Прямой эфир Новости спорта

Ұйқысы ұрланған ұрпақ

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Балалықтың бал дәуренін таксиде өткізген бала, тіршілік шіркіннен түңіліп кетпес па екен?! Ойланатын жайт.

Межелі жеріме тездете жетпекке такси тоқтаттым. Жаныма кеп тоқтай қалған такси жүргізушісі – уыздай жас жігіт екен. Маған дейін мінген жолаушыны апарып тастауға келісімімді сұрады. Сәл ғана қиғаштығы болмаса, жолымыз бір. Келістім. Қарасам, алдыңғы орындықта екі жастар шамасындағы баланы ұстаған жігіт отыр екен. Таксидің арт жағына жайғасып жатып, алда отырған жігітке жас баламен алда отырудың қауіпті екенін айтып үлгердім. Естігенім, "Менің балам емес?!" болды. Іштей таңданумен шектелдім. "Кісі баласын ұрлап бара жатқан біреу болмасын?!" деген арам ой да жылт етіп үлгерді.

Сөйткенше болған жоқ, әлігі алда отырған жігіт межелі жеріне жетті. Таксист маған бұрылып: "Апа, желке тұсыңыздағы жастықты алып жіберіңізші?" деп өтінді. Машинаның арт жағына кішірек жастық тықпаланған екен. Әпердім. Таксист, менің қасымдағы бос орынға жастықты қойып, әлігі бүлдіршінді жастыққа жатқыза бастады.

"Балаңды қайда тастап барасың?" деп, түсіп жатқан жігітке дауыстағаныма таксист бала; "Апа, бұл – менің балам..." дейд?! Сөйтсем, баласын тастайтын жер болмаған соң, өзімен бірге осылай тасып жүреді екен. Әкесінің көлігінде күні өтерін білгендей, титтей бүлдіршін жастыққа басы тиісімен пысылдап ұйқыға кірісті. Бәр жағдайын жасағанда әрең ұйықтайтын немерелеріммен ойша салыстырып, "Балаң ұйықтай қояды екен ә?" деп, таңданғанымды жасырмадым.

"Апа, менің балам үш сағаттап ұйықтайды. Әбден үйренген. Күні бойы машинамда, тырс етіп жыламай жүре береді". Жас әкенің еш қынжылыссыз айтқан сөздеріне күлерімді, не жыларымды білмедім. Сөйтсем, келіншегі –мектепте мұғалім екен. Таңмен кетіп, кештете сілесу қата жетеді. Келе, тамақ пісіру, кір жуу секілді үй тіршілігіне күмп етеді. Балаға қарайтын адам жоқ. Үкіметтің балабақшасына туылған кезде кезекке тұрыпты. Өкінішке қарай, кезегі "бала 4-5 жасқа жеткенде келетін түрі бар" дейді.

Жеке балабақшаға бермек ниеті тасқа шағылыпты. Біріншіден – бағасы у-дай. Екіншіден, үкіметтікімен салыстырғанда бала ойнауға қажетті шаршы метрі мен тәлімге үйретуі ойдағыдай болмай шығыпты. Әке-шешесі Қарағанды қаласындағы базарда Сарыағаштан өрік-мейіз сатады екен. Келіншегінің ата-анасы да күндіз жұмыста. Қолдары босамайды. Үкімет жұмысынан қолы бос өзі ғана болғандықтан, күні бойы баласын машинасына мінгізіп алады. "Тамағы тоқ болса, пысылдап ұйықтап жата береді" деп күліп қояды. "Балаң ұйықтайтын жер қалмастай адамдар лықып мінсе ше?" десем, – "Апа, адамдардың бәрі пірінен безген емес қой. Өтінсем, түсінеді. Алдарына алып отырады" – деді.

Бір қарағанға: "Онда тұрған не бар?! Туды екен, әркім үкіметке қол жаймай, баласын өзі жетілдірсін?!" деуіміз заңды. Бір бұл жігіт емес, қаншама жас ата-аналар бала өсіруде әрқайсы тығырықтан өзінше жол тауып жүр. Сонда деймін-ау, ана бүлдіршіннің күйі не болмақ?

Біріншіден – өз қатарымен ойнауға, бірге есеюіне, жан-жақты дамуына мүмкіндік жоқ.

