Құттықтау, тойға шақыру, көңіл айту – телефонның мойнында

Қоғам қайраткері Дархан Мыңбай желідегі жазбалардың мазмұны – халық болмыс-бітімінің, білімі мен өресінің көрсеткіші екенін айтады.

Осы күні елдің көпшілігі бір-біріне құсни сәлем хат жазуды күрт азайтты. Ресми орындарға арыз-шағым, өтініш жазу бұл есепке кірмейді. Бұл жақсы ма, жаман ба – ол жағы уақыт өте келе белгілі болады. 

Қазір үлкен-кіші барлығы әрі кеткенде телефон, мобильді құрылғы арқылы қысқа хабарлама жолдаумен шектеледі. Құттықтау, тойға, жиынға шақыру, көңіл айту – бәрі-бәрі телефонның мойнында.

Әрине, уақыт үнемдейтін, ыңғайлы байланысты қолдану – заман талабынан туындап отыр. Жекелеген азаматтар өздерінің сауатсыздығын әшкерелеп алмау үшін ауызша дыбыстауды (аудионы) мақұл көреді. Бәлкім, дағды шығар. Әрине, онысы көпшілік жиында, қоғамдық орында белгілі дәрежеде қолайсыздық туғызады. Дегенмен, жеке дара коммуникация тетігінің артықшылығы, өз құпиясы сақталуға тиіс. Сондықтан, қазір әркім мобильді құрылғыны мейлінше меңгеріп, қалауынша қолданады.

Ал, біздің айтпағымыз – әлеуметтік желідегі жазу, сөйлеу, мәдениетін көтеру туралы, бейнежазба жүктеу жайы. Сөз әдебін сақтау жауапкершілігі. 

Өйткені, оны үлкен-кіші түгел, барша қандастар мен тілдестер қарап, тұтас әлеумет, сырт көз бағып отырады. Сөз бостандығы мен сана деңгейінің арасалмағы таразыға түсер жері де осы тұс. 


Оқи отырыңыз: Қоғамға сын жалпы сынау үшін емес, сындарлы істерді табысты жүзеге асыру үшін керек


Бұл – қоғамдық іс, ортақ міндет

"Әкесі өлгенді де естіртеді" дегендей, өмірде болып жатқан түрлі жағдайды оқырманға, көрермен мен тыңдарманға жеткізуде қайбір жас-кәрі небір дүмбілез ойды, дөрекі сөзді, былапыт тіркесті, анайы бейнені, оспадар мінез-құлқын лақ еткізіп жатады. 

Мұның ақаба судай сарқырап жатқаны сонша – көпшіліктің өкпе-ренішін, тіпті ашу-ызасын өршітетіні өтірік емес.

Осындайда ақын Қадыр Мырза Әлінің:

"Сөздің өзінде кінә жоқ. Мәселе – айтушыда. Біреу оны мұзға аунатып жеткізеді, біреу тұзға аунатып жеткізеді. Енді біреу жүрегінің жылуына бөлеп жолдайды..." деген ойы еске түседі.

Түсінген жанға "соқырға таяқ ұстатқандай" емес пе? Әлде, қазір біреуге қанағат пен шыдам, біреуге жүрек жылуы жетпей жатыр ма?

Нобель сыйлығының лауреаты Джордж Бернард Шоудың мына сөзі көңілге қонады:

"Иә" деп айтудың елу тәсілі, "жоқ" деп айтудың да елу тәсілі бар, тек оны жазудың ғана бір тәсілі бар".

Ағылшын қаламгерінің бұл тұжырымы қазір де өміршең.

Жалпы, әлеуметтік желідегі жазбалардың формасы, мазмұны – халық болмыс-бітімінің, білімі мен өресінің, көңіл-күйінің бірегей көрсеткіші. Жазба жалпы қауым назарына ешқандай цензурасыз, редакторсыз, корректорсыз ұсынылатынын жұртшылық жақсы біледі. Сондықтан желідегі хат-хабардың сапасы, мән-мағынасы – әрбір автордың санасына, ұлттық намысына, адами қадыр-қасиетіне байлаулы іс. 


Оқи отырыңыз: Діни сауаттылық және интернет немесе киіз кітаптан электрондық кітапқа дейін


Қате, қиғаш кетсе, әуелі халық қазынасы – ғасырлар бойы қалыптасқан салт-санаға қиянат. Содан кейін ұлттың жаны саналатын тіл мен ділге, сенімге негізделген дінге обал. СМС ішіндегі адам құқын аяққа таптайтын әрекет те алаңдатады. Әрбір автордың жеке парақшасындағы жазған-сызғанына қарап, оның деңгейін, көрген-білгенін, жауапкершілігін саралауға болады.  

Кейде әлеуметтік желідегі балдыр-батпақ пен салдыр-сатпақты, ағыл-тегіл сауатсыз жазуды көріп, қоғамға, оқырманға жаның ашиды. Ал, арзан ойын-сауыққа үн қату, пайдасыз дүрмекке қосыла шабу ешкімге ешқашан абырой әпермесі анық. 

Жөн айтқанды, оң пікір жазғанды қайбір желіккен желігер бірден жазғыра жөнеледі. Ұрыс-керіске, жанжалға бейімдер өзге пікір иесін бет-жүзіне қарамай, ауыр сөздер айтып қаралаудан, алқымынан алудан тайынбайды.

Ондайлармен айтысып, таласу – ақылдан адасумен немесе сонымен деңгейлес болумен тең. 

Құтқаратын жалғыз жол – саналы адамдардың салиқалы ойы, біліктілердің уәжі ғана емес, сөзге тоқтайтын ата дәстүрді жаңғырту немесе әсіре бұзықтарды, "мен білемдерді" қоғам тезіне салу.

Әйтпесе, ұрпақ алмасқанда халқымыз дәстүрлі мінез-құлықтан ажырап, адасып қалу қаупі бар. Бүгінгі сын-қатердің бірі осы болса керек. "Өзің білме, білгеннің тілін алма!" қарғысының керіндей.

Мұндай құбылыс желкенсіз қайықты немесе қайранға тірелген кемені еске салады. Қайткенде де әлеуметтік желідегі жазбалардың қоғамдық пікір туғызатын дүлей күшін ескермеуге болмас. Ал, оны дұрыс арнаға салу – сол қайықтағы, кемедегі жолаушылардың еркіндегі іс.

Ендеше, мәселені шешетін ой-пікірді, ортақ мәмілені ортаға салудың сәті келді. Қолдасаңыз да, қасқайып қарсы тұрсаңыз да бейжай қарамауға тиіссіз.

Ал, немқұрайлық азаматтық қоғамның орнықты дамуына кедергі келтіріп, ұрпақтың сенімін, мүддесін, ұстанымын әлсіретеді.

Бұрынғылар "Сөзіңе жауап бер!" дегенді бекер айтпаған. Сөз – ой, пікір, тәрбие, білім, дәстүр, аманат. "Хат заманы өтті" десек те, сөзге жауап беру ешқашан ескірмейді де, өзгермейді де.

(Жазба қоғам және мемлекет қайраткері Дархан Мыңбайдың Facebook парақшасынан алынды)

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Была ли эта статья для вас полезной?
0

  Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

  Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

НОВОСТИ ПАРТНЁРОВ