Прямой эфир Новости спорта

Ғылыми атақ кімге бұйырады?

PhD доктор Бекарыс Нұриманов елімізде ғылыммен айналыспаса да, қызметке тұру мен үстеме жалақы алу үшін PhD дәрежесін алуға деген ұмтылыс барын айтады.

Соңғы күндері жас ғалымдар арасында ғылыми атақ беру туралы жаңа ереже қызу талқыланып жатыр. Талқыға ұсынған ереже әзірге жоба ғана. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мырза оны бекітпес бұрын ашық түрде талқылап, ұсыныс айтуға мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан, өзгеріс пен толықтыру енгіземіз деген ниеті дұрыс, қуана-қуана құптаймын. Себебі, бұрынғы ереже бекітілгелі біраз жыл өтті. Одан бері ғылым тұрмақ, әлем өзгеріп жатыр емес пе?!

Сонымен, қауымдастырылған профессор (доцент) және профессор ғылыми атағы кімге беріледі? Ол бұрыннан қалыптасқан үрдіс бойынша "ғылым кандидаты", "ғылым докторы", "философия докторы (PhD)" және "бейіні бойынша доктор" академиялық дәрежесі бар ғалымдарға берілетіні белгілі. Осы тұста мынаны айтқым келеді. Елімізде ғылыммен айналыспаса да, қызметке тұру мен үстеме жалақы алу үшін PhD академиялық дәрежесін алуға деген ұмтылыстың бары жасырын емес. Алайда, мына ғылыми атақ тек қана білім мен ғылым саласында жүрген мамандарға керек. Яғни, бұл соларға арналған ереже деген сөз.

Ғылыми атақ қандай жағдайда беріледі? Бұл мәселеге келгенде жаңа ережеде 3 түрлі талап көрсетілген. Өз басым ережедегі өтініш берушінің жұмыс өтіліне қатысты 4-1 және 5-1 тармаққа толық келісемін, сондықтан келесіге өтейін.

  • 4-2 тармақта қауымдастырылған профессорлық (доцент) алу үшін 5 (БҒСБК) мақала + 2 (WoS, Scopus) мақала керек.
  • 5-2 тармақ. Профессорлық алу үшін – 10 (БҒСБК) мақала + 5 (WoS, Scopus) мақала жариялау керек.
  • 4-3 тармақ. Қауым. профессорлық (доцент) алу үшін 1 PhD дайындау (орнына балама ретінде 5 ұсыныс бар).
  • 5-3 тармақ. Профессорлық алу үшін 4 PhD дайындау (орнына балама ретінде 5 ұсыныс бар).

Оқи отырыңыз: Жоғары оқу орындарына реформа емес, контекстпен жұмыс істеу қажет

Енді осының әрбіріне жеке көзқарасымды жазайын.

4-2 және 5-2. Бұрын қауымдастырылған профессорлық үшін уәкілетті орган ұсынған журналда он мақала жариялау керек болса, бүгінде бесеуі жеткілікті делінген (профессорлық үшін бұрын 20 мақала болса, бүгінде 10 мақала). Осы тұста, ол журналдарға мақала жолдаушылардың саны азайып, басылымның беделі түсіп кетпесе екен деген алаңдаушылық бар. Мүмкін ондағы журналдар жылына 4 рет басылып, әр санына 50-60 емес, сапалы 10-15 мақала жарияласа алаңдаушылық болмайды деп ойлаймын. Онда санды толтыруға емес, сапаны арттыруға жасалған қадам деп түсінуге болады. Плагиаттың да алдын алар едік. Қысқасы, бұл талапқа келісемін.

Келесі Clarivate Analytics немесе Scopus базасындағы журналда мақала жариялау мәселесі. Ереженің жаңа жобасында ғылымның басқа саласы үшін бұл талапты біраз күшейтуді ұсынған екен. Ал әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар үшін бұрынғы талап сақталған. Яғни қауымдастырылған профессорлық алу үшін 2, профессорлық алу үшін 5 мақала жариялау міндетті. Бұған дейін "Скопустың не керегі бар? Шетелді байытып жатырмыз" деген пікір айтылып жүргенін білемін. Бірақ, тегін журналға шығарып жатқан қазақ ғалымдары да жетерлік. Бұл ретте "қазақ ғылымын өлшеудің жолы – скопус" дегеннен де аулақпын. Алайда, бұдан бас тарта алмайтынымыз тағы бар. Қысқасы, бұрынғы ережеде мақұлданған талап болғасын, мұны қолдаймын.

Осы тұста, мұндағы Scopus базасындағы журналдардың CiteScore (СайтСкор) көрсеткіші кемінде 50 емес, 35 болса деген ұсыныс айтқым келеді. Өйткені аталмыш ғылыми бағытта адал жұмыс атқарып келе жатқан ретингісі жоғары журналдар аз. Жоғарысына қазақ ғалымдарының бәрінің бірдей қолы жете бермейді. Ал миссиясын ашық айтпаса да, коммерциялық бағытты ұстанған, болашақ "жыртқыш журналдар" қатарына кіріп кетуі мүмкін журналдар жетерлік. Көпшілігі соған "алданып" жатады.

Оқи отырыңыз: Бекітілген терминдер неге қолданылмайды?

Осы Clarivate Analytics немесе Scopus базасындағы журналда жарияланатын мақала үшін 4 түрлі талап енгізуді ұсыныпты.

  • Біріншісі – жарияланған ғылыми еңбек тиісті базаларда "Article" (мақала) түрінде болуы керек. Өз басым мұны қолдаймын, талап орынды.
  • Екіншісі – мақала тақырыбы мен журнал бағытының сай болуы және ол журналдың ағымдағы нөміріне жариялануы керек деген. Бұл да орынды талап, қолдаймын. Әйтпесе, қазақ әдебиеті туралы мақаланың генетика, математика саласындағы журналға немесе қазақ өнері туралы мақаланың геология саласындағы журналға жарияланғанын көріп жүрміз. Бұл зерттеушінің журналмен тікелей өзі байланыспай, делдалға ақша төлеп шығарғанының салдары болса керек. Ондай кезде мақалалар журналдың ағымдағы нөмірі емес, олардың қосымша санында жарияланып жатады. Соның кесірінен ондай журналдар базадан шығып қалады.
  • Үшінші талап осыдан келіп шығады. Яғни, "ғылыми атақ алуға ұсыныс түскен кезде көрсетілген базаларда индексациясы тоқтатылған журналдардағы мақалалар есептелінбейді" деп енгізуді ұсынған. Мұны әр автор делдалға жүгінбей, өз бетінше жарияласын дегені немесе делдалға жүгінбей, өз бетінше жариялаған зерттеушіні бағалау деп түсіндім. Себебі, осы екі түрлі автордың айырмашылығы білінбей жүр еді.
  • Төртіншісі – көп авторлы мақаланың бірінші авторына басымдық берген. Бұған қатысты мынадай ұсыныс айтқым келеді. Мысалы, гуманитарлық ғылымдар саласында 5000-6000 сөзден тұратын мақала жазу оңай емес. Оған ұзақ уақыт кетеді және көп күш жұмсалады. Мұндай сәтте екі автордың бірлесіп мақала жазуы тиімді. Сол себепті екі автор бірлесіп жариялаған мақалада екінші автор да тең құқылы болғаны дұрыс деп есептеймін. Ал 3-7 автор бірлесіп жариялаған мақалада бірінші авторға басымдық беру орынды болмақ.

Оқи отырыңыз: "Балаларды кітап оқуға баулу өте маңызды". Асхат Аймағамбетовтың ата-аналарға хаты

4-3 және 5-3 тармақ. Қауымдастырылған профессорлық (доцент) алу үшін 1, профессорлық алу үшін 4 PhD дайындау деген ұсыныс айтылған немесе оның орнына балама ретінде 5 жолы көрсетілген.

4-3 (5-3) пен 4-1 (5-1) тармақтар арасында логикалық қайшылық бар. Мысалы, жоғарыда PhD мен бейіні бойынша доктор үшін жұмыс өтілі талап етілмейтінін жазған. Алайда, бір PhD доктор немесе бейіні бойынша доктор дайындауға немесе гранттық жоба ұтып алып, оны бітіргенше кемінде 3-4 жыл кететіні белгілі. Демек, аталған талап "ғылым кандидаты" мен "ғылым докторына" арналғанға ұқсайды.

Осы орайда келесі сұрақтар туындайды:

  • Жыл сайын әр мамандық бойынша докторантураға қанша грант бөлінеді?
  • Философия докторы (PhD) академиялық дәрежесін алған бойда оның жетекші болуға білімі мен тәжірибесі жете ме яғни, жетектен жаңа ғана босаған зерттеушінің лезде жетегіне шәкірт алуына шамасы жете ме?
  • Жетеді дегеннің өзінде жетекшілік ету мүмкіндігі оларға беріле ме?
  • Елімізде гуманитарлық бағытта бүгінге дейін қанша PhD доктор жетекші бола алды?