Екіншіден – көргені таксиге мінген ересектер. Таксиге әр-түрлі адамдар мінеді. Бірінің исі, бірінің сөзі жағымсыз демекші... Құйтақандай бүлдіршін соның бәрін жүргінші тізесінде отырып, басынан кешуге мәжбүр. Балалық бал даурені көлік үстінде өтіп жатқан кішкентай адамның көрген теперіші жаныма батты. Қолымнан келер шара жоқ. Ата мен әжелердің немереге қарауға мұршалары болмай, күнкөріс үшін жұмысқа жегіліп, сүйретіліп жүр.

Экономист емеспін. Бірақ, білімің болған соң оқығаныңа мән бересің. Шетелде қоғамдағы өмір сүру төрт дәрежеден тұрады екен. Төменгіде – өте кедейлер. Одан жоғарылауында – орта деңгейде мүмкіндігі барлар (біздіңше әжептеуір байлар), үшінші деңгейде – байлар, төртінші деңгейде – өте байлар. Өте байлар мен байлар – өте кедейлерге қамқорлық акциясын үнемі жасайтындықтан, өте кедейлердің балалары жібі түзу мектепте білім алуға, балабақшаға баруға мүмкіндік туады-мыс.

Бүгінде кісіден жасырғаныңды әлеуметтік желі дегенің әлемге жариялап салатыны кейде көзіңді ашады. Мәселен шетелдік алпауыттар, кино-эстрада жұлдыздары өте кедейлерге қайырымдылық жасап, үзілген үмітін жалғап жатады. Қайырымдылық қорының пәрменімен жабдығы жасақталған мектеп, жоғары оқу ғимараты, балабақша, қараусыз қалған қарттарға баспана салып, жетімдерін жарылқап жатқанын әлеуметтік желіден көргенде, кәдімгідей тамсанып қаласың. Тіптен "мүмкін емес ертегідей" көрінетінін жасырмаймын. Өз маңдай терісімен тапқан қаржысынан өзгеге бөліп берудің сауабын айтсаңшы.

Бізде қоғам – өте кедейлер, байлар және өте байлар боп үшке бөлінеді. Арада "орта деңгей"-дің жоқ,бұл өте кедейлердің басымдығына жетелейді екен. Өте байлардың кедей көрсе ыршып түсіп, жанына жолауға айдаладан жиіркене қашатынын, байлығын үкіметке сенбей, тек Швейцария банкінде сақтайтынын ескерсек, "Өлдің Мамай, қор болдың"-ның кебін киген қоғамды көресің. Әлбетте, кісі қалтасын саралау ойымда жоқ. Әркім қолынан келгенінше мал табады ғой. Қай тараптан болса да бүлдіршіндердің қайырымдылықтан қағылып жатқанын айтқым келеді.

Жақында, Мәскеу священнигі Дмитрий Смировновқа тікелей эфирде; "ХХІ-ші ғасыр – мұсылмандар ғасыры дегенге не айтасыз?" – деген сұрақ қойды. Д.Смирнов; "Иә, ол – шындық. Себебі, христиан, католик, православ дініндегі әйелдер бір баладан артық туғысы келмейді. Мұсылман отбасында кем дегенде үш не, бес-алтыдан бала бар. Сонда, бала саны жағынан көп туатын мұсылмандардың әлемді жайламағанда несі қалды? Болашақта еуропа нәсілді халық, еш бомба жарылмай-ақ өздігінен жер бетінен жойылады" деп жауап берді. Мұсылман отбасында кемі үш баладан туылатыны рас қой?!

Ал енді бала туу жағына келсек, елімізде әрбір төртінші сәби біздің Оңтүстікте туылады. Әсіресе, үшем дегеніңіз негізінен Оңтүстікте кездеседі. Биылғы жылдың өзінде 8 айдың ішінде 521 егіз бен 4 үшем дүниеге келген. Өткен жылы 53 мың 51 сәби дүниеге келсе, үстіміздегі жылы 52 мың 636 бала туылыпты. Әлі жыл өз межесіне жетпегенін ескерсек, құдай қаласа әлі қаншама сәби дүниеге келері хақ. Өзге өңірде біздерді "Не шықса да Оңтүстіктен шығады" деп, көбіне жағымсыз жайттарға теліп те жатады. Халқы тығыз болғандықтан "бес саусақ – бірдей еместігін" жасамаса бола ма?! Шынымды айтсам, Оңтүстіктің әйелдері бала туу жағынан елімізде бірінші орында тұрғанын мақтан тұтам.

Балабақша жоқ деп қалмаңыздар. Биылдың өзінде Шымкент қаласында 43 жекеменшік балабақша ашылды. Қуанарлық жайт. Бірақ, төлемақысы жас ата-аналардың қалтасына салмақ салатыны болмаса. Бірдестен балабақша ашқан тарапты да кінәлай алмайсың. Күннен-айға өңештен өтетін тамақ біткеннің қымбаттап жатқаны баршаға аян. Діттеп келгенде "Таяқтың екі ұшының" қайсын басарын білмей сенделген бір адам.

