Прямой эфир Новости спорта

Социогенограмма. Тектің адамның бүгінгі өміріне әсері туралы

Шежірені ғылымда "социогенограмма" деп атайды. Көбірек мәлімет алу үшін ғылыми социогенограммада ерлер ғана емес, әйел заты да көрсетіледі.

Өткен ата-бабаларымыздан нені мұра еттік, келер ұрпаққа не бере аламыз?

Әлемдік пандемия – Сovid-19 таралып, карантин енгізілген жағдайда кітап оқу, кино көру, онлайн курстарға қатысу сияқты түрлі бос уақытты тиімді ұйымдастырудың жолдары айтылуда. Алайда мен осы кезеңде өзінің шыққан тегіне үңіліп, өзінің жеке социогенограмма-шежіресін сызып, бүгінгі өмірінде туындаған кейбір әлеуметтік мәселелердің жауабын табуға кеңес беремін. Себебі, біз – өткен ата-бабамыздың заңды жалғасымыз, келер ұрпақты жалғастырушымыз.

Қазақ менталитетінің бір қыры болған тектіліктің мәні тереңде жатыр. Адамның бойындағы түрлі белгілер мен қасиеттердің тұқым қуалауын тегіне қарап анықтауға болатынын генетика ғылымы ХХ ғасырда ғана байқады. Осы тұста, медицинамен қатар гуманитарлық ғылымдар да тектің әлеуетін пайдалануды көздеді. Әсіресе, психотерапия ғалымдары адамның ата тегін зерттеу арқылы отбасылық қатынастарда туындайтын мәселелерді анықтауға көшті.

Оқи отырыңыз: "Онлайннан – офлайнға". Желі қолданушыларын біріктіретін шаралар қажет

Қазақта текті сипаттаудың негізгі құралы болған шежірені ғылымда "социогенограмма" дейді. Қазақтың шежіресіндегідей социогенограммада да кемінде жеті атаға дейін туған-туыстар көрсетіледі. Тіпті, оны сызудың, қандай ақпараттар көрсетілуі керектігін ғалымдар ғылыми тұрғыда жасап, шартты белгілеріне дейін анықтап қойған.

Қазақтың танымындағы ата-баба – түп тұқиян, баба – арғы ата, үрім бұтақ – бір атадан өрбіген ұрпақ, әулет – бір атаға жататын зәузат, туысқан туыстығы екі-үш атадан қосылатын адамдар, туыс-бауыр бірге туған қандас – осының барлығы социогенограммада қамтылуы тиіс. Негізінен, біздің шежіреміз классикалық үлгідегі текті көрсету. Алайда, көбірек мәліметтер алу үшін ғылыми социогенограммада әйел заты да көрсетіледі.

Осылайша, бүгінде әлеуметтік психология мен клиникалық әлеуметтану ғылымында адамның шыққан тегін сызғызу арқылы, оның бүгінгі өміріндегі әлеуметтік мәселелеріне жауап айтады. Адамның сол текті жалғаушысы немесе белгілердің тасымалдаушысы ретінде келер ұрпаққа не беретінін, не беруге болатынын да талдауға болады. Тіпті, ажырасу, ішімдікке салыну, психологиялық бедеулік, ер азаматтың отбасын тастап кету жағдайлары және тағы да басқа әлеуметтік мәселелердің тек арқылы берілетінін ғалымдар байқаған.

Оқи отырыңыз: Қаржы пирамидасының белгілері қандай және оған қалай алданбауға болады?

Ресейде тектану ғылымымен айналысатын (родология) ғалымдардың айтуы бойынша, тіпті психологиялық-физиологиялық ерекшеліктер, әдет-қылықтар, дүниетаным мен ойлау жүйесі тұқым қуалау арқылы беріледі.

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін америкалық ғалымдар нацистік өлім лагерінде жұмыс істегендердің әлеуметтік тегін анықтауға кірісіпті. Жарты жылдай жүргізілген сараптамалық жұмыс нәтижесінде, мынадай жағдайды анықтаған. Адам жанын түршіктірер, айуандық жазалау жұмыстары мен бопсалаудың түрлерін жасап, қолын қанға бояғандардың ішінде бірде бір неміс ақсүйегі жоқ екен. Шетінен жұмысшылар мен қасапшылардың, бақалшылардың балалары немесе тегі белгісіз жандар болып шыққан. Қазақтың "қанына тартпай қоймайды", "тегі жібермеді" деген сөздерінің босқа айтылмағанын көреміз. Осылайша, адам түр-түсін, кескін-келбет, тегін, ата-анасын, ортасын таңдай алмайды. Әлеуметтану ғылымында бұл "әлеуметтік старт" ұғымымен сипатталады.

Оқи отырыңыз: Жалғыздық синдромы туралы

Қазақта "қандағы қасірет" деген ұғым бар. Француз ғалымы отбасылық психотерапевт, психодрамма маманы Анна Шутценберг "Ата-баба синдромы" кітабында белгілі бір жаста әке-шеше, ата-бабаның бойында, өмірінде болған әлеуметтік күйзелістер мен оқиғалар, дәл сол жас шамасында ұрпақ бойында қайталанатынын, өзінің көптеген зерттеулерінен байқағанын жазады. Мысалы, ата-бабасы репрессияға кеткен ұрпақтардың бойында, белгілі бір жасқа келгенде отбасыдан ажырауға бейімділік пайда болады екен. Кезінде ақын Артуюр Рэмбо осы генмен берілетін отбасылық мәселелермен зардап шеккен көрінеді. Ол 6 жасқа толған кезінде әкесі отбасын тастап кетеді. Одан 100 жыл кейін шегінетін болсақ, бабасы да әкесін осы жасқа толғанда қалдырып кеткен екен.

Осылайша, бұл әулетте ер азаматтардың сызығында әкелердің отбасын тастап кетуі немесе қайтыс болып бақилыққа аттануы отбасылық "дәстүрге" айналыпты. Артюур Рэмбо да анасын, үйін тастап аз өмірін қашқындықпен өткізгенін білеміз. Ал, Эрнест Хэмингуейдің өзіне қол жұмсауының астарында "тек ауруы" бар көрінеді. Себебі, жазушының әкесі де кезінде өзін өзі өлтірген. Бұл қандағы қасірет мұнымен тоқтамай, Хэмингуейдің інісі Лестер, немересі Маргоның да суицид жасауымен жалғасады.

Оқи отырыңыз: Қоғамдағы жасандылық пен демонстративтілік туралы

Сонымен, адамның өз тегін егжей-тегжей білуі не үшін керек? Ғалымдардың пайымдауынша, адам егер де өзінің тегіне талдау жасап, ненің дұрыс, не бұрыс бағытта келе жатқандығын ескеретін болса және қарсы әрекет етіп, ең бірінші психологиялық тұрғыда дайындық жасаса, қанмен келетін мұндай "кеселдерге" қарсы тұруға әбден болады. Текпен келетін түрлі белгілердің адам түпкі мәнін түсінбей, кінәні тек өзінен іздеуі мүмкін. Алайда, оның тектен келе жатқанын білсе, онымен күресіп, тойтарыс беруге болады. Осылайша, белгілі бір теріс белгілерді адам ұрпақтан ұрпаққа тасымалдаушы болмай, қайта онымен күресуге бел байлағаны дұрыс. Сонымен қатар, әрбір адам жауапкершілікті сезіне отырып, өзінің келер ұрпағына қандай жағымды-жағымсыз қасиеттерді қалдыруы мүмкін екенін де ойлағаны абзал.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Поделиться:

Новости партнеров