Санитарлар Алматыдағы жоғары оқу орындарын сотқа берді
Сапаны бақылау және тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары студенттер жатақханасындағы бірқатар құқық бұзушылақтардың бетін ашты. Қаладағы 40-қа жуық жоғарғы оқу орындарының 78 жатақханасына жүргізілген тексерісте студенттердің адам тұруға арналмаған ғимараттарда тұруға мәжбүр болғаны, стеденттер үйінің 22%-да адам санының шамадан тыс артықтығы анықталған.
"Мәселен, Абай атындағы ҚазҰПУ-нің №3 жатақханасында студенттер саны 68%-ға, №8 жатақханасында 31%-ға артық. Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің бұл көрсеткіш 21%-ды құрады, жатақхананың бірінші қабаты білім беру ұйымына қатысы жоқ жеке ұйымдарға жалға берілген", – дейді департамент жетекшісі Айзат Молдағасимова.
30 шаршы метрлік бөлмеде 10 студент бірге тұрған жағдайлар да болыпты. Норма бойынша бір студентке 6 шаршы метрлік аумақ тиесілі екенін ескерсек, сонда 150 орындық жатақханаға 253 адам орналастырылған екен. Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университетінде тәлім алушылар тіпті оқу залында тұрған. Тергеу нәтижелері бойынша 11 материал сотқа жолданыпты. Сапаны бақылау және тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау департаменті білім беру ұйымдарының санитарлық нормаларды сақтауын бақылау мақсатында қазанда тағы да тексеру жүргізетінін хабарлады.
Жекеменшік клиникалар лицензиясы жоқ шетелдік дәрігерлерді жұмысқа шақырған
Алматыдағы 10-нан астам жеке клиниканың не лицензиясы, не сертификаты жоқ. Қаладағы бірқатар медициналық ұйымның қызметіне мониторинг жүргізген Сапаны бақылау және тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары осылай деп мәлімдеді. Мысалы, "Московский центр клеточных технологий" ЖШС-нің лицензиясы жоқтығымен қатар, клиникада Ресей азаматтары сертификатсыз қызмет көрсеткен. Тағы бір қытайлық медицина орталығы басшысының жоғары білімі туралы дипломы болмай шыққан. Korea Vision Almaty мекемесінде жүрек ауруының дәрігері мен гастроэнтеролог маман лицензиясыз жұмыс істеген.
Департамент мамандары қаладағы дәл осындай бірқатар атағы дардай медициналық ұйымдарға тексеру жүргізіп, олардың бәрінен түрлі құқық бұзушылықтарын анықтаған. Жеке клиникалардағы шетелдік дәрігерлер жасайтын отаның бағасы – 15 мыңнан 85 мың долларға дейін жетіп жығылады. "Қазақстанда мемлекеттік қызметтер аясында мұндай қызметтер тегін көрсетілетініне қарамастан, алматылықтар лицензиясы жоқ жеке клиникаларға жүгіруге бейім", – дейді мамандар.
Ақтөбеде екі көлік соқтығысып, 6 адам мерт болды
Қайғылы оқиға бүгін, 16 қыркүйек күні таңғы сағат 3:45-те "Самара – Шымкент" тасжолының 934-і шақырымындағы Әйтеке би ауданының Белқопа ауылы маңында болды. Қарабұтақ ауылынан Ақтөбе қаласына бет алған Mazda көлігінің жүргізушісі қарсы бетке шығып кетіп, Opel Vectra көлігімен соқтығысады. Екі көлік соқтығысқан кезде Mazda көлігіндегі газ баллоны жарылған.
Opel Vectra көлігінің жүргізушісі Әйтеке би аудандық ауруханасына түсті, ал көлігінің ішінде болған жүргізушінің әйелі мен ұлы оқиға орнында көз жұмды. Mazda көлігінің жүргізушісі мен оның әйелі, баласы мен немересі салонда жанып кеткен. Оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы, 4 бөлігімен іс қозғалды.
Биржада доллар бағамы төмендеді
Қазақстан қор биржасының бүгінгі сауда сессиясының қорытындысында АҚШ валютасының орташа бағамы 385,16 теңгені құрады. Өткен жұма күнгі сессияға қарағанда доллар 1,55 теңгеге арзандады.
Еліміздің валюта айырбастау бекеттері долларды 385,5-386,2 теңгеге сатып алып, 387-387,7 теңгеден сатып жатыр.
Иранда әйелдерге футбол стандиондарына келуге рұқсат беріледі
Бұл туралы Иран президентінің парламенттік мәселелері бойынша орынбасары Хосейн Алии Амири хабарлады. Айтуынша, Иран әйелдерінің стадиондағы ойындарды тамашалауы үшін ойын өтетін орындарды залға ерлерден бөлек кіріп-шығу есіктерімен жабдықтау секілді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету керек.
Қазір жастар ісі және спорт министрінің бұйрығымен елдегі барлық стадиондар осыған дайындалу үстінде.
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Inform.kz: Қазақстанда қанша адам өндірістен жарақаттанды? Биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша республика кәсіпорындарында 757 жазатайым оқиға орын алып, соның салдарынан 848 адам зардап шекті. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңінен 13 пайызға төмен (2018 жылдың 8 айында – 975 адам). Жазатайым оқиғалардан 95 адам қаза тапты, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 28 пайызға төмен (2018 жылы – 133 адам).
Жарақаттанудың өсуі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Жамбыл, Ақтөбе, Ақмола, Алматы облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалады. Павлодар облысында өлім-жітім жағдайларының саны артты. 2019 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша экономика салалары бойынша зардап шеккендердің ең көбі тау-кен металлургия кешені кәсіпорындарында (96 адам немесе 15%) және құрылыс саласында( 65 адам немесе 10%) тіркелді.
Baq.kz: Қазақстанда емханаға тіркеу науқаны басталды. 15 қыркүйекте Қазақстанда халықты емханаға тіркеу науқаны басталды. Жыл сайын өткізілетін дәстүрлі кампания екі айға созылмақ. Биыл тіркеу eGov электрондық үкімет веб-порталы арқылы жүргізіледі. Тіркелу үшін электрондық цифрлық қолтаңба қажет. Тіркеу барысында отбасылық принципке басымдық берілмек, яғни ата-анасы да, балалары да бір емханаға тіркелгені жөн. Ал, 18 жасқа толмағандарды баланың заңды өкілі тіркей алады.
Sputniknews.kz: Баласына екпе салдырмаған ата-аналар жазаланады – заң жобасы әзірленіп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі атап өткендей, балаға екпе салынбай, соның салдарынан ауруға шалдықса, тегін медициналық көмек көрсетіледі. Айыппұл ата-аналардың бәріне бірдей салынбайды. Бірақ екпеден бас тарту салдарынан ауырған балалардың емін мемлекет төлейді. Осындай жағдайда ғана айыппұл салынуы мүмкін. Екпе салдырмаған бала ауырмаса, ата-анасы жазаланбайды.