Біз сот жүйесімен басы піспейтін халықтың алды да, арты да емеспіз. Қай жұрттың фольклорын түртіп қалсаңыз да, әйтеуір озбыр сот туралы кем дегенде бір ертегі, әйтпесе аңыз тауып аласыз. Өйткені, көп халықта әділдік көбіне биден емес, патшадан. Ал бізде – биден! Атап өткен дұрыс: билерді культ деңгейіне көтерген тек біз! Бұл тұжырымды дәлелдеу қиын емес. Ол үшін әдейілеп тұрып сонау дүниенің басқа бұрышындағы (Үндістанның оңтүстігіндегі, Azure жүйесі) компьютерге қашықтан қосылып (өзімдікі – менің ыңғайымдағы дүниелер тауып берер деген күдікпен), Google жүйесінен «соттарға ескерткіш» ("Monuments of judges", "Monuments of courts") деп сұрай салдым.
Қызықты қараңыз, нәтиже жоқтың қасы. Өзін әйтеуір қандай болса да ақпарат тауып беруге міндетті санайтын Google әрі кеткенде ... бейіттерді тауып берді.
Ал бізде ше? Бізде әдейілеп тұрып билерге қойылған ескерткіш бар. Төле, Қазыбек, Әйтеке. Даралап та, үшеулеп те ескерткіштері бар. Ал олар туралы аңыз қаншама. Соған қарағанда, әділ сот жүйесінің маңызын әлдеқашан түсінгендердің қатарында болған сияқтымыз. Ендеше осы заманғы әділ қоғамның бірі болуымыз шарт еді. Алайда күннен күнге ішкі әділдікке, жеке парасатқа жүгінуді үдеттік.
Қызығы, Тәуелсіздіктің елең-алаңында рухани-гуманитарлық дүние тұнған халық екенімізге сенім мол болды. Тек өндіріс жағынан ақсап тұрғанымыз болмаса дедік. Дәнекерлеу мен жону жағынан олақтаумыз демесең, әдебиет десең әдебиеті, мәдениет десең мәдениеті, музыка десең музыкасы дайын-ақ ерек жұртпыз деген тұжырым болды. Әттеген-ай, түрлі жағдаймен ұсталарымыз асылып-атылып, қолөнерден қол үзіп қалғанымыз болмаса дедік.
Оқи отырыңыз: Жыл аяғының «еңбек ері» кім?
Бірақ руханиятымыздың әуселесін көрдік. Шекара ашылған сайын аран ашылып, затты былай қойғанда, руханияттың импортына бас салдық. Бірақ, руханият жоғары технология емес еді. Өз білгеніміз шынымен жеткілікті болатын. Мысалы, "бала тәрбиесіне" қатысты ақыл керек ел біз емес деп ойлаушы едім. Жоқ. Бүгіндері дүйім мемлекет эзотерикадан бастап, баланың қылығына дейін "халықаралық тәжірибенің" құдығының басында байлаулы. Бұл, бәлкім, жаһанданудың талабы шығар. Мен бар болғаны – әлемдік руханият қоржынынан алғанымыз болмаса, берген түгіміз жоқ екеніне нұсқаймын.
Енді, сотқа оралсақ. Тура биді дәріптей отырып, туғанның айласын асыруда алдымызға жан салмадық. Өзімізден гөрі, мұнымыздан шетелдіктер шошып бітті. Инвесторлар салғанын қайтып алатын кепілдік іздейді ғой. Ірілі-ұсақты рейдерлік хикаяларды көрген соң, сүйікті Еуропасынан шыққысы жоқ. Содан біз мықты амал таптық. Біздің сотқа сенбеулерің дұрыс, осы күні, тіпті, өзіміз де сенуден қалдық, сондықтан ағылшын сотын әкеліп берейік дедік!
Нұр-Сұлтандағы Халықаралық Қаржы Орталығының ағылшын соты жұмыс істейді. "АХҚО сотына қош келдіңіздер!" дейді сот төрағасы Лорд Вульф алғысөзінде. Ол өзіне қарасты 8 судьяның әділдігіне кепілдік береді. Судьялардың барлығы – шетелдіктер. Тамырласуға, туысқан болуға еш мүмкіндік жоқ. Әділеттің ақ қылышын жарқ еткізеді, бітті. Әйтеуір, декларатив жағы сенім ұялатады.
