Тікелей эфир

Жолда scooter-мен жүретіндер көбейді. Енді оларға талап та күшейеді

Фото gidgood.ru сайтынан алынды
Фото gidgood.ru сайтынан алынды
Екі доңғалақты қозғалыс құралын қолданудың ережелері нақтыланбаған. Бекітілген тәртіп бар, бірақ оны көпшілік ескермейді. Салдары апатқа әкеп соғып жатыр.

Жарақат алу көбейді

2019 жылдың шілдесінде Алматыда жол жиегінде таксиден шыққан қызды электр қуатымен жүретін electroscooter-мен келе жатқан жігіт қағып кеткен. 19 жасар қыз ауруханаға бастың жабық жарасымен түсті.

Көп ұзамай тағы да Алматыда electroscooter мен автобус жүргізушілері шекісті. Қос тарап та жарақат алды. Қылмыстық іс қозғалды.

Тәртіп сақшылары соңғы кезде Алматыда scooter-шілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары күрт өскенін айтады. Мәселен, 2018 жылы осындай екі жол-көлік оқиғасы ғана тіркелсе, 2019 жылдың алты айында – 11.

Electroscooter тебушілерге қатысты нақты ереже жоқ

Қолданыстағы заңда олар мопедке (жеңіл мотоцикл) теңестірілген. Бірақ жұртшылық electroscooter-ге байланысты талаптардың бөлек қаралғанын талап етіп жатыр.

ІІМ оны қолдануға үзілді-кесілді тыйым сала алмайтыны анық. Бірақ қолданысқа қатысты талаптар қаралады деп отыр. Әсіресе қоғамдық пікір ерекше ескерілмек. Өйткені scooter мәселесі біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде, дамыған мегаполистердің де бас ауруына айналып отыр.

Халықаралық тәжірибені ескереді

Жуырда Францияда осы құрылғының қатысуымен болған жол апаты адам өлімімен аяқталды. Сондықтан отандық мамандар халықаралық тәжірибені жіті ескеріп және Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен ақылдаса отырып нақты шараларды қолға алмақ.

– Қазіргі жол жүру ережесінде electroscooter мопедке теңестірілген. Сондықтан, оларға велосипед жолақтарымен және жолдың оң жақ жиегімен жүруге болады. Ал қараңғы уақытта шамдарын жағулары керек, – дейді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Кеңесбаев.

Ережелер нақтыланады

– Бірақ соңғы кезде орын алған жағдайлар осы ережелерді нақтылау керектігін байқатып отыр. Өйткені мәселенің бәрі scooter жүргізушілерінің қозғалысын реттеу мен бақылауда болып отыр,––дейді Әлібек Кеңесбаев.

Айтуынша, electroscooter тебу үшін арнайы құжат қажет емес. Яғни иесінің арнайы дәріс алуы талап етілмейді. Бұған қоса қозғалыс құралының техникалық жағдайына байланысты да сұрақ көп. Scooter – жаңа, заманауи қозғалыс құралы. Сондықтан оған қатысты талап-ережелер де белгілі бір уақыт өте және біраз тәжірибенің арқасында қалыптасады.

Жол ережесін білу керек

Веложолақта, жаяу жүргіншіге арналған жолда, қоғамдық көлікке арналған жолақ, саябақта да scooter-мен зымырап жүргендер көп. Тіпті кейде, бойы scooter-ден асар-аспас балалардың да оны жүргізетінін байқаймыз. Бірақ олар әлі ІІМ көзіне түспесе керек. Өйткені:

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы Қаулысымен бекітілген "Жол жүрісі қағидаттарының" 24-бөлігі 1-тармағына сәйкес он алты жасқа толған азаматтарға ғана electroscooter жүргізу құқығы беріледі.

– Әзірге, 16 жасқа толмаған баланың қатысуымен жол-көлік оқиғасы не басқа жағдай тіркелген жоқ. Анықтасақ, баланың ата-анасына шара қолданылады, – деді ҚР ІІМ аға полиция инспекторы Ақтоты Боранова.

Бірақ... 16 жасқа жетпегендерге арналған electroscooter бар, ал заң жоқ

Нарықтағы electroscooter-лерді зерттесек, балалар мен жеткіншектерге арналған модельдері бар екенін аңғаруға болады. Мәселен, балаларға арналған сағатына 12 шақырымды бағындыратын мынадай scooter сатылымда тұр.


Балалар electroscooter–інің сипаттамасы

Балалар electroscooter-інің сипаттамасы / Скриншот scooter сататын сайттан жасалды


Қуаттылығы жағынан саралайтын болсақ, сағатына 70 шақырымды еңсеретін electroscooter көп. Бұл да заңдағы мопедтің анықтамасына сәйкес емес.


Сағатына 70 шақырым жылдамдықпен жүретін electroscooter

Сағатына 70 шақырым жылдамдықпен жүретін electroscooter / Скриншот scooter сататын сайттан жасалды


Ережені сақтамаса, 40 мың теңгеге дейін айыппұл төлейді

Яғни, мопед жүргізушілеріне қатысты талаптар мен ережелердің барлығы electroscooter тізгіндегендерге де қатысты. Олардың жаяу жүргіншілерге арналған жолдармен, жол шетімен және тротуармен қозғалуына тыйым салынған. Бұл ережені елемегендер 15 айлық есептік көрсеткіш (2019 жылы 1 АЕК – 2525 теңге ) көлемінде айыппұл арқалайды.

Жаяу жүргіншілер және өзге де (велосипед, мопед және оларға теңестірілген көлік құралдары) жүргізушілер жол жүру ережесін бұзса 2 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді.

Егер жол жүру қағидасын бұзушы жәбiрленушiнiң денсаулығына қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi жоқ зиян не материалдық залал келтiрсе, 10 АЕК айыппұл салынады.

Есіңізде болсын!

Жолға шығар кезде ашық түсті киім таңдап, жарыққа шағылысатын кеудеше киген дұрыс. Сонымен қатар қарапайым велосипед шлемін ұмыт қалдырмай, көрініске кедергі келтіретін ештеңе тақпау керек.

Сондай-ақ, electroscooter жүргізгенде:

  • Рульді кемінде бір қолмен ұстамай жүруге;
  • Жолаушыларды тасымалдауға;
  • Ұзындығы немесе ені бойынша габариттен елу сантиметрден артық болатын жүкті немесе басқаруға кедергі келтіретін жүкті тасымалдауға;
  • Велосипед жолы болған кезде көше бойымен тебу;
  • Трамвай жүретін жолдарда және осы бағытта жүруге арналған біреуден астам жолағы бар жолдарда солға бұруға немесе кері бұрылуға;
  • Велосипедпен немесе мопедпен пайдалануға арналған тіркемені сүйретуден басқа, мопедтер мен велосипедтерді, сондай-ақ мопедтермен және велосипедтермен сүйретуге болмайды.

Жаяу жүргінші қатарында

Segway, gyroscooter, monowheel және басқа да ұқсас құралдарды пайдаланатын тұлға, қолданыстағы заңнамаға сәйкес жаяу жүргінші болып саналады.


Бұл құралдармен

Бұл құралдармен жүретін адам, жаяу жүргінші есебінде болады / Фото Gyrorating.ru сайтынан алынды


Заңнамаға сәйкес аталған қозғалыс құралдары көлік болып табылмайды. Осыған байланысты, жаяу жүргіншілер жол жүрісіне қатысушылардың осы санатына қатысты талаптарды білуге және сақтауға міндетті.

Тротуармен немесе жаяу жүргіншілерге арналған жолдармен, ал олар болмаған жағдайда, жол жиегімен жүруі тиіс.