Ғылым кандидаты бола тұра, неше жылдан бері жетекшілік ету бақыты бұйырмаған мамандар бар. Демек, гуманитарлық ғылымдар саласында аталған талаппен қауымдастырылған профессор немесе профессор ғылыми атағын алудың жолы қиындау секілді. Егер солай болса, ендігі мүмкіндік 5 түрлі балама жолда деген сөз. Осы орайда, балама ретінде ұсынылған нұсқаларда гуманитарлық ғылымдар бағыты бөлек қарастырылғаны дұрыс деп есептеймін.

  • Бірінші жолы: монография. Бұрын автордың өз бетінше жариялаған монографиясы, оқу құралы және әдістемелік нұсқаулығы секілді еңбектер ескерілетін. Бұл жолы ЖОО оқытушысы немесе ҒЗИ қызметкері жетекші ретінде республикалық бюджеттен гранттық жоба ұтып алуы немесе мақсатты-бағдарламалық қаржыландыру аясында жоба басқаруы керек. Соның нәтижесінде шығарған монография ғана есептеледі. Гуманитарлық ғылымдар бағыты бойынша осы нұсқада жоба жетекшісімен қатар, орындаушысына да мүмкіндік берілгені дұрыс. Сонда мәтін ішінде: "ізденуші бұл жоба орындау барысында басынан соңына дейін ғылыми жетекші немесе орындаушы болған" деп жазуды ұсынамын.
  • Екінші жолы: кітап, монография. Гуманитарлық ғылымдар саласында Ережеде аталған халықаралық баспаларда кітап немесе монография жариялай алатын ғалымдар жоқ емес. Ондай ғалым болып жатса, еңбегі зая кетпесін деп бағалау үшін мұны балама нұсқа ретінде қолдауға болады. Алайда, оған көпшілігінің қолы жетпейді. Яғни қазақша кітап пен монография жарамайды оған.
  • Үшінші жолы: жоба аясында Clarivate Analytics базасында мақала жариялау. Гуманитарлық ғылымдар бағытында жоба аясында аталмыш базаға мақала жариялай алатын ғалымдар жетерлік деп есептеймін. Ондай мамандар бағалауға лайықты. Егер жоба жетекшісі мен орындаушысы (2 автор) бірлесіп жазса, онда ол мақала екеуіне де есептелгені дұрыс. Сонда ғана бұл нұсқаны қолдар едім.
  • Төртінші жолы: шетелік ЖОО-да сабақ беру. Гуманитарлық ғылымдар саласы мамандарының бәрі болмаса да, мұны орындай алатындары бар. Олардың еңбегі зая кетпеуі керек. Балама нұсқа ретінде қолдай отырып, ережеге 1 жыл емес, 1 семестр деп жазылуын ұсынар едім.
  • Бесінші жолы: шолу жариялау. Гуманитарлық ғылымдар бағыты үшін балама ретінде қолдауға болады.

Оқи отырыңыз: Қате жазуға ұялмайсыз ба?

Жаратылыстану, техника, медицина және ауыл-шаруашылық ғылымдары саласында әлемге ортақ тақырып жетерлік. WoS және Scopus базасында да аталған бағытта журналдар көптеп кездеседі. Ортақ тақырып болған соң, бір-біріне сілтеме жасалады. Соның нәтижесінде ғалымдардың хирша индексі де, журналдың квартилі мен процентилі де жылдам көтеріледі.

Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар саласында әлемге ортақ тақырып жоқ емес, бар. Дегенмен, бір-біріне ұқсамайтын әр аймаққа, әр мәдениетке тән белгілер көп болғандықтан тақырыптар алуан болып келеді. Оның үстіне WoS және Scopus базасында аталған бағытта журналдар аз екені де жасырын емес. Сондықтан ереже қабылдарда гуманитарлық ғылым саласының ерекшелігін ескерген жөн.

Әрине, жаңа ереже отандық ғылымды дамыту және ғалымдарымыздың әлеуетін арттыру мақсатында қабылданғалы жатқаны белгілі. Сол себепті, білім мен ғылымда сапалы мамандарды қалыптастыру үшін талап қойылғаны дұрыс.

Сөз соңы: талқыланып жатқан ереже бекітілетін болса, гуманитарлық ғылымдар саласындағы зерттеушілердің 70-80 пайызы бұл атақты ала алмауы мүмкін. Ал, ала алған 20-30 пайыз ғалымға қандай басымдық беріледі? Келесі мәселе осы. Алу қиын болса, алғанмен басымдық берілмесе, ғалымдарымыздың ертеңге деген сенімі азайып кете ме деп алаңдаймын.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Поделиться:

Новости партнеров