Бірақ, жыл аяқталып қалды, ал сайттағы мәліметке сүйенсек, жалғыз ғана іс қаралыпты. Істің нөмірі де – 1. Айна-қатесіз келтірсем – "Сот ісі № 1 (2019 ж.) - AURORA AG LIMITED қарсы ТОО "STAR ASIAN MINING COMPANY (СТАР АЗИАН МАЙНИНГ КОМПАНИЯСЫ". Сонда, шетелдіктер бізге бәрібір иланбады ма, әлде дау-дамай соншама азайып кеткен бе?
Экономикалық сот – халыққа жақын процесс емес. Халыққа жақыны – өлім-жітімге, ұрлық-қарлыққа байланысты процестер. Бұл елде әділдік бар ма, жоқ па деп сұранатын адамға жауап беретін ең бірінші инстанция. Ендеше тұрмыс күйбеңінің соты әділ бола алып жүр ме?
Осы жерден шегініс. Әділет туралы айтуға да ең алдымен әділдік керек. Сондықтан, "Үсеновщина" мен басқа да табиғатында хайптың үлесі бар процестерге бола, жүздеген, мыңдаған процеске күйе жағуға жоқпын. Сұрайтыным: неге әділін айтуды соттардан алып кеттік? Қашан алып кеттік?
Оқи отырыңыз: Болашақта программистер де жұмыссыз қалуы мүмкін
Кінә кімнен екеніне зерттеуге жоқпын. Бірақ әділдікті ұмытқанымыз рас. Бүгіндері бәріміз ең алдымен ішкі сотымызға жүгінетін болдық. Юриспруденция ғылымына сүйеніп жасалған нормалар мен мерзімдер бізге аздық етіп жүр. "Хайуанға үш-ақ жыл беріпті. Мен болсам...", "Дарға асар едім, атар едім, қазыққа отырғызар едім", тағысы тағылар. Қиялымыз үнемі "хайуан" жасаған қылмыстың айуандығынан асып кетіп жатады. Темір тор жаза құрлы жоқ.
Бір кездерде адамдар өзінің әділдігіне сенбей, даукеске екібастан сене алмай, үшінші тарап жалдаса керек-ті. Өзіңнің әділдігіңе күмәннің болуы да – әділдік. Ал өз әділдігіңе сенім – соқырлық. Ол соқырлықты бекіте түсетін сот – озбыр сот. Ал іштен әділ кісі таба алмай, сырттан жалдап әкелу – бейшаралық.
Өзімізше әділ болған сықпытымызды, ішкі қыжылымызды ақпарат таратушылар жақсы пайдаланып жатыр. БАҚ бетінде – соты болмай жатып сотталып кеткен адам қаншама. Қылғаны қылмыс па, жоқ па – әлеуметтік желілерге ендігәрі бәрібір. Үкіміміз үнемі ойымыздан озып жүреді. "Дарға тартыңдар!" деп алып, кейін "Айтпақшы, не қылып еді өзі?" деп сұрайтын жағдайға келдік. Жаза ойлап табу жарысында кімнің қиялы қиямпұрыс – сол бәрімізден әділетті болып жүр. Кәсіби заңгер "заңның талаптарына сай ең қатал жаза талап етсе", біз ол жазаны өзіміз ойлап табамыз. Онымыз – тарихта қалған қанқұйлы жазалар. Мемлекет көрсете алмаған әділетті осылайша – өз қатігездігіміздің деңгейімен өтеп жүрген жайымыз бар.
Оқи отырыңыз: Үрейлі цифрлардың матрицасы
Сондықтан, өтініш, біреу бірдеңе қылыпты десе, бір сәт ойланайықшы. Бізде сот бар. Деңгейіне келісе алмасаңыз да, ең болмаса барына келісейік. Яғни жоқтан гөрі – бар. Заңның ғылым екенін ұмытып кетпейік. Сайып келгенде, адам – адамға шашау шығармайтын есебі түгел мақұлық. Ендеше сот дегенді ойлап тапқаны бекер болмаса керек. "Кінәлінің" ашу-ызамен басын алып қойғасын кінәсін ойланған талай оқиға болса керек-ті.