Сенаторлар "ҚазАгро" холдингін сынға алды
Сенат депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Н.Қылышбаевтың айтуынша, компания екі жылдан бері шығынға батқанына қарамастан, басшыларына сыйақы беруін тоқтатар емес. 2017 жылы осы мақсатта 2 млрд теңге жұмсалған.
Комитет төрағасы О.Перепечина "ҚазАгро" мен Ауыл шаруашылығы министрлігінен бұл мәселеге қатысты үш рет сұрау салынса да, олардың жақ ашпай отырғанына қынжылды. Осыдан кейін Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Р.Құрманов сұраққа ресми түрде жауап берілетінін айтып құтылды. Бұл ретте Қаржы вице-министрі Б.Шолпанқұлов холдингке тексеріс жүргізу ниеттері барынан хабар берді.
Салық төлеушілерге 2 млрд теңге өсімпұл кешірілді
Салық қызметі борышкерлердің 99 млн теңге айыппұлына да амнистия жасады. Мемлекеттік кірістер комитеті Ж.Іңкәрбаевтың айтуынша,Қазақстандағы 37 мыңнан астам салық төлеушіге мұндай жеңілдік 7,5 млрд теңге салық сомасын төлеуінің арқасында жасалған.
Қаржы министрлігі өкілі салықтық амнистияға қатысу үшін ешқайда жүгінудің қажеттігі жоқтығын еске салды. "Салық төлеуші өз берешегін белгіленген күнге дейін, яғни 1 қазанға дейін төлеген жағдайда оның үстіндегі өсімпұл мен айыппұл автоматты түрде алынып тасталады" деп мәлімдеді Ж.Іңкәрбаев.
Жыл сайын автобус апатынан елімізде 50 адам көз жұмады
700 адам жарақаттанады. 500-ге жуық жол-көлік апаты автобус жүргізушілерінің кесірінен болады. ҚР ішкі істер министрі осындай жан түршігердік статистикалық деректерді жариялады.
Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы М.Байболовтың айтуынша, апаттың көбеюіне жүргізушілердің жауапкершіліктен жұрдайлығы себеп. Апаттың алдын алу жұмыстарының жүргізілмеуі, жолаушылар көлігін жолға шығаруға жауапты лауазымды тұлғалар тарапынан бақылаудың жоқтығы тағы бар. Жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Министрлік Жол картасы жобасын жасап жатыр. Елді мекендерде қоғамдық көліктердің қозғалыс жылдамдығын сағатына 50 км-ге дейін (60 км болған), қала сыртындағы тас жолда 80 км-ге (90 км болған) төмендету қарастырылып отыр.
Қарызымды кешір дегендердің бәрі қол қусырып қалғандар емес
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Абаев ипотекасын кешіруді талап еткен қазақстандықтарға қатысты пікір білдірді. Министрдің айтуынша, елімізде 25 мың ипотекалық қарызды мемлекет есебінен төлеу туралы мәселе қаралған. Олар бойынша берешектердің жалпы көлемі 140 млрд теңгені құраған. Азаматтардың 48 млрд теңге ипотекалық қарыздары кешірілген.
- Бұл мұқтаждарға көрсетіліп отырған зор қолдау. Алайда ипотекалық қарызды толықтай төлеп беру дегенді теріс тәжірибе деп есептеймін. Ол көпшілік ойлағандай мемлекетке емес, салық төлеушілерге жүк болады, – дейді министр. Бұл ретте ол Алматының элиталы аудандарындағы төрт бөлмелі пәтерлері мен зәулім коттеджерінің қарызын төлеп беруді талап етушілер де бар екенін атап өтті.
373 теңге үшін сотқа сабылтқан
Түрксіб аудандық соты "Ұсақ ұрлық" қылмыстық бабымен айыпталған Алматылықты ақтап алды. Судья айыпталушының әрекетінде пайдакүнемдік мақсатпен жасалған ұрлық жоқ деген шешім шығарды.
Келтірілген деректерге сүйенсек, ол пошта бөлімшесінде жұмыс істеп жүріп, бұрынғы әйеліне келген (ішінде 373 теңге тұратын шашқа арналған резеңке бар) тапсырысты алып кеткен. Операторға тапсырыс иесінің күйеуі екенін айтып, неке туралы куәлігінің көшірмесі мен жеке куәлігін көрсеткен.
-Резеңкені пайдаланған да, басқа адамға берген де жоқ. Жәбірленушіге беремін деп өзінде сақтаған, – деді судья.
Осы әрекеті үшін қылмыстық іс қозғап, сотқа дейін сабылтқан органнан зиянды өтетіп алу құқының бары ақталған азаматқа түсіндірілді. Сот үкіммен бірге заң бұзуға жол бергені үшін қаланың прокуроры мен полиция департаментінің басшысына қаулы жариялады.
Назарбаев: Қазақстаннан ешқайда кеткім келмейді
– Демалысқа да. Өйткені,бізде қазір бәрі бар. Қазақстандықтардың көбі теңізге барады. Бізде де Каспий теңізі бар, төрт-бес жұлдызды қонақ үйлер басқалардікінен кем түспейді. Алакөл, Бурабай, тау-шаңғы курорттары бар. Сол үшін біз Қазақстанның туристік әлеуетін арттыруымыз керек. Сонда бізге бәрі келетін болады! Назарбаев университетінің түлектерін құттықтау кезінде Елбасы Н.Назарбаев осылай деді. Тұңғыш Президент бітірушілерге сәттілік тілей отырып, алдағы сайлауда барлық азаматтарды дауыс беруге белсенді түрде қатысуға шақырды.
Kase: 1 доллар = 382,56 теңге
Қазақстан қор биржасының жұма күнгі сауда сессиясының қорытындысы осындай. Бір тәулік ішінде АҚШ валютасы 1,19 теңгеге, бір аптада 3 теңгеге қымбаттады. Ұлттық Банк төрағасы Е.Досаев өткен аптада ғана елдің валюта саясатын тұрақты деп мәлімдеген болатын.
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Inform.kz: Жаздың алғашқы күндері бұршақ жауып, екпінді жел тұрады. Осыған байланысты 1-3 маусым күндері барлық аймақта ауа температурасы аздап төмендеп, орташа көпжылдық мәнге жақындайды. Бірақ батыс облыстарда жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Температура климаттық нормадан 3...6°С жоғары болады.
Baq.kz: 1 шілдеден бастап пойыз билеттері жаңа автоматтандырылған жүйе арқылы сатылады. Жүйе жолаушылардың қайтарған билеттерін белгіленген уақыт аралығында ғана сатылымға шығарады. Яғни, алып-сатарларға жемқорлықпен айналысуға бөгет болады. Ұлттық тасымалдаушы компания жаңа жүйенің билет құнына әсер етпейтінін ескертті. Азаматтардан билетсіз жолаушы не болмаса заңсыз рәсімделген жүк тасымалын фотоға түсіріп, "Жолаушылар тасымалы" АҚ-ның Бас директорының блогына (http://www.temirzholy.kz/blog-predsedatelya-pravleniya/) жазып жіберуді сұрап отыр.