Прямой эфир Новости спорта

Жоғары оқу орындарына реформа емес, контекстпен жұмыс істеу қажет

Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Публицист Ерлан Оспан жұмыссыздар фабрикасына айналған жоғары оқу орындарының санын қысқарту туралы.

"Маңыздысы – контекст!"

Сізге кез келген лингвист осылай дер еді. Айталық, "реформа" деген сөз бар. Бұл сөз әу бастан қасаң жүйені қайта құрып қалыпқа келтіруді, жаңашылдықты білдіретін. Бірақ кей салалардағы реформалардың кереғар шыққаны соншалық, бүгінде "реформа" сөзі ұрдажық әрекетті білдіреді, "қуырдақтың көкесін көретін кезең" деген мағына беретін болды. Шынымен, контекст маңызды.

Реформа әуелде қажеттік болып, ақыры реформаның нәтижесі емес, өзі бар мән-мазмұнына айналған сала – білім саласы. Мұнда, тіпті, алдыңғы реформаның зиянының орнын толтыруға контрреформалар да болып тұрады. Ағылшын тіліне үш кіріп шыққан бастауыш білім беру – соның дәлелі.

"Мен өз сауалымда Білім және ғылым министрлігінің экономикалық түйсік жетіспейтін даңғаза бағдарламалары туралы сұрадым" деді Сенат депутаты Еділ Мамытбеков 2019 жылғы 5 желтоқсандағы отырыста. Оның аймақтағы университеттерге педагогикалық оқу орындарын қосу науқанына көңілі толмайды. Мысалы, Тараз және Қостанай педагогикалық университеттері аймақтағы университеттермен бірігіп кетті.

Оқи отырыңыз: Болашақта программистер де жұмыссыз қалуы мүмкін

Енді қараңыз: кезінде елімізде бұлай бір рет жасалған болатын! Иә, 1994-1998 жылдары педагогикалық жоғары оқу орындары басқа ЖОО-лармен бірігіп, университетке айналды! Сосын педагогтардың білігі әбден төмендеп кеткесін, 2004 жылы аймақтағы пединституттар қайта қалпына келтірілген. Мінеки, білім саласындағы реформаның бір ғана көрінісі. Яғни, 20-30 жылдық өтілі бар оқытушының өмірінде форма мен билік үш рет ауысты. "Түбі қайтып келсек, несіне бастадық?" дейміз мұндайда. "Әліппені" тартып алып, қайта бергенде де сүйдедік.

Елімізде 2018 жылғы есеп бойынша 124 ЖОО бар (ҰЭМ Статистика комитетінің мәліметі). Ал 2000 жылдан бергі ЖОО-лардың азайып-көбею динамикасы қисын іздеген адамды абдыратады. Мысалы, 2000 жылы 170 ЖОО болса, келесі жылы – 185 ЖОО бар! Одан кейінгі 2002 жылы қайтадан 177-ге азаяды да, 2003 жылы қайтадан 180 ЖОО болады. ЖОО-лар саны – 2018 жылға дейін осындай итжығыс.

Бұл көріністің себебін тоғызыншы білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов 2013 жылы жақсы түсіндірген сияқты: "Әрбір ЖОО артында Астанадағы біреу бар. Олар депутаттардың арасында, үкіметте, орталық органдардың барлығында отыр. Біздің ЖОО-ларды қысқартуымызға қарсы лобби – солар. Бұл құпия емес".

Санды сапаға айналдыру әрекеті де осы жерден сап тиылды деуге болады. Министрліктің әрі қарайғы стратегиясы – барды ұқсатуға түзілсе керек.

Оқи отырыңыз: Үрейлі цифрлардың матрицасы

Енді міне, қазіргі он төртінші министр Асхат Аймағамбетов те ЖОО-ларды "тексеруге" кіріспекші. Бұл жолы министрдің қолында – екінші президенттің алғашқы жолдауы сияқты карт-бланш бар. Былтырғы 2 қыркүйектегі жолдауда жоғары білімнің сапасы айқын айтылған еді. "...Терең білім берудің орнына диплом сатумен айналысқан университеттеріміз бар екені де жасырын емес. Бірінші кезекте соларға тыйым салу арқылы біз оқу орындарындағы білім беру сапасын арттыруға күш саламыз..." деген жолдар – Білім және ғылым министріне берілген индульгенция десе де болады. Троллейбус паркі ауласындағы университеттердің лоббиі бұл жолы қуатты болмайтын шығар. Өтпелі кезеңде көзге түспеудің амалын жасап бағатын болар.

"Жұмыссыздар фабрикасына" айналған ЖОО-лардағы самарқау реформаларға қарап тұрған әлем жоқ. Мемлекетіміздің жастығына, тәжірибесіздігіне шегерім жасай бергенмен, білім саласы я мазмұн, я форма табатын уақыт әлдеқашан өтіп кетті. Қызығы, мұны тұтынушылар әлдеқашан біледі: қазақстандық ЖОО тек шетелдік гранттарға қол жеткізудегі, Work&Travel сияқты бағдарламаларға қатысуға трамплин ретінде ғана қарастырылатыны айқын. Яғни, II курстан әрі қарай жоспар жоқ. Себебі, мектеп бітіре сала түскен студент – әскер қатарына баруды кешеуілдету және шетелдік гранттардың "ЖОО-да оқып жатқан студент" деген талабын орындау үшін ғана түседі, "жүре тұрады".

Оқи отырыңыз: Қазақтан өзге ешкім неге билеріне ескерткіш қоймаған?

Бұған соңғы 18 жыл бойы демографиялық регрессиядағы Ресейдің абитуриент жинаудағы өте белсенді әрекетін қосыңыз. Ресеймен шекаралас облыстарда сыныптың 60-70% дейін Ресей жоғары оқу орындарына түсуі қазір таңсық емес. Оны былай қойғанда, дәстүрлі тыл болып есептелетін Түркістан облысының өзінен Ресей ЖОО-ларына жол тартушылар жыл сайын үдеуде. Себебі, Ресей жоғары оқу орындарының сапасы жоғары болып есептеледі және федералдық бюджет грант бөлуден аянып отырған жоқ. 2018 жылы Ресей оқу орындарында 27 мыңға жуық қазақстандық федералдық бюджет есебінен оқып жатқан.

Сыртқы әлем үшін – Қазақстанның ЖОО саласындағы реформалары керегі жоқ, олар форма мен мазмұнды әлдеқашан тауып, дамылсыз даму үстінде. 1 желтоқсан күні Алматыда Жоғары білім көшбасшыларының Еуразиялық форумы өтті. Сонда сөз алған Кристал Лим-Ланг ханым өзімен іскерлік қатынастағы Минерва университеті (АҚШ) туралы айтып берді. Оқу үрдісі туралы айтпай-ақ қояйын, ол біздің – барлығын бақылауда ұстауға түзілген санаға бәрібір сыймайды (мысалы, сабаққа онлайн қатысу механизмі). Конкурстың сұмдығын да айту қиын: университет талап білдіргендердің 5% ғана қанағаттандырады екен. Әңгіме онда емес. Әңгіме – Минерва университетінің 2012 жылы құрылғанында. Салыстыру үшін: Satbayev University – 1934 жылы; ҚазҰУ – 1939 жылы құрылған. "Темір шымылдықтың" 70 жылын шегеріп тастағанның өзінде 30 жылдық кезең қайда? Сапада қайда, санда қайда? Айтпақшы, сол жиындағы кулуарда жергілікті ЖОО өкілдері кезекті рет "ерекшелігімізді", "басқаша жолымызды" айтып, "шетелдіктер түсіне бермейтін бұлтарыс-қалтарыстарымызды" әңгіме етті.

Білім саласы – кемшілігін жасыруға, тіпті жасыра тұруға келмейтін қап түбіндегі біз сияқты. Журналистің сөз саптауынан бастап, медиктің екпе салғанына дейін сапасы айқайлап тұратын сала. Алайда осы уақытқа дейін ректорлар мен басқа да білім менеджерлері жоғары білімді әкімшілік ұйымдастыру мәселесі жағына біржола бұрылып кеткен сияқты. Бұл – "оқытушыларымыз білікті, оқушыларымыз алғыр, тек..." деген сөз. Бірақ, шынымен солай ма? Әйтеуір, "сайланбалы ректор", "медициналық оқуды алтыжылдыққа көшіру" деген сияқты тақырыптарда оқу сапасына қатысты ештеңе көрінбейді. Қанша "қасқа жол", "ескі жолға" түскенімізбен, өнеркәсіп пен бизнес түлектердің білімі мен білігінен шошып келе жатқанына ондаған жылдар болды.

Поделиться:

Новости партнеров