Прямой эфир Новости спорта

Болашақта программистер де жұмыссыз қалуы мүмкін

сурет shutterstock.com сайтынан алынды
сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Ақпараттық технологиялармен байланысы жоқ мамандықтар болашақта жойылады деген болжам жиі айтылады. Публицист Ерлан Оспанның бұл пікірге қарсы айтар уәжі бар.

Ендігәрі нанды роботтар пісіреді-міс. Ендігәрі болғанда, алдағы 20-30 жылда.

Жалпы, екі қолға бір күрексіз қалатын себебіміз – роботизация екен. Жан біткен темір-терсек «былай тұр!» деп, қабіршінің күрегін, кеншінің сүйменін тартып алмақ. Тартып алмас, өзің-ақ бересің.

Әрине, «футурологтар» кей мамандықтарға жарқын болашақ болжап қояды. Олардың айтуынша, кей мекемелер мен компанияларда бүгіннің өзінде "жарты құдай" болып отырған IT мамандарды адамзат болашақта ақ киізге отырғызып алып, әлпештеп жүреді-міс. «Елу жыл ертеңін» ойлаған балгерлердің болжам жасаудағы ғылыми аппараты, яғни – оның жоқтығы күмән тудырады. Аңдасақ, осындай әңгіменің бәріне арқау болған әңгімелер мұхиттың ар жағында басталса керек. Ал біздің оқымыстылардың қолына түскен ол ақпарат еш күмәнсіз бұқараға паш етіледі.

Ал енді басты сұрақ: "Болашақ осынша бұлыңғыр ма?"

Бұған жауап беруім үшін, ең алдымен – облыс-аудан жағалап, жұртты үрейлендіріп жүрген сәуегейлердің теориялық базасын ақтаруым керек болды. Көбінің презентациясына арқау болған мына мақала не оның орыс тіліндегі аудармалары болса керек. Онда шынымен сұмдық сандәйектер келтіріледі. Брукингс институты паш еткен деректер төмендегідей.

АҚШ-тағы жұмыс орындарының төрттен бірінің 70 не одан жоғары пайызын автоматтандыруға болады. Яғни, пошта тасушыны жұмыстан босатып, орнына темір-терсекті тап қазір қою – әбден мүмкін іс. Мақалада болашақта пайда болатын 42 мамандық келтірілген. Қазір жоқ, бірақ пайда болуы мүмкін мынадай мамандықтар келтіріледі: мәлімет детективі (тоқетері – адамнан не жүйеден мәлімет түрінде қалған ізді оқу); бизнестегі жасанды интеллект жөнінде менеджер; цифрлы тігінші, тағысы тағылар. Байқасаңыз, болашақта пайда болатын мамандықтар әйтеуір IT айналасында. Бұл шарттылыққа біз әңгіменің аяғында міндетті түрде ораламыз.

Оқи отырыңыз: Үрейлі цифрлардың матрицасы

Бүгінге оралсақ...

Біріншіден, болашақты болжаушылардың о бастан күмәнді позицияда тұрғанын айтайық. Себебі, олар бүкіл қауіп-қатерді есепке алып тұрған жоқ. Сол робот-тігіншілер заманына дейін ақырзаман болып, адамзат қоңыз теріп кетпесе нетті. Мұны кекесін үшін айтып отыр екен демеңіз. Мысалы, «Апофиз» атты астероид Жерді 2036 жылы опырып түсуі мүмкін. Ықтималдығы тым аз, бірақ бізде тап ықтималдығы аз нәрсенің дәл келе қоятынын растайтын Мерфи заңдары да бар ғой.

Жақсы, сәуегейлер бәрі де өз ауанымен жүрген жағдайдағы болашақты болжаған болсын. Бірақ біз олардың программистер мен басқа да IT айналасындағы мамандықтарға жақсылықты үйіп-төккенін білеміз. Осы жерде, тіпті, кәсіби IT мамандардың кейде өздерінің саласындағы жаңалықтардан құр қалып жатқаны көрінеді. Адам күші қажет жұмыстарды роботизация жасап жатқанымен, интеллектуалдық жұмысқа тиіспейді деп ойлайды. Бірақ, тіпті де олай емес.

Google қазір жасап жатқан Graph2Diff нейрожелісі программа кодындағы қателерді тауып, түзетуге үйретіліп жатыр. Бұл жүйе6 әрине, бір күні шарықтау шегіне жетеді. Ендеше, программадағы қатені түзетуді үйренген жүйе әрі қарай өзі де программа жазып үйренеді! Рас, оның сапасына әлі күмән бар. Бірақ нейрожеліде сапа – тек уақыт еншісіндегі мәселе.

Ендеше, алдымен даяшы емес, программистер жұмыссыз қалып жүрмесін.

Болжамды тік сызықтың бойымен жоғары жылжып отырып, қарабайыр жасауға болмайды. Мысалы, сәуегейлердің қисынымен бүгінгі 3D анимация маманы ертең «сәнді» мамандыққа айналмақ. Дұрыс, ойға алғаш келетіні осы. Бірақ, тіпті де олай емес. Мысалы, Эдинбург университеті қазір жасанды сананы анимация жасауға үйретіп жатыр. Төмендегі анимацияны қарап шығыңыз.



Роликтегі кейіпкерді жүргізіп-отырғызған адам емес, жасанды сана. Әзірден үлкен жетістік: жасанды сана кейіпкерді тосқауылдарға соқтырмай алып шыққанымен қоймай, отыру-тұру сияқты әрекеттерді де сондай сәтті жасаған. Ендеше, тіпті 3D анимация маманы да «болашақтан» қорыққаны ләзім.

Оқи отырыңыз: Ыбырай Алтынсарин – І өндірістік революция жаршысы ма?

Форум жағалаған кезбе-балгерлер айналып келіп – кассирлерге, жүк тасушыларға, сатушыларға тиісе береді. Бұл жерде енді жеке, кісілік мәдениетіне де күмән бар. Әйтпесе ол, кассир – өмір бойы кассир боламын, жүкші – мәңгі-бақи жүк тасимын демейтінін білсе керек.

Себебі бұлар мамандық емес, бұлар – кәсіп. Күзетші де кәсіп.

Олар өз қолы аузына жеткенше жүрек жалғап жүргендер. Күзетшілердің арасында 3D-5D оқып жүрген жігіттер бар шығар. Ал кассир қыздардан болашақ биоинженерлерді де көре білген дұрыс болар.

Айтпақшы, «жасанды интеллект мейлінше математизацияға ұшыраған мақұлық, ендеше олар өнер саласындағы мамандықтарды игере алмайды» деп біржақты айту да дұрыс емес. Бұл жерде дайындығы мол болып есептелетін шетелдіктер де жаңсақ кетіп жатады. Себеп тіпті де роботтың музыкаға қабілетіне күмән туатынында емес. Жай, біз мазмұнды формаға жеңдіріп, талғамымызды өзіміз сезбестен – компьютер жазған әдебиет пен түсірген киноға бейімдеуіміз мүмкін. Бірақ мұны енді кәсіби мәдениеттанушыларға қалдырайық.

Поделиться:

Новости партнеров