Тікелей эфир

Жаңалықтарға шолу: 05.10.2018

Доллар 6,5 теңгеге қымбаттады. Бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы 35 пайызға өседі. Демалыста күн суытады.

Ең төменгі жалақы 42 мың болады

Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке бүгін осындай тапсырма берді. Түрлі саладағы 1 млн 300 мың адамның еңбекақысы 2019 жылдан бастап өседі, оның 275 мыңы – бюджеттік сала қызметкерлері. Орташа есеппен жалақы 35 пайызға көтеріледі.

2019 жылы педагогтардың мәртебесі туралы заң қабылданады

Бұл туралы Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында айтты. Ең бастысы мұғалімдерді артық жүктемеден, тиылмайтын тексерістерден арылтуды тапсырды. "Мұғалімдерді және мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлерін ынталандырудың барлық тетіктерін заңмен қарастыру керек" деді Президент.

Головкин жас боксшыларды қолдайды

"Технодом" компаниясымен бірге ол еліміздің жас боксшыларын әлемдік деңгейдегі сайыстарға шығаруға кіріспек. "Басты талап – кәсібилік және еңбексүйгіштік" деп атап өтті Головкин. Кәсіби спортшыларды іріктеуге оған жаттықтырушысы Абель Санчес көмектеседі.

Яндекс жауын-шашын картасын іске қосты

Картада қар мен жауынның қашан, қай жерде жауатыны көрінеді. Сервисті қолданғандарға "Жарты сағат ішінде жауын басталады", немесе "Қар аралас жаңбыр екі сағатта тиылмайды" секілді хабарламалар келіп тұрады. Қазақстандықтар жауын картасын Яндекс қосымшасынан (iOS және Android арналған), сондай-ақ yandex.kz/pogodaсайтынан көре алады.

Астанада ресми түрде жылу маусымы басталды

Бүгіннен бастап қаладағы тұрғын үйлерге жылу беріле бастады. Көшеде әлі күзгі ауа-райы болғандықтан, бастапқыда батареялар қанжылым болады. Процесс бірнеше күнге созылады.

Ақтөбедегі өрттен 40 пәтер зардап шекті

Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы тоғызқабатты үйдің бірнеше қабатын өрт шарпыды. Кейбір пәтерлер түгелімен жанып кеткен. Облыстық ТЖД деректері бойынша 200 адам эвакуацияланып, 47 адам құтқарылған. Зардап шеккендер мен адам шығыны жоқ.

Доллар тағы қымбаттады

Бір тәуліктің ішінде АҚШ валютасы 6,5 теңгеге қымбаттады. Қазақстан қор биржасының таңертеңгілік сессиясында Доллар 373,66 таңгеге бағаланды. Кеше, 4 қазанда доллар 366,57 теңге тұрған.

Демалыста күн суытады

Синоптиктер алдағы үш тәулікте, 6-8 қазанда, Қазақстан аумағы арқылы өтетін салқын атмосфералық ағынның ықпалымен елдің басым бөлігінде жауын жауады деп хабарлайды. Республиканың оңтүстік-шығысының таулы аймақтарында қар аралас жаңбыр жаууы ықтимал. Ал одан кейін антициклон келеді, күн салқындайды.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Жарақаттарды емдеу, ортопедия саласын дамытудың басым бағыттары бойынша ортопед дәрігерлердің халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы Ақтөбеде алғаш рет өтті деп egemen.kz жазды. Конференция аясында шеберлік сабақтары өткізіліп, тірек-қозғалу аппаратының ауруларымен сырқаттанатын жеті емделушіге ота жасау жоспарланып отыр. "Бақытты бала" акциясы аясында үш балаға ота жасалды. Омыртқа пластикасына және ірі буындарды эндопротездеу кезіндегі асқынуларға ота жасалады.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Жолдауда ел экономикасы мен әлеуметтік ахуалының ең ұрымтал тұстарын дөп басып атады. Алматы қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Рахман Алшановтың ҚазАқпаратқа осындай пікір білдірді. "Бағдарламалар қабылданды, инвестиция бөлінген, қаулылар бар. Бірақ неге жобалар жұмыс жасамайды? Мәселен, қазақстандықтар неге сырттан келген шұжық пен тауық етін жеп отыр? ОҚО-да мектептер үш ауысыммен жұмыс жасаса, солтүстік аудандарда неге жаңадан салынған мектептер қаңырап бос тұр? Инвестиция дұрыс бағытталмаған. Автобандар салынған, бірақ ауыл арасында жол жоқ. Бұл ауыл-аймаққа су құбырын тартып, бірақ үйге жеткізіп бермегенмен тең" деді Р.Алшанов.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары