалар салынуы қажет.

Екінші бағыт Қарағанды қаласының үстімен өтіп, Монғолияның астанасы Улан-Баторға созылуы керек. Онда да осындай талап сақталуы тиіс. Әзірге дирижабльге арналған ангар Долгопрудный мен Гатчинода ғана болды. Картадағы қалаларда ангар мен газ стансалары салынар ма еді, әттең "В-6" германдық бәсекелесінің қайғылы тағдырын қайталамағанда.


"В-6" дирижаблі аспанда

"В-6" дирижаблі аспанда / Фото интернеттегі ашық көздерден алынды


1937 жылы 29 қыркүйекте Мәскеу түбінен ұшып шыққан "В-6" Воронежге дейін келіп, кері айналды. Тағы түзу ұша бергенде Гурьев алыс емес еді. Бұрылған соң 4 қазанда Долгопрудныйға қонды. Сөйтіп, 130 сағат 27 минут жерге қонбай ұшып, Атлант мұхитын көктеп жүріп опат болған "Гинденбургтің" 118 сағат 40 минуттық рекордын жаңартты.

Сосын 1938 жылы ақпан айында Папанинның мұз құрсауында қалған поляр экспедициясын құтқаруға аттанған. Деректерге қарағанда, қиын сапарға дирижабльдер эскадрасының командирі Н. Годуванцев сұранған көрінеді. 5 ақпанда оны Саяси бюро мүшесі Микоян аттандырып салды. Бірақ картада көрсетілмеген тауға соғылып, экипаждың 19 мүшесінің 13-і қаза табады. Тарихта Папанин экспедициясын "Мурман" мен "Таймыр" кемелері құтқарып, одан атақты Отто Шмидт "Ермак" мұзжарғышымен қарсы алғаны белгілі. Сталин өзі қабылдап 800 адамға той жасаған деседі. Осы жолда қаза болған 13 адам туралы ештеңе айтылмаған. "В-6" апатқа ұшыраған соң дирижабльдің қазақ даласының үстімен Өзбекстан мен Монғолияға көзделген тұрақты бағыты ұмыт болды.

Екінші жаһандық соғыс уақытында Кеңес Одағының дирижабльдері тылда 320 мың тонна жүк тасыды. Москва мен Ленинград аспанын әуе шабуылынан қалқалады. Ал 1944 жылы құрастырылған "Победа" атты дирижабль Қара теңізді минадан тазалау мен суға батып кеткен кемелерді анықтау жұмыстарын істеді.

Бұдан кейін бұл жобаға Кеңес Одағында ешкім айналып соқпады. Бұрынғы Гурьев – қазіргі Атырау мен Қарағанды тек картада қалды.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Поделиться:

  Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

  Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Новости партнеров