Таксист жігіт пәтер жалдап тұрады екен. Бір жылда бес пәтер ауыстырыпты. Өзі көңілді, оңайлықпен ештеңеге мойымайтынын көріп, іштей қуанып қалдым. Жастық жігері жалындап-ақ тұр. Ешкімге жалынбастан күнін көріп жүр. Жол-жөнекей көңілді әңгімелесіп келеміз. Келіншегі үй шаруасын бітірісімен қағаздың арасында көміліп, түн ортасы ауғанша арпалысатынын айтып үлгерді. Күнделікті әлеуметтік желіде шаңын қағып, ойбайлап жатқан тақырып алдымнан тағы шықты. Кейде әйелі мұғалім еркектерді аяймын. Жарына жаны ашығаны әйелдің жарты жұмысын өздері арқалауға мәжбүр. Әрине, бір шаңырақта тұрған соң "сенікі, менікі" деспей, жұмыла көтергенге не жетсін?! Әйтсе де ананың аялы алақанынан қағылған сәбидің мінезі қалай қалыптаспақ. Міне батпанқұйрық қайда жатыр?!

"Үйі жоқтың – күйі жоқ" демекші, баспанасы жоқтың – бақыты орта. Мейлінше жарқырауға іштегі бұрыштан-бұрышқа көшкен күндері кедергі. Пәтер – қазақ үшін ең жанды мәселе екенін айтпасам да білесіздер. Шымкент қаласы мегополиске айналғалы пәтерақының қымбаттағанын осы жігіттен естідім. Өзің пәтер жалдамаған соң, ондай қиындыққа көбіне мән бермей жатамыз ғой. Айтуынша, әйелі екеуінің тапқаны пәтерақы мен күнделікті тіршілігіне әрең жетеді. Пәтерін жалға берушілер де қуланып алды. Пәтерін сылатып-сипатып алған соң, араға екі-үш ай салып "босатуын" талап етіп шыға келеді екен.

Жалдаушы мен жалға берушінің арасындағы келісімге ауылдан келген аңқау жастар көбіне мән бермейтіндіктен, тісқаққан пәтер иелерінің қақпанына түсіп қалып жатады. Қасымда жатқан бүлдіршінге қарап, аяныштан жүрегім сығылды. Ойын баласының өмірі әкесінің көлігінің артқы жағында өтіп жатыр.Ата-анасы солай қылуға мәжбүр. Баяғыда капиталист елдерде кездесетін осындай жайттарды кинолардан көргенде жағамызды ұстаушы едік. Енді міне, өз көзіммен көріп келем. Күздің салқын ауасынан бүрісіп жатқан баланың үстін жабайын десем, жеңіл жамылғысын әкесі үйінде ұмытып кетіпті.

Арқа жақтағы себетін ақтарсам, балаға жаба қоярдай ештеңе таппадым. Көзім, әкесі отырған орындықтың арқасына ілінген жейдешеге түсті. Жұқалау жейде екен. Үйінен алып шыққанда әлі кеуіп үлгермеген соң әкесі өстіп, өз орындығының арқасына іліп қойған екен. Күн көзіне кептіргендей құрғақ болмаса да, дымқылы білінбеді. Баланың үстіне жаптым.

Баласын аяғаннан жекеменшік балабақшаға өткізбек болған ниетін, төлемақы қинағанын айтып келеді. "Көңілдегі көркем ойды – базардағы нарық бұзды"-ның кебін киген жастарға жаның ашиды. "Балалы үй – базар" демекші, шаңырақ көтерген соң ұрпақсыз қалғысы келмей қиналатыны тағы бар.

Осыдан кеп "Мемлекеттік балабақша неге жеткіліксіз?" деген қолақпандай сұрақ туындайды. Әрине, баяғыда аналарымыз бір етек баланы ешбір балабақшасыз өсіріп, жетілдірді. Арасында балабақшаның не екенін білмеген өзім де бармын. Бірақ, ол кезең мен бүгінгі кезеңнің талабы сай емес қой?!

Таксиден түсіп бара жатып сәбиге қарадым. Жұқа жейденің өзінен жылу алғандай аяқтарын баурына ала бүрісіп, пысылдап ұйықтап жатыр. Ұйқың бұзылмасын, балапан!..

Поделиться:

  Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

  Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Новости партнеров