Қазақстанда электрлі көлік жіктелмеген

Негізі electroscooter, scooter не басқасы болсын қандай да бір көлікке теңеу қисынсыз. Олай дейтініміз, electroscooter жүргізушілердің жолдағы қозғалысын реттеу олар үшін нақты классификациялануы керек. Ал біздің елде электрлі көлік еш жіктелмеген. Бір ғана реттегіш құрал – "Жол қозғалысы туралы" Заң. Онда былай жазылған:

Мопед – бұл моторының жұмыс көлемi 50 текше сантиметрден аспайтын екi не үш дөңгелектi немесе ең жоғары конструктивтi жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан аспайтын және электрлі қозғалтқышы бар көлiк құралы. Мопедтерге аспалы қозғалтқышы бар велосипедтер, мокиктер және осындай сипаттағы басқа көлiк құралдары жатады.

"Осындай сипаттағы басқа көлік құралдары" дегенге осы scooter-лер де жатқызылады.

Айта кетейік, мопедті басқару үшін А1 категориялы жүргізуші куәлігіңіз болу керек. Ал electroscooter мопедке теңестірілгенімен оны басқару үшін арнайы құжат талап етілмейді.

Демократ деген Американың кейбір штаттары electroscooter-ге тыйым салып жатыр

– Американың демократиялы Калифорния штатында қазақстандықтардың ойына кіріп те шықпайтын тыйымдар бар. Electroscooter мәселесінде де азаматтардың бостандығы мен құқығына қарамай, бір жақты, тез әрі қатаң шешім қабылдады, – дейді мұнда көптен тұратын бизнесмен Тимур Сейтмұратов.

– Олар 2018 жылы бірден бірнеше қалаларында (Лос Анджелес, Беверли Хиллз, Западный Голливуд, Санта Моника және Сан-Франциско және т.б.) electroscooter-ге жаяу жүргіншілерге арналған жолмен ғана емес автокөлік жолымен де жүруге қатаң тыйым салды. Американың демократ деген штаттарының билігінің пікірінше, сағатына 15 шақырымды бағындыратын scooter-лер жаяу жүргіншілерге қауіп төндіріп қана қоймай, жол-көлік оқиғаларына себепші болады, – дейді Тимур.

Мұнда scooter жалға берушілеріне сақтандыру салығын енгізді

Бизнесменнің айтуынша, electroscooter статусы мен салық төлеушінің оны қолданғанда сүйенетін реттегіш ережелері бекітілгенше, уақытша, 6 айға scooter пайдалануға тыйым салынды.

– Көшеде scooter жалға берумен айналысатын кейбір компанияларға сақтандыру салымы 20 мың доллар және одан бөлек әрбір қозғалыстағы девайс үшін 172-361 доллар төлем бекітілді.

Осылайша, 2019 жылы:

– Лос Анджелесте билік electroscooter үшін біршама шектеулер мен реттегіш ережелер енгізді. Мысалы, жүргізуші куәлігінің болуы талап етіледі және жаяу жүргіншілер жолымен жүруге тыйым салынды, басына шлем киіп, жылдамдықты шектеп жүрулері тиісті.

Қазақстанда "Америкадағыдай өмір сүргім келеді" дегенді жиі естисің. Кейбір салада қазақстандықтардың бұл тілеуі орындалып жатыр деуге болады. Американың кейбір штатында да, "Қазақстандағыдай өмір сүргісі" келетіндер бар, – деп әзілдейді бизнесмен.

Scooter Еуропада ХХ ғасырдың басында бар еді

Қазақстанда енді-енді көлік түріне айналып, жол қозғалысында проблемаға айналып жүрген scooter, Еуропада 100 жыл бұрын пайда болған көлік еді.


1917 жыл.

Еlectroscooter 1917 жыл / Фотоны итальян фотографы Алессандро Мерлетти түсірген


Серіктестер жаңалықтары