Тікелей эфир

Министр мен әкім отставкаға қандай жағдайда кетеді?

cурет shutterstock.com
cурет shutterstock.com
Мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының жауапкершілігі артты. Қарамағындағы қызметкерлер пара алса, олар қызметімен қош айтысады. Бұл қалай жүзеге асады?

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов "Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнама актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға енгізілген жаңа баптарды түсіндірді.

Олжас Бектеновтың айтуынша, тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет басшылардың қарамағындағы қызметкерлері үшін жауапкершілік заңнамалық деңгейде бекітіліп отыр.

Естеріңізде болса, 2019 жылдың 20 мамырында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың басшыларының қатысуымен өткен кездесуде Президент бағынышты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа жол бергені үшін мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының орнынан түсу институтын енгізу керектігін айтқан еді.

Оқи отырыңыз: Министрлер халыққа адал қызмет етуге ант берді

Жаңа заң бойынша, енді саяси мемлекеттік қызметшілері, атап айтқанда, министрлер мен олардың орынбасарлары, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері мен олардың орынбасарлары, аудан әкімдері егер олардың тікелей бағынышты қызметкерлері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаса, міндетті түрде отставкаға кету туралы өтініш жазуы керек.

"Заңның жаңа редакциясына сәйкес, бірінші басшы оның тікелей бағынышты тұлғасына қатысты соттың айыптау үкімі күшіне енгеннен соң, күнтізбелік 10 күн ішінде немесе ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық іс тоқтатылғаннан кейін отставкаға кетуге міндетті", – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары.

Жоғарыда аталған саяси мемлекеттік қызметшілердің тікелей қарамағындағы адамдар:

  • орталық мемлекеттік органның басшысы (министр) үшін – оның орынбасарлары, жауапты хатшы немесе аппарат басшысы, аймақтық бөлімшелердің басшылары;
  • облыс, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімі үшін – оның орынбасарлары, аппарат басшысы, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімі;
  • орталық мемлекеттік орган басшысының орынбасары (вице-министр) оның қарамағындағы бөлімше немесе тәуелсіз құрылымдық бөлімше басшысы сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде қызметінен кетеді;
  • облыс әкімінің орынбасары жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың басшыларына жауап береді;
  • аудан әкімі өзінің орынбасарларына, аппарат басшысына, жетекшілік ететін аудандық атқарушы органдардың басшыларына, ауыл, кент, ауылдық округтердің әкімдеріне жауап береді.

Осы тізімдегі лауазымды тұлғалардың жемқорлық жасағаны дәлелденсе, саяси мемлекеттік қызметшілер отставкаға кетуге өтініш жазуы керек.

Бір айта кетерлігі, "Мемлекеттік қызмет туралы" заңға сәйкес, мемлекеттік қызметшіні осы қызметке тағайындаған лауазымды тұлғаға орнынан кету туралы өтініш жіберіледі. Отставканы қабылдау немесе қабылдамау – бұл саяси қызметкерді қызметке тағайындаған адамның құзыреті.

Егер саяси емес, бірақ А және Б корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілері саналатын барлық басқа басшылардың тікелей бағынышты қызметкерлер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған жағдайда, алдыңғыларға тәртіптік жауапкершілік қарастырылған.

Оқи отырыңыз: Министрдің қабылдауына қалай кіруге болады? Нұсқаулық

Дегенмен, бұл норма квазимемлекеттік секторға қатысты емес. Қарамағындағы қызметкердің жемқорлық қылмысы үшін оның басшысы жауапкершілікке тартылмайды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы қол қойған заңда басшыларға бағынышты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауының алдын алу міндеті енгізілген. Бұл міндеттің орындалмауы немесе тиісінше орындалмауы басшының тәртіптік жауапкершілігіне әкеліп соғады.

"Сонымен қатар, заңнамаға басшылықтың ұжымдағы сыбайлас жемқорлықты болдырмау жөніндегі міндетін жүйелі түрде орындамағаны үшін жауапкершілігі енгізілді, бұл мемлекеттік органда немесе ол басқаратын құрылымда сыбайлас жемқорлық тұрғысынан жағымсыз жағдайға әкеледі. Егер тікелей бағынышты адамдар сыбайлас жемқорлық қылмыс жасамаған болса, бірақ, мысалы, талдау қорытындысы осы мемлекеттік органда немесе белгілі бір аймақтық бөлімшеде сыбайлас жемқорлық деңгейі күрт жоғарылағанын көрсетсе, тиісті басшының тәртіптік жауапкершілік мәселесі қаралатын болады", – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары